Қара әлем

Көшеге көз жүгіртіп қараңызшы, келте тон киіп, басын тақырлап, өкпесі түсіп қалаған ескі «БМВ» көлігіне мінген бұқа мойын жігіттер жүр. Көп емес. Бірақ бар. Не аңғардыңыз?

90-жылдары мынадай езутартар шыққан. Екі кемпір сөйлесіп отыр дейді. Бірі:

Балам рэкет деген жұмысқа кіріп еді. Жақсы болды. Үй алды. Мәшине мінді. Пора-пора ақша ұстайды,– десе, екінші кемпір:

Менің де балам сол рэкет деген жұмыста істеген. Қазір «косяк» дегенге ауысыпты. Жұмысының берекесі кетті. Барын сатты. Ештеңесі қалған жоқ,– деп қарап отыр дейді.

Сол кездері хитқа айналған анекдоттардың бірі болатын бұл. Сүзектей созылған өтпелі кезеңнен өтіп, етек-жеңімізді жапқаннан кейін әлгі екі кемпір айтатын рэкет деген «жұмыстың» күні батқан. Мемлекеттік құрылымдар бопсалап ақша тауып жүрген бота тірсек жігіттерді бірінен соң бірін темір торға тоғытқан. Елде заңның жұмыс істейтінін көрсеткен еді.

«Кризис» деген көрсоқыр көрінгенге соқтығып жүр. Соның салдарынан ауылдан қалаға келген көптеген жігіт жұмыссыздар қатарын толықтырды. Аш адам темір торда тұрған жолбарыстан да қауіпті. Жұмыстан айрылып, екі қолға бір күрек таппай жүргендер топ болып адам тонауға көшкен секілді. Голливудтың киноларынан көретін көріністер күнделікті өмірде қылаң беріп жатыр. Соңғы кездері «Тонап кетіпті. Бопсалапты. Ұрып-соғып, ақшасын тартып алыпты. Бизнесменнің үйіне түсіпті» деген әңгімелер жиі естілетін болып жүр. Өткенде басбұзарлар бір бизнесменнің баласын өлтіріп кетті. Бағдат бауырдың да (Қожахметов) күнделікті теледидарға шығып, жасалған қылмыстарды тізбектей түсуі көбейді. Қысқасы, қылмыс әлемі күш алып келеді.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дейтін еді баяғылар. Сондай болып тұр. Дағдарыс алқымнан алғанда, дұшпанкөздер балақтан тартып, барымта жасауға кірісті. Жақсылық емес. Солар қарапайым жұртты қан қақсатып, тізесін батырғанша құлағы кесілген, зорланған, қорланған қазақтың ақысын неге сұрамайды дейсің күйгеннен.

«Боранды күні ит пен бала құтырады» демекші, тоқырау келсе қара әлемнің қолы жүреді екен. Көзіміз соны көріп отыр. Дағдарыс дендеп кетпей, тезірек бітсін деп тілейік…

Кене САРЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.