Абысын тату болса…

Ағайынның арасындағы бітімді біріктіріп, көңілді кіріктіретін де әйел екені анық. Бауырлар арасында дәнекер болып, татулықты дәріптейтін де осы – арулар. Ал сол ағайынның ара-жігін ажыратып, қырғи-қабақ қылып алшақтатып, айтыстырып қоятын да тағы осы – ақжаулықтылар. Бұл – шындық. Яғни бұл еркектің ер болары да, ез болуында да әйелдің рөлі үлкен. Мұны тәптіштеудің не себебі бар дерсіз? Себеп – бүгінгі бөріктілер арасында, яғни бауырлар арасындағы араздықтың себепкері көп жағдайда осы нәзікжандылар болып жататындығы.
Атам қазақ ағайын арасындағы қарым-қатынастың беріктігіне, мығымдылығына ерекше мән берген. Ағайынның алауыздығы, ұрыс-керісі тез арада жөнге салынып отырған. Сонымен қатар дінге сенімі мол бабаларымыз шариғат жолын бұлтартпай орындаған. Ал ол жолда, еске салсақ, мұсылман баласы үш күннен артық бір-бірімен ренжісуіне болмайды. Имандылыққа имандай ұйыған халқымыз бұл жолдан еш ауытқыған емес. Бұл тұста абысындар жайын сөз етпей кету мүмкін емес.

Абысын – ағайындылардың жарлары. Қазақта олардың отбасындағы орны белгіленіп қойған. Қандай жағдай болса да, үлкен ағаның әйелі кішісінің әйелінен жолы үлкен болады. Онымен тек қарашаңырақта қарақазанның құлағын ұстап, ата-ененің қамқоры болып отырған келін ғана теңестірілуі мүмкін. Кеңестік кезең татулық пен бірлікке негізделген қазақтың дәстүрін дәріптетпеді. Қайта анаға қарсы шыққан қызды, атаға қарсы сөйлеген ұлды ұлықтады. Сондықтан ғасырлар бойы сары майдай сақталып, әспеттеліп келген ұлы дәстүрлеріміз құрдымға кетпесе де айтарлықтай әлсіреді. Тек егемендік алып, ес жиған тұста қазақ зиялылары ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу қажеттігін айтып, шырылдады. Шүкір, бірқатар жиған-тергеніміз жаңғырды. Ескіміз жаңаланды. Өшкеніміз жанды. Бірақ кейбір тырналған жара әлі де жазыла қоймағанын бүгінгі күндегі көріністер дәлелдеп отыр.
Бүгінгі қоғам талас-тартысқа, дау-дамайға толы. Көрші-қолаң арасында көреалмаушылық, ағайын арасында алалаушылық белең алған. Біреу баладан безсе, енді біреу анадан алыстап жатыр. Жетімдер үйі жәудіреген көздерге толы. Ал қарттар үйі ақжаулықты ана мен ақ сақалды атаға толы. Қасіреті сол – олардың көпшілігі қазақтар. Жат қолына жетімі мен жесірін қалдырмаған қазақтың бүгінгі ұрпағы осындай халде. Бұл жаһанданудың жанға салған жарасы сынды. Не десек те бүгінде қазақылық жолдан жиі ауытқып, батыстық былыққа белшемізден батып жүргеніміз анық аңғарылады. Мойындағымыз келмес, бірақ шындық сол.
Жер-жерде әжелер сайысы, келіндер сыны, отбасылар арасындағы жарыс­тар болып тұрады. Ененің қандай болуы, қызға қалай тәрбие беру, келіндер келбетін тәрбиелік жағынан үлгі ету – бұл жарыстардың басты мақсаты. Бірақ ол әрдайым сахналық көрініс ретінде сол сахна төрінде ғана қалып қоятыны өкінішті-ақ. Өмірде бәрі өзгеше. Ене есір болса, келін кесір болып жүргені. Ағайын араз, бауырлар бір-бірінен алшақ. Ал абысын-ажын ата жау болып, жарасымдылықтан жұрдай болып отыр. Жә, дүрдараздықты айтып үлгерерміз, әуелі бір әулеттің ынтымақ-ырысын асырып, берекесін тасытқан абысындар жайын үлгі ретінде сөз етейік.
Біз туған ауылда Қабыл деген қария тұрған екен. Ағайынға сөзі жүрген, өмірдің ащы-тұщысын көрген, оқымаса да тоқығаны көп абыз ақсақал болса керек. Артында арыстай төрт ұлы өседі. Жылдар өте бір-бір шаңырақтың иесі болады олар да. Төрт жақтан жиналған төрт келін де осы бір шаңырақтың астында бас қосады. Әуелі аналарының орнына ана болып отырған енелері Бағиланың өсиетін жерге тастамады. Ақжаулықты абзал ана да олардың бірлігін, татулығын көксейтін. Үлкен ұлы мен келіні ұрпақ сүйе алмай, шерменде жүргенде де шешімін Бағила ана тапқан екен. Үш ұлының бір-бір баласын үлкен ұлы мен келінінің бауырына салып берген. Абысындар да бұл шешімге еш қарсы болмайды. Ал үлкен келін-баласы Зылиқа мен Сейсен де екі қыз бен бір ұлды алақанына салып, әлпештеп өсіреді. «Қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқыттырмайды». Бір әулеттің берекесі болған Қабыл қария мен Бағила ана өмірден қайтқан соң да ағайындар арасындағы татулықтың іргесі сөгілмеді. Кіші келіндер үлкен абысындары Зылиқаның ақылына құлақ түріп, оны құрмет тұтты. Бүгінде олардың әрқайсысы қыз ұзатып, келін түсіріп, немере, шөбере сүйіп отыр. Әр жерде жүрсе де берекелері қашпады, бірліктері ыдырамады. Әрдайым бір-біріне қол ұшын созып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біледі. Абысындар небір күндер болғанда да «сен» десіп, қабақ шытыспады. Қайта бір-біріне демеу, жығылғанда сүйенер тіреу, қуанғанда ортақтасар сырлас дос болды. Олардың бірлігін, берекелі тірлігін біздің әке-шешелеріміз әрдайым айтып отыратын. Міне, бұл – бір әулеттің абыройын асырып, беделін биіктеткен абысындардың татулығының, сыйластығының жемісі.
Бұл – біздің аталарымыз бен әжелеріміздің дәуірі. Ал біздің заманның абысын-ажыны қандай? Олар татулықты ту етіп жүр ме? Көз салып көрелік. Исламның ұлы кітабы Құран Кәрімде: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», – дейді. Бұл – бізге жүктелген жауапкершілік. Ол жауапкершілікке мойынсұнбай кей отбасылар бір-бірімен араласуды азайтып, тіпті бауырларымен байланысты үзіп жүр. Бір мысал келтіре кетейік.
Құрбым Жанар екеуміздің арамызда біліспеген сыр жоқ, сірә? Бір-біріміздің қандай жағдайымыз болса да ақыл сұрап, ой қосып жүреміз. Бір күні Жанар үйіме жыларман күймен келді. Мән-жайды сұрай келе, білсем, енесімен, абысындарымен сөзге келіп қалыпты. Нақтырақ білсем, енесі үлкен абысынын қорғап, Жанардың жіберген кемшілігін көп айтатынға ұқсайды. Абысыны келін болып түскеніне бірнеше жыл болған. Оның үстіне жасы да үлкен. Ата-енесінің де қас-қабағына қарап, қарсы келіп көрмеген. Ал Жанар өзі тік мінезді, ешкімге қарамай ойындағысын айта салатын. Қиқарлығы да бар. Енесінің үлкен абысынын жақын тартатыны да сондықтан болар. Бір үйдің еркесі болып, бетінен қақпай өсірген Жанарға бұл оңай соқпаған сыңайлы. Соған ызаланған Жанар абысынымен біраз сөзге келіп қалыпты. Ызаға булыққаны сонша, «енді жолдасымды да үй-ішімен араластырмаймын, араласса ажырасам, олар мені адам демейді» деп өксіп отыр. Басқа-басқа жолдасыңды бауырларынан, туған-туысынан алшақтататам дегенінің дұрыс еместігін дәлелдеуге қанша тырыссам да, сөзімнің желге ұшқанын аңғардым. Сондықтан әрмен қарай әңгімені ұзатқым келмеді. Кейін білсем, Жанар жолдасы Абзалды ертіп, қалаға кетіп қалыпты. Ел арасында сөз жата ма, Жанар кетерінде енесіне де ауыр сөздер айтып кеткен екен. Тіпті ол үйдің босағасын енді аттамайтынын да айтып салыпты. Міне, содан бері екі жылға жуық уақыт болды. Жанар да, Абзал да әлі күнге ауылға келмеді. Тіпті хабарласып, қал-жағдайды сұрамайды да. Жуырда кенже қайнысы үйленді. Онда да келмеді. Бәрінен бұрын қарт анаға бұл жағдай қиын соқты. Ұлын көрмегені былай тұрып, дүниеге келген немересін де бауырына құша алмағанына жүрегі қан жылайды абыз ананың. Ал Жанар абысыны екеуі бүгінде бітіспес жауға айналғандай. Сол күннен кейін Жанар екеуміздің арамыздағы достыққа да сызат түскенін аңғардым. Сірә, менің өзіне жақ болмағаныма ренжіген шығар… Ал Жанар өзінің бір отбасын ойрандап, анадан баласын, ағадан ініні алшақтатып, немерені ата мен әжеден ажыратып, үлкен кемшілік жасап отырғанын сезе ме екен? Ертең өзінің балалары тегін білмей, тексіз болса, кінә кімнен? Ол туралы Жанардың ойланбағаны анық. Атақты Бұқар жырау «Ағайынның аразы, елдің сәнін кетірер. Абысынның аразы ауыл сәнін кетірер» дейді. Ендеше Жанар да бүтін бір ауылдың сәнін кетіріп, берекесін қашырып отыр. Бұқар жырау бабамыз абысын-ажын арасындағы татулықтың, түсіністіктің бала тәрбиесіндегі ықпалының маңыздылығын жете түсініп, соны ұлағат еткен. Бала тәрбиесі қашанда үлкеннен бастау алуы тиіс дегенді меңзейді. Отбасы бірлігі мен ынтымағын сақтап, тату-тәтті өмір сүруі үшін қазына қарттардың ақыл-парасатының аса қажеттігін де екшеп өткен. Ол «Қариясы кімнің бар болса, жазулы тұрған хат болар» дейді. Рас. Дана қарияның ақылы – сарқылмас дария. Жас отбасын құрғандарға, қала берді дүниеге жаңа келген сәбиге де олардың ақыл-кеңесі ауадай қажет. Бірақ оны түсініп, түйсігіне сіңіріп отырған жас жоқ бүгінде.

Қалкеш ҚАБИЕВА, 80 жастағы әже, Алматы облысының тұрғыны:
– Қазақ «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» дейді. Ал келіннің ибалы да инабатты болуы әуелі отбасындағы ана мен әке тәрбиесінен болса, өзге үйдің табалдырығын аттаған соң ененің де тәрбиеге қосар үлесі зор. Әрине үйінде еркелеп, ата-анасының әлпештеп отырған қызы бөтен шаңыраққа барған сәтте бірден сіңісіп кетуі де қиын. Ондай кезде ене ретінде сен де қолдау көрсетіп, білгенің мен түйгеніңді үйреткенің жөн. Қызыңдай көріп, кемсітпегенің абзал. Есті болса, айтқан сөзің желге ұшпасы анық. Құдайға шүкір, өзімнің үш келінім бар. Бәрі де – көргенді жердің қыздары. Мен де оларды мүмкіндігінше қызымдай көріп, ақылымды айтып отырамын. Бүгінгі күнге дейін бір-бірін сыйлап, «әй» десіп көрген жоқ. Қандай кезде де бір-бірімен бірлікте еңбек етеді. Қуанышта да, қайғыда да бір-бірінің жанынан табылады. Бастары қосыла қалған кездерде үлкен-кіші демей әзіл-қалжыңы да жарасып отырғаны. Әуелі ана, сосын ене ретінде олардың татулығына, береке-бірлігіне дән ризамын әрі сол татулық ұзағынан болсын деп сұраймын жаратқаннан. Сондықтан келіннің келсап болмай, ибалы келін болуына ата-ененің де үлесі зор деп есептеймін.

Назира ЕЛЕУОВА, кәсіпкер:
– Келін болып, жолдасымның үйіне қадам басқалы алты жылға жуық уақыт болды. Бүгінде ата-енеммен бірге, бір шаңырақтың астында тұрамыз. Өзімнен үлкен бір абысыным бар. Олар – қалада. Шынын айтсам, кей кездері енеммен қырғиқабақ болып, жүз шайысып қалатынымыз бар. Бастапқы кезде ондай сырларымды абысыныма айтатынмын. Ал ол болса, енемді жақтап шығады. «Сенікі дұрыс емес» дегенге саяды сөздері. Ақыры абысыныммен сөзге келіп, бүгінде бір-бірімізге деген пікіріміз дұрыс емес. Жолдасым ағасымен жиі болмаса да кей кездерде хабарласып, көрісіп тұрады. Бірақ мен олардың өз өміріме араласқанын қалмадым. Бір қызығы, енем де бізді татуластырсам деген ниет танытпады. Сондықтан үлкен болса да мен абысынымның алдына барып, кешірім сұруға бел шешпедім.

Атақты Бұқар жырау ұрпағының жыл өткен сайын өмір ағымымен өзгерерін да алдын ала болжағандай. «Өзіңнен туған жас бала, саудагердей сарт болар, өзіңмен бірге туысқан, Алаштан бетер жат болар» дейді. Рас. Бүгінде абысын араз, бауырлар бір-бірінен алшақ. Бірақ қазақ деген ұлы елдің ұрпағы бабалар аманатына кір жұқтырмауы қажет. Ағайынының татулығы Алты алаштың арманы, абысынның татулығы барша ауылдың арманы. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Ынтымақ-бірлікке, татулыққа шақырған осы сөз өз мәнін әлі күнге жоғалтпады, жоғалтпайды да. Тек арзан дүние үшін араздасып, қымбатыңды жоғалтуға болмайтынын қариялар жастар бойына ерте жастан сіңіруі қажет. Ол ертеңіміздің еңселі болуы үшін аса қажет.
А.ҚАБИ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Айжан

    Біздің отбасымызда абысындар арасында ешқандай келіспеушіліктер болып көрген емес. Әр уақытта сыйласып, түсінісіп тұруға тырысамыз. Бірақ өзім ата-енемен тұратын кіші келін болғаннан кейін біраз «кемсіту», «бөлу» сияқты жағымсыз жағдайларды көріп жүрмін. Отбасымызда ата-ене тарапынан абысындарымды әрқашан қонақ қылып жіберу, төрге отырғызып күту қалыптасқан.

  2. Әсем

    — менің келін болып түскенімен 1 жыл болды. Ол шаңырақта 4 ұл, 1 қыз. Ал күйеуім ұлдардың екіншісі. Ал үшінші ұл, яғни менің қайын інім осыдан үш жыл бұрын үйленген. Менің айтқым келгені, менің одан жолым үлкен болса да, оның үш жыл келін болған тәжірбиесі бар. Сондықтан кей кезде оның өмірдегі тәжірбиесімен бөліскеніне қарсы келмеймін. Енем де сонын қолында тұрады. Күйеуім қолыма алам десе де, енем келгісі келмейді, мен оның біздің қолымызға келгенін қалар едім. Сендерге кедергі болмайын деп.
    Үшінші үлкен абысынымызда бөлек тұрады. Міне, осы үш абысынды енеміз өз қызындай ұстайды. Сырласып өзінің ақылын айтып отырады. Мен өзімнің анамнан ерте айырылғандықтан, енемді өз анамдай көрем. Қайын сіңділімменде құрбыларша сырласамыз. Әрқашан жеңгелеп сыйлап тұрады. Мен өзімді осындай шаңыракка келін болып түскенім үшін бақытты санаймын.
    Менің ойымша қандай ене болмасын, не айтса да онікі жөн деп айтқанын орындаған жөн. Ата-анаңа не істесең алдыңа сол келеді дейді ғой, ертең бізде ене боламыз. Сонда өзіңді қандай ене боламын деп ойлайсыз?

  3. Аноним

    Менің 5абысыным бар,негізі бәріміз жақсы араласып силасаң жүргенбіз 1жыл бұрын қайын атамыз үшін бәріміз ұрсысып ,қазір араласпаймыз.,әрине ағайындарды сирек араласады ,білмеймін даже татуласқанның өзінде бұрынғыдай араласпайтын сияқтымыз

  4. Жадыра

    Менің жолдасым 2ағайынды.Қара шаңырақта біз яғни кенже баласы қалды.Айтайын дегенім менің абысыным негізі өте жақсы, оқыған,білімді бирақ, кей-кездері бір-бірімізге жақпай қаламыз. Менің орныма уй шаруасын жасап қалса болды сойлей журеді.Сол сойлеген сөзі менің жыныма тиеді. Мен ушін жасамаса да ата-енесі барғой. Бөлініп шыққандарына жылда болған жоқ.Бірден бөтен адам секілді болып өзгере қалады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.