«Ұқсайсыңдар Қыз Жібек, Төлегенге…»

Профессор Аманкелді Бөлен 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зай­сан ауданының Жарсу ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Зайсан қазақ орта мектебін, 1962 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің физика-математика факультетін бітірген. Елу жыл бойы осы университетте қызмет істеп келеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің грамоталарымен, «ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалі­мен марапатталған. Математиканың ең қиын салаларының бірі – Сандар теориясы бойынша білікті мамандар даярлайды. Аманкелді Бөленнің 60-тан астам ғылыми методикалық мақалалары, 15-тен астам оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. Алгебра және сандар тео­риясы пәні бойынша қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы.

Көп естуші едік. Кейбіреулер математик ғалым тамаша әнші деп айтатын. Тіпті зайыбы Айғаным екеуі қосылып ән шырқағаны аңыз секілді болып ұғылатын. Оларды білетіндердің айтқандарына қарағанда, Аманкелді Бөлен мен Айғаным Сейсенғалиқызы 4 баланы өсіріп, қазір 12 немере, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже екен. Танитын азаматтар болса, олардың 50 жылдан аса жұптары жазылмай келе жатқан үлгілі отбасы екенін өнеге тұтып, «Қос жұбай – жиын-тойдың гүлі. Екеуі қосылып ән шырқағанда, нағыз опера артистері келгендей таңғалып, өнерлеріне тәнті болып отырамыз» дегендей лебіздерді де еститінбіз. Ал олардың ұлы Асқар болса, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кинофильмінде Қозының рөлін табыс­пен ойнап, өнер биігінен көрініпті. Осындай профессордың отбасы қалың оқырманға өнеге болуға лайық деп солар туралы қалам тартуды жөн көрдік.
Бұл кісілерге телефон шалып едік, Алматы шаһарындағы Бұқар жырау көшесінде тұрады екен. Профессордың зайыбы Айғаным апай «Айналайын» деп жылы лебізбен қарсы алды. Осыдан-ақ мен оның өзге адамдарға деген ілтипаты мен мәдениеті, адамгершілігі мол адам екенін аңғардым. Үйлерінде жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Соған да ыңғайсызданғандай болды. Соған қарамастан сұхбаттасуға уақыт тапқандарына разы болдым.

«Ғашықтың тілі –тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл»

Кейде аға буыннан «кейінгі жылдары махаббат ұғымы арзандап барады» деп алаңдайтынын жиі еститін біз осыдан елу жыл бұрынғы сезім жайында естуге елтіп, құлағымызды түрдік. «Айғанымды алғаш трамвайда көрдім. Апаларың жас кезінде сұлудың сұлуы еді. Бір көргеннен көз алдымда жалт ете қалды. Кейіннен талай студенттік жиындарда көріп жүріп таныс болдық. Театрға, киноға баратынбыз.

Немере, шөберелері...
Немере, шөберелері…

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» демекші, іштей түсінісіп достастық. Біраз уақыт сыпайылылықтың шегінен аспай сыйластық. Студенттік жиындарға бірге баратынбыз. Тіпті бұрындары көп ән салмайтын мен, апаларыңа ғашық болғаннан болар, өнерімді көрсетіп, ән шырқап, апаларыңа ұнауды ойладым. Достарым да мұнымды байқайтын. Кейде «Сен бұрын тіпті ән салмаушы едің ғой» деп те қалжыңдап қоятын. Міне, сонда мен Абай атындағы ҚазПИ-дың соңғы курсында оқып жүр едім. Кезекті студенттік бір отырыстан қайтқанымызда, шығарып салып, бұрынғы әдептің бәрін аттап, бірінші рет құшақтадым…» деп Аманкелді ағамыз бір қайырды. Математик болғаннан болар, аға көп сөзге жоқ, тұйық. Сөз кезегі Айғаным апаға тигенде, сол кездегі сезім жайлы әңгіме түйіні тарқатылып қоя берді. «Мен негізі Атыраудың қызымын. 1959 жылы Орджоникидзе атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түстім. Жаңа ғана оқуға түскен шағымда ағаларыңмен таныс­тым. Сол бір шақтарды қазір аса бір қимастық сезіммен еске түсіремін. Аманкелдінің өзгелерден бірінші ерекшелігі – сыртқы сымбатында, көзге байқалып тұратын. Әрі сондай сыпайы да салмақты жігіт болды. Біздің кезіміздегі жігіттердің тағы бір ерекше қасиеті парасаттылығы, ұстамдылығы еді. Аманкелді ағаңның мені баурап алған қасиеттерінің бірі – жиындарда суырылып шығып халық әндерін тамаша қоңыр дауысымен шырқайтын. Ағаң ән салғанда жұрттың бәрі сүйсініп тыңдаушы еді. Кейіннен бірге қосылып ән салып, қалың жұртшылықты тамсандыратынбыз. Біздің заманымызда қыз бала елдің көзінше сүйіспек түгілі, қыз бен жігіттің оңаша тұрғанының өзі ерсі саналатын. Ол «сүйемін, күйемін» деп мәймөңкілеген жоқ, өзінің ұстанымды мінезін көрсетіп, «түтін түтетейік» деді. «Түтетсек, түтетейік» дедім. Содан бері «түтініміз түзу шығып келеді» деп Айғаным апай әңгімені аяқтады. Ол кезде апамыз Алматыдағы медицина институтының екінші курсында оқыпты. Аманкелді ағаның сөзімен айтсақ, «құмар көңілмен үгіттеп, екінші курстың қызын үйленуге көндіріпті». Алда бес жыл оқу бар болса да, Айғаным апа тәуекелге бел буыпты.
Серт байласып, сенім білдірген соң ең үлкен қадам үйлену екені сөзсіз. Тойларының қалай өткенін сұрағанымызда, Аманкелді аға бас­тысы дүрілдетіп той жасауды мақсат етпегендігін айтты. Сондықтан да барға шүкіршілік етіп, шаңырақ болғандарын шама-шарықтарынша атап өткен екен. Бұл туралы шаңырақ иесінің өзі майын тамызып айтып берді. «Үйленетін болып шешкенімізде, мен оқуымды енді тәмамдаған едім. 1962 жылы 15 маусым күні некемізді заңды түрде тіркеп, Алматыда «Алматы» мейрамханасында студенттік той жасадық. Ал үйдегілерімізге үйлендік деп хабарлап қойған едік. Бұлай болмайтынын түсініп, апаларыңды үйіне жібердім. Атырауға барып, Айғанымды Шығысқа алып кеттім. Сөйтіп, өз ауылымда тағы бір той жасадық. Тамыздың аяғы еді» деп әңгімесін қайырды ағамыз.

Қызыққа толы студенттік отбасылық өмір

Сол кездегі жас отау біраз жылдар бойы пәтер жалдап тұрды. Аманкелді ағамыз ассистент болып университетте қызмет істеді. Ал апамыз болса, екінші курс студенті. Жан сақтап отырғандары сол студенттік стипендия болатын. Сөйтіп, 1963 жылы алғашқы нәрестелері София есімді қыздары дүниеге келеді. Ал бір жыл өткен соң, Сәуле есімді қызы дүние есігін ашады. 1967 жылы Айдын есімді ұлдары дүниеге келеді. Сонда қарап отырсақ, апамыз үш баламен медициналық институтты да тәмамдайды. Аманкелді ағаның айтуына қарағанда, сол заманда үш баламен медициналық институтты жақсы бағамен бітіргендер кемде-кем болыпты. Сөйтіп, ағамыз 1966 жылы аспирантураға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдайды. Оқуын бітірген шағында екінші ұлдары Асқар дүниеге келеді. Одан ары қарай Аманкелді ағамыз сөзін былай сабақтады:
«Дос-жарандар «Студент болсаңдар да, пәтер жалдап жүріп, төрт баланы өсіргендерің бір батырлық» деп айтатын. Біз сонда бұның несі батырлық деп мән де бермейтінбіз. Қазір қарап отырсақ, біз нағыз тәуекелге барған жандар болыппыз. Бұның бәрі бір жағынан жастығымыздан ғой. Мен өзім әке-шешемнен ерте айырылып, әжемнің қолында өскенмін. Әкем соғыстан қайтпады. Ал шешем мен сегіз жасқа келгенде өкпе қабынуынан дүние салды. Әжем мені балалар үйіне бергенді жөн көрмей, қолына алды. 7 сыныптан бастап ауылдағы мектеп-интернатта оқыдым. Ол кездері соғыс жылдарындағы балалар жасық болып өсетін. Әжем ешнәрсеге қарамай, мені батыл, алғыр қылып тәрбиеледі. Әжемнің арқасында ешкімге иілмей, еркіндеу өстім. Ешнәрсеге мойымай, алға ұмтылушылығым да сол әжемнің тәрбиесінен болар деймін. Соғыстан кейінгі жылдарды, жоқшылықты көріп өскен мен үшін отбасылық өмірдің қиындықтары білінбей өтті десе де болар. Онымен қоса, мектеп-интернаттан бері бірге оқыған дос­тарыммен жақсы араластық. Олар маған туған бауырларымдай болып кетті. Атап айтсақ, Сәкен Жарасов, Әділбек Алаубаев, Кәдірбек Сегізбаев, Советхан Ғаббасов, Роза Қайырбаева, Құмарбек Сыдықов, Көкенай Камалиевтармен әлі күнге дейін араласамыз».

«Ұқсайсыңдар Қыз Жібек, Төлегенге...»
«Ұқсайсыңдар Қыз Жібек, Төлегенге…»

Ал Айғаным апамыз студенттік отбасылық өмірдің қызығын айтқанда көңілденіп кетті. «Ғасыр апа – Асыл апа айтпақшы, жақсы адам жалғыз рет жар сүйеді. «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деген сөзді естіп өскенбіз. Елу жылдан бері арамыздан қыл өткен жоқ. Көп жылдар бойы пәтер жалдап тұрдық. Ортасы түсіп кеткен кереуетке де жатуға тура келді. Жасау салынған сандығым болатын. Соның шетіне орындықтар қойып кеңейтеміз, қонатын жолдастарға кең төсек болады. Шіркін, сол кездер-ай! Пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік. Балаларымыз кішкентай. Қарайласатын ешкім болмаған соң, өзіміз сабақ арасында кезек-кезек қалып балаларды бағатынбыз. Кейде балаларымыздың жылағанына көршілеріміз реніштерін білдіретін. Балаларымыз өскеннен кейін, мүмкіндігінше балабақшаға бердік. Ол кездері де балабақшадан орын алу қиын еді. Сөйтіп, төртеуін кешке қарай төрт түрлі балабақшадан алып қайтатынбыз. Студенттік отбасы болған соң, бар стипендиямызды үнемді жұмсауға тырысатынбыз. Жазда каникулға шыққанымызда Атырауға анама балаларымызды апарып тастайтынбыз. Әкем 1949 жылы дүниеден өткен соң, анам екі ағаммен мені еркелетіп өсіріп жеткізді. Әкем қызметкер болған, анам ол кезде үй шаруасымен ғана айналысатын. Әкем дүниеден өткен соң, анам Назым Қармысқызы алғашында киім тігіп саудаға шығаратын. Кейіннен түйе шаруашылығымен айналысты. Қала сыртында жиырма түйені ұстап, оның шұбатын сатып та күн көрді. Жазғы каникул бола салысымен балаларым анамның қолында болды. Қазір анама шексіз разы болып отырамын. Ол кісі 1994 жылы дүние салды» деп Айғаным апамыз күрсініп қойды.
Сөйтіп, жас отбасы 1969 жылы Алматыдағы 8-ықшам ауданнан 3 бөлмелі пәтер алыпты. Бұл кезде балалары да өсіп қалған еді. Айғаным апамыз білімін жетілдіріп, екі жыл ординатурада оқып, жоғары санатты дәрігер атанады. Содан еңбек жолын Алматы теміржол ауруханасында учаскелік дәрігерліктен бастаған апамыз жедел жәрдем ауруханасында бөлімше меңгерушісі, емхана меңгерушісі, облыстық кәсіподақтар мекемесінің дәрігері, медицина колледжінің педагогі қызметтерін атқарыпты. Аманкелді ағамыз болса Абай атындағы ҚазҰПУ-да 1969 жылдан 1984 жылға дейін аға оқытушы, 1984-1995 жылдары доцент болыпты. 1995 жылдан бүгінгі күнге дейін математикалық анализ, алгебра және геометрия кафедрасының профессоры екен. Міне, сөйтіп, математик пен дәрігердің отбасынан шыққан балаларының үшеуі, яғни София, Айдын, Асқар әкесінің жолын қуып математик болса, қыздары Сәуле анасының жолымен дәрігер болады. Асқар 20 жасында «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» кинофильмінде Қозының рөлін сомдап, өнер биігінен де көрініпті. Дегенмен, ол өнер жолын қууды қаламады.
Әңгімеміз қыза келе Айғаным апамыз тағы бір оқиғаны айтып берді. «Аманкелді бір күні мектепте математикадан сабақ беретін мұғалімінің көз институтында науқастанып жатқанын айтты. Барайын десе қолы тимей жүргенін білген мен ай-шай жоқ тамағымды алып, ақ халатымды киіп, ауруханаға жетіп бардым.Өзін көрмеген кісімін. Тауып алдым. Ол маған «Кімсің?» дегенде, сізден оқыған Бөленовтың зайыбымын деп өзімді таныстырып, оның неге келе алмағанын түсіндірдім. Жанында жатқан науқас оған бүкіл оқушыларының келгенін айтып, тіпті танымайтын келініңіз келді деп тамсанып, «мұғалім деген қандай бақытты жан» деген екен. Ағай сауығып шыққаннан кейін елге отбасымызбен шақырып, қолыма сағат тақты» деп тоқталды апамыз. Айғаным апаның әңгімесінен ағаға деген ерекше сүйіспеншілігі мен құрметін түсінгендей болдым. Бұл кісілер қарттық жасқа жетсе де, жастық шағын еске алғанда, көздері ерекше бір ұшқын шашатынын байқадым. Мұны 50 жыл бұрынғы махаббат оты әлі күнге дейін сөне қоймаған екен деп түсінгендей болдым. Кезінде ақын Тоқтарбек Қызықбай республикалық әдеби, мәдени ғұмырнамалық «Қас қағым сәт» газетінің 2002 жылы мамыр айында шыққан №5 (10) нөмірінде осы қос жұбайдың 40 жылдық мерейтойы­на орай бір бет арнаған екен. Сонда арнаулы беттің алғы сөзі былай бас­талыпты: «Кезінде «Қапал» демалыс үйінде тынығып жатқан Дінмұхамед Қонаев ақсақалға «Қызыл бидай» әнін шырқап беріп, үлкен кісінің қошеметіне бөленген». Бұл туралы сұрастырғанымызда Аманкелді аға «театрда да ән салуға лайық екенсің» дегендей лебіз айтып, Димекең риза болды» деді. Сол газетте ақын ағамыздың Айғаным апамызды 60 жасқа толуымен құттықтаған, мынадай өлең жолдары да бар екен:
Иесімін бай дәулет, бай мұраның,
Жапырағын тағы да жайды бағым.
Сен ән салсаң жиында, жаным шалқып
Ұмытамын дүниеде қайғы барын.

Сен ән салсаң баурап ап ұлы аптығыс
Өн бойыма тарайды қуатты күш.
Шарасында көкпеңбек көл мөлдірлеп
Арнасында ағады бұлақ тыныш.

Дастарқаны көл-көсір жайлауымдай,
Пейілің кең береке қайнарындай.
Көгі жарық болмауы мүмкін емес,
Жұлдызы бар халықтың Айғанымдай.

Кескініңнен кестелеп сәнді сурет,
Білдіремін жүректің алғысын көп.
Ұсынамын ықылас гүл шоқтарын,
«Қыз Жібегі қазақтың, армысың!» деп.

Демек, Аманкелді ғана емес, Айғаным апай да тамаша әнші болғанын осынау жыр жолдары айғақтап тұрғандай. Қол ұстасқан қос әнші –бірі математик ғалым, бірі дәрігер болып та, той-думанның гүлі болып келе жатыр деген пікірге енді көзім айқын жеткендей болды.
Аманкелді аға зайыбын еркелетіп жас кезінен «Айғош» деп айтады екен. Осы тұста, Айғаным апа бізге тағы бір әңгімесін айтып берді. «Біз бір кездері Алматыдағы 8-ықшам ауданындағы пәтерде тұрдық. 1972 жылдың 10 мамыры. Менің 30 жасқа толған туған күнімде дос-жаран, туған-туысқандарымызды шақырдық. Сонда ағаларың маған тосын сый ретінде, ән арнағаны есімнен кетпейді. «Айғошқа» деген әнінің сөзін де, әуенін өзі шығарған екен. Бұл қонақтарға ғана емес, мен үшін де тосын оқиға болды. Тіпті құрбыларым ағаларыңның ән шығарғанына тамсанып, әнді қызыға тыңдады. Достарымыз Аманкелдіге «бізге де ән арнасаңшы» деп қалжыңдап қоятын» деді. Міне, содан бері Айғаным апаның 40, 50, 60 жылдық мерейтойларында Аманкелді аға сөзі мен әуенін өзі жазған әнін шырқайды екен. Кәсіби әнші де, сазгер де болмағанымен, әндері тыңдаушылар көңілінен шыққан. Бірақ Аманкелді ағамыз әндерін отбасылық жиындарда, достарымен отырғанда ғана орындайтын көрінеді. Қазір ән жазып, оны сахнада, телеарналарда жарнамалап, сазгер, ақын, әнші болып жүргендер де ұшырасады. Ал Аманкелді аға бұл жөнінде, «Мен әнші де, сазгер де емеспін, мен математика ғылымының кәсіби маманымын. Сол себепті, мен көпшіліктің алдына тек ғылыми жаңалығымды ғана жария етіп насихаттай аламын» деп қысқа қайырды. Бұдан біз Аманкелді ағаның тағы бір қырын – шынайы кәсіби өнерге деген құрметін, мақтануға жоқ, жалған атаққа қызықпайтын қасиетін де ұғынғандай болдық.

Асқар Қозының рөлінде
Асқар Қозының рөлінде

Былтыр 2012 жылы 15 маусымда қос жұбайдың отау құрғандарына 50 жыл толып, Алтын тойларын жасапты. Алтын тойларымен құттықтауға ұрпақтары, достары, туыстары жиналған. Сонда Айғаным апамызға келіні Әселдің «Апа, сіз бақытты жансыз. Сіз гауһартасты өңдейтін зергер сияқтысыз. Жылдар өткен сайын сіз сол гауһартасты, бақытыңызды одан сайын өңдеп, жарқыратып жатқандайсыз. Сізді өз бақытыңыздың зергері десем артық болмас» деген лебізін тебірене есіне алып қояды. Иә, шынымен апамыз бақытты жан. Балаларын, немерелерін, шөберелерін өсіріп, қазір Аманкелді аға екеуі солардың қызығын көруде. Ағамыздан қазіргі жас отбасыларға айтар ақыл-кеңесін сұрағанымызда, Аманкелді аға тосылмастан, «Айғаным, менің шаңырағымның иесі ғана емес, оны құрушы да, бақ кіргізушісі де. Міне, бүгінге дейін менің өмірге деген құштарлығымның тарқамайтыны да осы аяулы жарымның арқасы десем, артық айтқандық емес» деді. Бұны естіген Айғаным апамыз күлімсіреп жайнай түсті. Одан әрі ағамыз: «Жастарға айтарым махаббатты қадірлей біліңдер. Отбасын құру оңай емес. Қиындықтар болады. Соған шыдай білу керек» деген ойын білдірді. Расында бұл кісілермен әңгіме барысында екеуінің арасындағы сыйластық пен махаббаттың әлі күнге дейін суымағанына сүйсінумен болдық. Бұл кісілердің қарапайымдылығы мен сыпайылығына тәнті болдым.

Мен сені мақтан тұтам…

(Аманкелді Бөленге)

Арманыңның самғатып қасқалдағын
Сезесің бе мерекең басталғанын?!
Мен сені мақтан тұтам, профессор –
Астанадан ауылға көшкен ғалым.

Жақындарың ынтымақ, бірлігі кем,
Жалықтың ба қаланың тірлігінен?!
Аңсадың ба немесе киіз үйді,
Жұлдыз самсап көрінген түндігінен?!

Жарқын жазда не жетсін, шіркін, оған,
Жусан исі ғажап-ау бұрқыраған.
Отау тіктің Алатау баурайынан,
Құт-береке қазаны шұрқыраған.

Ағаш көктеп аулада, гүл өнеді,
Тыңдағаны самалдың жыр-өлеңі.
«Аманкелді ғалымның үйі анау!» деп,
Кездескендер жол сілтеп жібереді.

Шапағатты шарапат мол алауы,
Тек ойы ізгі жандардан таралады.
Ірге тепкен Жеменей жағасында
Есте шығар интернат қара наны?!

Есте шығар интернат қара суы,
Кей туыстың жекіген оғаш үні.
Шашыратты қайсарлық ұшқындарын,
Жанарыңның жалт еткен қарашығы.

Жұрттан білмей не күтіп, не тілерін,
Қаққандар бар кісімсіп көкірегін.
Жетім халін түсінем, Аманкелді,
Мен де өзіңдей жалқы едім, жетім едім.

Қалтыраған үміттің талын қармап,
Су түбіне батпадық Тәңір қолдап.
Қоңсы қонып көрмедің жамандыққа,
Жақсылықтың ұдайы жолын жалғап.

Келешегі жарқырап арайлана,
Қанат қақты алдыңнан талай бала.
Құжынаған сандардың тізбегінде,
Миың ашып кетпеген қалай ғана?!

Еңбегіңмен сүйсінттің дарқан елді,
Ол да саған тәтті күй тартады енді.
Сен ғылымның көтерсең ауыр жүгін
Ғылым сенің көтерді мәртебеңді.

Достар – берік уығым, керегем де,
Онсыз, сірә, шаттыққа кенелем бе?!
Айғаныммен қосылып ән салғанда,
Ұқсайсыңдар Қыз-Жібек, Төлегенге.

Көкжиегін көзге оттай басылдырып,
Асудан соң күтеді асу биік.
Ғұламасы қазақтың, профессор,
Тағзым етем мен саған басымды иіп.

Тоқтарбек ҚЫЗЫҚБАЙ

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ersultan

    Meninshe ote jaksy jazylgan tamasha material!bul omirde mundai onegeli juptar tabu kiyn.eki tagdyrdyn kosylgany barlygy ademi surettelgen.avtor keiipker obrazyn asha bilgen!kopke tanymal emes osyndai kisilerdin mahabbaty,omirden tuigeni barshamyzga onege!Sonymen katar bul otbasynyn omirin,tagdyryn bizge okyrmanga jetkize bilgen jas jurnalist kyzymyz Akbotanyn eren enbegi ekeni sozsiz)Akbotaga enbegine tabystar tileimin)

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.