Электронды сөздік – заман талабы

Гүлжиһан КӨБДЕНОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты

Сөздіктің адам өміріне қажеттілігі арнайы дәлелдеуді қажет етпейді. Уақыт алға жылжыған сайын сөздіктердің форматы әр ғасырда әртүрлі болып дамып келеді. Бұдан қазақ сөздіктері де қалыс қалып отырған жоқ. XVIII ғ. шыққан қазақ сөздіктері дәптерлер мен парақшаларға жазылса, XIX ғ. сөздіктері шағын кітапшалар ретінде, XX ғ. сөздіктер том-том қалың көлемдегі кітап түрінде берілді, ал қазіргі ақпараттық ХХІ ғасыр электрондық онлайн, офлайн сөздік түрінде жасалуымен ерекшеленеді. Ғаламтор кеңістігінің кең жайылуы сөздіктердің жаңа түрлерінің пайда болуына әсер етіп, тіларалық, мәдениетаралық байланыстар өріс алып, күшейе түсті. Бұл өз кезегінде лексикография мәселелеріне деген қызығушылықты арттырды.

Техникалық мүмкіндіктердің кеңейе бастағанына байланысты қоғамның қажеттілігі де арта бастады, осының негізінде лексикография теориясы мен тәжірибесі жаңа деңгейге көтеріліп, қазақ тілінің қолданыс кеңістігі арта түсуде. Егер белгілі бір тілдің сөздігі немесе сол тіл туралы ақпарат ғаламторға енбеген болса, онда ол тілді толыққанды өмір сүріп жатыр деудің өзі қиын. Демек, ғаламтор кеңістігінде белгілі бір тілдің орын алуы сол тілдің өміршеңдігі мен қажеттілігін көрсетеді. Бұл сөздік жасауды автоматтандыру жұмыстары ғаламдық жүйеге енумен тығыз байланысты. Бүгінгі күннің талаптарына сәйкес сөздік жасаудың алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Қазақ тілінің сапалы электрондық сөздіктерін жасау және оларды кешенді тұрғыдан зерттеу күн тәртібінде тұрған міндеттердің бірі.
Ғылыми-техникалық дамудың жетістігі әртүрлі қызмет саласында адам мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады. Қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыру зияткерлік үдерісті автоматтандыруға, ең бастысы түрлі сипаттағы ақпараттарды жасау мен таратуға, пайдалануға негізделеді. Бұл сөзсіз гуманитарлық ғылымдарға да қатысты болып келеді. Электрондық сөздіктің құрылымы көптеген сұраныстарды қанағаттандыруы қажет, себебі сөздіктің бұл түрі компьютер қолданушыға ғана арналады. Мәселені тиімді шешу үшін екі ғылым саласы: бай тәжірибесі бар лексикография саласы мен ғылымның жаңа саласы ақпараттық лингвистиканың түйіскен жерінде қарастыру қажет.
Бүгінгі күні ғаламтор жүйесі дамып, ақпараттар электрондық түрде сақталып, көптеген электрондық сөздіктер жасалынып жатса да электрондық сөздіктерді кешенді түрде зерттейтін лингвистикалық талдау жоқтың қасы. Осыған орай электрондық ресурстарды білім алудың жаңа форматы ретінде қарастырып, электрондық лексикографиялық құралдардағы сөз мағынасының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін берудің жаңа жолдарын табу дереккөз тұрғысынан ғылыми негіздеуді қажет етеді.
Электрондық сөздіктердің артық­шылықтарына: сөзтізбенің кең көлемі, ақпаратты іздеудің жылдамдығы мен ыңғайлылығы, сөздің дыбыстық және графикалық суреті (иллюстрация), сөз жайын­да мәліметтердің толығуы мен жаңару мүмкіндігі, сөз мағынасын жан-жақты ашу мүмкіндігі, т.б. жатқызуға болады.
Қазақ тілінің электрондық лекси­когра­фия­лық ресурстары негізінен екітілдік, үштілдік аударма сөздіктерден және энци­к­­­ло­­педиялық сөздік пен электрондық сөз­дік бағдарламаларынан тұрады. Бұлар элект­рон­дық сөздіктердің алғашқы бастамасы болғандықтан кемшілік, қателіктерден ада емес. Қазақ тілінің өркен жаюы үшін олардың сапасын арттыру мақсатында қолдау жасау қажеттігі туындайды. Бұл салада бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысатын бағдарлама жасаушылар, web-мастерлер, дизайнерлер мен электронды сөздікті жасауға қатысқан редактор, тілшілердің басқа да мамандардың еңбектері зор.
Қағаз сөздік жарыққа шыққан сәттен бастап ол ескіре бастайды. Себебі қоғам мен тілдің дамуына сәйкес тілге күн сайын жаңа сөздер туындап жатады. Мәселен, ағылшын тіліне күніне жаңадан үш сөз қосылады екен. Ал қағаз сөздіктің қолжазбасы дайындалып біткеннен кейін оның жарыққа шығуына 6-8 ай уақыт жұмсалады. Шамамен 500-720 жаңа сөз жаңадан шыққан сөздікке енбей қалды деген сөз. Сол себепті болашақта ағылшын тілінің Оксфорд сөздігін қағаз сөздік түрінде шығармай, электрондық сөздік түрінде шығаруды мақсат етіп отыр. Ендігі жерде қағаз сөздіктер кітапханалар мен мұражайларда сақталады деп жорамалдап отыр.
Қағаз сөздіктер өз дәуірінде өркениеттің дамуына айтарлықтай үлес қосқаны белгілі. Дегенмен, адам зияткерлігі мен техника дамыған сайын сөздіктің жаңа форматына да сұраныс туып отыр. Бүгінгі күн көзқарасымен қарасақ, қағаз сөздіктерді пайдаланғанда төмендегідей кемшілік жақтары бар: сөз мағынасын іздеуге көп уақыт кетеді, көлемі жағынан шектеулі, кейін сөздікке өзгеріс енгізіп, өңдеп, жаңарта алмаушылық, жаңа сөздерді дер кезінде енгізе алмаушылық, қашықтық жағдайында тез ақпарат алмасу мүмкіндігінің болмауы және т.б.
Ал ғаламтор желісінде электрондық сөздіктерді пайдалану ақпарат алмасу қашықтығын жояды, қабылдайтын ақпарат көлемі бірнеше мәрте артады, деректерді мол көлемде сақтай алады, көшіру, өңдеу, жаңарту мүмкіндіктері бар сөздер дыбысталады, қажет деген ақпаратпен толыққанды танысу барынша тез жүзеге асады, тіл тұтынушының сөздік жасауға қатыса алады, тіл үйренушілер осы сөздіктердің көмегіне арқа сүйеп, тілді тез үйреніп, меңгере алады, жаңа сөздер сол уақытта енеді. Бір сөзбен айтқанда, электрондық сөздіктің ақпараттық әлеуеті зор, электрондық сөздік – әртүрлі себептермен қағаз сөздіктерге енбей қалған көптеген мәліметтер ене алатын ерекше лексикографиялық нысан болып табылады.
Егер бұрынғы қағаз сөздіктерде сөздікті жасаушы және оны тұтынушы болса, қазіргі электрондық сөздіктерді тұтынушы әрі тұтынушы, әрі жасаушы рөлінде көрінеді. Яғни тұтынушы жасаушы деңгейіне көтеріліп (тұтынушы = жасау­шы), авторлық түсініктеме бере алу мүмкіндігіне ие.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титутында «Компьютерлік лингвистика» мен «Корпустық лингвистика» салалары бойынша «Мәдени құндылықтар ретіндегі қазақ тіліндегі мәтіндер корпусы және сөздіктердің «Тіл – қазына» атты ұлттық компьютерлік қоры» атты тақырыптағы зерттеу жұмысы профессор А.Қ.Жұбановтың басшылығымен қолға алынды.
Мағлұмат алатын, жалпы танымдық-ақпа­рат­тық мақсаттағы әмбебап сөздік пен қазақ тілін үйрететін және мәтіндерді орысшадан қазақ­шаға аударатын бағдарламалар бар. Олар мыналар:
«Википедия» ашық энцикло­педиялық сөздігі;
Сөз Ана 1.0 электрондық сөздігі;
IZET Tilmash 1.5 сөздігі;
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған 500 мыңға жуық сөздік мақалаларды қамтыған Сөз Көмек 4.0 сөздігі.
Бүгінгі күні ғаламтор кеңістігіндегі қазақ тілінің электрондық лексикографиялық ресурстар жүйесі төмендегідей:
sozdik.kz қазақша-орысша, орысша-қазақша сайты;
«ABBYY Lingvo» қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік;
http://lingvo.yandex.ru қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік;
Н.Сауранбаев атындағы қор жасаған қа­зақ­ша-орысша сөздік: http://www.kaz-rus.kz;
Лена Ленешмидт құрастырған ағыл­шынша-орысша-қазақша сөздік http://www.kazakh-glossary.com; (455 836 астам термин мен фраза бар)
Қазақша-ағылшынша-орысша сөздік 10 000 сөзді қамтыған http://massagan.com/sozdik.php;
http://www.termin.kz әртүрлі ғылым салаларының терминдеріне арналған орысша-ағылшынша екітілдік сөздік.

Электронды сөздік – заман талабы
Бұл сөздіктердің ішінде сөз саны мен аудармасының сапасы, техникалық жағынан жақсы жабдықталған онлайн сөздік ретінде сөздік.кз мен Эббии лингво сайттарын ерекше атап өтуге болады. Бұл аталған сайттар екі жақты қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік түрінде жасақталған. Негізінен, бұл сайттардағы сөздердің аударылуы мен берілуі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 2004, 2005 жж. шыққан «Қазақша-орысша сөздік» пен «Орысша-қазақша сөздіктің» құрылымына дәлме-дәл келеді. Дегенмен, сөздік.кз мен Эббии лингво сайттарының онлайн түрінде келуі оларға жаңа сөздер мен сөз тіркестерінің енуіне, қағаз сөздіктерге енбей қалған сөздерді енгізуге, сайттың өз қызметкерлері мен сайтты қолданушылар тарапынан сөздердің күнбе-күн ене алу артықшылықтарына байланыс­ты сөз санының көп болуымен ерекшеленеді. Әйткенмен тілші мамандардың мақсатты түрде қарамауынан ба, әлде сұрыптаудан дұрыс сарапталмай өтіп кеткеннен бе, кейбір сөздердің қате аудармалары да кездесіп отырады. Мәселен, сөздік. кз сайтында «ночь» деген сөздік мақалада по ночам сөзі «түнде-түнде» деп қате аударылған, дұрысы – «түнде». Сайтты қолданушының қолында бар мүмкіндікті пайдаланып, біз сайттың редакция­сына жолдадық. Егерде сайт редакциясы бұл түзетуді дұрыс деп тапса, құба-құп, ал түзетуді бұрыс деп тапса немесе назарға алмаса онда ол сөз сол қате аудармасымен кете береді. Бұның бір кемшілігі, осылай кеткен қателік басқа да аударма сайттарға көшіріліп, таралатындығы (мысалы, Н.Сауранбаевтың атындағы қор жасаған қазақша-орысша сөздік сайтында: http://www.kaz-rus.kz).
Заман сұранысы мен техника дамуы­на сай туындаған онлайн сөздіктердің қажеттілігі дау тудырмайды, дегенмен, кейбір сайттардағы аудармалардың сапасыздығы немесе сөздердің қате аударылуы, сөздің ауыспалы мағынасының толық ашылмауы сияқты лингвистикалық себептердің толық шешілмеуінен туындайтын мәселелер көп. Бұл өз кезегінде қазақ тілін үйренемін деуші адамдарды шатастырып, сауатсыздыққа ұрындырып, қате түсіндірулерге алып келетіні айқын. Мысалы, 455 836 астам термин мен фразаны қамтыған (сайтта осылай берілген) Лена Ленешмидт құрастырған ағылшынша-орысша-қазақша үштілдік сөздік http://www.kazakh-glossary.com лингвистикалық және техникалық міндеттері дұрыс шешімін таппаған сайт деп бағалауға болады.
Бұл тілді дамыту емес, кері кетіру. Лена Ленешмидт құрастырған ағылшынша-орысша-қазақша үштілдік сөздікте сөздер былайша қатемен берілген (оның ішінде қазақша бөлігі): (кестеде)
«Здоровый» сөзінің «дәділ, дені сау, білдей» деп үш түрлі аударманың тізбесін береді. Дұрысы: несколько минут – бірнеше минут; малое время –аз уақыт, скотобойня – қасапхана, здоровый – сау, смелый – батыл. Көп сөздердің аудармалары қате берілген, ағылшынша мен орыс нұсқасы бар да қазақша аудармасы берілмей кеткен сөздер жиі кездеседі, іздеудің қиындығы, көпмағыналы сөздердің көрініс таппауы, бұл сайтқа әлі көп ізденіп, жұмыс жасау керек деп білеміз. Бұл мемлекеттік тіл – қазақ тілінің әлеуметтік және тілдік әлеуетін түсіріп, тіл үйренушілерді шатастырады және бұны біз қазақ тіліне деген салғырттық деп білеміз.
Қорыта келгенде, қазақ тілінің электрон­дық және қағаз сөздіктерін лексикографиялық жүйе ретінде қарастыру қажет. Ғаламтор арқылы жаңа ғылыми және лексикографиялық коммуникацияға, парадигмаға жол ашылып, қазіргі лексикография қарыштап даму үстінде, соған сай қазақ тілінің сөздіктеріне жаңаша бір даму серпін беріп, өз кезегінде қазақ лексикографиясының теориясы мен тәжірибесінің алдына жаңа міндеттер мен мақсаттар қойып отыр. Жақсы, сапалы электрондық сөздік тілші мен бағдарламашының бірігіп жұмыс жасауынан туындайтындығын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Электрондық лексикографиялық ресурстардың жаһандық жүйесіне енуі қазақ тілінің алдағы уақытта әр салада дамуына айтарлықтай септігін тигізеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Үй тапсырмаларын орындау кезінде интернетті жиі қолданамын. Мен қажетті, пайдалы, қызықты мәліметтерді таба алатын көптеген сайттарды білемін. Мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сайттарды қолданамын

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.