Қайсарлық

Өмірде күтпеген жағдайлар болады. Бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Орынгүл замандасымыз да ғұмыры бұлай қалыптасады деп үш ұйықтаса да, түсіне кірген емес. Кезінде ауылда мұғалім болып шәкірттеріне білім беріп, жайраңдап жүрген келіншек еді.
Бәрі де күні кешегідей есінде. Өзі кенеттен қатты ауырды. Ол әрине, мұның отбасына да жеңіл соқпады. Сырқатынан айығу үшін ақ халатты абзал жандардың көмегіне де сүйенді.

Емдеу орнындағы мамандар өзара ақылдаса келе, мұның аяғын кеспесе болмайтындығын түсінді. Көзі ашық, көкірегі ояу Орынгүл дәрігерлердің пікірімен толық келісті. Операция сәтті өтті. Сол медицинаның құдіретінің арқасында алыстағы шаһардан ауылына аман-есен оралды.
Әйел заты жүрегі нәзік болғанмен, өте қайсар келеді. Мұны Орынгүлдің өмірінен де анық байқауға болады. Бұрын он екі мүшесі сау кезінде жүріп-тұрып қалған, еңбекті тіршіліктің мәні деп түсінетін бұл қол қусырып қарап отыра алмады.
Содан алдымен үй ішінде жүруге талпынды. Аяғына протез жасатты. Сөйтіп, ептеп қозғала бастады. Протез өзінің бұрынғы аяғындай қайдан болсын. Бастапқыда қатты қиналды. Алайда адам баласы шындап басына түссе, бәріне де шыдайды екен.
Кейіпкерім бірте-бірте жасанды аяққа да үйренді. Бұрыннан алдына қойған мақ­са­тына жетпей қоймайтын төзімді жан бұл ауырт­палықты да жеңуге барын салды. Қайсарлық танытып, өзін-өзі үнемі қамшылап отырды.
Соның да әсері болар, араға уақыт салып, әлгі қиындықты да бағындырды. Алғашқыда балдаққа сүйеніп жүрсе, содан кейін жалғыз таяққа сүйеніп, аздап адымдап жүруге талпынды. Сол кезде оның өр мінезі мен табандылығына айналасындағы жұртшылық еріксіз таңғалысты.
Қостанай өңірінде Ұзынкөл ауданына қарасты Абай ауылын білмейтіндер жоқтың қасы. Кезінде осы елді мекеннен талай ұлты­мыз­­дың атын өзге мемлекеттерге танытқан мық­тылар шыққан. Орынгүл де бұл күндері осы ауыл­да ғұмыр кешіп жатыр. Жан-жары Ер­кін осында ауыл шаруашылығында қызмет атқарады.
Еркін де нағыз азамат дер едік. Кешегі әп-әдемі келіншегі Орынгүл кенеттен ауырып, отбасына қиындық түскен кезде сыр бермеді. Қайта өзінің жылы-жылы сөздерімен жарын рухтандырып отырды. Барлық кездескен тауқыметтерді бірге бөлісті. Балаларына да пана болды.
Орынгүл енді бұрынғыдай мектепте балаларға дәріс бере алмайтындығын түсінді. Сондықтан басқа шаруаның көзін табуға ұмтылды. Осы кезде оған әкесі Кәкімжанның шеберлік қасиеттерін одан ары қарай дамыту жайы есіне оралды.
Бұл да бір қиын кезең еді. Ауылдағы адам­дардың бәрі де қос өкпені қысқан нарықтың қиындығына төтеп беру үшін қолдарынан келген жұмыспен айналысты. Әрине, ауылдағы ең күнкөріс көзі мал бағып, оның өнімдерін сату екендігі белгілі.
Бірақ та Орынгүл көп ойланып жатпастан, кәсіпкерлік жұмысын кәдімгі құрақ-көрпе тігуден бастады. Басқа салса, адамның істегенін адам жасай алады екен. Бұған өмірде көзі әбден жетті. Бастапқыда ептеп қалай болады екен деп терең толғаныста жүргенімен, уақыт өте бұл кәсіпті де әбден жетік меңгеріп алды.
Мұның қолынан шыққан құрақ-көрпелердің әсемдігі мен тартымдылығы сондай, өзі жасаған заттарын алушылар да табылды. Олар бұған шынайы алғыстары мен ризашылықтарын білдірді. Замандастарының жылы сөздері оны қанаттандырды.
Тың ізденістерге жетеледі. Содан кейін оюлап, шағын дорба да тікті. Той-томалақ өткізетін кісілер үйіне судай ағылды. Дорбалары бірте-бірте сол маңдағы жұртшылықтың көңілінен шығып, Орынгүлдің аты көпке танылды.
Сұранысты сезіп, өзіне деген сенімділігі артқан ол басқа да бұйымдар жасауды мықтап қолға алды. Кәдімгідей сыртын оюлап, шағын сандық істеді. Ол әсіресе ұзатылатын қыздың жасауын ішіне салуға өте ыңғайлы болып шықты. Оның сыртын матамен қаптады.
Несін жасырамыз, арамызда өмірдің осындай қиындықтарына шыдамай, рухтары түсіп, ішімдіке салынып жүргендері аз ба? Оларға қарағанда, кейіпкеріміз, ауылда тұрып жатқан Орынгүлдің бұл іс-әрекеті нағыз ерлік дер едік.
Әрине, ол осы қол жеткенге тоқмейілсіп қалмауға бел буған. Кәсіпкерлігін одан әрі нығайту үшін талпыныс жасауда. Бұл орайда оған Ұзынкөл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары да қолдан келген қамқорлықтарын туғызып жатыр.
Қазіргі уақытта ол нақты демеуші табыл­ғанша, үйренген кәсібі – қолөнерлік шеберлігін одан әрі шыңдап, өңірден түсіп жатқан тапсырыстарды сапалы да сәнді етіп орындауға ұмтылып келеді.
Өз басым, алдағы уақытта да оның тағдыр тауқыметіне қасқая қарсы тұрып, көздеген биігіне көтерілмей қоймайтындығына нық сенімдімін. Өйткені ол өте бірбеткей, төзімді де қайтпас-қайсар қазақ қыздарының бірі.

Оразалы Жақсанов, Қостанай облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.