«Қызыл кітап»

«Қызыл кітап» деген сөз тіркесі ғылымға 1966 жылдан бастап енді. Осындағы «қызыл» деген сөз «қауіп төніп тұр» деген адамзат баласына ескерту ұғымын білдіреді.
«Қызыл кітаптарға» жер бетінде жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың түрлері тіркеліп, ондай түрлерді сақтап қалудың және қорғаудың қажеттігі ерекше атап көрсетіледі. Әрбір «Қызыл кітап» шығарылу дәрежесіне сәйкес ең қажетті мемлекеттік құжат болып саналады.

Аталмыш кітапты шығару туралы пікірді алғаш рет ұсынған ағылшын ғалымы Питер Скотт. Халықаралық «Қызыл кітап» (Red Data Book – «Қызыл кітап деректері») – Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының (ХТҚО-МСОП-IUCN) – халықаралық деңгейдегі құжаты болып саналады. «Қызыл кітапқа» жойылып кету қаупі төнген, сирек кездесетін, ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмеген, жылдан-жылға саны күрт азайып бара жатқан, қорғауды қажет ететін өсімдіктер мен жануарлардың түрлері тіркеледі.
Жануарларды қорғау мәселелері ХХ ғасырдың бас кезінде қолға алынды. 1902 жылы Париж қаласында алғашқы рет Құстарды қорғаудың Халықаралық Конвенциясына қол қойылды.
Бүгінгі таңда «Қызыл кітаптардың» бірнеше нұсқалары жарық көрген. Олар – Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының (IUCN) Қызыл кітабы, әрбір мемлекеттің (республикалық) «Қызыл кітаптары» және жергілікті аймақтың (облыстық) «Қызыл кітаптары» деп аталады. Мысалы, Қазақстанның омыртқалы жануарларға арналған «Қызыл кітаптары» (1978, 1991, 1996, 2010), омыртқасыз жануарларға арналған «Қызыл кітабы» (2006) және өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабы» (1981) жарық көрді. Ал Алматы облысының «Қызыл кітабы» 2006 жылы жарияланды.
Қазақстанның «Қызыл кітаптары» еліміздің аумағында жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тіркеуге арналған арнайы мемлекеттік құжат болып есептеледі.
«Қызыл кітапқа» тіркелген түрлердің табиғатта сақталу деңгейіне сәйкес бірнеше санатқа (категория) бөлініп беріледі.
Қазақстанда алғашқы «Қызыл кітап» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1978 жылғы 16 қаңтардағы №20 арнайы қаулысына сәйкес жарық көре бастады. Қазақстанда шыққан алғашқы «Қызыл кітаптың» 1-бөлімі омыртқалы жануарларға арналды және оған 87 түр (балықтардың – 4, қосмекенділердің –1, жорғалаушылардың – 8, құстардың – 43 және сүтқоректілердің – 31 түрі) тіркелді. Ал Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабы» 1981 жылы жарық көріп, ондағы түрлер 2 санатқа бөлініп берілді: оның біріншісі жойылып кету қаупі төнген түрлер болса, ал екіншісі сирек кездесетін түрлер.
Қазақстанның «Қызыл кітабының» өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабын» даяр­лауға сол кездегі ҚазССР Ғылым Акаде­миясының Ботаника институтының және Бас Ботаникалық бағының көптеген көрнекті ғалымдары атсалысты. Олардың ішінен Б.А.Быков, А.Ж.Жанғалиев, М.С.Бай­тенов, В.А.Винтерголлер және т.б. атауға болады.
Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабына» (1981) еліміздің аумағында өсетін 307 түрі тіркелді. Онда жабық тұқымдылардың (гүлді өсімдіктердің) – 288 түрі, ашықтұқымдылардың – 2 түрі, қырықжапырақтардың – 3 түрі, саңы­рауқұлақтардың – 10 түрі және қыналардың – 1 түрі тіркелді. Олардың 20 түріне жойылып кету қаупі төнген, ал 287 түрі сирек кездесетін түр­лерге жатады.
Жалпы ережеге сәйкес мемлекеттік «Қы­зыл кітаптар» әрбір 10 жылда өзгертіліп әрі толықтырылып отырылуы қажет.
Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабының» 2-басылымының осы күнге дейін жарық көрмеуі ғалымдар үшін үлкен сын.
Ақынға жер-су ортақ, қызу да ортақ,
Жыр боп жүр жиі-жиі «Қызыл кітап».
Жүз жүрек кеудесінде бола қалса,
Береді табиғатқа жүзін матап…
(Жұбан Молдағалиев).
Халықаралық «Қызыл кітап» (Red Data Book) – Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) шешімі бойынша шығарылады. ХТҚО-ның «Қызыл кітабы» – халықаралық деңгейдегі құжат болып есептелінеді. 1948 жылы БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) Халықаралық табиғат қорғау одағын (IUCN) ұйымдастыру туралы арнайы шешім қабылдады.
Халықаралық «Қызыл кітапқа» тіркелген өсімдік немесе жануарлар түрлері Халықаралық жіктеу бойынша жеке 5 санатқа бөлініп берілген:
1.Жойылып кету қаупі төнген түрлер. Мұндай түрлерді сақтап қалу үшін міндетті түрде арнайы шаралар (табиғи қорықтар, ұлттық табиғи саябақтар, табиғи резерваттар және т.б.) ұйымдастыру қажет.
2.Саны күрт азайып бара жатқан түрлер. Ондай түрлердің саны әзірше мол, бірақ қарқынды түрде азаюына жол берілмеуі қажет.
3.Сирек кездесетін түрлер. Ондай түрлердің санының азаюын қадағалап отыру қажет.
4.Толық зерттелмеген түрлер, Ондай түрлер туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары мұқият түрде жүргізілуі қажет
5.Қалпына келтірілген түрлер.
Қазақстанның омыртқасыз жануарларына арналған «Қызыл кітабын» даярлау өте қиынға соқты. Өйткені елімізде кездесетін омыртқасыз жануарлардың түрлерінің саны және олардың биологиялық әрі экологиялық ерекшеліктері толық зерттелмеген. Сондықтан да омыртқасыз жануарларға арналған Қазақстанның «Қызыл кітабының» алғашқы 1 және 2-басылымдарына тіркелген түрлер мұқият талдап саралауды қажет етті. Сонымен, 2006 жылы Қазақстанның омыртқасыз жануарларға арналған «Қызыл кітабының» нақтыланған 3-басылымы жарық көрді. Бұл басылымға омыртқасыз жануарлардың 96 түрі тіркелді. Олардың ішінде буылтық құрттардың – 2, ұлулардың (моллюскалар) – 6, шаянтектестердің – 1, өрмекшітектестердің – 2 және жәндіктердің – 85 түрі тіркелді.
Қазақстанның омыртқалы жануарларға арналған «Қызыл кітабының» толықтырылған және өңделген 4-басылымы 2010 жылы жарық көрді. Онда омыртқалы жануарлардың 128 түрі тіркелген. Олардың 1 түрі – дөңгелекауыздыларға, 17 түрі – сүйекті балықтарға, 3 түрі – қосмекенділерге, 10 түрі – жорғалаушыларға, 57 түрі – құстарға және 40 түрі – сүтқоректілерге жатады. Бұл «Қызыл кітапта» Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «Қызыл кітабына» тіркелген 20 түр бар. Мұндай түрлерді сақтап қалу үшін Қазақстан бүкіл адамзат алдында аса зор жауапкершілікті сезінуі тиіс. «Қызыл кітап» әрбір мемлекеттердегі өзінің азаматтық экологиялық жауапкершілігін сезінетін әрбір адамды бейжай қалдыра алмайды. Аталмыш кітап жайлы халқымыздың абзал ақындары Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Нұрлан Оразалин, Иранбек Оразбаев, Аян Нысаналин және т.б. ақындар өздерінің жыр жолдарын арнады.
Қазақтың дарынды ақыны Қадыр Мырза Әлі 1966 жылы арнайы «Қызыл кітап» атты поэма жазып, «Қызыл кітапқа» тіркелген жануарлар түрлерін ерекше қорғау қажет екендігін өз шығармасына арқау етті.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

9 Пікір

  1. Оқырман

    «Ана тілі» газетінің өзге басылымдардан ерекшелігі мемлекеттік тілге үлкен мән беруімен бірге оқырмандарға қызықты, қажетті мағлұматтарды жариялауында деп білемін. Міне, сондықтан да болар газеттің әр нөмірін асыға күтіп, оқимын. Тілшілер мен авторларға мың алғыс. Шығармашылық табыстар тілеймін.

  2. Аноним

    өте жақсы

  3. Аноним

    Ммм

  4. Аноним

    Оте дурыс

  5. Лашын

    Оте дурыс

  6. Аноним

    Күшты

  7. Аноним

    Жаксы

  8. Еркеназ

    Қызыл кітапқа қанша жануар енген

  9. 🛤🛤🛤

    Have аок алейкум

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.