«Тілі екеудің – діні екеу…»

Қазақстандық орыс  баласына қазақша қажет емес (пе?)

Адам-пенде қызық қой! Соның ішінде өз-өзінен өтірік айтып, оны неге айтып отырғанын өзі де білмей, сол өз өтірігіне өзі иланып, содан арабша айтқанда «кәйф» ұстап бір балмағыз рахат сезімге бөленетін адамдар болады. Осы күні кейбір қазақтар «2025 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы қазақша сөйлейтін болады» деп күпсініп отырғанын естігенде тап әлгі «кәйфкер» қазақ есіме түсе кетеді. Оған неге сенгің келмейді дейсіз ғой?! Иә, өз басым оған 99,9 пайыз сенбеймін. Өйткені…
Иә, өйткені айтылған сөз болсын, берілген уағда болсын, оны жүзеге асырудың алдын ала белгіленген жоспары, тиісті шаралары белгіленіп, ол соларды атқарушы адамдарға жүктеледі, міндеттеледі, тапсырма беріледі, оларды бастау, тәмамдау мәулеттері, яғни мерзімі белгіленеді. Бізде әлгі 90 пайыз қазақша сөйлеуге қатысты бұлардың бірде-бірі жоқ! Қазақ тілінің мемлекеттік мекемелердегі, мектептердегі қадір-қасиеті, алар орны осыдан 22 жыл бұрын қандай болса, бүгінгі шыққан «биігі де», алар орны да әлі де сол күйінде.

Ал әлгі мемлекеттік мекемелерде де, бүкіл министрліктерде де, мектептерде де, телеарналарда да сол күйінен төмендемесе, жоғарылаған жоқ деп батыл айтуға әр қазақтың хақы бар. Жоғарыламақ түгіл, қазақ тілінің Қазақстанда оншалықты қажет емес екенін Колбиннен естелікке қалған қостілділік аз болғандай, енді үш тұғырлы тілді енгізіп, жас сәбидің миын атала қылудың өзі-ақ дәлелдеп берді. Бұл – қазақтың жас ұрпағын мәңгүрттендірудің, ең оңай, ең арамза тәсілі. Өйткені жастайынан үш тілде сөйлеген сәби ешқашан ең әуелі өз ұлтын сүйетін, өз ұлты үшін жанын беруге дайын, таза өз ұлтының азаматы болып шықпайды. Ол боламын десе де бола алмайды. Оны дәлелдеп, сөз шығындап, пікір таластырып жатудың қажеті де жоқ. Үш тілді түгіл кеңес заманында тәрбиеленген қостілділердің көбі, орысша өлең жазып атақты ақын, жазушы болғандардың қазақ тілі, қазақы тәрбие, қазақы салт-дәстүр мәселесіне келгенде не сабындай бұзылып, не қазаққа қарсы жаққа тайқып шыға келгенін де, қазаққа қарсы соларға қосыла шапқанын көріп те, біліп те жүрміз. Ел байлығын қалтасына басып, шет елге қашып кеткендер түгел дерлік орыс мектебінде оқығандар. Сөйте тұра, сондай космополиттер мен нигилистерді, санасы мәңгүрттерді ұлтымыздың бетке ұстары ретінде жер-көкке сыйғызбай мақтайтындар әлі де бар. Рас, олар Кеңес заманында орыс мектептерінде оқып, орысша «великий народ» деген қағида сәби шағынан бастап миына сіңіп қалғандар. Ал бүгін ше?
Ресейден азаттық алған тәуелсіз Қазақстан аталатын еліміздің мектеп­теріндегі, әсіресе орыс мектептерін­дегі қазақ тілінің жағдайы ше? Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту дұрыс жолға қойылған ба? Ал қазақ мектептерінде қазақ балалардың орыс тілін үйренуіне қандай талап қойылса, орыс мектептерінде орыс балаларының қазақша үйренуіне сондай талап қойыла ма? Бұл туралы бір ауыз лебіз айтылмайды.
Енді мектептердегі осы мәселеге тоқталайықшы. Қазақ мектептерінде қазақ тілі пәні аптасына 3 рет оқытылса, орыс тілі де дәл солай 3 рет оқытылады. Бұл болашақта қазақ тілі өзінің мемлекеттік деңгейдегі биігіне көтерілетініне зор күмән туғызады. Өйткені мемлекетті басқарудың ең басты құралы полиция да, әскер де емес–тіл. Мемлекет ең әуелі мемлекеттік тіл арқылы басқарылады. Президент немесе хан тағында екі президент немесе екі хан отырмауға тиісті екені рас болса, тіл де солай. Ресейде 130 емес, 400 ұлт тұрып жатса да мемлекеттік тіл – орыс тілі. Орысша білмесең – аула сыпырушылыққа да алмайды. Әшейінде, орыс не істесе соны істейтін қазақбасылары орыстан осыны Қазақстанда неге қайталамайды? Келешекте қазақстандықтардың 90 пайызы қазақша сөйлейді, іс қағаздары қазақшаға көшіріледі дегеннің бәрі қып-қызыл өтірік емес, қазақты алдап қою емес болса, мемлекеттік тіл тағында қазақ тілі ғана отыруы керек. Олай деуге орыстардан немесе Ресейден қорқатындар Қазақстан халқының 80 пайызы қазақ, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, татар, қырғыз деп аталатын түркі тілділер екенін алға тартуына әбден болады. Ал бұлардың бәрі қазақша біледі, бір-бірімен емін-еркін сөйлеседі, сөйлешеді, гәплашады. Сондықтан да олардың ешқайсысы қазақ тілі өз тағына отыруына қарсы емес. Қарсы шығатындар тек орыстардан шығуда. Әзіл ретінде де, шындық ретінде де өз басым мына бір сөзді үстелімнің үстіне жазып қойдым: қазақ тіліне орыстың бәрі қарсы емес, бірақ қарсылардың бәрі тек – орыстар ғана! Ендеше, қазақ жерінің дәм-тұзын татып, ас-суын ішіп, өзге байлықтарын қазақ қасқаның өзінен артық болмаса, кем пайдаланбай отырса да оны місе тұтпайтын және баяғы «ұлы орыстық», шовинистік ауруынан арылмаған аз ғана топтың қас-қабағына қарап мектептерімізде орыс тіліне қазақ тілімен бірдей сағат беріп қоятындай бізге не көрінді? Әлде егер балаларымыз орысша араластырып сөйлемейтін болса, мемлекетті басқара алмай қалады ма? Бұл қазақ мектептеріндегі қазақ балаларының миына артылған қосымша жүк десе де болады. Бұл бір.
Екіншіден, қазақ мектебіндегі балалар орыс тілінен мазмұндама, шығарма жазады. Егер ең үздік оқитын қазақ баласы орысша осындай жазба жұмыстарынан 3 немессе 4-тік баға алып, тоқсандық не жылдық қорытындыда сондай бағамен шықса, ол қазақ сәбиі үздік оқушы болып есептелмейді. Бұл қазақ ұрпағын қорлау, қазақ ұрпағының келешегіне ор қазу емес дей аласыз ба? Дей алмайсыз!
Осының бәрі аз болғандай қазақ сәбиі орысша жауап беріп тұрып, екпінді (оны ударение деуі керек!) дұрыс түсірмесе де, мысалы «Расс-и-и-я» демей, «Р-о’-о’-ссия» деп екпінді «о»-ға, «т-о-о-поль» демей «топ-о’-о’-ль» деп, «л-е-е-е’-бедь» демей, «леб-е-едь» деп екпінді екінші «е»-ге түсірсе, орысша «таза сөйлейтін данышпан» балаларға күлкі болады да, мұғалімі оған – 3 қойып: «Садись минус три» дейді. Бұл да қазақ баласын жастайынан орыстың алдында кібіртек, жасқаншақ етіп, үлкейгесін өзін орыстан төмен сезіндірудің мықты құралы. Яғни қазақты баяғы құлмінез қалпында ұстаудың ең оңай жолы. Ал құлмінез ұрпақ, құлмінез халық нағыз азаттық, нағыз бостандық, нағыз тәуелсіздік дегеннің не екенін, қандай болатынын білмейді, оған тереңірек бойлап, ойлануға да қабілетсіз болады. Ал нағыз тәуелсіздікті, нағыз азаттықты білмейтін ұлт тойқұмар, ойын-сауықшыл, ата-бабасында болмаған, «туған күн» дегенді жыл сайын атаусыз қалдырмайтын, ішкен-жегеніне, қарны тоқтығына, үстінде біркиер таза киімі болғанына мәз, мәңгүрт ұлт болып қала береді. Міне, осы жағдаяттың, яғни тілінің үстемдігінің арқасында әлгі орыс баласы өскесін де өзін қазақтан жоғары ұстайтын болады. Әлгінде қазақ баласы орыстың бір сөзін дұрыс айтпаса күлкі болады дедік. Алатын бағасы да төмен болатынын айттық. Қазақтардың ішінде күні кешеге дейін «орысша акцентсіз» сөйлеуіктер ғана ең данышпан, ең білімді, ең ақылды болып есептеліп, ең алдымен атқа мінетіндер де, атақ-даңқтылар да солар болып есептеліп келді. Сол үрдіс Қазақстанда әлі сол күйінде! Қазақ мектебінде кейбір қазақ баласы орысша «акцентпен» сөйлесе, орыс мектебіндегі орыс баласы қазақша акцентпен де сөйлемейді, сөйлегісі де келмейді. Өйткені орыс мектебінде оларға қазақ мектебіндегі балаларға қойылғандай талап қойылмайды. Керек болса, қазақ тілі сағатында орыс балалары мектеп ауласында доп теуіп, асыр-салып ойнап жүреді. Олар күні ертең мектеп бітірерде барлық сабақтан 4 пен 5 болып, қазақ тілінен қақпаса да аттестат алып, қазақшасыз-ақ кез келген ЖОО-ға түсетініне Христосқа сенгендей сенеді. Өйткені олар сол ЖОО-ны бітіргесін де қазақтың дәм-тұзын татып отырып та қазақтың «нан», «тұз» деген сөзін, аңқасы кеуіп өлім аузында жатса да «су» деген сөзін айтпай-ақ Қазақстанда «можно жить как в раю» екенін кішкентайынан, сонау балабақшада жүріп-ақ әбден біліп алған. Ол солай тәрбиеленген. Осы жерде айтпасқа болмайтын бір жайт бар. Әлде орысқа қарағанда оқу-білімге алғыр ма, әлде өзі өмір сүріп жатқан жердің тарихи ие ұлтына деген құрметшілдігі, орыс­тан гөрі мәдениеттілігі ме, ол жағын біз білмейміз, әйтеуір Қазақстанда тұратын немістер қазақшаға судай не әп-сәтте қазақша үйреніп алады. Орыс мектебінде оқитын неміс балаларының қазақша сайрап тұрғанын талай көрдік. Ал орыс балалары неге ондай емес? Орыс мектептерінде қазақ тілін үйренуге неге қатаң талап қойылмайды? Ал қазақ мектебіндегі қазақ сәбилерінің орысша сөйлеуіне, орысша «акцентсіз сөйлеуіне» неліктен сонша жоғары талап қойылады? Бұның ар жағында қандай құпия жатыр, ол құпия неге ашып айтылмайды? Бұл –қазақтар ойланатын қазақтар талдап, қазақтар шешім шығаратын жағдаят. Біле білген адамға бұл – қазақ ұлтына жасалып отырған қиянат, қазаққа қарсы жасалып отырған қылмыс! Енді осының бәрі аз болғандай қазақ шонжарлары қазақ сәбилеріне балабақшадан бастап ағылшын тілін үйретуді міндеттеді. Бұл қастандықты кім ойлап тапқанын, кім ұсыныс жасағанын біз білмейміз. Бірақ бір ұлтты жойып жіберу үшін осы қостілділік, үштілділік дегеннің өзі-ақ мол жетеді. Бір ұлтты жер бетінен ешқандай қару-жарақсыз жоқ қып жіберу үшін қостілділік дегенді енгізу-ақ жететінін Дэвид Кристал деген ағылшын ғалымы «Тіл ажалы» деген кітабында айтқан. Ал ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері:
Қашанда тілі екеудің – діні екеу
Байқамай, жоқ қып алма дініңді адам!–деген екен.
Иә, бүгінде Қазақстан шонжарлары дүниежүзілік лингвистикада жоқ «үш тұғырлы тіл» дегенді ойлап тапты. Қазір «көп тіл білу пайдалы» деген сайқали сөз қазақтардың миына сыналап, білдірмей енгізілуде. Соған сенген аңқау қазақтармен еліктегіш қазақтар балаларын шет тілдерін оқытуға беріп жатыр. Тіпті «біз– қазақтар, әрқайсымыз осылай көп тіл білу арқылы алдағы уақытта дүниежүзін басқаратын боламыз» деген ең есуастық, ең ақымақтық сөздер ара-тұра айтылып қалып жүр! Мұндай ессіздік басқа халықтарда бар ма, жоқ па білмейміз. Бірақ бірде-бір орыс, бірде-бір ағылшын немесе француз балаларына көп тіл білу керек дегенді айтпайды. Қазақтар ғана балаларына «көп тіл біл» деп үйретеді. Қарап отырсаңыз, қазір ұлтын тілін, дінін сатып, елін сатып, отанын сатып шетелге кетіп жатқандар түгел дерлік орыс мектебінде оқығандар! Әлемдегі ең бір озық та, ең бір ілім-білімі дамыған, әрі мәдениеті жоғары жапон ұлты балалары 14-15-ке келгенше басқа тілді маңына жуытпайды. Өйткені олар кішкентайынан екі тілде, үш тілде сөйлеген бала өскесін нағыз өз ұлтын сүйетін, ең әуелі өз ұлтын құрметтейтін азамат болмайтынын, туған жерін емес, тойған жерін сыйлайтын біреу, яғни космополит болып шығатынын ғылыми және іс жүзінде зерттеп, дәлелдеп шыққан.
Тағы бір қызық: «орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі» деген қағиданы кім ойлап тапты? Дүниежүзілік лингвистикада ондай термин атымен жоқ қой! Кеңес заманында «надо думать в планетарном масштабе», «об общечеловеческих заботах» деп гүрілдеп, «прощай, насекомый брат, прекрасный организм» деп өлең жазып, осы күні де «Қазақстан үшін тәуелсіздік өте қауіпті» деп жүрген космополиттердің бәрі орыс мектебінде оқығандар немесе қостілділер! Қазір «Қазақтелекомдағы» «118» деп аталатын анықтамалықта отыратын орыс қызға қазақша бірнәрсе сұрасаң телефон құлақшасын тастай салады, дүкенде тұрған сатушы орыс қатынға қазақша сөйлесең, жауап бермей «не деп тұрсың?» дегендей бетіңе бедірейіп қарайды. Біраз шекеқызбай болып баратса, ол саған «я не обязана тебе говорить на казахском» деп аузыңа бір уыс құмды құя салады. Міне, біздегі «бірлігі жарасқан» «братандықтың» түрі.
Ұзын сөздің қысқасы Қазақстандағы қазақ тілінің дәл бүгінгі жағдайында 2020 жылы қазақстандықтардың 90 пайызы қазақша сөйлей қояды деу қиын.

Қазір Қазақтың үш сөзінің екеуі орысша

болып баратқанын күн сайын көзіміз көріп отыр. Осының өзі-ақ тілдер де, мәдениет те ешқашан бірін-бірі байытпайтынын, қайта қай ұлттың мемлекетінің қаруы көп, ұлтының саны көп болса, сол ұлттың тілі өзіне бағынышты екінші ұлттың тілін, салт-дәстүрін, яғни мәдениетін біртіндеп жұтып қоятынын, жаңағы Дэвид Кристал мен Әбубәкір Кердері (1858-1903) айтқандай, ұлтты жойып жіберетінін анық көрсетіп отыр. Сөйтіп, ұлт жойылар алдында екінші, яки бағынышты ұлттың жастары өз тілінде сөйлеуді, өз салт-дәстүрін сақтауды артта қалушылық, мәдениетсіздік деп ойлайтын және үстем ұлттың тілінде сөйлейтін болады.Мұны лингвистикада «ассимиляция» дейді. Біз ассимиляцияға ұшырадық. Әттең, бүгінгі күні осыны білсек те білмеген болып, әлгіндей қостілді, үштілді саясатты неге жүргізіп отырғанымыз түсініксіз.
Ал жасы жетпістен асқан Олжас Сүлейменовтың берген сұхбаты бойынша біздің бұл айтып отырғанымыздың, жалпы қазақ мәселесі туралы жұдырықтай жүрегің жапырақтай қалтырап отырып айтқаныңның бәрі общечеловеческий емес «аулбайский патриотизм»! Әлде қазақтарға қарап аузыңа келгеніңді айта берсең, сене береді деп ойлайды ма, әлде өздерінің надандығы ма қайдам, қазір қазақ басшылары мен кейбір ғалымсымақтар «орыс тілі –ұлтаралық тіл», «ағылшын тілі–экономиканың, нарықтың тілі» деген тезисті ойлап тауыпты. Соны кейбір қазақ газеттері со күйінде жариялайды. Сонда ол тілдерге ондай мәртебені (статусты) кім беріпті? Сонда қалай, егер орыс тілі болмаса, бүкіл түркітілді халықтар мен испан, угро-фин, парсы, қытай, санкрит тілді халықтар бір-бірімен сөйлесе алмай, бір-біріне екі көзі жаудырап қарап тұратын мылқауларға айнала ма? Егер ағылшын тілі болмаса, дүниежүзінде сауда-саттық тоқтап, әркім өз затын өзі ғана пайдаланып үйінен шығудан қалады ма? Бұл – әшейін, қазақ шенеуніктерінің халықаралық саясаттағы жәреукелігі, жағымпаздығы және қайткенде қазақ тілін қажетсіз тіл деп өз жымысқылығын жүзеге асырудың бір тәсілі ғана. Олардың Қазақстандағы телеарналарды түп-түгел күндіз-түні орысша сарнатып қоюының, Қазақстанның бүкіл қалалары мен тірі орысы жоқ ауылдарына орысша газет-журналдарды қардай боратып тастауының ар жағында осы жымысқылық жатыр. Әңгімені, орыс мектептеріндегі қазақ тілінен бастадық. Ендеше, олар осының бәрін көрмей-білмей отырған жоқ. Яғни олар балаларына мектепте де, үйде де қазақша үйретпейді де, оқытпайды. Өйткені Қазақстанда қазақ тіліне қажеттілік жоқ екенін түсініп болды. Олар түгіл қазір қазақтар сөйлеп отырғанда құлақ түрсеңіз, олардың үш сөзінің екеуі орысша. Ең қорқыныштысы сол қазір қазақтар өзі қолданып жүрген бұйымдар мен мүліктердің қазақша атауын біле тұра соның орысшасын айтатын ауруға ұшырады. Мысалы, қазір қазақтар бір-біріне «нормально», «нормально ма?», «короче», «вообщем», «кстати», «братан», «сестренкам», «племянницам», «племяннигім», «снимать ету керек» деген сияқты сөздерді қыстырмаса, өз ойын жеткізе алмай, қолдарын ербеңдетіп, аянышты бір күйге түседі. Енді «ң» әрпін айтпай оның орнына «н» дыбысын қолданып «жаңағы» демей «жанағы», «мың теңгені» «мын тенге» деп тілін өтірік бұрмалайтын ақымақтар көбейіп барады. Соларға қарап тұрып, әрі «байғұс қазақтар-ай» деп аяйсың, әрі ішіңді ашу-ыза кернеп кетеді. Бұл үшін де халықты еліктегіш деп кінәлау қате. Оған жоғарғы жақтағылардың жалтақтығы, ұлттық намысының жоқтығы, күшті мемлекетке жағымпаздығы, яғни жүргізіп отырған саясаты ең әуелі кінәлі. Қазір қазақтар асханаға барғанда тамағын «первый», «второй» деп атайды. Өйткені бүкіл асханалардың мәзірі (менюі) орысша жазулы тұр. Сондықтанда «половина берші», «полный берші» деп сұрайды.
Қазір бір қандастарымыз «үйдің қабырғасын тек «стена» деп атайды. Оны қазақ қабырға деп те, кереге деп те, жар деп те айта береді. Қазір қазақтар қазанның қақпағы демейді, «крышка», үйдің төбесін «крыша», сыпыртқы, сыпырғыш, сыпырғыны «веник», моншаны «баня» дейді. Басқа мұндай мысалды келтірсеңіз, қағазға сыймай кетеді. «Екі бөлмелі, «үш бөлмелі» демей, «двух комнатная», «трех комнатная» дейді. Осының бәрі бүгінгі қазақтың өз елінде жүріп-ақ тілі, салт-дәстүрі ғана емес, бүкіл сана-сезімі, ақыл-есі ассимиляцияға ұшырағанының, қаттырақ айтсақ, жаппай мәңгүрттеніп бара жатқанымыздың нақты, бұлтартпас дәлелі. Ал ассимиляцияға ұшыраған жеке адамда да, тұтас ұлтта да ұлттық сана, ар-намыс деген мүлде жойылып, ол бірыңғай мәңгүрт адамға, мәңгүрт ұлтқа айналады. Біз бұл қасіреттен сақтану кезеңінен өтіп кеткенімізді байқамай қалдық. Сол байқамағанымыздың, сол аңқаулығымыздың кесірінен әлі де «өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді», «егемендіктің арқасында» деп өзімізді-өзіміз өтірік жұбатып келеміз. Енді дереу ес жимасақ, болмайды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

9 Пікір

  1. Темірбек

    Қазіргі орыс халқының кейбір өкілдері, орыстілділер қазақтарға бұрынғы кеңестік кезде қалыптасқан шовинистік көзқараста қарағылары келеді.

  2. Мейрамгүл

    Жақында жұмыс барысында тез арада бірнеше мемлекеттік мекеменің телефон нөмірі қажет болып, аға жазғандай, 118 анықтамалығына қоңырау шалып, қазақша сұрай бастағаным сол еді, ондағы қыз телефонды тастай салды. Қайта қоңырау шалғанымда, осы әрекет тағы да қайталанды. Содан кейін амалсыздан қайтадан хабарласып, тілімді бұрап, орысша сөйлеуіме тура келді. Өз елімде өз ана тілімде сөйлей алмағаныма тағы да өкіндім.

  3. Серік

    Өзге ұлттарды кінәлай бермей, өзімізден қате іздегеніміз дұрыс.

  4. Арман

    «Қазақ тіліне орыстың бәрі қарсы емес, бірақ қарсылардың бәрі тек – орыстар ғана», деп жазыпты. Шындығына келсек, қазақ тіліне қазақтың өзі қарсы. Кім бізге кедергі болып тұр бір-бірімізбен, орыстілділермен қазақша сөйлесуге? Олар түсінбейді емес, түсінеді. Бірақ біздің өзіміздің тілден ұялып, орысшаға көше жөнелуіміз, қазақ тілінің бәсекеқабілеттігінің төмен екендігін байқатады. Бір орысша отырды екен деп, бәріміз орысша сөйлесе кететіндігіміз ешкімге жаңалық емес. Орысша оқыған қазақтар қорқады орыс тілінен айрылып қалуға. Одан айырылса бәрінен айырылады. Сондықтан олар жақтан ешбір қолдау жоқ десем, қателеспеймін. Қазақша балабақшалар мен мектептерді көбейтіп, орысшаны азайтса, сонда мүмкін 20 жылдан кейін қазақшаланатын болармыз. Сол күнге жетейік, ағайындар. Сосын мына барлық сөздерді қазақшаға аудару, қазақ тілін күрделендіріп, оның жағдайын төмендетіп жатқан сияқты. Орыс тілі де лезде осы беделге жеткен жоқ. «Губка» сияқты, әр тілдің сөздерін өздеріне келістіріп, өзінікі қылып алады.

  5. Жанболат

    1.Үйде баланың анасы орысша сөйлесе,жағдай бітті дей бер. 2.Көршілеріңнің баласы орысша сөйлесе де солай. 3.Жасөспірім сенімен орысша сөйлесе, одан теріс айнал. 4.Қазақ қазақпен тек қазақша сөйлесу керек. 5.Оқушы кампиөтірді тек демалыс күндері ғана пайдалану керек. 6.Орыс тілді басылымдарға мәшиненің нәлогындай өсіріп, налөг салсын. 7.Орыстілді балабақшаларды жабу керек. 8.Телеарналардан атыс-шабысқа толы киноларды алып тастап,еңбекті ғана дәріптейтін филімдерді көрсету.

  6. Мәке.

    Біз бір -екі жылдай қаламыздағы такси қызметін қолға алғанбыз. Семинарлар, дөңгелек столдар жүргіздік. Шағын сөздіктер де жасап бердік. Арада аз уақыт өтпей, телефон соқсақ, орысша сөйлеңіз деп телефонды тастай салды. Қазақша ресми жіберген қағазымызды қабылдамады. Прокуратура арқылы сотқа бердік. Әкімшілік сот айыппұл салды. Бұларды тайраңдатпай сотқа беріп отыру керек.Әсіресе халыққа қызмет көрсететіндер қазақ тілінде сайрап тұруы керек.Жезқазған қалалық Қазақ тілі қоғамы.

  7. Қазақ

    Орысқа да, өзгеге де қазақша сөйлейік, түсінбедім дейік, әйтеуір орысша сөйлеуден басымызды алып қашайық. Өткенде бір орыс қалғанымыз қазақтар тұрмыз, мен орысқа қазақшалап сөйледім, сөйтсем шикілсары орыс маған орысша сөйле дейді, мен білмеймін, оданда сіз сөйлеңіз қазақша деп, қазақша сайрауға мәжбүрледім. Содан кейін жанымыздағылар мені қолдады. Осыны істеу баршаңыздың қолдарыңыздан келеді емес пе!!!

  8. Манұр

    Тақырып дұрыс, бірақ,мақала өте нашар жазылған. Базардағы ұрысқақ қатындардың монологындай. Біресе орысқа тиісесің, одан кеп метепте орысша оқығандарға соқтығасың, сүрініп кеп Ел Азаматы Олжасқа тіл саласың. Бәріміз орыс мектебінде оқыдық, институт бітіріп орыс тілінде қызмет атқардық.Тбилиси, Ереван, Баку,Свердловск,Москва қалаларында қызметте жүргенде ешкім ана тіліңде сөйлеме деп бөгет қылған жоқ.Үйде де, далада да қазақпен қазақша сөйлесіп жүрдік. Әрине, ана тіліңді жоғары ұстауың керек, ол үшін алдымен Елбасы айтқандай қазақ қазақпен қай жерде болмасын қазақша сөйлесуі керек.Бас мәселе сонда.Ал, орысша, ағылшынша білген жаман емес.Өзім грузинмен грузинше, армянмен армянша сөйлесем.Олардың әнін де айтамын.Одан тек менің өз беделім өседі. Ал, қазақ тілі өте бай, сондықтен болашағы да зор! Орыс тілі империяның күшімен тек дағдыға айналып кеткен. Сөздіктерін алып зерделеп мұқият қарап шықсаңыз орыс сөздері аз, көбі шет тілдерден келген. Кровать деген сөздің өзі оларға гректерден келген, магазин деген сөз арабтың «мағаз» — қойма, сату орыны деген дәрежеде, сондықтан өз тілімізді өзіміз қадірлеп, ешкімге соқтықпай, қазақша сыпайы да мәдениетті сөйлеп, бір-бірімізді сыйлап өтейік. Сонша көп халық емеспіз ғой. Целиноградта бірінші институтымды бітіргем, 1969 жылы. Ол кезде қоғамдық жерлерде бәріміз орысша сөйледік.Ал, қазір Астанада қазақтар көп, қоғам көлігінде, көшеде, дүкендерде қазақ тілі сайрап тұр. Кейбір рухы төмендеу қазақтар орысша сөйлеп жатса, олар өздерін ұятқа батырып жатады.Олар да тыйлар.Журналист болсаңыздар саясатқа жүгініп дауға бас ұрғанша, газет бетінен көбірек ана тіліміздің көне сөздерін жазып, соның мағанасын түсіндіріп жатсаңыздар тілге сол көп демеу болар еді. Өйткені филосоия жағынан қазақтың өрнек те мағаналы сөздері орыстың сөздерін шаңына да жуытпайды, өйткені оларда терең ой жоқ. «Тас пен атқанды аспен ат!» деген сөзімді грузиндер бір ай жыр ғып таңданған. Оларда, керісінше, «Ұмтылсаң, ұрып қал!» деген мәтел бар.Біздің сөзде сабырлық,болашақты бойлау, ал оларда қызабшылық, даңғойлық.

  9. тулеген

    Бар кінә өзімізде қазақтар ,орыстар здесь не причем

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.