Ана тілім

Абдрахман АСЫЛБЕК

1
Ана тілім – ананың ақ тілегі,
Бесік жырмен бөбектер шат күледі.
Дәмі мәңгі есінде қалып қояр,
Тал бесікте тілімен татты нені.

Бір жасында сәбидің тілі шығар,
Тілмен бірге ұлтының үні шығар.
Ақ сүтімен ананың бойға сіңген
Әрбір сөздің мәнісін дұрыс ұғар.

Ми салмағы күн санап артып тұрар,
Қорғасындай оттағы балқып тұрар.
Жеті жаста толқын ми қалыптасар,
Әр нәрсеге қызыға артып құмар.

Бала сол кез өз тілін толық білер,
Айналаны абайлап шолып білер.
Тыңдап көріп өзге ел тілдерін де,
Керектісін кезінде теріп білер.

Жеті жасқа жеткенше шала күйі,
Бөтен тілмен бүлінсе бала миы,
Не ол емес, бұл емес, ана тілі
Секілденіп қалмай ма дала қиы?

2
Нақ көрсете алмасаң өз бетіңді,
Бөтенсің деп түртерсің көзге кімді?
Айтылғанмен алқада аталы сөз,
Тыңдаушысын таппаған сөз жетім-ді.

Өз ұлтыңның тарихын шала білсең,
Жоғалтқаның байлығын, қарағым, сен.
Тілі, діні еліңнің, салт-санасы –
Үлкен сабақ мәйегін ала білсең.

Соның бәрі тілге кеп тіреледі,
Сәбидің де тілімен түлер өңі.
Өркендедім дегендер өзге тілмен,
Ақырында тұншығып, түнереді.

Көп тіл білген данышпан, ғұламалар,
Ана тілмен көз ашқан, бірақ олар.
Содан кейін үйренген өзге тілді,
Тау суындай биіктен құлап ағар.

Үйренбегін демейміз өзге тілді,
Айқындап ал алдымен өз бетіңді.
Ана тілін толықтай меңгерген соң,
Кеңістікте кеше бер кезбе күнді.

3
«Біреу еді опағым,
Екеу болды сопағым».
Деген мысал аздай-ақ,
Үшеу қылсақ қатарын.

Тіл тағдыры не болмақ?
Жұрт тағдыры не болмақ?
Ұмыт қалып ұлттық тіл,
Бірте-бірте жоғалмақ.
Тіл жоғалса, не дейсің?
Оны қалай демейсің?
Тілмен бірге тарихтан
Ұлт жоғалды дегейсің.

Ізсіз кетіп қоғамнан,
Ұлттар көп қой жоғалған.
Жанбай жатып, жалп етіп,
Сөніп қалған көп арман.

Десе де өзі аз-ақ қой,
Ұйыған ұлт қазақ қой.
Тілі жайлы, алайда,
Мазалайды азапты ой.

Ана тілі – анамыз,
Ана тілі – данамыз.
Мемлекеттік биліктен
Қалай шеттеп қаламыз?

Ана тілі – ар тілі,
Алдаспандай қарқыны.
Бабалардың нәр тілі,
Балалардың бал тілі.

Жығылмайды туымыз,
Жоғалмайды тіліміз.
Ұлттық ұран үніміз,
Мәңгі сөнбес күніміз.

Ана тілім – дана тілім,
Ана тілім – дара тілім.
Ең бастысы, елім үшін
Ана тілім – бала тілім.

Ана тілмен тілім шығар,
Тілмен бірге үнім шығар.
Ана тілін білген күннен
Күлім қағып күнім шығар.

Үлгі-өнеге алатыным,
Ана тілім – баба тілім.
Тыңдап тәтті ертегілер,
Қиял қанат қағатыным.

Аялаған дана халқым,
Ана тілім – сана, салтым.
Ана тілде сөйлемесем,
Болмас ешбір баға, парқым.

Ана тілсіз, ұғын, жолдас,
Мемлекет те мығым болмас.
Өзге тілмен жалпақтаумен,
Өзгелерге сыйың болмас.

Ана тілсіз күнім болмас,
Бес тиындық құным болмас.
Өз тілімде сөйлемесем,
Қазақ деген ұғым болмас.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.