Жатақхана болмаса, жастар жайы не болмақ?..

«Дала мен қала» газетінің биылғы 29 тамыздағы санында «Қазақ һәм қала» деген беташар мақалада елімізде ескерілмей келе жатқан бір мәселе урбанизция мен миграция туралы мынандай ой айтылыпты: «Урбанизация мен миграцияның тасқыны бізді айналып өтпесі анық. Қазір Алматы мен Астанадан жырақтағы ағайын көлік қомдап, көш бұйдасын жетелеп, ірі қалаларға, болмаса облыс орталықтарына сабылуда. Бұл үрдістің жүргеніне 20 жылдан асты. Алматы халқының жалпы саны 1,5 миллионнан артылса, оған айналасындағы жатақтарды қоссаңыз, пәтер жалдап, күн кешкен ағайынды есептесеңіз 2,5 миллионнан асады дейді. Астананың тұрғыны 1 миллионнан, Шымкенттің халқы да сол шамадан асты. Басқа да шаһардың өсу қарқыны екпінді көрінеді. Осы орайда қазақтың қалалану барысын елеп-екшеп, сараптап-саралап бір ізге түсіру маңыздылығы алдымызда кес-кестеп тұрғанын байқау қиын емес».

Иә, қала халқының қауырт өсуі ең бірінші баспаналы болу мәселесін туындатқаны айдан-анық. Бұл жөнінде БАҚ-тарда тіпті Парламент пен Үкіметте де үнемі айтылып келеді. Алайда, урбанизация мәселесін тиімді шешу жолдары табыла қоймағаны да даусыз ақиқат. Бүгінгі таңда қалалы жерде де, аудан орталықтарында да баспана алу кезегіне тұрғандар қатары күн сайын еселеп өсе түскенін байқау қиын емес. Әсіресе, қалалы жерлерге, ірі елді мекендерге қарай ең бірінші кезекте еңбек етуге жарамды тепсе темір үзетіндей жастар жаппай ағылғалы да 20 жылдан асып барады. Жалпы урбанизация мәселесінде жастардың баспаналы болу жолдары да мықтап қарастырылуы тиіс еді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бұл мәселе айтарлықтай ескеріле қойған жоқ.
Жоғарыда газетте келтірілген жәйттерді тарқатып көрсек Алматы қаласының халқы жалпы саны 1,5 миллионнан артылса сонымен қатар пәтер жалдап күн кешкендерді қосқанда 2,5 миллионнан асады деген болжамды жоққа шығару да қиын. Демек, Алматыда қазіргі күні 1 миллионан астам адам баспанасыз жүр. Оның дені жастар екенін аңдау қиын болмаса керек. Ал қалада тіркеусіз жүргендер де аз емес. Біраз жыл бұрын арнайы заң шығарылып, қалаға келген азаматтар сол сәтінде тұрғын үйге тіркелуге мүмкін болмай қалған жағдайда жұмыс орындарына тіркелуі тиіс екендігі көрсетілді. Алайда заңның бұл бабы да өз мәнінде орындалмайтынын да болжауға болады. Өйткені қалаға келгендердің жұмыссыз жүргені, қара базарларда нәпақа табатыны секілді мысалдар да жетерлік. Ал мұндайлар тіркеуге алынбаса жұмыс орындары оларды жұмысқа алмайтыны түсінікті. Осы секілді оралымсыздықтар қазір қордаланғанның үстіне қордаланып асқына түсуде.
Мұндай мәселені қалай оңтайлы шешуге болады? Елімізде баспанаға қатысты заңдар мен ережелерге үңілсек, оңтайлы жол табылмағанын ұғынамыз. Баспана алу жөнінде алуан түрлі әдіс-тәсілдер іздестіріліп жүзеге асып та келеді. Бұл ретте ипотекалық несие, тұрғын үй салу мен кезекке тұру бағдарламалары да жасалуда. Олардың жүзеге асып жатқандары да аз емес. Алайда халықты баспанамен қамту мәселесі шешемін таба қоймағанын жұрт­шылық алаңдаушылықпен айтып жүр.
Бұл мәселе неге шешілмейді? Жалпы мұндай мәселе біздің елімізде ғана емес, шет жұрттарда да ұшырасады. Сондықтан халықты баспанамен қамту мәселесін шешу жолдарын қарастырғанда заң шығарушылар, ереже жасаушылар көбінесе АҚШ пен Батыс елдері тәжірибесін басшылыққа алып келе жатқанын ұғынасыз. Осы орайда «өз еліміздің тарихындағы тәжірибелдерді неге ескермейміз» дегендей сауалдарға тірелесіз. Әрине, бұл арада Батысқа да, өзге шет жұрттарға да еліктемей еліміздің өзіндік тәжірибені ескермегеніміз таңдандырады. Баршаға мәлім, еліміз тәуелсіздік алған тұста социализмнен қайтадан капитализмге өту, нарық қатынасын ұстану деген желеумен тұрғын үйлер, балабақшалар, жастар мен студентердің жатақханасы жаппай жекешеленіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті емес пе. Сөйтіп халықты тұрғын үймен де, жатақханалармен де қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті емес деген көзқарас мықтап орнықты. Баспана мәселесі шешілмей, барған сайын асқына түсуінің бір ұшы да осыдан өрбіген секілді.
Ал енді баспана мәселесі еліміз тарихында қалай шешілгеніне үңіліп көрейікші. Кеңес заманын­да кәсіпорындарға жұмысқа орна­ласқандар, оқу орындарына оқуға түскендер бірінші кезекте жатақханамен қамтамасыз етілетін. Бұл кезеңде еңбек еткендер мен оқу оқығандардың баспанасыз жүргенін мүлде кезіктірген емеспіз. Әйгілі ақын Олжас Сүлейменов телеарналарда сөйлеген бір сөзінде кеңес заманынада адамзат тарихында адамдардың қолы жетпей, арман болып келген үш мәселе — тегін емделу, тегін баспаналы болу және тегін білім алу шешімін тапты деп қадап айтқан еді. Реформа жасағанда осы мәселелер ескерілуі тиіс еді. Ал мұның ескерілмегені біз капитализмге, нарық қатынасына бет алдық деген себеп көлденең тартылды. Ал нарық қатынасы шын мәнінде халықты баспанамен қамтамасыз етуге кедергі келтіргені ме? Мұнан бір ғасырдан астым бұрын нарық қатынасының теориялық негізін салған Адам Смит нарық қатынасының ең басты мақсаты бірінші кезекте адамдардың қажетін өтеуге бағытталуы тиіс. Ал адамның ең басты қажеті тамақ, киім, жатын орны деп көрсеткен болатын. Шын мәнінде нарық қатынасы бойынша еңбек еткендер ең бірінші өзін тамақпен, киіммен және жатын орнымен қамтамасыз етуді басты мақсат ететінін ұғыну қиын болмас. Бұл мәселе жеке адамдардың да, сондай-ақ үкіметтің де ұстанмы болуы тиіс екенін аңдауға болады. Демек нарық қатынасы жағдайында халықты тұрғын үймен жаппай қамтамасыз ету елдің басты бағдарына айналуы тиіс еді. Алайда бұл мәселені реформа жасаушылар ұғына қоймаған секілді. Соның салдары жұртшылыққа мәлім ғой. Тіпті оқу орындарындағы жатақханаларға дейін жекешеленіп, студенттер панасыз қалғанына мысалдар да жетерлік. Бұл арада мынандай бір жәйтті қадап айта кеткеніміз жөн болар. Елімізде жоғары оқу орындары – университеттер мен академиялар, арнаулы орта білім беретін колледждер мен лицейлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, көбейгені жұртқа белгілі. Тіпті мақтаулы университеттердің өзінде студенттердің жатақханаға деген зәрулігі шектен тыс асқынды емес пе? Университеттерде факультеттер мен студенттер және оқытушылар саны еселеп артқаны белгілі. Ал бүкіл ел бойынша студенттер жатақханасы салынғанын естіген емеспіз. Неге? Себебі білім беру реформасы бойынша оқу орындары қолайлы ғимараттармен, зертханалармен, дәрісханалармен, кітапханалармен қамтамасыз етіліп және оқытушы мамандармен жасақталуы міндет болды. Мұндай талапқа жауап бере алмаған бірқатар жоғары оқу орындарын жабу биылдан бастап қолға алынды. Ал осы оқу орындарында жатақханамен қамтамасыз етілу мүлде ескерілген емес. Неге? Себебі білім беру реформасында бұл мәселе қамтылған жоқ. Ал университеттер мен академиялар болса жыл сайын грантқа тапсыра алмаған студенттерге жыл сайын 400-500 мың теңге төлетсе де оларды жатақханамен қамтамасыз ете алған емес.
Кеңес заманында ашылған оқу орындарында сол кезеңдегі жатақханалардың біразы сақталып, біразы қолды болып кетті. Жалпы айтқанда ең айтулы деген университеттерде әрбір мың студенттің небәрі жүз шақтысы ғана жатақханада тұрып келеді. Ал жекеменшік оқу орындарында жатақхана дегеніңіз атымен болған емес. Бір сөзбен айтқанда, қалада үй-жайы болмаған студенттер қайда, қалай тұрады, қалай тамақтанады? Бұл мәселемен университет басшылары бас қатырмайды. Олардың жарғысында, білім беру реформасында бұл қарастырылмаған. Ал әсіресе, ауылдық жерлерден келген студенттер арасында ауру-сырқаудың жиілеуі қолайлы жатын орны болмағандықтан және қажетінше тамақ ішпегендіктен екенін айқындап, дабыл қағып мәселе қозғаған денсаулық сақтау орындарының үні де естілген емес. Бір сөзбен айтқанда ауылдар мен аудандардан ірі қалаларға келіп оқығысы келген жастар үшін мұның өзі зор кедергіге айналды.
Сонда жоғары білім алу реформасын жасағандар қалада тұратын шенеуніктер екені, олар ауылдың да, халықтың да жағдайын жете ұғына қоймағандар дегендей пікірлер де бекер емес. Ал кеңес за­манында жоғары оқу орындарында сту­денттердің бәрі тек жатақханаммен ғана емес арзан асханалармен, буфеттермен қамтамасыз етілгенін айтсақ қазіргі сту­денттерге бұл ертегі секілді болып көрінеді.
Бұл күндері әсіресе, техникалық жұмыс­шы мамандар жетіспейді, «сондықтан оларды шеттен шақырып әкеліп, азаматтығын берейік» деген пікірлер жиі естіледі. Техникалық жұмысшы мамандар неге жетіспейді. Оның себебі де жатақханаға тіреледі. Кеңес заманында электрик, тракторшы, дәнекерлеуші, көлік жүргізушілер секілді мамандар дайындайтын училищелер тіпті әр аудан сайын ашылған болатын. Мұнда мамандығымен бірге орта білім де берілетін. Мұндай кәсіптік-техникалық оқу орнында оқитындар тегін тамақпен, тегін киіммен, тегін жатақханамен қамтамасыз етілетін. Ал қазір тіпті қоғам үшін аса қажет медициналық колледждер мен педагогикалық бағыттағы лицейлер, колледждерге дейін ақылы. Ал ауылдан қаптап келген жастар мұндай жағдайда ешқандай мамандық ала алмайтыны айтпасақ та түсінікті.
Кеңес заманында кәсіпорын­дардың бәрі өзінің жұмысшыларын түгелдей жатақханамен, тұрғын үйлермен қамтамасыз етуі басты міндеттің бірі болды. Соның барасында әсіресе 70-80 жылдардан бастап қалалы жерлерге ауылдан шыққан жұмысшы жастар ағыла бастады. Олар келген сәтте түрлі кәсіпорындарға құрылысқа жұмысқа орналасып, жатақханаларда тұрды. Осы жатақханалардың басым көпшілігін кәсіпорындар басшылары, оның қожайындары болып бөліп алып, жұмысшыларды жатақханалардан қуып шыққан оқиғалар аз ұшыраспады. Тұрғын үйлер жаппай жекешеленгенде жатақханада тіркеліп тұратындар үшін тұрған бөлмесін жекешелендіру жөнінде заң шығарылған жоқ. Ал қазір ешқандай кәсіпорын, ешқандай компания, ешқандай банк және т.с.с. құрылымдар өзінің қызметкерлері мен жұмысшыларын жатын орынмен қамтамасыз етуді мақсат еткен емес. Тұрғын үй бағдарламасына келсек, баспаналы болудың бәрі де ақылы және шектен тыс қымбат. Тұрғын үй бағдарламасындағы ең арзан тұрғын үйдің өзін толық меншігіне алуға дейін азаматтар кемінде 15-20 жыл тапқан табысының басым бөлігін ай сайын банкке төлеп отыруға міндетті. Төлей алмаған жағдайда олардың төлеп келген ақшасы ескерілмей, үйді банк тартып алуға құқылы. Мұндай жағдайда табысы аз немесе 60-70 мың теңге жалақы алатындар үшін тұрғынүйге қол жеткізу ғарышқа ұшқандай қиялмен тең.
Ал заң шығарушыларымыз болса мұнан өзге айла-амал таба алмай келеді. Тіпті мүлде қолайсыз тәсілдерді де ойластырып, заңдар мен ережелер жасалатыны таңдандырады. Мәселен, жетімдер үйіндегі балалар ержетіп кәмелеттік жасқа толғаннан кейін оларды міндетті түрде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде заң шығарылыпты. Тұрғын үй кезегінде әр қала сайын мыңдаған адамдар тұрғанында, тіпті мүгедектер мен тұрмысы төзгісіз отбасыларды ақылы тұрғын үймен қамтамасыз ете алмай отырғанда интернатта ержетіп шыққан жасөспірімдерге бір бөлмелі пәтер беру мүмкін емес екенін заң шығарушылар қалай бағамдай алмады екен?!
Кеңес заманында осындай мәсе­ленің бәрі кеңінен ойласты­рылып, шешімін тапқанын еске түсі­рейікші. Мектеп бітіріп, қалалы жерлерге ағылып келген жастар мен жасөспірімдер жұмысқа орналасқаннан кейін ешқандай қиындықсыз, ешқандай кезексіз дереу жатақханаға орналасады. Сол секілді балалар үйлерінің түлектері де осы жастармен бірге жатақханадан дереу орын алатын. Ал мұндай жастар отбасын құраған жағдайда тұрғын үй кезегіне тұратын. Бұл арада «кім қайдан келді? Оның отбасының табысы қандай еді?» дегендей талап болған емес. Жастардың бәрі бірдей құқықтары тең болды.

Осындай мәселелерге ой жіберсек қазір елімізде ең бірінші кезекте жатақхана жүйесін дамыту қажет екенін ұғынамыз. Жалпы филолсофиялық тұрғыдан айтсақ, қандай мәселе болсын оңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге, ұсақтан іріге қарай шешіліп жатады. Әуелі жатақхана жүйесін дамытуға мықтап мән беріп, студенттерді, қалада тіркеусіз, баспанасыз жүрген жастарды, сондай-ақ бір бөлмеге тұруға лайық жас отбасыларды жатақханамен қамту жолдарын қарастырған ләзім болар еді. Бұл үшін әрбір оқу орнын, әрбір компанияларды, банктерді, акционерлік қоғамдарды, кәсіпорындарды және т.с.с. жұмыс орындарын өз қызметкерлері мен студенттерін, жатақханамен қамтамасыз етуді міндеттейтіндей заң шығарылып, қаржы қарастырылып, бұл мәселе еліміз дамуының басым бағыттарының біріне айналатын болса, панасыз жүрген миллиондаған жастарымыз баспаналы болып, тірлігін түзеуге бет алар еді.

Қуанбек Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.