БӘДРИСАФА

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналады

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының зайыбы Бәдрисафа (Александра) апамыз қайраткер азаматтың аяулы да, адал жары ғана емес, досы, сырласы, қиналғанда мұңдасы да бола білді.
Ахаң екеуі мешітте некелерін қиғызған. Бәдрисафаға мұсылман дінін қабылдаттырған.
Азаматқа деген құрметі мен сыйластығының айғағы есімін де мұсылманша атауға келісімін берген. Ахаң тартқан азаптан оның жары да тыс қалмады. Ол да айдалып, аштық пен суықты, ауруды бастан кешірді.
Бір сөзбен айтқанда, Бәдрисафа өмірі талай жыр-дастандарға арқау болатын күрделі, тағдырлы ғұмыр…

Кешір, ата – ұлы ғалым, ұлы ақын,
Бұл жырымда сенің ұлы жүр атың.
Мұнда әрі сүйікті асыл жарың бар,
Өзіңмен бір қосқан тағдыр, мұратын.

Кешір, ата, біразырақ сыр ашсам,
Жақсылыққа тек жақсылық ұласқан.
Бұл жырыма арқау еттім өзіңді,
Және асыл махаббатты гүл ашқан.

* * *
…Жүзі сынық, өзгеше жүдеу өңі,
Осы ма еді өмірден тілегені?
Ақын жігіт Ахмет қамауда отыр,
Түрме-тағдыр төбеден түнереді.

Теңіз-ойға енеді, тереңдейді,
Көз ілтпейді көп сұрақ көмейдегі.
Сері жігіт, ғалым да, ақын жігіт,
Сенімсіз жан боп шықты Семейдегі.

Қалай түсті ақ патша қармағына,
Жазығы не, мол білім алғаны ма?
Мектеп ашып, шығарып алғаш газет,
Елге өнер, өнеге жайғаны ма?

Әлде үміт үзілді, алдады ма?
Бақыт оты жарқ етіп, жанбады ма?
Жазығы не осылай жапа шегер,
Халқым деген аяулы арманы ма?

Жендеттері патшаның біледі не,
Бостан-босқа осылай күйеді ме?
Кінәсі не кіріптар болатұғын,
Елге қызмет етпекші тілегі ме?

Тас түрменің қамалып түнегіне,
Бостан-босқа осылай күйеді ме?
Жазығы не зіл жапа шегетіндей,
Елін сүйген ерекше жүрегі ме?

Демері де жоқ қазір сенері де,
Барлығына қайтеді көнеді де.
Темір торға телміріп ақын жігіт,
Теңіз-ойдың сүңгиді тереңіне.

* * *

Көре алмайды тұр ма екен көгінде күн,
Өтіп жатқан сезбейді өмір лебін.
Отыр жігіт тас қапас ортасында,
Жүректе шер, жиналған көңілде мұң.

Көнді қанша мұнда оның қинауына,
Жарығын да жалғанның қимады ма?
Темір тордан сәуле де көп түспейді,
Сұрқай дүние, сұрғылт үй, сұр қабырға.

Ұзыны бір тар бөлме енімен де,
Мұны лайық адамның көрі деуге.
Әйтеуір ол асыға күтеді үнсіз,
Шығар сәтті аз уақ серуенге.

Азабы ғой демейді, мазағы ғой,
Дене сергіп, тек сонда тазарып ой.
Тар қапастан шыққандар түрме алдында,
Шағын ғана алаңда жазады бой.

Шығады олар мұнда жай жүру үшін,
Тізбектелген әйтеуір тірі мүсін.
Аз уақытқа асыға жұтады олар,
Жарық сәуле, жел лебін, күн иісін.

Көз салады құмарта жан-жағына,
Сиқыр дүние түскендей арбауына.
Жандарға да қарайды жиі олар,
Жақын келген түрменің шарбағына.

Бәрі олардың жап-жақсы көрінеді,
Көбейеді, ал бірде сейіледі.
Олар жұмбақ мұндағы жандар үшін,
Бұлар жайлы олар да не біледі?

Бір-біріне қарайды, таңданады,
Тұтқындардың басқаша бар ма амалы?
Аз уақыттық серуен бітеді де,
Алаң бойын тағы да айналады.

* * *

Бірде түнек, ал бірде шұғылалы,
Күндер, күндер кім сырын ұғынады.
Біреулерге сыйласа шаттық күйін,
Біреулерге қайғысы бұйырады.

Біреу ұтып, біреулер ұтылады,
Күндер, күндер жұмбақты, құпиялы.
Қуанышын, қызығын көрсе біреу,
Азабына біреулер тұтылады.

Күндер, күндер, сенде де алалық бар,
Жамандық бар, жақсылық, жаңалық бар.
Біреулерге төгілсе нұр шұғыла,
Біреулерге қаптайды қара бұлттар.

Қаншама күн осылай жаңаланды,
Қанша жаны жабығып, жараланды.
Бүгінгі күн Ахмет бір жаңалық,
«Қалыңдығы» жіберген тамақ алды.

Таңырқайды, бұл не жай, таңданады,
Тағдырының әлде арбап, алдағаны.
Өзіне аян бұл шаққа жеткенінше,
Ешкімге де көз қырын салмағаны.

Өзіне аян жүрек гүл жармағаны,
Махаббаттың оты да жанбағаны.
Тас түрмеде отырған ақын жігіт,
Мынау жайға еріксіз таңданады.

Ұқтырады түрменің күні нені,
Өн бойына бір сәуле жүгіреді,
Жас жігіттің жүрегін тебіренткен,
Бұдан кейін мұндай сәт жиіледі.

Бұл жұмбақтың өзгеше бар ма күші,
Таңырқауы көбейді, таңданысы.
«Қалыңдығын» қай жақтан көрем дейді,
Үміт жібін келеді жалғағысы.

Кезі бар ма бұл сырдың ашылатын,
Ойын билеп ұйқысын қашыратын.
Күнде жасар сырттағы серуенге,
Болды енді ерекше асығатын.

Жұмбақ жанды іздейді, көрсем дейді,
Бір жауабын өзіне берсем дейді.
Әттең, қысқа мерзімі серуеннің,
Ғашықтықтың жүгі ауыр өлшенбейді.

Бір сиқырдың түскендей арбауына,
Серуенде қарайды жан-жағына.
Сыртта жүрген жандарға жаутаңдайды,
Жақын келіп түрменің шарбағына.

* * *

Бала дәурен, жас дәурен бұлғақтаған,
Қандай жанды толқытып, тулатпаған.
Александра жас еді, жиырмада еді,
Жүрек сырын ешкімге тыңдатпаған.

Бөлек еді тал бойы, нұр өңі де,
Жарасатын шалқи ма, күледі ме?
Аспан түсті жанары жарқ еткенде,
От тастайтын талайдың жүрегіне.

Айналғандай арманның бір құсына,
Талайлар да жүрегін жүрді ұсына.
Бәрін бірақ көзге ілмей келетін тек,
Әкесі бар түрмеде құрбысына.

Құрбы-қызға ғана сол сыр жаратын,
Талай кештер, талай түн тыңдалатын.
Ажырамас екеуі достар еді,
Түрмеге де бөлінбей бір баратын.
Құрбы досы көнген заң талабына,
Көп қарайды әкенің қабағына.
Осы сәтте Саша қыз жалтақтайды,
Тұтқындардың шығатын алаңына.

Қандай жандар, қанша азап, сорға көнді,
Олар жайлы ойын да онға бөлді.
Өзгелерден ерекше сұңғақ бойлы,
Тұтқынды да Саша қыз сонда көрді..

Сыр-сымбаты жарасқан бір басына,
Сүйсінді ме жігіттің тұлғасына.
…Александра күтетін болды енді,
Түрме жаққа келетін күнді асыға.

Ғашықтықтың құпия сыры мәңгі,
Қуаныштың жүрекке нұры барды.
Аппақ өңді, кең маңдай, кербез жігіт,
Көз алдынан бір кетпей тұрып алды.

Қол созды ма алдағы арманына,
Тағдырының тап болар қандайына.
Құрбы қыздың әкесі арқылы ол,
Тұтқын жанның қанықты бар жайына.

Білді оның ақтығын, адалдығын,
Бұзықтықтан, қылмыстан амандығын.
Білді әрі патшалық қатал заңның,
Халқым деген ерлерге қараулығын.

Жазығы не, көп оқып білгені ме,
Туған елін ерекше сүйгені ме?
Келешегі халқымның жастар ғой деп,
Оқу, білім таратып жүргені ме?
Өмір неткен күрделі, қиын еді,
Күрсінеді, еріксіз күйінеді.
Осы сәттен кейін-ақ Саша қыздың,
Түрме жаққа келуі жиіледі.

Жүрек сырын несіне жасырады,
Осы жаққа еріксіз асығады.
Құрбысымен күн сайын бірге келіп,
Тамақты да көп болды тасығалы.

Күзетшілер мұндағы білсін нені,
«Тамақ берер тұтқынға кімсің?» деді.
«Қалыңдығы» едім деп айтқан шақта,
Қатты-қатты жүрегі дүрсілдеді.

Қайтеді енді таусылды амалы бар,
Бөтен жаннан зат алмас қамалы бар.
Өзекжарды бір сөзді айтып қалды,
Осы сөзді тұтқын жан қалай ұғар.

Шіркін уақыт бәрін де көтереді,
Күндер, күндер осылай өте берді.
Қос жүректі ынтыққан табыстырып,
Махаббатқа, достыққа жетеледі.

Өтті күндер, аптаны ай ауыстырды,
Қанша азаппен тұтқынды алыстырды.
Күндер, күндер ынтыққан қос жүректі,
Мәңгілікке осылай табыстырды.

* * *

Бойына зор күш-қуат дарығандай,
Бостандықтың ғажайып таңы қандай.
Түрме алдында аз уақыт тұрды Ахмет,
Жарық дүние жанарын қарығандай.

Жүрек шіркін, кеудеде дамыл алмай,
Дүрсілдейді шаттықтан жарылардай.
Құрбысымен қарсы алған Ахметті,
Жүгіріп жүр Саша қыз жаны қалмай.

Саша, Саша, япыр-ай, қандай еді,
Әр лебізі не деген балдай еді.
Қысылды ма албырап тұрды алдында,
Аппақ болып жаңа атқан таңдай өңі.

Саша, Саша, япыр-ай қандай еді,
Ерекше бір жаралған жандай еді.
Жасқаншақтап сәл үнсіз тұрды алдында,
Аспан жанар, албырап айдай өңі.

Қуаныштан көзіне жас тығылып,
Шаттық-бұлақ кеудеде тасты күліп.
Сәлден кейін жанына жақын келген,
Саша қызға құшағын ашты жігіт.

Осы ма еді бір бақыт өмірдегі,
Жарасты тез жастардың көңілдері.
Енді ғана ұғысқан екі жүрек,
Бір-бірінен бұдан соң бөлінбеді.

Жанарының Саша қыз нұрын құйып,
Күннен-күнге сүйсінтті, сүйіндіріп.
Қазақ қызы болуға тілек етті,
Салт-дәстүрін, қазақтың тілін біліп.

Одан да әрі Саша қыз тереңдеді,
Ахметке «Бәріне көнем» деді.
«Қажет десең басқа қой атымды да,
Дініңе де өзіңнің енем» деді.

Шын ғашықтың қашанда күйі күшті,
Осылайша қос жүрек ұғынысты.
…Көп ұзамай Саша қыз мешітке еніп,
Ахметпен ақ неке суын ішті.

Ұстады бар ел салтын, дала салтын,
Ұстамдылық, кең пейіл, парасатын.
Тастамайтын басынан бір мезгіл де,
Ақ желегі айрықша жарасатын.

Ақ орамал, ақ көйлек, өңі де аппақ,
Кішіпейіл, бар жанға көңілі аппақ.
Алғыс айтып, ерекше құрметтеді,
Жаңа түскен келінді елі мақтап.

Ұсынықты, ұқыпты қолда бары,
Ізеттілік, ізгілік бойда бәрі.
Жаңа түскен келінді ел ішінде,
Бөтен ұлт деп ешкім де ойламады.

Біреуді «аға», біреуді «апа» деді,
Сыйлауы да өзгеше ата-енені.
Ахмет те енді оны еркелетіп,
«Сенің атың – Бәдрисафа» деді.

Бәдрисафа – тазалық шыңы деген,
Бар пәктік пен адалдық туы деген.
Сен де сондай біздерді, – деді Ахмет,
Жылыта бер жақсылық нұрыменен.

Сүйіктіме сыйынып, сенем дейтін,
Жүрегін де, жанын да берем дейтін.
Бәдрисафа бұл атқа болды риза,
Ол да жарын болды енді «Төрем» дейтін.

Сізсіз бұлай бақытқа бөленбес ем,
Ел-жұртқа да осындай еленбес ем.
«Рұқсат па» деді енді Бәдрисафа,
Сізге мен де ат қойып «Төрем» десем.

Сенім жүгі дәл мұндай ауыр ма еді,
Шарпығандай жарының жалын лебі.
Іштей толқып Ахмет тебіреніп,
«Рахмет, рахмет, жаным» деді.

Үй болды олар жарасты түтіндері,
Көп жарықты жандағы бүтіндеді.
Дәл осындай адал жар кездестірген,
Тағдырына Ахмет «шүкір» деді.

* * *

Өтті күндер, аптаны ай қуалап,
Қатал, қиын жылдар да жайды қанат.
Білім қуған тағы да Ахметті,
Сан ақтады, әкімдер сан кінәлап.

Кеудесінде жандырып бір үмітті,
Ұзақ түндер ғылымның сырын ұқты.
Ел тағдыры жүрегін толғандырған,
Кеудесінен жыр болып құйылыпты.

Үлкен ғалым, ғұлама, ақын әрі,
Үлкен ойға заманы батырады.
Туған халқым тағдыры не болар деп,
Дірілдейді жанының жапырағы.

Қандай алда белгісіз күн туары,
Қашан елі оянар ұйқыдағы.
Торлап алған даланы сорға малған,
Түнек дүние түрген жоқ бұлтын әлі.

* * *
…Тыныш дүние көп болды бүлінгелі,
Шешілмей тұр сан сұрау түйіндері.
«Төңкеріс» деп, «Кеңес» деп, «Ленин» деп,
Дүрлігіп ел, дүние дүбірледі.

Біреулер жүр үйлерге ту қадаған,
Үзілмейді айқай мен шу даладан.
Нені айтады, ұқпайсың, ұға алмайсың,
Ұрандаған бір халық, уралаған.

«Байларды біз біржола жеңдік» дейді,
«Алдық енді бостандық, теңдік» дейді.
«Ұлы көсем Лениннің соңына еріп,
Коммунистік қоғамға ендік» дейді.

Нені ұғынып, белгісіз не біледі,
Екпіндейді ел біткен, еліреді.
Астаң-кестен асығыс апыр-топыр,
Көне дүние көшуде керуені.

Жаңа дүние орнайтын жайы қандай,
Онда бақыт, байлықтың бәрі бардай.
Теңдік, еңбек, еркіндік табамын деп,
Жұрт жүрегі шаттықтан жарылардай.

Аңсай күткен япыр-ай жетті ме күн,
Қабыл етіп қашанғы көп тілегін.
Жаңа заман алғашқы жарғысына,
Ахмет те айрықша соқты қолын.

Baitursinov

«Теңдік» деген жалғыз сөз сүйіндірді,
Жүрегіне сол сөзден жылу кірді.
Бақытты енді болатын шығармыз деп,
Бәдрисафа жанында күліп жүрді.

Оқымысты, ойлы әрі шыншыл ақын,
Білім кенін тасытып, жыр қуатын.
Өнер-білім шашатын өз ісіне,
Болды енді өзгеше құлшынатын.

Жаңа күннен жанына шуақ тауып,
Кетті өзгеше құлпырып, қуаттанып.
Алау етіп жүрегін жақты ол да,
Халқы үшін ер Данко сияқтанып.

Аянады туған ел үшін нені,
Адалдықтың туын бір түсірмеді.
Жаңа өмірдің алайда қанат жайған,
Кей ісіне Ахмет түсінбеді.

Шешілмейді көп жайдың түйіндері,
Бірде кейін кетеді бір ілгері.
Іштегі жау деген бір сөз шықты да,
Дүйім дүние дүрлікті, дүбірледі.

Жазықсызға жазаны шектіргелі,
Белсенділер есірді, екпіндеді.
Талайларды шарпыды ойда жоқта,
Көтерілген осынау оттың лебі.

Бостан-босқа күйдірер, күйіндірер,
Көбейді бір қап-қара киімділер.
Ең алдымен алынды нысанаға,
Озық ойлы, ерекше білімділер.
Кезі бар ма кететін ардан аттап,
Ахметтің ақтығы айдан аппақ.
Жүре алмады сонда да көп ілгері,
Жаңа заман заңына тайғанақтап.

Еңбек етті, күні-түн ерінбеді,
Жүре алмады сонда да көп ілгері.
Жамандық боп не үшін шықты алдынан,
Жаңа өмірге, Кеңеске берілгені.

Көңіл қалай орнығып, жай табады,
Аңдылады әр ізі, әр қадамы.
Жаңдайшаптар, жансыздар қаптай өрген,
Жазықсыздан қатерлі жау табады.

Талайларға қара бұлт төндіріліп,
Ел ішіне осылай енді бүлік.
…Көп ұзамай Ахмет үйіне де,
Түсі суық адамдар келді кіріп.

Жау ма әлде оларға жұрттың бәрі,
Жайларын да ешқандай ұқтырмады.
Үй иесін жары мен қызы алдында,
Бұғау салып қолына тұтқындады.

Ештеңенің жайын да тыңдатпады,
Серт еткендей сіресіп тіл қатпауды.
Бір азамат бостан-бос кете берді,
Бір жанұя жазықсыз шулап қалды.

Бостандық пен бақытты табам деген,
Не боп кетті жаңа өмір, заман деген.
Бәдрисафа жарын да көре алмады,
Бұрынғыдай түрмеге барам деген.

Бұрынғыдай түрмеге бара алмады,
Жүрек сырын жарына жара алмады.
Бәдрисафа өзі де бір күн өтпей,
Тұтқын болды қараңғы қамаудағы.

Кім ойлаған мұндай күн туады деп,
Жұбанышы болмаған, жылауы көп.
Бүлдіршіні кішкене Шолпанжан да,
Бірге өзімен қамалды кінәлі боп.

Қайғы бұлты білмейді төнді неден,
Қиянатқа осы ма көнді деген.
Жау болғандай, япыр-ау, не істеді,
Қаршадай қыз кекілі желбіреген.

Қалқатайы, қаршадай қарлығашы,
Қамалды-ау деп көзінен тамды жасы.
Адал жарын сүйгеннен, сыйлағаннан,
Басқа қандай өзінің бар кінәсі.

Жарға адал жүрегін күнде ұсынар,
Басқа қандай кінәсі, қылмысы бар.
Осылайша Бәдрисафаға да,
Қатал әрі қара күн туды сынар…

Ұмыт қалды шаңырақ үй деген де,
Орала ма Отаны ­– сүйген елге.
Қыс айында қызымен Сібірге айдап,
Көшіп жүрді түрмеден-түрмелерге.

Көңілінде көптеген бір арманы,
Ахметтің хабарын біле алмады.
Қатал тағдыр азабын тарта берді,
Танымайтын бір елде қияндағы.

Өтті уақыт, зымырап өте берді,
Күн аптаны, ай жылды жетеледі.
Қайғы-мұң да көбейді, ауырлады,
Бәрін қалай жас ана көтереді.

Жазықсыздан аздай-ақ күйгізгені,
Жарының еш хабарын білгізбеді.
«Жаулар бірге жүруге болмайды» деп,
Шолпанын да жанында жүргізбеді.

Не істейді, басқа енді амалы жоқ,
Солады ма жас өмір жаңа гүлдеп.
Ойлаған да жоқ еді ол бес жылдан соң,
Жан жарының өзі іздеп табады деп.

Қатып қалған секілді мұз боп көңілі,
Жақсылықтан күдерін үзбеп пе еді.
…Айдаудағы мерзімі біткеннен соң,
Ахметтің өзі оны іздеп келді.

Жүрегіне қайтадан үміт кірді,
Осы бір сәт бәрін де ұмыттырды.
Аңсағаны, күткені, Ахметі,
Аппақ басын алдында иіп тұрды.

Жасыра ма тағдырдың салған ізін,
Өзінің де жоғалтқан алма жүзін.
Бәдрисафа жарына жалтақтайды,
Менің қандай-дегендей бар жазығым.

Ортақ етіп өксігін, өкінішін,
Ажырамай тұрды ұзақ екі мүсін.
Содан кейін жиналып асықты олар,
Туған елге тезірек жету үшін.

Біле алмайды алдында күтеді не,
Барлық қайғы осымен бітеді ме?
Әлде өмір дауылы қайта тұрып,
Тағы жүндей тағдырын түтеді ме?

Болады ма өмірі бір ырғақты,
Әлде тағдыр тарта ма күйін қатты.
Біле алмайды Ахмет, Бәдрисафа,
Алматыда әзірге тұрып жатты.

* * *

Өтіп жатты тағы да күн, апталар,
Жарығы жоқ жанына шуақ табар.
Алда тұрған әлі де Ахметтің,
Жауабы жоқ қаншама сұрақ та бар.

Десе де жұрт зор ғалым, білім кені,
Аңдушы да аз емес, бүгін де оны.
Жаздырмады қадамын шешілмеген,
Өмірінің сан түрлі түйіндері.

Тұрмыстың да түсті тар уысына,
Астанада жоқ жеке бұрышы да.
Дертті әйелін жалға алған пәтеріне,
Тастап кетіп жүр әлі жұмысына.

Тағдыр тағы қай жаққа бағытталар,
Келді деген қамаудан «Қамыт» та бар.
Көп азапты жары да көтере алмай,
Болды ауру кенеттен талып қалар.

Ахмет те оған көп алаңдайды,
Жұмыстан да амал жоқ қала алмайды.
Түрлі жайлар күн сайын көбейеді,
Көңіліне тағы да салар қайғы.

Бостан-босқа күйдірер, күйіндірер,
Тағы шықты бір қара киімділер.
Тағы алынды алдымен нысанаға,
Озық ойлы, ерекше білімділер.

Тағы өмірдің басталды дүрбелеңі,
Келді «Отыз жетінші жыл» дегені.
Тағы адал ұлдарын туған елдің,
Тауып алып түрмеге сүйреледі.

Қан төгуге жауыздың жаны құмар,
Жазықсыздың қалай ол жайын ұғар.
…Ахметті тағы да алып кетті,
Айтылмады дәл қандай айыбы бар.

Тағы төкті сұм тағдыр зәрін қатты,
Тағы өмірі бұрқады, дауылдатты.
Жарық күнде жарынан айырылған,
Бәдрисафа үйінде талып жатты.

Содан үйге Ахмет оралмады,
Содан кейін жары оны көре алмады.
Жазықсыздан атылған сүйіктісін,
Өз қолымен арулап көме алмады.

Бейітін де таппады, таба алмады,
Өз қолымен топырақ сала алмады.
Көрген түстей көңілде қала берді,
Ахметі, ардағы, бар арманы.

Кім ұғынар қайғыдан талғаныңды,
Кім тыңдайды жазықсыз зарлауыңды.
Көп ұзамай «Жауға» жар болғаны үшін,
Бәдрисафа тағы жер аударылды.

Ахметсіз жоқпын деп білді ме өзін,
Ұмыта алмай бір жүрген нұрлы кезін.
Азаппенен төрт-бес жыл өткеннен соң,
Бәдрисафа сол жақта жұмды көзін.

Жұмды көзін азапты жолы бітті,
Бұл өмірден білмейді нені күтті.
Кете берді соңғы рет қиналды да,
Көкірегінде сөндіріп көп үмітті.

Құтылды енді сан азап, сан қамаудан,
Қуғындаудан, аңдудан, айдағаннан.
Көкірегінде тек адал жарға деген,
Кете берді көп арман, арман, арман.

Босатпаған жағадан қанды қолын,
Неткен қатал, неткен сұм тағдыр едің.
Жазықсыздан жат жерде жапа шегіп,
Бәдрисафа мәңгіге алды демін…

Көңіліне қайғы-мұң ұялатқан,
Мәңгі тынды зорлықтан, қиянаттан.
Мың күйдірді тағдырдың азабы оны,
Ажал оғы тындырды бір-ақ атқан.

Мәңгі тынды, мәңгі енді оянбады,
Кете берді көңілде көп арманы.
Ажырамай мәңгі бір қалсам деген,
Жарының да жанында бола алмады.

Күңгірт тартып қашанда күні алдағы,
Білмей кетті көп жайды, біле алмады.
Естілмеді енді оған ел-жұртының,
Адал атын жарының шығарғаны.

Естімеді бақытын тапқан әнін,
Жұрт жарының жырларын жаттағанын.
Естімеді қызы мен өзін халқы,
«Еш кінәсіз екен» деп ақтағанын.

Ерлерінің бағалап ел еңбегін,
Көре алмады мерейтой көбейгенін.
Асыл жары ең ұлы ғалым болып,
Құрметіне халқының бөленгенін.

* * *
Ақиқаттың желбіреп туы алдағы,
Шындық бүгін өзгеше шырайланды.
Ұлы Ахмет, аяулы Бәдрисафа,
Ел есінде жұп жазбай тұрар мәңгі.

Қызылорда

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Молдир

    Женил окылады, жаксы жазылган екен.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.