Қалдырды ұрпағына ұлы мұра…

2009 жылы желтоқсанның төртінші жұлдызында Арал теңізінің тартылған табанында құм басып қалған «Ұялы» елді мекенінің орнына осы топырақтың төл перзенті Бекқали Бекбауылов өз күшімен ескерткіш-белгі орнатып, азаматтық танытты.

Толып жатқан аң-құсқа жағасы мың,
Адамдарға сыйлаған бар асылын.
Арал қайда,
Шалқыған теңіз қайда?
Көз алдында перзенті-баласының.

Қайран, Арал!
Толқыны тербетілген,
Жоғаларын кім білген жер бетінен.
Пана болған халқына заманында,
Жарқыраған айналдым, келбетіңнен.

Кеме жүзіп,
Төсінде ат аунаған,
Із қалмаған бүгінде атаулардан.
«Өмір болды» дегенді өшіргендей,
Қатал тағдыр, қатыгез, қатал заман.

Өшіре алмас алайда жүректерден,
Қайық, кеме қайқиып түбектерден,
Тұрмаса да иіріліп баяғыдай,
Естіледі күйлерден, тілектерден.

Тіршіліктен шіркін-ай, жырақ қалған,
Бұл өңірде арман мен мұрат қалған.
«Кімдер өмір сүріпті» дегендей-ақ,
Бас әріппен жазылған сұрақ қалған.

Алып келген қу тірлік бабаларды,
Өзек талса өзенді жағалар-ды…
Қиын-қыстау күндерде азық болған,
Көк теңізді кім іздеп таба алар-ды?..

Тұла бойын сағыныш ұлытқанда,
Ұласқанда ақ ниет, үміт таңға.
Тартып кетті
«Қайдасың Ұялым?» деп,
Туған жерін асылдар ұмытқан ба?!

Шөлдеп қалған құм басып Атамекен,
Тұз-дәміңді енді кім татар екен?
– «Ассалаумағалейкүм, мен келдім» деп,
Басын иді егіліп, баталы өрен.

Туған жердің қадірін салмақтаған,
Ата-баба рухын ардақтаған.
Арда ұлы теңіздің тебіренген,
– Әкелдім, – деді ескерткіш, арнап саған.

Тұрғызды ескерткішті тұғырына,
Мәңгілік жетер бәлкім, ғұмырына.
«Бұл жерде «Ұялы» атты ел болған»! – деп,
Қалдырды ұрпағына ұлы мұра.

Бұл жерге төл перзентін шақырды кім?..
Айдала аймалады ақылды ұлын.
Атамекен, киелі бабалардың
Рухы ырза болып жатыр бүгін!

Жетіскен МӘКЕНАЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.