Мамандыққа мұқтаждық болмауы үшін кәсіпті меңгер, жас өрен!

Шыны керек, қазіргі жастарды шенеунік елесі кезіп жүрген сияқты. Материалдық құндылыққа оңай жетуді, жұрт алдында беделді болуды армандап, заңгер, экономист немесе әнші болсам деп армандайды. Сайып келгенде, екі қолға бір күрек таппай жұмыссыздардың санын көбейтеді. Бұл жерде көптеген қазақ ата-аналары балаларының құрылысшы, сылақшы-әктеуші,темір ұстасы, электрші, сантехник, дәнекерлеуші сынды мамандықты игеріп, сол салада жұмыс істегендеріне арланатынын да айта кету керек.  Қазір кәсіптік білім беру ошақтарында оқитын қазақ жастары аз. Мектепте оқып жүрген балалардың  бірде біреуінің аузынан механик, сантехник, темір ұстасы,  тіпті аспазшы, тігінші  боламын дегенін естімейсіз.

Міне, осыдан сол бала ертең бір жөндеу жұмыстарын жасаса да, үй салса да шығынданып, басқаларды жалдайды. Тіпті үлкен құрылыс компанияларының өздері елімізде маманның жоқтығын сылтауратып, шет жұрттан мамандар шақыратыны жасырын емес. Жуырда Премьер-министр Серік Ахметов Астанада құрылысшы, краншы мамандары тапшы екендігін айтты. Әр құрылыс компаниясы мамандарды өздері даярлау қажет деген ұсыныс білдірген болатын. Алайда сол компаниялар мамандарын өздері өз қаражатына оқытып, жатақханамен, күнделікті ас-сумен қам­тамасыз ете қояр ма екен? Кейбір компаниялар Премьер-министрдің бұл ұсынысын өздері пайда көзін табу мақсатында ақылы орталықтар ашу қажет деп те түсінген болар. Дегенмен, өз мамандарын өздері оқытып, не болмаса лицейлерге қажетті мамандыққа тапсырыс беріп отырған компаниялар некен-саяқ.
Ресми деректер көзіне сүйенсек, бүгінде құрылыс саласына 10 мыңға тарта, ауыл шаруашылығында 10 мыңға жуық, машина мен жабдықтау техноло­гия­сында 8 мың, қызмет көрсету саласында 7 мың­дай маман жетіспейді. Ал облыстардағы өндіріс орын­дары 5400-дей орта буынды маманға зәру.

Мамандыққа мұқтаждық болмауы үшін кәсіпті меңгер, жас өрен!Кез келген елде жұмыс орнының үштен екісі осы техникалық кәсіптік білім алған мамандарға арналған. Жоғары білімі бар мамандарға бағытталған жұмыс орны үштен бір деңгейде ғана болуы керек. Ал бізде соңғы бес-алты жылда керісінше жағдай орын алды. Еліміздің экономикасын көркейтіп, өңірде өркенді өзгерістер жасайтындар сол жұмысшы маман екенін қашан түсінер екенбіз?! Осы ретте аттестатын қолға алған жастарға мамандық таңдауда аймақтық ерекшелікті, мемлекеттік саясатты басты назарға алуды ескертетін уақыт келді. Неге «Ел бола­шағы — кәсіптік маман иелерінің қо­лында» деген ұранмен алыс ауыл-ай­мақ­тарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбеске?! Ауылды жерлерде нағыз шаруашылық пен өндіріске қажетті білікті маман тапшы екені айтпасақ та түсінікті шығар.

Елімізде 894 кәсіптік лицей мен кол­ледж бар. Оның 56-сы индус­триалды-инновациялық даму картасы аясында шаңырақ көтерген болатын. Сондай-ақ «Кәсіпқор» холдингі   әлемдік деңгейдегі колледждер желісін құру және дамыту, еңбек нарығының техникалық мамандықтар бойынша жоғары білікті мамандарға деген сұ­ранысын қанағаттандыру мақ­сатында,  бәсекеге қабілетті жоғары сы­­ныпты кәсіпқорларды даярлау үшін құрылған болатын. 2016 жылға дейін Қазақстанда халықаралық талапқа сай техникалық және кәсіптік білім беретін 9 колледж ашылады деп күтілуде. Бүгінде жастарды былай қойып, былайғы қарапайым халық та кәсіптік мамандықты игеруге талпынып жатыр. Өз кезегінде Үкімет те жұртшылықтың оқу орындары мен түрлі орталықтарда кәсіптік мамандықты меңгеруіне жағдай туғызып отыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бар. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен, жергілікті бюджет есебінен де техникалық-кәсіптік мамандар даяр­ланады. «Жұмыспен қамту» бағдарламасының арқасында тігінші, аспазшы, дәнекерлеуші, көлік жөндеуші, ағаш шеберлері мамандарының қатары күннен-күнге артуда. Дайындық курстарын сәтті аяқтап, жұмысқа орна­ласқан соң алты ай бойына мемлекет тарапынан 28 мың теңге көлемінде қосымша қаржы-жәр­демақы төленіп тұратыны және бар. Бұл өз кезегінде халықты кәсіптік мамандықты игеруге ынталандыру. Бұның барлығы бұл салаға қолдау бар дегенді білдіреді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, қазір кәсіптік лицейлердің барлығы жаппай колледж болып өзгертілуде. Алматыдағы 11 лицей қазір колледж ретінде жұмыс істеуде. Мұндағы оқу мемлекеттік тапсырыс есебінен болған соң тегін. Ендігі ретте дуалды жүйеге көшу қолға алынуда. Дуалды оқыту жүйесі теориямен қоса тәжірибені пайдалану деген сөз. Яғни түлектер теориялық жағынан ғана емес, тәжірибе жағынан да сауатты болмақ. Дегенмен, бұл жүйе еліміз үшін қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетпек. Осы орайда Алматыдағы полиграфия колледжіне, бұрынғы №5 кәсіптік-техникалық лицейге бас сұқтық. Бірінші кезекте колледж басшылығынан лицейдің колледжге айналуының мәні неде екенін сұраған едік. Бұған колледж директо­ры Билалдин Ахметов бұған дейін ли­цейлер – кәсіптік-техникалық, ал колледждер – орта білімнен ке­йін­гі кәсіптік білім беріп жүргенін, барлығы колледж болғаннан кейін заң бойынша колледж техникалық-кәсіптік және орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беретін мекеме деп аталатынын айтты. Сонда бұрынғы лицейдің мамандықтарын да, орта білімнен кейінгі мамандықтар бойынша да мамандарды колледж дайындайды. Демек, колледжде кәсіби білім берудің екі деңгейі жүреді. Аталмыш оқу орнында мемлекеттік тапсырыс есебінде жылына 300 оқушы қабылданады. Түлектерді кәсіпорындар өздеріне тәжірибеден өтуге шақырып, соңында жұмысқа қабылдайды екен. Заманға сай техникамен жабдықталған бұл білім ордасында оқу тегін және оқушылар тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Колледж бас­шы­сы кәсіпорындармен келісім-шарт­тарға отырып, қажетті курстарды солардың есебінен оқытып, тиісті тапсырыстар алады. Айталық, биылдан бастап бұнда жарнама дизайнері мамандығын оқыту қолға алынған. Сондай-ақ Б.Ахметов қазір кәсіби фототілшілердің тапшылығы байқалған соң, оларды оқытатын орындардың болмауын тілге тиек етті. Бұл ретте аталмыш колледжде болашақта фототілші мамандығын ашуды көздеп отыр. Расында, мұнда атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Дегенмен, еліміздегі барлық колледждер бұндай емес. Жекеменшік колледждерде жатақханамен, тамақпен қамтамасыз етілуі тұрмақ оқудың өзі ақылы екені баршаға белгілі. Айталық, Алматы құрылыс және менеджмент колледжінде құрылыс мамандығы бойынша оқу құны жылына 160 000 теңгеге тең. Айтпақшы, таяуда Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов елдегі колледждерде білім беру жүйесі ақысыз негізге көшуі мүмкін екенін айтып қалды. Сонда қалай барлық колледждер тегін оқытыла ма? Өйткені бізде жекеменшік колледж­дер де бар ғой. Ақырын күтуге тура келді.
Еліміздің экономикасына өз үлесін қосып келе жатқан мұнай және газ саласын айтпай өтуге болмас. Қазақстанның ІЖӨ-нің 60 пайызы осы салада. Инвестиция да көбіне осы салаға келіп жатыр. Стабилизациялық қордың көп бөлігі мұнайдан келіп түскен қаражаттан құралған. Осы ретте мұнай ісі мамандарын даяр­лау мәселесінің өзектілігі алға шы­ғады. Атырау облысы Құлсары қала­сындағы Жылыой мұнай және газ техноло­гия­лық колледжінің басшы­ларымен хабар­ласқан едік. Мұнда «мұнай және газ кен орын­дарын пайда­лану», «мұнай және газ скважиналарын бұрғылау» және тағы басқа мамандықтар оқыты­ла­ды. Биыл бұл оқу орны 125 студентті мемлекеттік тапсырыс есебінде тегін қабылдапты. Алайда кол­ледж басшысының орынбасары Бақтылы Айтшыбаеваның айтуын­ша, «мұнай және газ скважиналарын бұрғылау» ма­мандықтары бойынша былтырғы оқу жылында 10 талапкер қабылданса, биылғы жылы 29 студент білім алуда. Демек, бұл ма­мандыққа қызығу­шылық бар деген сөз. Өкініштісі, отандық мұнай компаниялары отан­дық колледж, лицейлерді бітірген мамандардан гөрі жұмыс күшін сырт­тан тартуды дұрыс деп санайтын көрінеді. Мұның астарында не жатыр сонда? Әлде, біздегі білімнің сапасы сын көтермей ме?
Мамандыққа мұқтаждық болмауы үшін кәсіпті меңгер, жас өрен!Алматы көпсалалы колледжіне, яғни бұрынғы №15 кәсіптік лицейіне барып, мұндағы істің жағдайымен танысқан едік. Директордың өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары Сұлтан Әмірұлы бұнда қазір мемлекеттік тапсырыс есебінен 300 студент оқытылып жатқанын айтты. Бұған қоса, оқу бітірісімен құрылыс өңдеу жұмысының шебері, газбен дәнекерлеуші сияқты мамандық иелеріне сұраныстың көп екенін, жұмыс беруші түрлі құрылыс компаниялары өн­дірістік тәжірибеден өтуге өздері шақыратынын тілге тиек етті. Биыл газбен дәнекерлеуші мамандығына 50 студент қабылданыпты. Яғни қазақ және орыс бөліміне 25 студенттен. Ал сұранысы көп радиомеханика мен тоңазытқыш қондырғыларын монтаждау мамандықтары тек қана орыс тілінде оқытылатынын білдік. С.Әмірұлының айтуынша, бұл мамандықтар бойынша қазақ бөлімін ашу енді қолға алынбақ. Алматы автомеханикалық кол­леджінде, қазір 762 студент білім алуда. Бұнда жастар автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша оқытылады. Тағы бір атап өтерлігі, бұл білім ордасында газбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша үш айлық ақылы курстары ашылған. Бұл курста қазіргі кезде колледждің 16 студенті білім алуда. Колледж директорының орынбасары Алмагүл Қазыбайқызы газбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша курстарға сырттан да келіп оқитындар аз емес екенін атап өтті. Дегенмен, бұл оқу ордаларында қазақ жастарының әлі де болса аз екені көзге бірден түседі.
Кәсіптік-техникалық білім беру саласы көп жылдар тасада қалып келгені рас. Осы жөнінде Асқар есімді лицейдің түлегі де пікірін білдірген болатын. Ол өзі оқитын дәнекерлеушімамандығындағылардың басым бөлігі басқа ұлт өкілдері екенін айта келе, қазақ жастарының көпшілігі лицейде оқуды ар санайтынын айтады. Тіпті амал жоқтықтан оқуға түсіп, кейіннен қаншама жастардың басқа салаға ауысып кеткенін де сөз етті. Сірә, кәсіптік-техникалық білім беру ордалары жайлы дұрыс қоғамдық пікір қалыптастыру қажет болар.
Ұлттық дәстүріміз ұрпақты еңбекке баулу арқылы жаңғырып келгені белгілі. Халқымыз өскелең ұрпақты қарапайым кәсіпке баулып, тәрбиелеудің маңыздылығын жақсы түсінген. Ал бүгінгі күндері, кәсіптік білім беруге, кәсіптік мамандықтарға өз деңгейінде мән берілмеуінен ата дәстүрімізден де қол үзеріміз анық. Бұған мал шаруашылығына, агроөнеркәсіпке, тіпті қарапайым тігіншілік салаларында мамандардың жетіспейтінін айтуға болады. Шындығында әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлық­тары түптеп келгенде, виртуалды қаржы институттарымен емес, адам­ның еңбегімен жаса­латынын түсінетін уақыт жетті. Мерзімді баспасөздерде, телевизия мен радиода инженерлік, техни­калық-кәсіптік мамандар мен осы сала жұмысшылары жайында айтыл­ғандарын көп байқамаймыз. Көлік жүргізушісі, сауыншы, егінші, токарь секілді мамандық иелерінің теле-радиобағдарламалардың кейіпкерлері бол­ғанын көрген де, естіген де емеспіз.
Қазір елімізде техникалық және кәсіптік білім берудің сапа­лық жағынан жаңа мазмұнына көшу жұмыстары басталды. Бұл жұ­мыстар кәсіптік оқу орындарын бітірушілердің әлеуметтік қорғалуы мен ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Шикізат шығарушы елден оны өңдейтін жаңа технология еліне айналу міндетін іске асыратын бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта буын мамандар екендігі белгілі. Сондықтан экономиканы дамытудың басты маңызы кәсіптік білімнің деңгейін көтеруде жатыр. Дамыған отыз елдің қатарына ену міндеттерін тиімді және жедел іске асыру үшін техникалық және кәсіби оқу орындарын басқару жүйесін жетілдірудің де маңызы зор. Кәсіптік-техникалық білім саласын материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінен бастап, оқу жоспары, ұстаздардың біліктілігі мен қалыптасқан стандарттарға өзгерістер енгізу керек-ақ. Техникалық және кәсіптік ұлттық кадрларымызды бәсекеге қабілетті ету қажет. Олай болмайынша, мемлекеттік жедел индустриялық-инновациялық даму жобасы да іске аспайды. Біз ең әуелі, сырттан жұмыс көзін тартқаннан гөрі ел экономикасын өркендететін ұлттық кадрларымызды даярлауды басты мақсат қойғанымыз жөн. Бұл ретте кәсіптік-техникалық мамандықтарды насихаттап, мектептерден бастап тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізіп, әсіресе, қазақ қоғамында кәсіптік-техникалық мамандыққа деген құрмет пен сүйіспеншілік көзқарасын орнықтыруға күш салған жөн.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Аружан

    Тілші ойы дұрыс. Қазір мектеп бітіріп жатқан түлектер «сәнге айналған» заңгер, қаржыгер сияқты мамандақтарды таңдап алып, Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыс таба алмай, әлек болады.

  2. Жарқын Шәкенұлы

    Бұл бүгінгі күні көтерілген өзекті мәселелердің бірі. Шынтуайтында, қазақ жастары ел экономикасын көтеруді емес, сәнге айналып кеткен мамандық иелерін таңдап, шенеунік болуды армандайтыны рас. Бұған біздің тәуелсіздік алғанымыздан кейінгі жылдары қалыптасқан жағдай да әсерін тигізген болар. Атап айтсақ,КСРО құлағаннан кейін қаншама адам жұмыс таппай, базарларға шығып кетті. Қаншама өндіріс орындары жабылып қалді. Міне, осыдан қазақ санасына кабинеттік жұмыста, яғни, заңгер, қаржыгер болғандар ғана жақсы жалақы алады деген ой да қалыптасып кеткендей. Бұған біздің баспасөз де өз әсерін тигізді.Иә, шынымен кәсіптік мамандар дәріптелмейді. Бұл дәріптеу, баспасөзден бұрын отбасынан басталу қажет. Егер ата-ана баласына белгілі кәсіпті меңгерсең, соның түбіне жетсең, жемісін көресің демейді ғой. Тіпті, қазіргі қазақ қоғамында баламды телеарнадан көрсек, әнші не актер болса деп атаққұмарлықты ма, әлде басқаны ма ойлайтын ата-ана көп. Сайып келгенде өнер бұл өмірдің айнасы емес пе?! Ал кәсіптік мамандық өмірдің өзі ғой. Соны қашан ұғамыз, ағайын? Журналист Ақбота Исләмбектің ізденгендігі көрінеді. Қазіргі лийей, яғни колледждерді де зерттепті. Алайда, қай лицей бізге балалар келмейді, оқымайды деп айтады. Айтпайды. Үгіт-насихат жасаушы мектептегі ұстаздарымыз тіпті, жаман оқитындарды колледжге қуатыны белгілі. Бұны көрген жас баланың санасында колледж, лицейге тіптен қолынан ешнәрсе келмейтіндер барады деген түсінік қалыптасып кететіні жасырын емес. Сондықтан, қызыл дипломы бар заңгер болып, даяшы болып жүргенді қою керек. Ұрпақтарға да кәсіптік маман иелерін құрметтеуді қалыптастыра білген жөн. Қанша дегенмен, елдің бәрі шенеунік болып, кабинетте отырмайды ғой. Соны түсіну керек. Тіпті, телебағдарламаларда ел экономикасын көтеру кәсіптік мамандарды қолдаудан басталатынын айту қажет.

  3. Сағит

    Қазір ата-аналардың өздері балаларын мектеп бітіретін кезде «престижный» мамандықты таңдауға итермелейді. Яғни «Елшілік қызметте боласың, «Танымал боласың», «Ақшаң көп болады» деп ақыл айтады. Баланың болашақ мамандық таңдауында қателесуіне жол береді. Болашағынан гөрі мансабын көбірек ойлайды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.