Тіл – достықтың дәнекері

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен «Жан дауа» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 наурыздағы №511 Жарлығына сәйкес «Отбасы күні» мерекесіне орай «Тіл – достықтың дәнекері» атты акция ұйымдастырылып, қазақ тілін өз отбасының қарым-қатынас тіліне айналдырған,  балаларын қазақша тәрбиелеп, қазақ тілінде оқытқан өзге ұлт отбасыларына құрмет көрсетілді.

Жамбыл облысында балаларын орыс тілді балабақшада тәрбиелеп, орыс тілінде білім алғанын жөн санайтын ата-аналар арасында қазақ тілінде сөйлейтін ұлты қазақ емес отбасыларын үлгі ету, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Тіл – достықтың дәнекері» атты отбасылық акция барлық аудандар мен Тараз қаласында өтті.
Шара аясында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Үртай Сапаққызы мен «Жандауа» қоғамдық бірлестігің жетекшісі Дәметкен Мұ­хамет­жанқызы және жергілікті бұқаралық ақпарат құралда­рының өкілдері аудандарды аралап, шын мәнісінде өзінің отының басында мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғары көтеріп, балаларын қазақ тілінде оқытып, олардың бойына қазақтың мә­дениеті мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сіңі­ріп отырған отбасын арнайы барып, «От­басы күнімен»құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Байзақ ауданына Башатовтар отбасында «Бесік той» болатынын естіген соң тіл керуені түрік ағайдардың отбасылық қуанышына ортақтасып, немерелерін түрікше емес қазақы дәстүрмен бесікке салғанын, Т.Рысқұлов ауданында Байрамуковтар (қарашай) отбасындағы «Бастаңғының» куәсі болып, ауылдың алты ауызын естіп, олардың қонақ кәдесіне әнмен жауап қайтардық, ал Талас ауданында Цой Екетеринаның шөбересі Багдамның «Тұсау кесер» тойын тамашаладық. Ең қызығы Мойынқұм ауданында Юрий мен Алина деген жас Кащеевтер отбасының жаңа көшіп келген көршісін үйіне «Ерулік» шақырып, көрші-қолаңмен таныстырғаны болды.
«Отбасы күні» мерекесі қарсаңында тіл керуені Сарысу ауданындағы неміс отбасы Эбель Владимирдің жанұясында болды. Владимир Аугустович 1937 жылдары Қазақстанға көшіп келген кезінде 4 жастағы бала екен. Жастайынан еңбекке араласып, қазақша 7 жылдық мектепті бітіріп, малдәгігерінің курсын оқыған. Мәдениет саласында да, ауылшаруашылығында да қызмет еткен Владимир Аугустович қазақтың Бердікүл есімді қызымен отбасын құрып, бүгінде 5 ұл тәрбиелеп, олардан немере-шөбере көріп отыр. Әңгіме барысында ұлдарының есімін Байдәулет, Марат деп жолдастары, қазақ достары қойғандығын, ұлты неміс болғанымен жаны қазақ, тілі қазақ екендігін айтып ағынан жарылды. Мұсылмандықты қабылдаған Владимир атайдан Германияға көшу, тарихи Отанды сағыну жағын сұрағанымызда бірден үзілді кесілді жауап беріп, ешқайда көшпейтіндігін кесіп айтты. Тіпті бір жылдары бауырларының шақыртуымен барғанда туған Отаны Қазақстанға деген сағынышын баса алмай, қайту күнін қысқартып ертерек елге қайтқандығын айтып көзіне жас алды. Расында тілі де, ділі де, тіпті діні де қазақ азаматтың өзінің еңбегі сіңген, ауасын жұтып, суын ішкен Отанын елін, жерін тастап кетуі мүмкін емес ғой. Қазақтың салтымен келін алған, «Беташар» жасап, немерелерін «бесікке» салып, «Тұсау кесер» тойын жасаған отбасында «немістің ұлттық дәстүрі сақталады ма?» дегенімізде Байдәулет Эбельдің келіншегі Айжан әрине жылда жаңа жыл қарсаңында ұлттық тағамдар әзірлеп дастарханға қойы­латындығын айтты. Бұл әрине, Қазақ­станды құтты мекеніне айналдырған кез келген ұлттың салт-дәстүрін сақтауына толы мүмкіндіктің бар екендігін, шынайы келісімнің туы биік екендігін көрсетеді деді.
Байдәулет Владимирович мемлекеттік қызметкер. Мамандығы экономист, Тоғызкент ауылдық округінде бас маман болып қызмет етеді. Байдәулет те қазақ қызымен отау көтеріп 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының отағасы. Әріптестерінің айтуынша Байдәулет ісқағаздарын мемлекеттік тілде өте сауатты жазады. Өз ісіне тиянақты, жалпы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытындағы түрлі іс-шараның басында Байдәулет жүреді десек артық емес. Владимир ата бүгінде зейнеткер дегеніміз болмаса тілдерді дамыту бағытындағы жұмыстардың бүге-шүгесіне дейін таныс, мемлекеттік бағдарламаны дамыту бағытындағы іс-шаралар туралы да өз ойын ортаға салып, пікірін білдіріп отыр. Осындай үйлесім бар батбасында елін-жерін, қазақ тілін суретін, мемлекеттік тілдің мерейін асқақтату бағытында белсенділік танытатын балалар өсіп келе жатқаны қуантады.
Бүгінде облыс бойынша 6 мыңға жуық өзге ұлттың баласы қазақ сыныбында оқыса, 353 балабақша мен шағын орталықтың қазақ тобында 2 мыңға жуық өзге ұлт бүлдіршіні тәрбиеленуде.
Мемлекеттік тілдің мерейін асқақтатуға қосқан үлестері үшін басқарма тарапынан өзге ұлт отбасыларына көрсетілген құрмет, олардың кеуделеріне таққан «Мемлекеттік тіл – мерейім» деген төс белгі жұртшылықтың ана тіліміздің қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылуына, қазақ тілін меңгеруге деген ынта-ықыласын оятататындығы сөзсіз.

Мөлдір Ахметова,
Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді
дамыту басқармасының мемлекеттік
және ұлттық тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.