Шенеунікті зиялы дей аламыз ба?

Рас осы уақытқа дейін зиялы мен зиялы қауым жайлы тақырып БАҚ-та талай рет қозғалса да, ол тақырыптың кейіпкерлері қаншама рет сыналса да, халықтың зиялыларды іздеуі осы күнге дейін тоқтамапты. Біз айта-айта жауыр болған тақырыптың мән-мазмұнын сақтап, сәл басқаша қырынан талқылап көрмекпіз. Зиялыларды қалам ұстап, кітап жазғандардың ішінен емес, билікте жүрген шенеуніктердің арасынан іздемекшіміз. Атап айтсақ, мақаламызда «Бүгінгі шенеунікті зиялы дей аламыз ба?» деген мәселені талқылағалы отырмыз.

Туған халқының тағдыры үшін шетелде жүріп күрескен, артына еңбектер қалдырып кеткен сирек тұлға Мұстафа Шоқай 1931 жылы былай деп жазады: «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз. Бір қарағанда, жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады». Мұстафа Шоқай айтқан «саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуды» Жазушылар одағының қай мүшесі, Ғылым академиясының қай ғалымы арқалап жүре алар екен? Тек арқасы жауыр саясаткердің, шенеуніктің қолынан ғана келетін іс қой бұл. Демек зиялылық дегеніміз әдебиет, мәдениет, руханиятпен ғана шектеліп қалмайды, оған қоғамның қатпар-қатпар, ойлы-шұңғыл салалары мен тармақтары түгел кіреді деген сөз. Зиялы белгілі бір салаға байланып қалмайды. Өнер, әдебиет, ғылым саласында қызмет етіп жүріп, саясатқа белсене араласатын, саясатта жүріп әдеби, ғылыми шығармалар жазу арқылы сүбелі еңбектар қалдыратын, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «шауып бара жатып ат ауыстырып мінетін», «найзағайдың отына нан пісіретін» азаматтарды зиялыға жатқызамыз. Зиялы қауым дегеніміз – бір мамандықтың немесе бір кәсіптің төңірегімен шектеліп қалмаған, еліне қызмет ету үшін бұған дейін бейтаныс болып келген салаларды игеріп кете беретін, халықтың әр тынысымен күре тамырындай таныс ақыл-ойы жоғары адамдар қауымын айтамыз.
Кезінде Әлихан Бөкейхановтың география оқулығын жазуына, Алашорда арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралдары» мен «Тіл құралдары» және басқа да ғылыми, әдеби шығармаларының өмірге келуіне олардың ұлт зиялысы болғандығы өз септігін тигізгені даусыз. Ал Халел Досмұммедұлының, Санжар Асфендияровтың, Жүсіпбек Аймауытовтың ғылыми еңбектеріне, Міржақып Дулатұлының, Смағұл Сәдуақасовтың, Сәкен Сейфуллиннің, Мағжан Жұмабаевтың әдеби туындыларына қарап отырып, саясат пен әдебиет, өнердің арасында еш шекара болмағанын көреміз. Жоғарыда аты аталған тұлғалардың назарынан жер, су, жер асты қазбалары, ағартушылық, мал шаруашылығы, бала тәрбиесі, сот реформасы, құқықтық мәселелердің ешқайсысы тыс қалмаған. Қосымша жұмыстармен шұғылдану олардың саясаткерлігіне ешқандай қылау түсірмеген. Алаш арыстары осындай «сегіз қырлы, бір сырлы» қасиеттерімен ұлт зиялысы атанды. Мәселен, Әлихан Бөкейхановты бүгінгі күні тек орманшы, жер өлшеуші, фольклортанушы, ауылшаруашылығы маманы, оқулық авторы деп ғана қарайтын адам бар ма? Оны қай заманда да Алаш көсемі деп, білікті саясаткер деп таныған. Бүгінгі күні де дәл солай. Демек, зиялылық белгілі бір шығармашылық иесіне ғана таңылатын атау емес. Сол себепті де біз Алаш зиялыларын шынайы зиялылықтың үлгісі ретінде көреміз, бағалаймыз.
Теория жүзінде шенеунік зиялы болуға міндетті. Халықтың ортасында жүруі тиіс, елдің тыныс-тіршілігінен бес саусағындай хабардар болуы керек. Шенеунік халықтан алшақтаған сайын ол зиялылықтан құр алақан қалады. Оның зиялылығы ел-жұртпен қарым-қатынасы тығыз ба, жоқ әлде әлсіз ба, сол арқылы өлшенеді.
Бүгінгі күні шенеунік зиялы болуы үшін, бірінші кезекте халықтың көкейіндегі ойларды дөп басатын шешімдерді қабылдауы тиіс. Біздің пікірімізше, әлеуметтік-экономикалық саладағы сәтті реформалар шенеунікті қалың елмен жақындастыратын нақты қадам болып есептеледі. Шарықтаған бағаны ауыздықтау, тариф бағамдарын төмендету, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігі, міне осылар, бүгінгі заманның шенеунігіне зиялы болуға бастайтын нақты іс-шаралар екені сөзсіз.
Шенеунікті зиялы деп тануға кедергі келтіретін тағы бірнеше тұжырымдар бар. Қазіргі уақытта қоғамда «шенеунік халықтан жиі алшақтап кететін, қалың бұқарамен ойы қабыса бермейтін, бөлініп саяқ кетіп қалатын тұлға» дегенге саятын пікір білдірушілер бар. Мәселен, тарихшы Қамбар Атабаев «Қай қоғамда болмасын зиялы қауым оппозицияда тұрады. Өйткені, ешқандай билік толығымен халықтың мүддесімен санаспайды» дейді. Осы айтылған пікірмен келісуге де, келіспеуге де болады. Себебі зиялылардың бәрі оппозицияда деп бір жақты айтуға болмас. Қолында нақты билігі бар шенеуніктің де зиялылығы болуы әбден мүмкін. Ал саясаттанушы Дос Көшім бұл мәселені тереңірек қаузайды: «Зиялы қауым қай уақытта болмасын ойын ашық айтуға міндетті. Ал, билікке қатысты түрлі ой-тәсілдер ойлап, біресе билікке жақындап, біресе алыстайтындар саясаткерлер. Сондықтан да, менің ойымша, оппозицияның да, басқа да саяси мақсат пен зиялылықтың екеуінің арасы екі үлкен мәселе. Ұлт өзінің мемлекетін құрған уақыттан бастап интеллигенция қажет болады. Себебі, ол сол мемлекеттің идеологиясын, ұлттың имандылығын, адамгершілігін, қоғамның әділетті болуын ойлап, жолын көрсетіп, насихаттай біледі. Олардың алдында үлкен міндеттер тұрады. Халықты алға алып жүретін зиялыдан басқа ешкім жоқ. Бұл олардың тарихи миссиясы. Сол себепті де шенеунікті зиялы деу үшін ол – жоғарыда аталған талаптар үдесінен шыға білуі тиіс», – дейді ол. Осы жерде заңды сауал туады: егер шенеунікті зиялы қауыммен жұлдызы қарсы адам деп есептесек, тақырыбымызға арқау болып отырған сауалдың жауабы қандай болмақ? Сонда шенеуніктің зиялы атануы дегеніміз өз бойындағы билікшіл қасиетке қарсы шығуы дегенді білдіре ме? Дәл солай. Шенеунік өз бойындағы билікқұ­мар эголық қасиетке қарсы тұруы арқылы зиялы бола алады. Біздіңше, мұндай саналы саясаткерлердің үш түрі бар.
Біріншісі, ой еңбегімен айналысатын зиялы қауымның айтқаны мен ақылын құймақұ­лақтықпен тыңдайтын шенеунік. Бұл шенеунік зиялы қауымға қарсы топтың сынына қатты ұшырайды. Бірақ, саясаты салиқалы болады.
Екіншісі, көптің ақылымен санаспай, тәкәп­парлықпен қателік жасайтындар. Алайда, ше­неу­ніктің бұл түрі жаза басқанын ұғып, артық кет­кенін мойындайды. Сол себептен, кеш те болса зиялылардың сөзіне құлақ түріп, әу бас­тағы ағат ойларына қарама-қарсы шешімдер қабыл­дайды.
Үшіншісі, жеке ойын басқалардыкінен жоғары қойып, дара саясат жүргізуге ұмтыла­тын­дар. Олар қате­ліктерін кеш түсінген күні де, бастапқы ойымен қалады. Оның саясаты зиялы қауымның ығына жығылумен емес, өз-өзін отс­тавкаға жіберумен аяқталады. Ал, өздерін аталған үш топқа да қоспай, абсолюттік билікті таңдағандар авторитарлы билеушіге немесе диктаторға айналады.
Бүгінгі Қазақстандағы шенеуніктерге зиялы­лық сипат беретін бір мәселе бар. Ол – қазақ тілінің жайы. Қазақ тілі жайлы айтылған әрбір сөз шенеунікті халыққа жақындататыны анық ақиқат болса да, жоғары мансап иелері ондай қадамған әлі асықпай отыр.
Оның екі себебі бар. Алғашқысы, шенеуніктің халықтың мұң-мұқтажына селқос қарауы болса, екіншісі, елдегі оларға ықпал етуі тиіс зиялы қауым институтының әлсіздігі, бытыраңқылығы. Өткен ғасырмен салыстырып айтсақ, туған тілі халыққа тұтастық сыйлайтынын білген Алаш қайраткерлері тіл мәселесінде ешкімге жалтақтамаған. Сол замандағы арыс азаматтардың қай-қайсысының сөзіне құлақ түрсек те, айтар ойларын ірікпепті. А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» – десе, Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын», – деп тілдің аянышты жайын сөз етеді. Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беруі зор қата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек», – деп сыртқа тепкен бұлқынған ойы, Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу» – деген қанатты сөздері қазіргі қазақстандық шенеуніктердің жүрегінен өз мекен-жайын таппай дала кезіп жүр.
Дегенмен, биліктегі шенеуніктердің мемле­кеттік тілге деген оң көзқарастарын қалыптастыру мақсатында мемлекет нақты қадамдарға бара бастады. Мәселен, жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасы Әлихан Бәйменовтің бұйрығы бойынша «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алу және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу үшін үміткерлерге жеке тұлғалық және басқарушылық біліктілігінің сондай-ақ, мемлекеттік тілді игеру деңгейіне талаптар қойылды. Енді нағыз саясаткер болуды армандаған шенеунік қазақ тілінде сауатты болуы қажет. Уақыт өткен сайын шенеуніктерге қойылатын тілдік талаптар күшіне міне беретіні де ақиқат. Қазақ тілінің салтанат құруы Қазақстанның негізін құрайтын қазақ халқы мен саясаткерлер арасында тікелей байланыс орнатады. Халық пен саясаткер арасында тұтастық орнап, шенеунікке халықшыл болуға тура келеді деген сенім бар.
Ал ағымдағы аптаның дүйсенбісінде өткізген брифингте Әлихан Бәйменов мемлекеттік қыз­мет­керлерге этика нормаларын үйрететін инсти­тут құрылғалы жатқанын мәлім етті. Этика инс­титутының құрылудағы мақсаты – мем­ле­кеттік қызметкерлердің ұжымдық мәде­ниетін қа­лыптастыру, олардың арасындағы жемқор­лықты алдын алу. Ә.Бәйменов мырзаның сөзінше мұндай тәжірибе шетелде бар. Мысалы, АҚШ-та этика ісі бойынша комиссарлар институты жұмыс істейді. Венгрияда әділ кеңесшілер институты қызмет етеді. Бізде құрылатын институттың құрамына мемлекеттік органдар да бұрыннан еңбек етіп келе жатқан тісқаққан мамандар алынбақ. Бұл нені көрсетеді. Мемлекеттік қызмет саласында жиі орын алып жатқан реформалар бұл саланың үлкен өзгерістерге дайындалу үстінде екенін айғақтайды.
Демек, болашақта шенеунік «сүттен ақ, судан таза» зиялы болуы тиіс. Әрбір саяси реформа ұлтқа жанашыр зиялы тұлғаларды саясат мінбесіне шығаруға мүмкіндік беретінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан елімізде этика нормаларын үйрететін институттың құрылуы, көптеген шенеунікті сүзгіден өткізері сөзсіз. Мұның өзі шенеуніктің халық алдындағы имиджін жақсарта түседі деген сөз.
Зиялылықтың бір қыры ретінде сауат­тылықты айтар болсақ, онда мемлекет бұл бағытта нақты жұмыстарды қолға алғаны көңіл қуан­тады. Мәселен, 2008 жылы басталған «Назарбаев зияткерлік мектебі» жобасы мен 2010 жылдан бері студенттер қабылдап келе жатқан Назарбаев Университеті жоғары білікті, мемлекетшіл жас саясаткерлер тобын болашақта саясат алаңына алып келеді деген зор үміт бар. Әрі халықшыл, әрі заманауи білімнің соңғы үлгілерін бойларына сіңірген буын зиялы шенеуніктерді жұрт­шылықпен қауыштырудың негізгі кілті болмақ.
Жоғарыда айтылған мәселерді тұжырымдай келе айтарымыз, Зиялы – қоғамның, ұлттың ақыл-ойы, айнасы. Қай заманды алып қарасақ та, зиялы болған, болада бермек. Адамына қарай заманы демекші, қоғамына қарай зиялылардың деңгейлері де әр түрлі болады. Алайда мемлекеттің, ұлттың мүддесін ойлаған адам ғана зиялы болмақ. Осы тұрғыдан алғанда шенеунік зиялы болуы үшін әуелі ұлтжанды болуы тиіс. Өз елінің төл руханиятына, мәдениетіне, тіліне, өнеріне, салт-дәстүр, әдет-ғұрпына үлкен құрметпен қарап, насихаттай білетін шенеунікті ғана зиялы деу ләзім. Басқалай болған жағдайда оны зиялы деу әбестік болмақ.

Сұлтан Қадырбек

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.