Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Қазақ тіліне жанашырлық көзқарас керек

– Розақұл аға, Сіз үнемі Парламенттің мінберінде қазақ тілінің айналасындағы күрмеулі мәселелерді батыл айтып жүрген тіл жанашырларының бірісіз. Ал жақында Үкімет басшысына орыстілді мектептердегі қазақ тілі сағатының қысқарып қалуына қатысты тағы да мәселе көтердіңіз ғой. Сауалыңызға жауап ала алдыңыз ба? Билік тілдің білтесін тартып отырған жоқ па екен?
– Әзірге жауап келген жоқ. Менің естуімше, қазір Абайтану, Алаштану курстарының мектептерге енгізіліп жатқанына байланысты қазақ тілінің ауызекі сабақтары қысқарған жоқ, керісінше олардың сағаттары көбейген. Ал қазақ тілінің грамматикасына байланыс­ты сағаттар қысқартылып отыр. Министрлік өкілдері «негізсіз артып кеткен сағаттарды ретке келтірдік» деп айтатын көрінеді. Онымен келісуге болмас. Жалпы тілдің грамматикасын, жазылуын білмей қазақ тілін меңгеріп аламын деу ақылға қонымсыз дүние. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы Жолдауында: «2025 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді «Қазақ мемлекеті» деп атайтын боламыз» деген еді. Аманшылық болса, ол күн­ге де жетерміз. Ал қазақ мемлекетінде барлық мекеме қазақ тіліне көшуі тиіс. Сол кезде мемлекеттік қызметкерлер де, депутаттар да, саяси қызметкерлер де қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде оқуға мәжбүр болады. Қазір заң жобалары алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін ғана қазақ тіліне аударылып, Парламентке ұсынылып жүр. Ал мына жағдайда оған жол берілмейді. Қазақ тілінде дайындап сосын орыс тіліне немесе басқа тілге аударылатын болады. Сонда тілін білмесе, қалай жазылып, қалай айтылуы керегін білмейтін болса, мемлекеттік тілде ол қалайша іс жүргізе алмақ? Өз басым министрліктің бұл уәжімен келісе алмаймын. Жауап келгенде көреміз. Мүмкін тағы мәселе көтеру керек болады.
– Кез келген тілді оқығанда алдымен ол тілдің грамматикасы оқытылуы тиіс қой. Сонда мектеп оқушысы қазақ тілінің грамматикасын білмей қалай қазақша сөйлейді?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бүгінгі күні біз қазақ тілі тұрмыстық деңгейдегі тіл емес, мемлекет басқаратын, заң шығаратын тіл болуы керек деген мәселені көтердік. Себебі заңда солай жазылған. Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңында қазақ тілі мемлекет басқаратын, заң шығаратын, сот істерін қарайтын тіл болу керек делінген. Ал бұл талапты орындау үшін алдымен қазақ тілінің грамматикасын білу керек. Әйтпесе, мемлекеттік тіл аударма күйінде қала береді. Сол себептен Білім және ғылым министрлігінің бұл шешімі терең зерделеніп, зерттеліп қабылданған шешім емес деп ойлаймын. Бұл асығыстау, тіпті кей мәселелердің байыбына бармай жасалғаны байқалып тұр. Әсіресе, білім саласының өзінде мұндай мәселелер жиі орын алып жатыр. Мұның себебі бір министрдің бастаған ісі аяқталмай, кейінгі келген министр екінші жақтан жаңа дүниені енгізіп кетеді. Басталған жұмысты аяғына дейін жеткізген жөн емес пе? Қарап тұрсаңыз, бізде бір реформа әлі аяғына дейін жеткен жоқ. Бұл ащы да болса шындық. Тіл мәселесінде мен тек солай деп ойлаймын.
Мысалы, өзбек тілінде сабақ беретін мектептердегі балалар жоғары оқу орнына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестті не орыс, не қазақ тілінде тапсыру керек. Ол бала қазақ тілінде сынақ тапсырып, жоғары балл жинау үшін қазақ тілін жақсы меңгеруі керек қой. Сонда мына екі сағат сабақпен ол нені меңгеріп алуы мүмкін? Міне, осындай жағдайды болдырмау үшін ертеректе 2000-шы жылдары ҰБТ жаңадан енгізілген уақытта «өзіміз оқыған тілде ҰБТ сұрақтары дайындалсын» деген мәселе көтеріп, сол кездегі Білім министрі Бірғаным Әйтімова ханыммен ақылдасқан едім. Сонда ол «ҰБТ мақсаты – оқушы берілген сұраққа жауап беріп, біліміне сай әділ баға беру үшін енгізіліп жатыр» дегеннен кейін «не істеуге болады, қазақ тілін балаларға қалай тереңірек үйрету керек?» деген мәселені қозғаған едік. Бұл орайда ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі комиссарымен пікірлескенімізде, ол кісі Еуропаның тіл үйренудегі біраз тәжірибелерін айтып берді.
Біз Оңтүстік Қазақстан облысында екі мектепке пилоттық негізде сол тәжірибені енгіздік. Тәжірибе бойынша, мектепте Қазақстан тарихы қазақ тілінде оқытылады, биология пәні қазақ тілінде немесе информатика пәні қазақ тілінде беріледі. Ал пилоттық жоба енгізілген мектептегі жиырма мұғалімнің бәрі өзбек ұлтының өкілдері және сабақты өзбекше оқытады. Енді біз оларға Қазақстан тарихын қазақ тілінде оқытасыңдар дегенде араларында қазақ тілінде сабақ беретін мұғалім жоқ болып шықты. Сосын мектеп директоры басқа жақтан қазақ тілі мен өзбек тілін қатар білетін, қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімді әкелді. Мен сол кезде қазақстандық өзбектердің Достық қауымдастығының төрағасы едім, әр мектептің ата-аналар комитетінің төрағаларын жинап, солармен сөйлестік. Сөздің тоқ етері, балаларының мектепті өзбекше оқып бітірген күнде де Өзбекстанға оқуға қабылдамайтынын, қазақша тіл білмесе шала-пұла оқып шыққанымен, мемлекеттік қызметші бола алмайтынын түсіндірдік. «Сенің балаң тек қана жер егіп, мал бағуы керек пе? Мемлекеттік қызметкер болғанын қаламайсың ба? Балаңның келешегін ойламайсың ба?» дегенді айттық. Сосын жоғары сыныптың оқушыларымен жиналыс жасап, оларға да түсіндірдік.
Пилоттық жобамен жұмыс істеп жатқан мектептің алғашқы кездегі көрсеткіші бойынша 10-15 пайыз оқушы грант алды. Тәжірибенің бірінші жылдың өзінде-ақ нәтиже бере бастағанын байқадық та, мұны басқа да мектептерге ұсындық. Осылайша, көрсеткіштеріміз жақсара түсті. Тәжірибенің төртінші жылында 80 пайыз, бесінші жылында 85 пайыз оқушылар грант алды. Бір мектептен 14 Алтын белгі иегері шықты. Соның бәрін көрсетіп, Астанада конференция өткен кезде «осы тәсілді ұйғыр, тәжік, орыс тілінде сабақ беретін мектептерге де қолдану керек» деп Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасағанбыз. Өкінішке орай, бұл жерде екі мәселе шешілмей қалды.
– Қандай мәселе?
– Біріншісі, Білім және ғылым министрлігіне қазақтілді емес мектептер үшін сол ұлттың ішінен қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындау мәселесін айтқанбыз. Егер мектептің қазақ емес мұғалімдерінің бәрін жұмыстан босатып, орнына қазақ мұғалімін әкелсек, «тіл білмегеніміз үшін бізді қуып, мыналарды әкеліп жатыр» деген әңгіме көтеріледі. Сондай әңгіме орын алмас үшін, «осы мектептің жас мұғалімдерін шақырып, арнайы бір курстан өткізіңіздер, біліктілігін арттырып, әрі санатын көтеріп, сол мұғалімді қазақ тілінде сабақ беретін дәрежеге келтіріңіздер, оған қанша уақыт керек болса, сонша уақыт дайындайық, сосын бағанағы ұсынған жобаны енгізейік» деген мәселені қойғанбыз. Бұл шешілмеді. Екінші шешімін таппаған мәселе, осы тәжірибе орыс тілінде сабақ беретін мектептерге де енгізілсін деген едік. Бұл да іске аспай қалды. Қазір бірде-бір орыстілді мектептерінде қазақ тілінен басқа, ешбір сабақ қазақ тілінде оқытылмайды. Елбасының 2025 жылы барлық қазақстандық оқушылар 100 пайыз қазақ тілін білетін болады деген тапсырмасына сәйкес, осындай шараларды қолдану керек емес пе? Ертеңгі күні жоғарыдағы сауалға жауап алғасын осы мәселені қайта көтермекшіміз. Қазақстан Халқы Ассамблеясының депутаттық тобының жос­парына «өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде мемлекеттік тілді тереңдетіп үйрету тәжірибесі» деген мәселені енгіздік. Аманшылық болса, депутаттық топта соны тағы бір рет талқылаудан өткізіп, ұсыныс енгізбекшіміз. Бұл қазақ тілін жақсы меңгеруге нақты бір жол болады. Анау жоқ, мынау жоқ деп құр босқа айта бергеннен ешнәрсе өзгермейді. Бізде тілге бөлініп жатқан қаржы жеткілікті. Оған керекті әдістемелер де, оқулықтар да аз емес. Тіл білемін деген адамның өзінде ынта болса, оған барлық жағдай жасалған. Менің Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде таныстарым бар, шетелдерден де байқап жүрмін. Ол елдердің ешбірінде тілге қаражат бөлу деген жоқ. Тілді әркім өзі үшін үйренеді. Айталық, Өзбекстанда өзбек тілін білмесеңіз мемлекеттік қызметке орналаса алмайсыз. Ол жердегі басқа ұлттың өкілдері өзбек тілін өзбектерден артық білмесе, кем білмейді. Әдеби тілде де сөйлей алады. Осының бәрі тілге деген талаптың күштілігінен болып отыр.
– Олай болса, бізге де талапты күшейту керек шығар?
– Біздің жағдайымыз ерекшелеу ғой. Өзбекстан немесе Тәжікстанмен салыстыруға келмейді. Бізде баяғыда халқымыздың үштен бірі қазақ, ал қалғаны өзге ұлт өкілі болды. Енді ғана көбейіп келе жатырмыз. Сондықтан бірден төңкеріс жасаудың қажеті жоқ. Елбасы даналықпен ойлап, «бірінші сыныптан бастап тіл үйренген бала он-он екі жылдан кейін мемлекеттік тілде таза сөйлейтін болады» деп мүмкіндік берді ғой. Менің ойымша, уақыты келгенде «саяси мемлекеттік қызметшілер, «А» корпусына кіретіндер, Парламенттің депутаттары мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген норма енгізіледі. Өкінішке орай, қазір мемлекеттік тілге мұрын шүйіріп қарайтындар арамызда бар. Біз ұшақпен жиі ұшамыз, пойызбен жиі жол жүреміз, әуежайда, вокзалда балаларымен орысша сөйлесіп отырған жас отбасыларды кездестіріп қалып жатамыз. Жас жігіт пен келіншек, қастарында 5 немесе 7 жастағы балаларымен орысша сөйлесіп отырады. Мен шыдай алмаймын, бірден «ей, айналайын, өздерің ана тілді білмейді екенсіңдер, енді балаларыңа обал жасамау жағын ойласаңдар қайтеді. Қазақша сөйлеп, балаңа қазақшаға үйретсеңші. Орысшаңды қайтейін, өзі-ақ меңгеріп алады» деп айтамын. Бірі үндемейді, бірі «не шаруаң бар» деп шорт кеседі.
– Жаңа пойыздағы, ұшақтағы жағдай­лар­ды айтып қалдыңыз. Жақында ғана ұшақта орын алған «Жұлдыздар отбасы» журналының редакторы Жарылқап Қалыбайға қатысты жағдайды білесіз. Содан кейін көп уақыт өтпей жатып, осыған ұқсас жағдай Павлодарға кетіп бара жатқан автобуста да орын алды. Бұл енді мемлекеттік тілді мойындамағандық емес пе?..
– Оған алдымен өзіміз кінәліміз. Менің қазақ бауырларым ренжімей-ақ қойсын, олар қазақша сөйлемейді ғой. 65 пайыз қазақпыз дейміз, соның бәрі қазақша сөйлесінші… басқа ұлттың өзі-ақ сосын қазақ тілінде сөйлеп кетер еді. Сөйлемей отыр ғой. Мен Парламенттегі әріптестеріме де «ағалық наз» деп айтқан едім. Қазақ депутаты орыс тілінде депутаттық сауал жариялайды. Министр қазақ, депутат қазақ, бірақ бір-біріне орысша сұрақ беріп, орысша жауап қайтарады. Енді осыны көрген басқа біреулер не істейді? «Бұл тіл өздеріне керек болмаса, маған не керегі бар» демей ме?!
Сол себептен қазақтар қазақ тілінде сөйлеуі керек. Президент «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп айтып жүр ғой. «Қазақтың қазақ екенін білдіретін оның қазақша сөйлеуі» деді. Тіпті болмағасын «он бес жылда аюды да үйретуге болады» деді ғой. Бұдан артық не керек, енді сабау керек пе? Соны әріптестеріме айтамын. Мені кейбіреулері сол сөзім үшін жек көреді. Орысша сөйлеп жатса «қазақша білмесең мейлі, ал сен білесің ғой, неге сөйлемейсің?» деп ашығын айтамын. Егер қазақтар, сосын түркітілдес бауырлар бәріміз қазақша сөйлесек, қалған бес-алты пайыз ешқайда кете алмайды. Осыны өзімізден бас­тап, қоғам болып соған ат салысуымыз керек. Мәселе, бір ғана заңмен жөнделмейді. Бізде қаншама заңдар бар, тіпті орындалмай жатқан заңдар да бар. Депутат әріптестеріме сауалдарыңды қазақша беріңдер дегенде кейбіреулері «біздің құқығымызды шектеп жатқан жоқсыз ба?» деп кейіс білдіргендер болды. «Айналайын-ау, бұл шектеу емес, еліміздің «Тілдер туралы» Заң бойынша мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың парызы. Парызыңды есіңе салып жатырмын» дедім.
– Иә, сіз заңның бір жағын ғана айтып отырсыз, «Тілдер туралы» Заңның екінші жағында орыс тілі қазақ тілімен қатар қолдансын деп тұр. Олар соны көбірек басымдыққа алып отыр ғой. Сондықтан «Тіл туралы» Заңға өзгеріс енгізу керек…
– Иә, «Тіл туралы» Заңға өзгеріс енгізетін уақыт келді. Парламенттің төртінші шақырылымында осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс жасаған еді. Кейін сол тоқтап қалды. Енді оны қайта қолға алатын реті келді. Жалпы өз басым Конституциядағы қазақ тілімен орыс тілі қатар қолданады деген бап тілге бөгет болып жатыр дегенге аса қосыла бермеймін.
– Неліктен?
– Қосыла бермейтінім, Заңда сен орысшаны көбірек сөйлеп, қазақшаны аз сөйле деген жоқ қой. Міне, қараңызшы, қазақ депутаттардың 60 пайызы сауалын орыс тілінде 40 пайызы қазақ тілінде жариялайды. Ал жаңағы талапты алып тастағанмен ештеңе өзгермейді. Өзіміздің сана сезіміміз, намысымыз, ана тіліне деген көзқарасымыз өзгермей, жағдай өзгермейді. Сондықтан балаларымызды бесіктен бастап тәрбиелейік. Мұсылмандарда сәби дүниеге келгенде оң құлағына азан айтады, сол құлағына тәкбір айтады. Оны не мақсатта айтады дейсіз? Мақсат – құлағына бірінші кірген сөз Алла болсын деп айтылады. Ал енді отбасыға сәби келгеннен кейін, оның тілі шыққасын қазақша сөйлейік. Ана сүтімен кірген ана тілі ешқашан ұмытылмайды. Бұған қаншама мысалдарды да келтіруге болады. Неге жапондар бастауыш сыныпты бітіргенге дейін жапон тілінен басқа тілді үйретпей, бастауышты біткеннен кейін ғана ағылшын тілін және басқа тілді оқыта бас­тайды? Себебі ол ана тілін жақсы біліп алсын дейді. Әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Сол себептен тілді мемлекеттік деңгейдегі төріне шығару үшін жан-жақты жұмыс жасауымыз керек. Заңнамалық тұрғыдан да өзгеріс керек. Мемлекеттік мекемелердің құжаттама тілдерін қолдауымыз керек, ол білім беру саласына да қатысты. Тек қана заңдағы бір норманы алып тастағаннан көп ештеңе өзгере қоймайды.
– Заң шығару қызметіндегі тіл тазалығы қашан жөнделеді екен? Сауатсыз, қоғамдық өмірімізге қатысты қабылданатын құқықтық нормалар мен заң жобаларын жасаудан қашан арыламыз?
– Үкімет енгізген заң жобаларының барлығы орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне аударылады. Ал енді заң жобасымен жұмыс істеп жатқанда бізге қойылатын талап: «Қазақ тіліндегі мәтін орыс тіліндегі мәтінге сәйкес келуі керек» дейді. Мен оған қарсымын. Біз қазір «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын дайындап жатырмыз. Сол заң жобасын қазақ тілінде дайындадық. Оны орысшаға аударттық. Қазір заң жобасын аударуға берген адамдарға: «мына заң жобасы қазақ тілінде дайындалған, орыс тіліндегі мәтінді қазақ тіліне сәйкестендіресіңдер, қазақ тіліндегі нұсқасына тиіспейсіңдер, ал шамаң келмей ме тиіспе» деп айттық. Енді ертең қалай болатынын көреміз. Қазір Үкіметке қорытындыға жіберіп жатырмыз. Тиісті мекемелер сараптама жасап берсе, амандық болса осы жылдың соңында оны Мәжілістің қарауына жолдаймыз. Шынын айту керек, заңды қазақ тілінде дайындау өте қиын. Ол оңай емес. Себебі заңда қолданылатын терминдердің бәрі орыс тіліне сәйкестендірілген. Сөйтіп, қазақ тіліндегі бір терминді қарау үшін орыс тілін қарау керек болады. Енді біздің заңымыз ауыл шаруашылығы саласы болғаннан кейін халыққа түсінікті, қарапайым тілмен жазуға тырыстық. Мемлекетаралық келісімдерді біз ратификациялаймыз. Алпыс пайыз ратификацияда мемлекеттік тілде мәтіні өзгергені туралы нота алмасып, оның қосымшасы деген қағаздар келеді. Бұны да талай мәселе етіп көтердік. Дегенмен қазір мамандар аз болып оыр. Маған кеше бір кісі «егер сіз мына заңды қазақ тілінде өткізе алсаңыз, бұл Парламент құрылғалы қазақ тілінде дайындалған үшінші заң болады» деді. Қазақ тілінде дайындалған заң әзірге екеу-ақ екен. Сондықтан Заң сауатты болуы үшін қазақ тілін жетік меңгерген заңгер, маман керек. Ол қазақ тілінде заң шығарып үйренсе, кейін қалыптасып кетеді.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ, Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Алтыншаш

    Розақұл ағаның пікіріне қосыламын. біз өзімізден бастап, қадіріне жетейік. сонда өзге ұлт өкілдеріне сабақ болады. Әйтпесе, қазақтар баяғы «тупой» болып көрінеді, себебі орыс тілінде хат жазып, оны осы ұлт өкіліне тексертеміз, сондықтан, қазақ сауатсыз болып шыға келеді. менің ауданымда орыс тілі белес алғандықтан, білген нәрсемізді түсіндіре алмаймыз, тыңдата алмаймыз. Әйтпесе елім деп жүрген қаншама қазақ зиялылары ауыл арасында жүр.

  2. Мен

    «Қазақ тілі» деп қанша шырылдасақ та, шешімін таппаған мәселелердің көптігі қынжылтады.

  3. Мұратбек Бексарыұлы

    Розақұл ағамның қазаққа, оның тіліне болысып келе жатқанына біраз уақыт болды. Асылы Осман апамыз, Герольд Белгер неміс бауырымыз сияқты бұл кісі де біздің ұлттың ар-ожданының биік болуы үшін нағыз жаны ашып жүрген атпал азамат. Ей, қазақтың жастары, сендер көбің осы жазбаларды оқып, өзбек атаңның өнегесінен, әрекетінен үлгі алсаңдар, тіліміздің де, еліміздің де еңсесі биіктей түсері анық. Ендеше айналайын балаларым, бауырларым әлі де кеш емес, ҚАЗАҚ деген ұлттың атымен аталатын еліміздің өзін де, ТІЛІН де ТӨРГЕ шығару үшін бәріміз жаппай өз тілімізде сөйлейік және соны балаларымызға үйретейік, өз тілімізді БІЗ көтермегенде кім КӨТЕРЕДІ?

  4. Арыо

    Біз көңілжықпастық қылып жүрміз.Заңды күшейтсек,бәрі қазақ тілін үйренуге жүгіреді.»Тоқпағы күшті болса,киіз қазық жерге кіреді».Он бір жыл оқып,бір ауыз қазақша сөйлемей-ақ жоо-ға түскен орыс балдары бар.Себебі қазақ тіліне қажеттілік жоқ.Психология солай қалыптасқан.Розақұл ағамызға рахмет.Шаршамаңыз,аға,күресті жалғастырыңыз.»Көп қағылған есік ашылмай қалмайды»

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.