«Торғайдың Шәмшісі» атанған…

Мектеп әрбір шәкіртінің кім боларын танытып, өмірінің есігін ашып, бағыт-бағдарға қанықтырып, жақ­сылыққа жол көрсететін бол­ғасын «алтын ұя мектебім» деп дәріптелетіні сондықтан. Елге елеулі болатыны да мектептен бастап танылады десек қазақ баспасөзінің ардагері Әмірхан Абдуллиннің құптау ойын ұқпасқа болмайды:
– ­Болат мектепте оқып жүргеннен-ақ шебер күйшілігімен танылды. Туған нағашысы Қапақ Амантайұлы сал-сері болған адам. Қапақ сал шертетін «Тәтен қыз», «Кекілік» күйлерін оқушы кезінен-ақ, Болат орындап жүрді. Қапақ сал ақ домбырасын жиені Болатқа ғана ұсынады екен. Болат мектепте Сейіт Тымпиев жетекшілік еткен оркестрдің Көпжан, Жолдыбай, Төкендермен бірге құрысқан мүшесі болды. Жеке де көсілте күй тартты. Қапақ салдың «Кекілігін» шебер орындайтын еді.
– Рухы биік, рухы көз ілмегендей өнердің сыйқырлы әлеміне біржола берілді десейші?
– Дәл солай. Консерваторияда оқып жүріп Құрманғазы оркестрі құрамында Мәскеуде 1957 жылы өткен 1-Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Жеңістің 40 жылдығына орай өткен Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығының да лауреаттығын иеленді. Оның дирижерлік қабілетінің жоғары екенін қазақ өнерін әлемге танытқан дара тұлғалардың бірегейі Ахмет Жұбанов сынақ тапсырғанда жоғары бағалап, үлкен үміт күткен көрінеді. Ахметтің алдында абыржымаған студент Болат қара домбыраны бабына келтіріп Темірбек Ахметовтың «Жетім бала» күйін орындағанда: «Мен білсем, мына баланың бойында асқақ шабыт бар, болашақта нағыз сазгерлік қонады екен» депті. Ахмет Жұбанов берген бұл баға көрегендік, тарихи шындыққа айналды. Бір кездесуде Ғазиза Жұбанова апамыз: – Әкемнің әрбір жасты көрген бетте оның болашағын болжағыштығы бар еді және сол шәкіртінің өнер жолын қадағалауды есінен шығармайтын-ды, – дегені еске оралса, Болат ұстаздарының бойына дарытқан қасиетті біліміне, теңдесі жоқ шеберлігіне барынша адал болды. Жоғары білімді сазгер еңбек жолын өзі оқыған Ыбырай мектебінде ұстаздықтан бастады. Ақырын жүріп, анық басып аз уақыттың ішінде ауданда алпысқа тарта мүшесі бар оркестр құрып, оған дирижерлік ету бақытын Болатқа бұйыртты.
Халықаралық «Алаш» сыйлы­ғы­ның иегері, ақын Серік Тұрғын­бекұлы былайша ой өрбітеді:
– Сол кездегі Торғай ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Сәмен Жаңабергеновтың ұйымдастыруымен, Болаттың қолдауы арқылы, тікелей араласуы нәтижесінде халық театры­ның ұжымы жұртшылыққа М.Әуезовтың «Қаракөз», Ғ.Мүсі­реповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш.Хұсайыновтың «Шаншар» спектакльдерін қойып, көрермендерінің ықыласына бөленді. Танымал қалам қай­раткерлері Сабыржан Шүкіров, Сейіт Кенжеахметовтер сол кездегі халық театрының белсенді мүшелері болатын-ды. Көбіне қалың елді бірер дарынды тұлға көпке танытып ұлт тарихында өшпес еңбегін қалдырады. Өзгені де таңғалдырады, сөнбес сәулесін дарытып биікке құлаш ұрғызады. Осы орайда Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл Торғайда туған таланттыларды тілге тиек ете отырып: «Қазақтың қай топырағы да қасиетті ғой, алайда Торғай жерінің әдебиет, өнердегі бағасы ерекше сөз етуге тұрады» дей келіп: «Торғайдың қасиетін анықтау үшін оның топырағына химиялық анализ жасау керек» деп отыратын Ғафаң (Қайырбеков) марқұм. Басқаны айтпағанда өнердің сан саласындағы алғырлығын бағалаған халық Болат Хамзинді көзі тірісінде «Торғайдың Шәмшісі» деп атандырғаны Ахмет Жұбановтың көрегендігін ақтағаны емес пе?! Үкімет берген баға, құрмет өз алдына, байтақ елдің бағасына ештеңе жетпейді. Өнердің жапанға жайылған жаңғырығы еш уақытта толастамайды».
Ұлттық өнер саласында терең білімді Болат өзінің атындағы саз мектебінің іргесін қаласты.Онда жыл сайын ондаған жасөспірім күй өнерінен білім алып шығады. Н.Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінде жұмыс істеді. Әр жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, көркемдік жетекшісі болып істеп, елде саз өнерінің дамуы­на ерекше үлес қосты. Торғайдағы халық театрының іргесін қаласып, «Ғасырлар пернесі» халық оркестріне жетекшілік етті. Сәмен, Әуезхан, Мәлікзада ағаларымен табысқан Болат күй тартты, оркестр ұйымдастырды, сахнада ойнады. Өнердің нағыз ұйытқысы болып, Торғай аспанында жұлдыздай жарқырап шықты. Сағын Жалмышев Ахметтің «Арман» күйін қайыра жаңғыртса, Болат Хамзин «Июньді» нәшіне келтіре тартты. Сардан Әбікеев болса ақынның «Торғайдан сәлемін» Нұқан мақымында жырлады. Қапақ сал, Нұрқан ақын, Ахметқан жыраулардың өшпес мұраларының қайыра жаңғыруына білікті маман Болат бастаған өнерпаздардың игі ықпалы тиді. Білгірлік қабілеті қалың көпті қайран қалдырды.
Бүгінде Нұрхан ­Ахметбеков атындағы Мәдениет үйі қабырғасында. «Бұл үйде Қазақ КСР-нің мәдениетіне еңбек сіңір­ген қызметкер Болат ­Хамзин қызмет істеді» деген жазу бар. Көзімізге оттай басылып, жанымызға қалдырған жылылығын ұмытылмастай сезінеміз.
Таланттылар қалың көптің мұңын түсінді, болашағын ойлады. Алғыр қаламгер Бекболат Әдетов Торғай өңірінен өндірте баспасөзге жазумен қатар, саздық шабытпен әуенді ән де шығарды. Бекболат сөзін жазып, әнін алғаш шығарған туындысы «Торғай жастарының вальсі» еді. Бекболат ән шығаруға Болатты да қанаттандырды. Болаттың сазгерлік тұңғыш туындысы «Ұялмашы, қалқатай» әнінің сөзін Бекболат жазды. «Қалқатай қалжың айтсам күліп тұрып, кетуші ең жүрекке бір сыр ұқтырып» деп басталатын нәзік сезімге құрылған бұл ән елге тез тарап, ойын-сауықтың ажарына айналды. Елдегі аға ақын, талантты саналатын Серғали Серіков жас сазгер Болатпен ынтымақтастығы нәтижесінде «Қайдасың, шолпаным-жұлдызым», «Ленин комсомолы» әндерін қалың көпке ұсынды. Болаттың сазгерлік өнеріне мектеп бітірген Кеңшілік пен Серік қосылды. Серік Тұрғынбеков сөзін жазған «Амангелді ұрпағы», «Торғай қызы» сықылды Болат Хамзиннің сазгерлік шығармасы елге кеңінен тарап кетті. Болаттың әндерін кезінде Рысты Ерденова, Бикен Махмұова, Қазима Сейдалина, Күләй Ахметовалар орындап көпшілікке таратып, халықтың құрметіне ие болды.
Бүгінде Торғайдағы Ақаң мен Жақаң (Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов) атындағы әдеби мұражайында Болат Хамзиннің арнайы бөлмесі бар. Мұнда Болаттың фестиваль, өнер байқауларында жеңіп алған медаль, дипломдарымен қатар «Еңбек ерлігі үшін» медалімен қоса үш-төрт медаль мақпал жастықшаға тізілген. Көптеген грамоталар қойылған. Әлемге ән оздырған ­Болат Хамзиннің ұрпаққа қалдырған шығармасының орны бөлек.
Хамзиндердің отбасылық ансамблі кезінде республикаға танылды. Торғай өнерінің асулардан асқан даңқын әлем елдеріне дейін танытқан құбылысын ұрпағы жалғастырды. Қыздары мен ұлдары Ләззат, Жаннат, Гүлзат, Айбар, Гүлмиралар білікті сазгер, шебер орындаушы, ұлғатты ұстаздар атанды. Айбар «Шабыт» сыйлығының иегері. Ұрпақтарының бәрі де әке өнерін жалғастырып келеді. Болаттың ән мұрасы, әсіресе бір қайнауы ішінде сықылды тыңдармандарына түрлі себептермен жетпей қалған шығармаларын өңдеп, қайта қарап жинақтап жүрген қызы Ләззатқа мың алғыс дейміз.
Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 1981 жылы «Лениншіл жас» газетіне жазған мақаласы Тор­ғайдың топ жарған Болат Хам­зиніне берілген теңдесі жоқ баға деп түсінесіз.
Нұрғисаның нұсқалы бағасы Болат Хамзин басқаратын өнер ұжымына ерекше серпін берді. Кейін Азия, Африка елдеріне қазақ өнерін танытып, ұлылығымызды жапандағы жұртқа білдірді.
«Өнерге сүйіспеншілігіме ештеңе тең келмейді-ау. Күй сазы, ән сазы мені басқа бір әлемдермен таныстырып жүргендей сезінем» дейтін Болат Хамзиннің қуанышына ортақ болып, жоқтық, тұрмыстығы жетімсіздік қиындығын қайыспай, қабақ шытпай бірге көтеріскен асыл жары Күнзипа өнер адамының тірлігі қаншалық ауыр, азапты екенін жақсы біледі. Өнер адамының тірі шежіресі, ақтара алмаған жан құпиясы, көкірегінде жататын сұрапыл төңкерісті сезіп, қатты бағалай білді. Бірге өткізген отыз жыл қабақ шытыспай, и-ша деспей өткен татулық есінен шықпас, сірә. Қазақта «ердің жақсысы – әйелінен, әйелдің жақсысы – ерінен» деген сөз қалған. Бірі медицина қызметкері болып халыққа қызмет етсе, бірі өнерпаз, бұл екі сала адамдардың өмір жасын ұзартуға септігін тигізеді. Жақсылығы осы, қиындығы бас­тан асады, оны біреу түсінеді, кейбіреулер түсінбейді. Тірлік заңы солай. Қызмет бабында жаныңның толқуы бар, жөнсіздікті көрсең ыза шегесің. Тоқтайтының ұлттық үлгі, өнеге. «Жақсының жанынан бар жылулық аласың, әйтпесе жақсылықтан құр қаласың» деген қазақта сөз бар. Өнерді бағалаушы халық болса, дарындыны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып жеткізушісі шәкірті, ұрпағы асыл қазынаны тот бастырмай дәріптеп, сақтайтын да солар десек, Болаттың бір шәкірті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекенов ұстазының сезімтал, ақыл тапқыш, өнердің сапасына мән беретін, бойындағы дарын молдығын айта келіп: «­Болат 50 жасқа толғанда Ғалымбек Әбілқайыровтың сөзіне «Жүректі ән тербейді» әнін шығарып едім.
Әніміз қалықтап,
жүректі тербейді,
Қырандай шарықтап,
қияға өрлейді.
Өмірің жасыл бақ,
құлпырып гүлдейді,
Есімің жұлдыздай жарқырап
мәңгіге сөнбейді,
– деп шыр­қағанда ұстазым қуанышын білдірді. Оның консерваторияда бірге оқыған достары арасында да сыйлы екенін, әсіресе Уәли Бекенов, Меруерт Кәленбаева, Тұраш Әбдіқұлов, ақтөбелік композитор Қ.Қожанбаев және басқалары бірін-бірі өнер салаларында жемісті еңбектерімен ұлттық өнерді байы­тып жатса, татулықтарына шаң жұққызбайтынын біліп, өзіміз де өнеге тұтушы едік. Осылар өнердің құдіретін келешекке жеткізуден басқа арманы жоқтай еді» дейді.
– Өмірінің соңғы жылдары өзінің атындағы – Болат Хамзин атындағы өнер мектебінде қызмет жасап, жастарды өнерге баулыды. Қызмет істей жүріп ондаған әндер шығарды. Көңіл күйін орнықтырып, өзгеге ұқсамайтын тың шығармалар жазысымен алдымен өзі орындап, менің пікірімді сұрайтын-ды. Болат әнші де, күйші де, кереметтей арист болатын. Күлдіргі, сатиралық бейнелерді ғажап орындайтын еді. Ел аралап жүріп ұмыт болып бара жатқан күйлерді іздеп, нотаға түсіріп «Торғай топтамалары» деген жинаққа енгізетін-ді. Кішіпейіл, ешқашан да кек сақтамайтын, ешкімді жатырқамай, тіпті өнер адамдарына қамқоршыл, тіл табысқыш еді. Қақпа әзілдері жарасым тауып жататын-ды. Оны жұрт қатты қадірледі. «Болаттың қамқорлығын көріп, өнер асуында бірге қанат қаққандар. Болаттың өзі ашқан өнер мектебінің жас түлектерін көрген сайын өмірге деген құштарлығым артады, сүйген жарымның ғасырларға есімі өлмейтініне сенемін» дейді Күнзипа. Біздің Болат пендешілік жаңсақ қадам басудан аулақ еді. Болат пен Күнзипаның отбасы ілуде бір кездесетін, іздесең кең дүниеде табыла бермейтін жанұя еді.
Рас, Болат Хамзин өнердің мазасыз майданында күн, түн қатып ой арпалысында жүрсе де, өнер қуанышына, алты бірдей перзентінің, немерелерінің қуанышына бөленіп өзгеге мұңсыз болып көрінсе де жүрегінің түбінде жатқан шемен-шерді байқатпады. Іштей ғана: «Соғыс жылдарындағы аштықта ұлымның көжесіне ортақтаспайын деп әкем майданнан оралмады-ау шамасы» деп толқиды. Сосын тобылғы реңдес жүзіндегі қалыпты жылылығын жариялап, қалың жұрттың қабырға қайыстырған қайғысы-ау деп күбірлеп жаңа саз әуенді ыңылдап іздей бастайды. Бәлкім, әкенің айтылмаған аманаты қандай болды екен? «Халқым, ұрпақтарым аман болыңдар» дей алды ма? Фашистің қаңғырған оғы жанын бірден үзді ме? Кейде түсіне әкесі енсе де балаларына, әйеліне тіс жарып ештеңе демейді. Әкені жоқтау туралы ән сазы талай мәрте миына оралады. Саясат бойынша күйрек, қайғылы ән жұртқа қабылданып тарап кете алмайды…
Оңаша ойлармен арпалысуы денсаулығы сыр беріп жүрген кезде байқалып, кейде түсінде «Соғысқа лағнат … жетімдердің шемен шері» деп сөздерді құрастырып саз, әуен қайталанып жатады. Болаттың өнері қалың жұртты таңғалдырса да, ешбір пендеге сездірмей о дүниеге кеткендегі соңғы айтылмаған аманаты әкені жоқтау болды ма екен? Асығыс ажалдың тосын қимылын кім аңдаған. Құдіретті күшке дауа жоқ…
* * *
Торғай өнерінің ежелден басталған ғаламат құпиясын халықтың мәңгілік мұрасына айналдырудағы қозғаушы, қолдаушы күштің иесі Өзбекәлі Жәнібеков еді. 1970 жылғы Мамыр мерекесін дала сахнасына айналдырып, ұлттық өнермен айшықтаудан бастап онға тарта мұрағат, мұражайларды өзі басқарып жүріп, қазақ ұлтының жоғалғанын түгендеп, одақтас республикалардағы ұлттық тарихымызға қатысты деректерді жинастыруды жүзеге асырған да Өзбекәлі Жәнібеков еді.
Осы Өзекең аудандық конференция құрметіне арналған концертте Болат Хамзиннің ғаламат шеберлігін көріп, Қ.Алматовқа: «Өй, мына Алматының Торғайда қалай жүр? Облысқа жұмысқа аламыз, тездетіп жіберіңдер?» дегені Болатты қатты бағалағаны еді. Кездесе қалғанда: «Тұрмыс, тірлігің қалай?» десе Болат:
– Қалың көппен бірдей.
– Әкең бар ма?
– Фашистерді қырып жүргенде байқаусыз оққа ұшыпты.
– Кімің бар?
–Нағашыларым тарық­тырмады.
– Консерваторияда солар оқытты ма?
– Әрине, олардың көмегі болмаса оқу қайда? Олардың өнері болмаса үйрену қайда? – деген Болаттың тапқырлық сөзіне, қатал өмірге қажымағанына ойланып, өзінің де Алматыға оқуға аттанарда қаржы таппай қиналғаны, нағашысы жалғыз ешкісін сатып, қалтасына салғаны бар-ды. Өмірді түсіне білудің құндылығы, ағайын-туыстың сенімін анттай көріп, ақтауға құлшынуы таланттыларды шыңдайды екен. Көрген қиындықтар ақылды ете ме? Әдебиет пен өнер кеңістігі тарлығын Өзекең біледі, бәріне де ақылмен саясатқа сыйғызуды мақсат етеді. Әйтпесе, Болат сықылды талай таланттылар өз биігіне шыға алмас еді. Сосын да ұлттың жан азығын байытып, бағалай білуге баса назар аударатын еді. Бірақ Болат облыс орталығына шақырудан бас тартып: «Аға, мен мекеме басқарып, ұйымдастыру жұмысына барғым келмейді. Жазып жатқан шығармам бар еді, оны тастағым келмейді. Ойың әр саққа бөлінсе шығармаң мәнсіз, сапасыз болып қалады. Ренжімеңіз» деп турасын айтты. Лауазым иесі атанып, орынтаққа елігуге бой ұрмайтыны Болаттың жан дүниесіндегі бір ерекшелік еді. Ақшаға, дүние-мүлікке қызығу жақсылыққа апармайтынын түсінетін-ді. Таза жан сыры өнерін, білімін ұлт байлығына қалдырудан артық бақыт жоқ деп есептеп, қабілетін сарқа пайдаланды.

Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. жұмат әнесұлы

    Аталмыш мақалада атап өтілгендей, Болат Хамзин дарынды өнерпаз,адамгершілігі де жоғары деңгейдегі азамат еді. Көптен есімі аталмай кеткен талантты композитор Болат Хамзин туралы жақсы естелік мақала жазған Тәкеңе рзамын.

  2. жұмат әнесұлы

    Жоғарыдағы пікірді жазған Жұмат Әнесұлы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.