Сырына әлемнің тоям ба…

Бекқожа Жылқыбекұлы

Көкемнің көкжалы

Көкемнің көкжалы бәйге едi,
шалғынды жапырған жай демi.
Дүбірлі дүлдүлмен сырласып
тұратын аспанның Ай меңi.

Сойқан күн көкжалды қоярда-
қоймай кеп,
соғымға соярда,
ноқтадан сытылып,
қоянға,
елікке,
ерменге қош айтып,
ой тастап жүгірген ой аңға,
тайынан баптаған бапкері
табынып көз жұмған ноянға –
көкемнің қабірін айналып
түнiмен жүрiптi ол,
ой, Алла!!!
Ой, Алла, ой, Алла, ой, Алла!
Сырына әлемнің тоям ба!?
Осы түн көкем бір бөтен бір
көңілсіз түс көріп,
оянды, ә!

Алдау түбi

– Кеше тағы бiреуiн шайнап қойды қыршыным,
сұрағалы кетiп ем көршi үйден бiр шыны ұн, —
деп жас ана бұрқырап,
сәби сәнiн кiнәлап,
сызатына жаңқаның ақ балтасын сыналап,
ойсыраған отынды жара алмай жатқанда,
перделеніп періште парасатты аспанда:
– Тiсi шыққан сәбиді емiздiкпен алдасаң,
тiршiлiктi шындықпен көмкеретiн қалмас ән! –
дедi дағы,
лезде кеттi ол кербез жоғалып.
Аң-таң болды жас ана,
сонда ашуын доғарып!

Үскiрiк

Түнi бойы түшкiрiп,
үдей соқты үскiрiк.
Үскiрiктiң үрейi
қыз бөлмемді қыс қылып,
бара жатыр жыландай
ыл төсiнде ысқырып.
Ысқырғаны рас-ау!
Табиғаттың бiр асау
мінезі бар мөңкитін.
Жартас аман,
жыра сау
кезде ойымда ойнақтап
жүреді ылғи жыр асау.
Жығылғанда жын ойдан
ағыл-тегіл жыласа-ау
арша-арша бола ма?
Өмір мәні өрмекші
үшін де бір күрес-ау!

Жыртығым

Аяғыма кигенім жыртық етiк,
тасқа тиiп майрылған,
ұрты кетiп.
Жыртығымды кеудеме керанау жел
қадап отыр оқтаулы мылтық етiп.
Сұр жыландай сумаңдап сұм уақыт
жыр жолындай жылты жоқ жылысып өтiп
бара жатқан бұл күнде бағым жанбай,
жыртық көңіл тұрғанмен күлкiге тiк,
тұрғаны жоқ жолыма ол қырсық етiп.

Ескерту

Байқа, таулар, байқағын !
Сары шашты сайтан үн
шығарып,
шың-даламның
қасиеттi қайқаңын
қорламасын дегендi
тағы ескертiп айтамын !

Байытарым мол айтарым !
Жер шары мен Ай шарын
мекендеген Қазақтың
шығарғанын қайсар үн
шындық шыңы мойындап
отырғанын байқадым.
Сол үшін де көсемі
болып жүрген тайпаның
«тарланына» тағы да:
– Байқағын! – деп,
байыппен
тағы ескерту айтамын.

Жас жайлы толғау(Терме)

Он жаста бұраңдаған бұлақтайсың,
көңiлiн көрген көздiң құлатпайсың.
Секiрiп тастан-тасқа асыр салған,
анасы аймалаған лақтайсың.

Жиырмада жiбектелген басқұрдайсың,
талапты тұяғыңмен тас тырнайсың.
Көзiне шалыққанды шаң қаптырған
жүрегi түкке оранған қасқырдайсың.

Отызда сыңғырлаған күлкiдейсiң,
көңiлдiң көгалына гүл тiлейсiң.
Бұлаңдап суда жүзген бұғын сынды,
құйрығын ұстатпайтын түлкiдейсiң.
Қырықта хандай болып қарыс маңдай,
жүресiң арманыңмен алысқандай.
Ақыл мен күш-қайратың тең толысып,
жатасың жанұяңда арыстандай.

Елуде толықсисың тойдай болып,
ұл-қызың ер жетедi шойдай болып.
Маңырап май иісін сезген жерде
жүресiң қорадағы қойдай болып.

Алпыста ақ сақалды иелейсiң,
отырған орныңда үйелейсiң.
Мұрнын тесiп алып жетелеген,
ақпаннан аман қалған түйедейсiң.

Жетпiсте әлi әлдi пысықтайсың,
ұшығын ұл-қызыңның ұшықтайсың.
От сіңіп,
ойға батқан шәйнек жақтан
ақ тышқан аңдып жатқан мысықтайсың.

Сексен мен тоқсаныңда кiсiлiктi
күткендей жәутеңдейсiң, iшiң күптi.
Жүз жасты айтпасам да, ей, ағайын,
арғы жағы бәрiмiзге түсiнiктi.

Бір түрлі жаз

Бытпылдықпен аттандырып
быртық саусақ былтырды,
бөдене үні бүр шығарып,
биыл тағы құлпырды.
Бидайық, гүл билеп жатыр,
алтын шашын жайқалтып,
жаздың жасыл жәрмеңкесiн биiктетiп бiр түрлi.

Сиқырлы жаз жанға рахат сыйлағанда өзгеше,
көз алдымнан гүл-гүл жайнап,
көлбеп өттi көз неше.
Көңіл толқып көл секілді,
сезім жайнап айнадай,
ақ қайыңмен әзілдесіп желік қуған жездеше,
желіп келе жатырмын мен батыр күнмен тістесіп,
жібермеудің жырын жаттап
көре алмайтын көзге есе.

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.