Кеңсе тілі қазақша болмай, ісіміз оңбайды

Сөз арасын бөтен сөзбен былғамауды ескерткен ғұлама Абай өсиетінің бүгінде қадірі кетіп-ақ тұр. «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деп өткен ғасырдың басында үлкен мінберлерде, баспасөз беттерінде дабыл қаққан Сәкен Сейфуллиннің жанайқай жаңғырығы қазір де естілетін сияқты. Әр саналы азаматы Отаны мен тілінің қамын жеген елдер әлдеқашан-ақ алға озып кетті.
«Қазақ тілі туралы ғылыми еңбектер жазып «профессор», «доцент», «доктор», «академик» атақтарын алған, том-том сөздіктерді баспадан шығартып, сол үшін Мемлекеттік сыйлықтарды иеленген қазақ тіл білімі мамандары, ғалымдар, олардың ісін жалғастырар шәкірттері, мұны аз десеңіз, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекітілген жиырма жылдың ішінде құрылып, жұмыс жүргізіп жатқан қоғамдық ұйымдар неге әрекетсіз отыр екен?» деген сұрақ мені үнемі мазалайды.

Өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақтың жазба тілін сауатты қалыптастыру ісін қолға алған тіл ғалымы, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов қазақ тілінің әлемдегі және түркі тілдері ішіндегі мазмұны бай, көркем бейнелі, мағынасы ауыспалы сонысымен де күрделі және түркі заманынан бүгінге дейін жеткен, ауызекі сөйлеу мәнерінде әріптері еш өзгеріссіз айтылып, нақты жазылуы тиіс сөз қорын 33 таңбадан тұратын орыс әліпбиі толық жеткізе алмайтындығын байқағандықтан оған тағы да тоғыз төл әрпімізді қосып қазіргі 42 таңбалы қазақ әліпбиін құрастырыпты.
Түркітілдес ұлттардың көбісінің қолданыстағы әліпбилерін ғаламтордан іздеп тауып, қазақ алфавитімен салыстырып, өзімше біраз зерттеп, айырмашылықтары мен ұқсастықтарын байқап көп нәрсеге көз жеткіздім. Мәселен, Қазақ әліпбиіндегі 9 әріптің Ә, Ғ, Қ, Ұ, І, Һ секілді қаріптері Қырғыз әліпбиінде, Ә, Ң, Ө, Ү, І, Һ секілді қаріптері кеңестік Өзбек әліпбиінде, Ғ, Қ, Ұ, І секілді қаріптері Татар әліпбиінде жоқ екен. Бір қызығы, латынға көшкен қазіргі Татар әліпбиінде Ә,Ө,Ң,Ү, Әзірбайжан әліпбиінде Ә, Ғ, Һ, Ө, Ү таңбалары бар.
Кейбір түркітілдес басқа ұлттардың қазіргі әліпбилерінде жоқ жоғарыда аталған қазақша қаріптерден айтылып, жазылып, қолданылатын сөздер тізбегі 1974-1986 жылдары баспадан шыққан он екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» шамамен он томына жүк болған. «Ару Латын», «Қасиетті Латын» деп кейбір әсіре ақындарымыз жырға қосып жүрген сөз түріндегі бейнесін баяғыда жо­ғалтқан өлі латын тілінің таңбаларында қазақ ті­ліне тән тоғыз киелі әрпіміздің ешқайсысы да жоқ.
Ресейліктер латын әрпіне ресми түрде көшуді ойларына да алмайтын сияқты. Шынында да, ол не үшін қажет? Дәл қазір кириллицамен де, латынмен де ғаламтор, теледидар, телефон құралдарын жаулап алған орыс тілінің дәуірі жүріп тұр емес пе?! Демек, негізгі мәселе әріп таңбасында емес, сөз құдіретінде болғаны ғой.
Компьютерді құрастырған еуропалық ғалымдар өздеріне оңай жолын көздеп аз таңбадан тұратын латын әрпін басшылыққа алған секілді. Келешекте компьютердің қызметін бүкіл әлем қолданып, олардың ішінде ғасырдан-ғасырға жалғасып ауызша тілмен-ақ бүгінге дейін жеткен, тек өз ұлтының сөздеріне ғана бағынатын қазақтың тоғыз киелі әрпі бар екенін қайдан білсін олар?
Кеңес үкіметінің басшылары, орыс тілі ғалымдары түркітілдес халықтардың ауызша, жазбаша тілдерінде қолданылуға тиіс аталмыш әріптерді артық әріптер (лишние буквы) санап, жойып отыруға батыл әрекеттенген. Енді оны латыншылар жалғастырмақшы. Айтпақшы, ауызша сөйлегенде осы әріптердің біреуін өз қалпында атамасақ дереу сақау қазаққа айналып шыға келеміз. Меніңше, қазақ тілі латынға көшкен күнде де сол баяғы «қосылғыштардың орны ауысса да қосынды өзгермейді» демекші, Қазақстанды мекендейтін орыстілді басқа ұлттар мен полиглот қазақтар орыс, ағылшын тіліндегі жазу-сызуын латын таңбасында-ақ жалғастыра береді. Яғни, «таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледінің» кері келмек.
Бүгінде маңызды мемлекеттік қызметтердің, банктердің, партиялардың тізгінін ұстап отырған орыстілділер тіл мамандарының көмегіне сүйеніп, қазақша үйренуге құлықсыз, «уақыттары тапшы», оның орнына өздеріне тапсырылған міндетті істерін орыс тілінде тындыра салумен айналысуға бейім. Мұның дәлелі ретінде нақты мысал келтіре кетейін. 2011 жылы аудандық салық мекемесіне кәсіпкерлігімді тіркету үшін салық өтінішінің қазақ тіліндегі нұсқасын сұрағаныма терезеде отырған қызметкер «Бәрі де орысшасын сұрайтындықтан қазақша бланкасын ұсынбаймыз. Жоқ» деген соң, сол бөлім бастығына кіріп жүріп қол жеткіздім. Жұмыс үстелдерінде тұрған компьютерде қазақша бланканың нұсқасы бар болса да, соны қызметкер маған бергісі келмеген. Өтініш қазақша жазылған соң «Жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік» қазақша берілді.
«Расчет для получения патента», «Приложение к расчету для получения патента» бланкаларының қазақша нұсқасы мүлдем жоқ. Себебі, орыс тіліндегі бланкалар Қаржы министрлігінен баспаханаларға тапсырыспен түсіп, салық мекемелеріндегі терезе арқылы сатылады екен. Ақша төленген түбіртектерді рәсімдейтін банк, почта қызметтерінің бәрі орыс тілінде. «Патенттің» қазақша нұсқасын сұрағанымда терезеде отырған қызметкер «бұл орыс тіліндегі стандарт бойынша жасалған» деп жауап берді.
Өтінішті қазақ тілінде жазғаныма қарамастан «Арнаулы салық режимін қолдану туралы шешім-Решение о применении специального налогового режима» құжаты орысша келді. Мен кеңселеріне барып қазақ тіліндегі нұсқасын беруін талап еттім. Олар дайын бланканың қазақшасын мұрағаттан да іздеп таппады. Тағы да бөлім бастығына барған соң, тек бір айдан кейін ғана аударылған қазақ тіліндегі нұсқасын барып алдым.
2011 жылдың соңында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы туралы карточкасына жұмыстарының тек орыс тілінде жүретіндігін жазбаша ескерттім. Кеңседегі қабырғалар мен терезелер тұсындағы келушілер үшін ілінген хабарландырулар мен жазуларының тек орысша екендігін, өзім көргелі бері өзгермей тұрғандығын байқаған соң, биыл, 2013 жылдың басында арыз-шағым кітабына «осы мекемеге бас сұғатын кәсіпкерлер Қарағандыда мемлекеттік тіл – орыс тілі екен» деп түсініп қалмауы үшін бәрінің де қатарына мемлекеттік тілдегі аудармасын ілуді сұранған қазақша ұсыныс жаздым.
Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде Парламент депутаты О.Асанғазының «Бізге деген сенімділік көрінісі» деген мақаласында әркімнің өз құқықтарын қорғай білуі туралы айта келіп, ана тілдерін бұзып, қате жазып жүргендердің үстінен жеке тұлға азаматтардың сотқа шағымданбайтындығы жөнінде кінәлаған сөзін оқып қалдым. Егер сотқа арыздансақ, судьялар біздің пайдамызға шеше береді деп ойласа депутат ханым қатты қателеседі.
2011 жылы құқықтық сауатының төмен екендігін, заңгер жалдауға қаражат тапшылығын айтып сұранған соң інімнің сенімді өкілі ретінде құжаттарын дайындап ұлты орыс жауапкерден пәтер үшін алдын ала төлеген кепілдік жарнаны талап еткен сот амалына қатысқан болатынмын. Менің талапарызым қазақша болып, басқа құжаттар мен жауапкердің тілі орысша болғандығын сылтау етіп уақытын созып-созып аудандық сот арызымызды қарамай, қозғалыссыз қалдырған (судья Ә.Ә.Смағұлов).
Сот саласындағы ішкі құжаттар, өкімдер, тапсырмалар, қорытындылар, шолулар, анықтамалар, хаттамалар, іс-шаралар жоспары және соттың қызметіне байланысты ақпараттық талдау және ұйымдастырушылық сипаттағы өзге де құжаттар, яғни барлық жұмыстары орыс тілінде жүргізіледі. Тек ҚР «Тілдер туралы» Заңның 11-бабына сәйкес жеке тұлға азаматтардан, заңды тұлғалардан өтініш немесе арызы қазақ тілінде түсіп, дауласып отырған екі тарап та қазақтілді болса ғана сот іс-амалдары толық мемлекеттік тілде орындалып, қайтарылатын жауап тілі қазақша жазылады. Аталмыш түйткілдерді шешудің жолын іздеген бірен-саран судьялар сотқа талапарыз, шағымдарды қазақ тілінде жазып тіркетуді газет бетінде өтініп жатады. Алайда Солтүстік өңірлерде, Қарағандыда қазақша сауатты етіп талапарыз жазатын заңгерді күндіз қолыңызға шам алып іздесеңіз де, таппайсыз.
Тағы бір мысал. 2007 жылы «Қарағандысу» мекемесі менен 25 (жиырма бес) теңге қарыз өндіру үшін сотқа талапарыз түсіріп, мен сот ісінің қазақша өтуін табанды талап еткенім үшін сот орны мені төрт ай сенделтіп барып, ақыры «Қарағандысудың» талабын қанағаттандырудан бас тартқан орысша шешім шығарды. Шешім күшіне енген соң, «Қарағандысудан» моральдық өтемақы өндіруді сұранған талабымды сот мекемесі орындамады (судья А.Дәненова). Жарты жылға жуық уақыт сот табалдырығын тоздырып, кінәлі еместігім сот шешімімен дәлелденсе де бұл менің тарапымнан моральдық зардап шеккен болып саналмайды екен.
Мемлекеттік мекемелер тоқсан, жарты жыл, жыл соңында әкімдіктерге тапсыратын есептерін басшының орынбасарлары қазақ болса да орысша өткізеді. Оның қазақшасын талап етіп жатқан ешкім жоқ. Өзімнің жеке бас шаруаммен облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердегі мемлекеттік мекемелердің кеңселеріне бас сұға қалып назар аударсам, қызметкерлердің қолдарындағы, жұмыс үстелдеріндегі, папка ішіндегі ресми құжаттардың, өтініш үлгілерінің тек орыс тілінде екендігін байқаймын.
Тілге қатысты іс-шараларда, басқа ұлттар арасындағы байқауларда озып, сый-сияпат алатындар баршылық. Бірақ сол «жеңімпаздар» ертеңіне жұмыстарына кіріскенде іс-қағаздарын орыс тілінде жүргізіп отыра береді. Жоғарыдан талап болмаған соң, төменнен ұмтылыс жоқ.
Қазақ тілі туралы сөз қозғалса мекеме басшылары қызметкерлер арасында қазақ тілі сабағының жүргізілетіні туралы айтуға құмар. Мемлекеттік мекемелерді қазақ тілін оқытатын мектептерге айналдырып алған. Қызмет орнында оқып емес, жазып үйрену керектігін түсінбейді. Егер мекеме басшысы ана тіліне жанашырлықпен, намыспен ұлтжандылық, парасаттылық танытпаса жоғары білім алып, жұмысқа орналасқан қазіргі жастар өз ана тілдерін менсінбей, барлық құжаттарды орысша жазып, жаздырып, қабылдап отыра береді. Мәселен, полиция түсініктеме алатын болса ұлты қазақ бола тұра бәрі де құжаттарды орысша жазуға кіріседі (өзім үнемі қазақша жаздырып барып қол қоямын). Мұның себебі белгілі. Орынбасарлар негізінен ұлты орыс немесе қазақша білмейтін қазақ болып келеді де, тікелей бағынышты бастықтарымен алакөз болмас үшін соларға түсінікті тілде жорғалата береді.
Мемлекеттік тіл тақырыбын шиырлап, ана тіліміздің жоқшысы мен жаршысы болып жүргендер қазір негізінен халықтың қалың ортасынан шыққан, қаламынан басқа қаруы жоқ, білімі болса да билігі жоқ, биліктегісінің батыл қарымы қысқа зиялы қауым өкілдері. Олар еліміздегі тұрғындардың қоғамдық белсенділігі басым бөлігі оқымайтын қазақша газеттерде тек көсемсөз жазумен шектелуге мәжбүр.
Айтпақшы, қазір сахналарда «Қазақша, тек, қазақша» деп әндететін өнер жұлдыздары мен үстіне қазақы ұлттық нақыштағы оюлармен өрнектелген киім киіп скрипкада ойнап, бейнебаян түсіріп жүргендердің бәрі дерлік өздерінің кеңселік қарым-қатынаста пайдаланатын іс-қағаздарын орыс тілінде жүргізбесе, маған келіңіз. Олар концертке келетін көрермендерді көбейтіп, ақша жасау үшін көзбояушы болып алған.
Республикамыздағы бір ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ешқандай да өтпелі қиындықтарға қарамастан оның заңдылық тұғырын бекітіп, дамыту күшеймесе, кемімейді. Сондықтан жазуға машықтанып, үйрену талабы күн сайын артып, әр азаматтың міндетіне айналатын кез жетті. Кейбіреулер түсінгендей «сөйлесе білсе жетеді ғой» емес, мемлекеттік тілге деген сауаттылық қатесіз жазып, ойын анық айтып, мүдіріссіз оқи алумен өлшенеді. «Қазақша сөйлесейік» деп өтетін іс-шаралар (акциялар) енді «Қазақша жазайыққа» айналуы керек. Адам қай тілде жаза білсе, сол тілде еркін сөйлейді.
Әлемдегі басқа тілдердің тарихына көз жүгіртсек ХVІІІ-ХІХ ғасырларда неміс халқы өз тілдерін менсінбей «лошадиный язык» десе, орыс­тар француз тілінде сөйлеп, орыс тілін «мұжықтар тілі» деп ұмытуға тырысып, біраз адасқан екен. Солардың кебін киіп біз де жарық күнде адасып жүргенімізді ең әуелі құзырлы орындағылар қашан сезінер екен?!

Гүлсім БАТЫРБЕКОВА,
Қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесінде
дамытуға көмектесумен айналысатын
«ТОҒЖАН-ЗЕРЕ» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі, журналист, зейнеткер
Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Сағадат

    «Тілге қатысты іс-шараларда, басқа ұлттар арасындағы байқауларда озып, сый-сияпат алатындар баршылық. Бірақ сол «жеңімпаздар» ертеңіне жұмыстарына кіріскенде іс-қағаздарын орыс тілінде жүргізіп отыра береді. Жоғарыдан талап болмаған соң, төменнен ұмтылыс жоқ». Дөп жазылған.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.