Түркі әлемі – өркениет бастауы

Тамыз айының соңғы күндері Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» деген тақырыпта екінші рет халықаралық форум болды. Бұл жиынға әлемнің 12 елінен және Ресей мемлекетінің құрамындағы түркітілдес ұлттардың өкілдері қатысты. Форум алдын ала жоспарлағандай екі күнге созылды. Форум аясында болған ғылыми-тәжірибелік конференция мән-мазмұнымен, соңғы ғылыми жаңалықтарды әйгілеуімен ерекшелене түсті. Форум жиынын ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен түркітілдес елдермен еліміздің қарым-қатынасы барған сайын жақсарып келе жатқанын еске сала келіп, ғылыми жиынға қатысушыларға табыс тіледі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед кеңес заманында әлемдегі түркітанудың ең ірі орталығы Ресейдегі Санкт-Петербург императорлық университеті болғанын, оған белсене атсалысқан қазақ түркітанушылардың ­Ахмет Байтұрсынов бастаған ғалымдар мен қайраткерлердің репрессияға ұшырағанын, мұндай зобалаң өзге түркі республикаларында да қатыгездікпен жүргізіліп, түркітану ғылымын түп-тамырымен құртуға империялық пиғылдағы басқыншылар барынша күш салғанын кеңінен әңгімелей келіп, ал қазір Қазақстан түркітанудың әлем таныған жаңа орталығына айналғанын мерейлене әйгіледі. Бүгінде 30-дан астам ұлт пен ұлыстың шаңырағына айналған түркі халықтарының жалпы саны 200 миллионға жуықтаған. Олар Жерорта теңізінің жағалауынан бастап Солтүстік Мұзды мұхитқа дейінгі ұлан-ғайыр жерге орналасқан 6 мемлекетті құрап отыр деуге болады. Соның ішінде Ресей империясының қанаты астында 20-дан астам түркітілдес ұлттардың түрлі ресми құрылымдары – автономиялық республикалар мен округтер, облыстар құрып өздерінің тілі мен дінінен айырылып қалмау үшін арпалысып келе жатқаны жұртшылыққа мәлім. Осы ұлттар мен ұлыстардың бәрі бір кезде бір ұлт, бір мемлекет секілді ұйысқан көптеген тайпаларды құрап, адамзат өркениетінің көшін бастағаны қазір жалпақ жұртқа жария бола бастады. Мұның өзі бүкіл ғылым әлемінде аса зор жаңалық болып мойындалуда.
Ал қазақ халқы үшін Алтайда ата-бабалары тіпті орыс халқы мен Еуропа елдерінің де өркениетінің бастауы болғаны жөніндегі жаңалықтардың маңызы орасан зор болып отыр деуге болады. Өйткені бұдан жиырма жылдай бұрын ғана тәуелсіздігін жариялағанға дейін халқымыздың санасына қазақтар ешқандай жазу-сызуы, мәдениеті, тарихы болмаған жабайы өмір кешкен, бұл халықты қазіргі өркени дәрежеге жеткізген компартия саясаты, Кеңес өкіметі дегендей тұрпайы насихаты халықтардың санасына сіңіріліп келді емес пе. Тіпті тәуелсіздік алғаннан кейін де, Қазақстандағы кейбір теріс пиғылды басылымдар «қазақта ресми тіл жоқ, сөз қоры жұтаң, сондықтан олар қазақ тілінде сөйлескісі келмейді. Жиындардың, баяндамалардың орыс тілінде жасалатыны сондықтан» дегендей жалақорлық мақалаларды жиі жариялағаны есімізде. Осы форум жүріп жатқанда Кеңес заманында өзімнің Өскемен пединститутында оқып жүргенде болған мынандай бір оқиға да есіме орала берді. Бірде Өскемендегі «Восток» деген мейрамханада бір топ қазақ студенттері тамақтанып отырған едік. Көршілес үстелде бізге институтта тарих пәнінен дәріс оқитын, тарих ғылымдарының кандидаты П.И.Петров деген оқытушымызды байқап қалдық. Біз оған барып, сәлем бергелі отырғанымызда оның өзі бізге келіп біраз әңгімеге тартып тұрды да мейрамхана қабырғасында ілулі тұрған көлемді «Ермак на Иртыше» деген суретке назарымызды аударды.
– Бұл суретті қалай бағалайсыңдар? Сендерге ұнай ма? – деп сұрады.
Оқыс қойылған сауалдан біз суретке қарап, біраз үнсіз қалдық. Суретте дарияның ортасында атаман Ермак бір топ казактармен бірге қайықта жағалауға қарап тұр екен. Ал жағалауда ұсқынсыз кейіпте бейнеленген адамдар қайықтағыларға ұмтыла түскендей әсер қалдырады.
– Ұлы суретшінің туындысы ғой. Несі бар өте тамаша сурет, – деп бір студент жауап қатып еді, оқытушы:
– Ал мазмұнын қалай түсінесіңдер? – деп онан әрмен қазбалай түсті. Студенттерден қулық артылған ба?! Сөз тапқыш біреу «Сізге мұны емтиханда айтсақ қайтеді, әуелі ормандағы жабайы­лар туралы кітапты кітапханадан тауып оқиық» деп әзілге бұрды. Қалғанымыз жауап таба алмай иығымызды қиқаңдатып суретке зер сала үңілсек те оның мазмұнын түсінуге өреміз жетпей-ақ қойғаны. Ал ұстаз болса «Өздерің біліңдер» дегендей сөздерді әзілдей айтып, орнына барып отырды. Кейіннен бұл суреттің мазмұнын зерделесек, Ертіс дегеніңіз біз оқып жүрген Өскемен қаласын жанап ағып жатқан алып өзен болса, оның жағалауындағы адамға ұқсас жыртқыш мақұлықтар дегеніңіз өзіміздің ата-бабаларымыз екен. Тіпті көне заманды былай қойып, бірер ғасыр бұрын ғана ата-бабаларымыз яғни қазақтар осыншалықты адамдық белгісі жоқ, жабайы болып, олардың ұрпақтары бізді адам қатарына жеткізген ұлы көсем Лениннің саясаты деген ұлағат санамызға барынша пәрменді сіңірілумен болғанын қазір айқын білеміз ғой. Сол кезеңде тарих пәнінің оқытушысы мұндай империялық жалақорлық көзқарас жөнінде біздің таным-түсінігімізді байқағысы келген секілді.
Осы форумда ЮНЕСКО-дағы Қазақ­станның тұрақты өкілі, ақын Олжас Сүлейменов Ресейдің императорлық ака­демиясы бір кезде орыс жерінде 40-қа жуық түркітілді ұлт өмір сүргенін айқындаған болса, қазір олардың саны 28-ге дейін азайғанын айтқанда тәңір қолдап біздің ұлтымыздың, яғни қазақтардың алғы ке­зеңде озық ұлтпыз деп кеуде қағып келген орыстармен иық тірестіретіндей болашағына жол ашылғанына тәубе деуге болады. Олжас Сүлейменов бес мың жыл бұрын өмір сүрген Шумер тарихын зерттеп, олардың түркі халқы екенін дәлелдесе, қазір жарты әлемді алып жатқан мемлекеттерді құраған көптеген ұлттардың алтын бесігі Алтай, қазақ жері болғанын, тіпті жапондар мен корейлерден бастап мұхиттың ар жағындағы Американың үндістеріне дейін, Еуропада мекен тепкен кейбір ұлттарға дейін қазақпен аталас болғаны форумда жиі сөз болды. Сондай-ақ мыңдаған жылдар бұрын жарты әлемді тітіреткен, тіпті Еуропаның батысына дейінгі елдерді табанына басып өркениеттің алғашқы белгілерін үйреткен де ата-бабамыз екен. Әйгілі Еділ патшаға ілесіп, Еуропаға дін мен мәдениет белгісі барғаны да, тіпті атқа міну мен адамдардың шалбар киюі де Алтайдан таралғаны қазір нақты дәлелденген. Бұған дейін еуропалықтар табынып жүрген Рим империясында шалбардың не екенін білмей матаға оранып жүргенін қазір фильмдерден жиі байқаймыз. Енді міне, Алтай өңірінен табылған ескерткіштер мен мүрделер бұл жерде сан мыңдаған жыл бұрын өркениет гүлденгенін, тіпті ежелде адамдардың миына дейін ота жасап емдеуді игергенін ғылым әлеміне әйгілей түсуде. Мұндай жаңалықтар қазір күн сайын молайып келеді. Мыңдаған жыл бұрын ата-бабаларымыздан жасқанған қытайлар әйгілі «Ұлы қорғанын» соққаны баршаға белгілі. Бертінде әйгілі Шыңғыс ханның өзі де түрік тілді болғаны, оның анасы да, әйелі де қазақ руларының қыздары екені нақты дәлелденген жоқ па.
Форумға қатысушылардың зерттеу нәтижелері баян етілгенде, Алтай – тек түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің алтын бесігі болғаны дәлелденіп жатқанына еріксіз сүйінгендей болдық. Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Харада Юдзо: «Жапон-корей және түркітілдері Алтай семьясына жататыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Біздің қазақтармен ұқсастықтарымыз көп. Демек, біз де Алтайдан шыққанымыз анық» десе, «Мимар Синан» университетінің профессоры (Түркия): «Алтай Түркі әлемінің бесігі ғана емес, қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаев айтқандай, «бүкіл түркі дүниесіне қорған болған алтын тақ!» деп мәлімдеді. ЮНЕСКО биыл Оңтүстік Кореяда ата-бабаларымыздың қоныстануына арналған үшінші конференция, Еуропаға қоныстануына байланысты тағы бір ғылыми жиын өткізетін болмақ. Осындай ғылыми жаңалықтарға қанық болған КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Алтай топырағында нәсілдес халықтардың бірлігі мен берекесін, аппақ ниетін білдіретін әдемі бір ескерткіш орнатса, нұр үстіне нұр болар еді» деп өзінің ұсынысын білдірді. Сірә, туындылары әлемге әйгілі қаламгер мұндай ескерткіштің сұлбасын көңіл көзімен көріп елестеткен де болар. Жиында сөйлегендердің сөзін зерделегенде қазақтың ұлы әншісі Жамал Омарова апамыздың:
«Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!
Анамды әлпештеген жастан Алтай
Суы бал, көдесі май, жері майса,
Ағызған сары алтынды тастан Алтай» деп шырқаған ғажайып үні құлағымда жаңғыра естілгендей болады. Иә, бүкіл әлем­ді таңдандыратын қазба байлық та Алтайда! Иә, бүкіл әлемді таңдандыратын адамзат өркениетінің бастауы да Алтайдан таралғанына енді ешкім дау айта алмасы анық.

Қуанбек Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.