«Махаббатым – сүйген жарым…»

Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде туған. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын гимназияда оқыған. 1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, оның екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрды. Бұл жылдары сол газетке және «Шұғыла» журналына өлеңдері жиі жариялана бастайды. 1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына алғашқы өлеңдері енген. Содан бері 40-тан астам өлең жинақтары жарыққа шыққан.
Оразақын Асқар Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болды. Қазақтың қара өлеңін жинап, екі том етіп бастырды. 1996 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарының иегері. Халықаралық «Алаш», Түркі әлемінің «Ақбозат» және Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, Панфилов ауданының Құрметті азаматы. Оразақын Асқар – көп қырлы талант иесі, елеулі еңбегімен елге танылған абыройлы азамат, ордалы отбасының отағасы.

Оразақын ағамызды біз тек ақындық қырынан танушы едік. Алайда бір кітабындағы «Мәртебелі махаббат» деген арнайы бөліміндегі зайыбы Ажар апаға арнаған топтама өлеңдерін оқи отырып, олардың арасында әлі күнге дейін шынайы махаббат оты сөнбегенін ұғындым. Ағаның өмірі туралы терең білген сайын оның болмысына, рухани жан дүниесіне, дарынына қаныға түскендей болдым.
Оразақын ағамыз Алматы қала­сындағы «Орбита» ықшам ауданында тұрады екен. Бізді қарсы алған Ажар апамыздың жылы жүзінен көңіліміз жадырап сала берді. «Айналайын, жоғары шық…» дегенінен-ақ оның мейірімді жан екенін аңғардым. Үй үш бөлмелі, соның бір бөлмесі Оразақын ағамыздың жұмыс кабинеті екен. Ағамыздың кабинетіне кіріп жайғастық. Бөлмеге емес құдды бір мұражайға кіргендей болдық. Бұл бөлменің бір қабырғасы кітаптар, тағы бір қабырғасында отбасылық суреттері, тағы бірінде Мұқағали Мақатаевпен түскен суреттері көзімізге оттай болды.
Ағамыз жайғасып отырып, әңгімені өзінің бала күнін еске алумен бастады. «Көшпенді қазақтың ішінде тудым. Талдықорғанның Жаркент деген жерінен 1930 жылдары әкелеріміз Қытай жеріне ауып барыпты. Мен 5 жылдан кейін дүниеге келіппін. Аналарымыз туғанымыздан бесік жырын құлағымызға құйып өсірсе, әкелеріміз батырлар жырын, хиссаларды айтушы еді. Міне, біз содан мектепке бармай тұрып, батырлар жырын жатқа айтатынбыз. Ауылдың тойларына куә болып, ән мен күйді, таңға дейін айтысатын аға-апаларымызды тыңдап өскен біз өлең-жырға жақындау өстік» деп ағамыз өлеңге деген құмарлығының себебін түсіндіргендей болды. Мектепке барғаннан Абайдың өлеңдерін жатқа оқитынын айтты. Содан 7 сыныпта оқып жүргенінде әкесі қатты сырқаттанып 50 жасында көз жұмады. «Негізінде анам 13 бала көтерген екен. Бала күндерінде әртүрлі сырқаттан ем табылмай, барлығы ерте дүниеден озады. Содан қалғаны менмін… Әкем жарықтық «Балам, елге оралуға қандай да бір мүмкіндік туа қалса, атамекенімізге орал» дейтін».

Кенен Әзірбаевпен болған кездесу
Кенен Әзірбаевпен болған кездесу

1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, екінші курс­тан бастап «Шыңжаң газеті» редакциясында қызмет істейді. Сол кездері елге оралуға бір мүмкіндік туып, оқуын да аяқтамай, көшуге бел буады. Сонда өзін қамқорлыққа алған Жәрдем Тілеков атамекеніне оралам деп шешкен оған ақыл-кеңесін айтыпты. «Сен Жазушылар одағына мүше болып, бір кітабың жарық көріп, ақын деген атың шықпайынша үйленбе» депті. Сөйтіп, Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен жас жігіт қасындағы қыздарға көз салмай, Жәрдем ағаның тілегіне сай тек оқумен, өлеңмен ғана шұғылданыпты. Айтылған ақылды аяқасты етпейін деген шығар, жас ақындардың ұжымдық жинағына шығып, Тарих, этнография және археология институтында қызмет істеп жүргенде 30-ға да келіп қалғанын байқамапты. «Анам да біраз жасқа келіп қалған еді. Енді анама қарайласатын, ақылды, ибалы, үлкенді сыйлай білетін қызбен отау құру керек деп түсіндім. Басында Алматының алмадай қызын алам ба десем, қаланың қыздары көңілімнен шықпады. Көпшілігі орысша тәрбиеленген, өзімнің де орысшам мәз емес еді».
Сөйтіп жүргенінде таныстары бір жігіттің бағын жандырғалы тұрған Ажар деген сұлу да ақылды қыз туралы айта бастапты. Сырттай Ажардың тәрбиелілігі мен сұлулығы туралы көп естіген ағамыз көп ойланбастан Алматы облысындағы Қарасаз ауылына барып, сол қызбен танысуды жөн көреді.
Осы кезде әңгімеге Ажар апамыз араласты. «Мен ол кездері мектепте оқып жүргем. Күніге дейін әлі есімде. 1965 жылдың 25 мамыры. Сабақтан келіп, ас үйде анама көмектесіп жатқанымда, даладан бөтен адамдардың дауысын естідім. Алыстан келген жолаушыны төрге шығарып, дастарқанға отырғызған соң, Оразақын анамнан «Мені таныдыңыздар ма?» деді. Анам есіне түсіре алмай, қысылып отырғанында, мен «бұл Оразақын аға ғой» дедім. Оразақынның сонда маған жалт қарағаны бар еді. Кейін ол менен қалай танығанын сұрағанында «Жұлдыз» журналынан өлеңдерін оқып, содан суретін көріп есімде қалғанын айттым» деп апамыз сәл кідірді.
Бұдан кейін ақын ағамыз «Ажардың қолаң шашы, күлімдеген көзі, зеректігі – бәрі-бәрі өзіне жарасатын. Бір көргенімнен көз алдымда жалт ете қалды» деп өзінің жас қызға ессіз ғашық болғанын біраз әңгімелеп, апамызға арнаған өлең жолдарын оқи бастады:
Атқан таң – сенің аппақ тамағыңдай,
Сергітер лебің – таңның самалындай.
Түсірсе күлкің – мөлдір
бұлақты еске,
Бұлтсыз күн – сенің
ашық қабағыңдай.

Асқар тау – сенің асыл мұратыңдай,
Айдын көл – ақылың боп тұнатындай.
Тілеген сәтті сапар өзіңдей боп,
Раушан гүл қақпа
алдында тұратындай.

Қасың бар – айдың екі жаңасындай,
Жанарың – жуған жүзім қарасындай.
Алда әлі құлпырасың өркен жайып,
Мәуелі бейне жеміс ағашындай.

Өзара нағыз бақыт сенім орнау,
Жалқылық – жан-жағында
теңі болмау.
Секілді көрінеді кейде маған
Қорғауым табиғатты – сені қорғау.
Оразақын Ажар апамыздан үлкенірек болғандықтан болар, басында ағалық ниет танытып жүреді. Кейіннен Ажар апамыз оқу бітіріп қалаға келеді. Содан бастап ағамыз қалаға келген жас қыздың жанашыры да, қамқоршысы да болады. «Ажар анама да қатты ұнады. Анамды сыйлап, үйге де келіп тұратын. Бәріміз бірге театрға да баратынбыз. Ажарды көргенімде қуанышым қойныма сыймай, көңілінен шығуға тырысатынмын. Ғашық болғаным сондай талай өлеңдерімді арнадым» деп біраз уақытқа дейін сыпайылықтың шегінен аспай сыйласқандарын айтты. Міне, сол ағалық қамқорлықтан басталған сыйластық ақырында махаббатқа ұласыпты.

Немересі Аямен бірге
Немересі Аямен бірге

–Бір күні саябақта қыдырып жүргенімізде бұрынғы әдептің бәрін аттап, ішімдегі бар сырымды жасырмай «отау құрайық» дедім. Бір жағынан аң-таң болды ма, әйтеуір «мен ойланайын» деді. Бір байқағанымыз, жастық шақтың қызықты кездері туралы айтылар әңгіме үстінде ақын ағамыз жаны жадырап, езуіне күлкі үйіріліп, еске түскендерін ықыластана отырып баяндайды. Дәл осы кезде Ажар апамыз да күлімсіреп, бізге сырын ақтара бастады.
–Мен басында Орекеңді ағам, қам­қоршым, ақылшым деп қатты сыйладым. Маған арнаған өлеңдерін оқығанымда іштей разы болушы едім. Ағаларыңның өзгелерден ерекшелігі мінезінің салмақтылығы мен парасаттылығы еді. Сабырлы, ұстамды, бәрін тек ақылға салып таразылайтын ағаларың көңілімді таба білді. Қарап тұрсақ бір-бірімізді танығанымызға 4-5 жылдай уақыт өтіпті. Бір жыл өткен соң серт байласып, отау құрамыз деп шештік.
–Үйленетін болып шешкен соң, дайындаласың ғой. Өзім Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында қызмет етіп жүргем. Алатын қаламақым да аз емес еді. Тойға деп біраз қаражат жинағанмын. Сөйтіп, Жазушылар одағының жанындағы «Қаламгер» деген кафеде тойымызды жасадық. Тойға біраз жазушылар мен ақындар, туыстар келді. Марқұм анам сол тойымды көре алмай ерте кетті дүниеден, – деп ақын қуанышы мен мұңын ақтарды.

Немересі Аямен бірге
Немересі Аямен бірге

–Үйлену тойымыз 1968 жылдың 24 тамыз күні болды. Бәрі шетінен жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты. Бірақ бәрінен бұрын 45 жыл өтсе де, Хамит аға Ерғалиевтің айтқаны есімнен кетпейді. «Айналайын, Ажар келінім, мен Оразақынды біраз уақыттан бері танимын. Талай іссапарларға бірге барғанбыз. Оразақынға тұрмысқа шыққан сен бір есті бала екенсің. Мен егер қыз болсам Орекеңе тиер едім» деген еді деп,– Ажар апамыз сөзін тәмамдады.
Міне, арқалы ақынның айтқан сөзі есінен кетпейтін көрінеді.
–Біз отбасында сегіз бала өстік. Мен үйдің үлкенімін. Бірақ ас үйде емес, көбінесе, әкемнің жанынан шықпайтынмын. Әкемнің айтқанын екі етпей бар шаруаларын бітіретінмін. Үйде қашанда туған-туыстар, көрші-қолаң жиналатын. Сонда анам қазан-қазан ет асып жататын. Соған үйреніп қалған мен алғашында бір қазан қылып ет асатыным бар еді,– деп отанасы алғаш келін болып түскен жылдарын күліп еске алады.
Сол кездегі жас отау жалға алған бір бөлмеде біраз уақыт тұрыпты. Үйден үйге көшіп жүріп, ағамыз жұмысынан көп сұранатын көрінеді екен. Тіпті, пәтер таба алмай біреудің жертөлесінде тұрыпты. Бір күні өз жағдайын түсіндіріп тұрғанында, үлкен бастықтары Дихан Әбілов естіп, өзіне шақырады. Ол кісі жас отбасының жертөледе тұратынын біліп, үй алғандарынша уақытша Медеу шатқалындағы жазғы саяжайында тұруға келісімін береді. Саяжай деген жай аты ғана екен. Көп бөлмелі зәулім сарайда біраз уақытқа дейін орнығады.Сол кездегі Дихан Әбіловтың кеңпейілділігі мен қарапайымдылығын аға да, апа да тамсана айтады.
Жас отбасы алғашқы пәтерді Байзақов көшесінен алады. Сөйтіп, уақыт зымырап өтіп жатты. 1969 жылы тұңғыштары Ләйлә, 1974 жылы Лаула есімді қыздары дүниеге келді. Ал 1976 жылы Арай есімді ұлы дүние есігін ашады. Сынаптай сырғыған уақыт. Қыздары бүгінде әке жолын қуды десек болады. Ләйлә филология ғылымдарының кандидаты, Лаула журналист, ән мәтіндерін жазуымен көпшілікке танымал. Ұлы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі. Қазір Ая есімді немере сүйіп отыр. Оразақын ағамыз қыздарын өзі тәрбиелеп, жастайынан әдебиетке, өнерге баулыған екен. Әңгімеміз үстінде, ағамыз тағы бір қызықты жайтты еске түсірді.
–Екінші қызымыз туғанда Ажар есімін Ләззат қоямын дегені бар еді. Ал мен оның алдында Лаула деп қоймақшы болғам. Сөйтіп, бірінші қызымыздың атын мен қойған соң, мына қызымыздың аты Ләззат болды. Бірақ Ләззат деген есім оттай лаулаған өр мінезді, зерек, алғыр қызыма жараспайтынын сезген едім. Қызығы, Ләззат бойжетіп, куәлік алар кезінде атын өзгертетінін айтты. Сонда біз оған атын Лаула қоймақшы болғанымызды айтқан едік. Қызымыз бұл есімді өзіне жарасатынын түсінгендей болып, атын өзгертті.
Қабырғада ілулі тұрған Мұқағали Мақатаевпен түскен суреті көзімізге түсіп, ағадан ақиық ақынмен қарым-қатынастарын сұраған едік.

Отбасын құрған алғашқы жылдарда
Отбасын құрған алғашқы жылдарда

–Мұқағали менімен танысқан кезінде 1955 жылы ауылда қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін мұғалім екен. Жасы жиырма бестерде. Темекі тартпайды, арақ ішпейді. Орыс тілін өздігінен меңгерген. Ауылдағы, аудандағы мектептердегі кітапханалардың бәрінде болған, оқымаған кітабы жоқ. Сол кезде Лашынның інісі Мәскеуде жұмыс істейді екен. Сол жігіттен арнайы Ресейден кітаптар алдыратын көрінеді. Мұқағали өздігінен білім алған. Ол жолыққан сайын жарқын жүзбен, күліп амандасатын. Ауылға барғанда Мұқаңды «таза ауа жұтып келейік» деп кешкі кезде сыртқа шақырдым. Аспан ашық, жұлдыздар жарқырап тұрған кез. Қарап тұрсам, бір жұлдыз бірқалыпты қимылмен батыстан шығысқа қарай жылжып барады. Жер серігі ме деп ойладым. Сосын «ананы қарашы, батыстан шығысқа қарай кетіп бара жатыр» деп Мұқаңа көрсетіп едім, ол оған қарамастан-ақ «Өй, ол менің жұлдызым ғой» деп қоя салды. Ол кезде бұл сөзіне мән бермеген едім. Қазір ойласам, жаңа айтып кеткендей қытай тіліне өлеңдері аударылып жатыр. Ол демек Қытайға жұлдыз болып барды деген сөз шығар. Оның бәрін қойғанда Жұлдыз деген баласы Қытай еліне барып қайтты. Бәлкім, Қытайға барған жұлдызын Мұқаң да сезді ме екен… Оразақын аға мен Ажар апамыз Мұқағалидың отбасымен жақсы араласыпты. Мұқағалидың 4 томдық жинағын Лашын апай бар кезде Оразақын аға құрастырып, әрі редакторы болған екен. Сол кітаптардың бәрі де өтіп кетіп, қолдан-қолға тимей, кейіннен оларды қайта қарап, толықтыра түсіп, 5 том етіп шығарыпты. Ажар апамыз ұзақ жылдар бойы ҚР Ұлттық Мемлекеттік мұрағатының Әдебиет және өнер бөлімінде қызмет істеген. Сөйтіп, екеуі де Мұқағалиды жас кездерінен таниды. Ақын жайлы естеліктер «Мұқағали мұраты» деген кітапты өмірге әкеледі.
Айтылған салиқалы ойдың, өткен күндерден шертілген сырдың ауқым­дылығы сонша, оның бәрін зердеге тоқып алу да оңай емес. Әңгімеміз одан әрі дастарқан басында жалғасын тапты. Оразақын ағамыз өмірлік жары Ажар апа­мыз туралы айтқанда, зайыбының ең абзал қасиеттері – адамгершілігіне, ақжарқын мінезі мен зеректігіне көңілінің ризалығын жасырмайды. Ағамыз тағы да апамызға арнап өлең жолдарына кезек берді:
Қалт жібермей бағып қас-қабағымды,
Жарым әркез бабымды таба білді.
Дос-жаранға жүзімді етті жарық,
Қабақ шытпай қарсы алып қонағымды.

Ең бірінші оқырман, сыншым да өзі,
Соған аян жанымның тылсым кезі.
Сөйтсе де оның мазасын мен аламын,
Бір кетіріп көрген жоқ тыншымды өзі.

…Ол жүрген жер қыста да жаз болады,
Қанша мақтап жазсам да аз болады.
Оқта-текте туындым жарық көрсе,
Менен бұрын оқып ап мәз болады.

Қарайды өзі киімге, азыққа да,
Кетпесін деп тозып ер, азып бала.
Қыруар істен еншіме тиетіні:
Отыру тек жақсы өлең жазып қана.
Ажар апа да ақынжанды екен. Өлең жазатын өнерден құралақан емес екенін айтты. Ол әңгімеге елтіп қосағы Оразақын­ға арнап «Мен сені сүйдім» деген өлеңін жатқа оқи жөнелді:
Ат арытып мені іздеп тапқаның үшін,
Ата-анама да ерекше жаққаның үшін,
Маған қиған ең қымбат шақтарың үшін,
Мен сені сүйдім.

Арақ-шарап аузыңа алмағаның үшін,
Шылым-шырпы қалтаңа
салмағаның үшін,
Өлең мен маған өміріңді арнағаның үшін
Мен сені сүйдім.

Жан сырыңды менен еш
жасырмағаның үшін,
Сөз түгіл құс басымнан
асырмағаның үшін,
Алғаш сүйген кезіңнен
басылмағаның үшін,
Мен сені сүйдім.

Айтқан сөзіңнен әсте бір
таңбағаның үшін,
Бастықтарға бас иіп бармағаның үшін,
Сұрап, сатып атақ, сый алмағаның үшін,
Мен сені сүйдім.

Ісімді елеп арқамнан қаққаның үшін,
Бар керекті үйіңнен тапқаның үшін,
Қыздарыңша ерке ғып баққаның үшін,
Мен сені сүйдім.

Тәмам қыздан мені тек таңдағаның үшін,
Қажетімді айтқызбай қамдағаның үшін,
Өзге ешкімге өртеніп жанбағаның үшін,
Мен сені сүйдім.
Осыдан-ақ арада қаншама жыл өтсе де, ерлі-зайыптылар арасындағы сый­ластық пен махаббаттың бүгінгі күнге дейін жарқырап тұрғанын аңғар­ғандай болдық. Бұл өлең 2000 жылы өмірге келген екен. Жұбайына деген құрмет пен ықыласын осылай білдірмекші болыпты.
– Бір парақ қағазға жазып қойған едім. Бұл жазғанымды өлең деп те айтпас едім,– деп Ажар апа бұл өлеңі жөнінде сыр ағытты. Оқып, сосын сөмкеме салып қойғанмын. Содан оны таппай, жоғалтып алдым деп ойлап жүрсем, ағаларың алып, маған айтпай кітабына енгізіп қойыпты.
Олардың бір-бірін түсінетіндігінен, оған қоса арадағы жас кезден қалып­тасқан сыйластық пен жарасым­дылықтың әсерінен болар араларында осы күнге дейін ұрыс-керіс болмапты.
Қазіргі жастарға айтар ақыл-кеңесі жөнінде ағамыз былай деді:
– Отбасы дегенде, оның ұйытқысы әйел еске түседі. Менің Ажармен танысқаным, оның менің өмірімнің әртүрлі өткелдерінде сүйеу болғаны – мен үшін үлкен мәртебе. Ажар менің отбасымның отанасы ғана емес, менің бар ғұмырымның мәні десем артық айтқандық емес. Мен тұйықтау, салмақтырақ болсам, Ажар өжет, зеректеу. Осының бәрін жақсылыққа балаймын. Бұл өмір дегенді біз сыйға берілген дүние деп түсінуіміз керек. Сыйға берілген соң, біз таңдаулы кісілер екенімізді ұғыну қажет. Өмірдің мәні – өмірді сүйе білуде. Өмір болған соң, ащысын да, тәттісін де көріп, сабақ аласың. Бұл мәңгілік емес. Өмірмен де қоштасатын кез келеді. Сондықтан өмірді бағалап, сүйе білу керек. Тағы бір айтарым, құмарлық деген ұғым бала кезден болады. Егер сол құмарлықты жас кезден жақсы нәрсеге аудармаса, оның жамандыққа ауысып кетуі ғажап емес. Әркім өз құмарлығын басқара білу қажет. Үй болу оңай емес. Алдан шыққан қиындықтарға төзе білген жақсы. Сүйгендеріңе берік болыңдар.
Махаббаттың, бір-біріне деген құрметтің мәнін жете түсінетін адамдар ғана тату-тәтті ғұмыр кешеді. Оразақын аға мен Ажар апаның арасындағы сыйластық пен махаббаттың сол қалпында тұрғанына тәнті болдық. Армандарын арманға жалғап, жарқын өмір сүріп келе жатқан жұбайлардың отбасы шаттығына сүйсіндік.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.