Ақтан Керейұлы

Бөкен тонын жамылса,
Көкірегі қабынса,
Теріс қабақка бағынса,
Ажалы жеткен майталман,
Көп ұзамай табылса,
Бұл – сұр мергеннің реті.
Ер жігіт елін меңгерсе,
Жетімдерге жем берсе,
Жесірлерге жер берсе,
Алдында тентек жөнделсе,
Әділдігін ел көрсе,
Бұл – азаматтың реті.
***
Аяғына қан түссе,
Айрылар жүйрік ағыннан.
Тұрасынан мертілсе,
Тұлпар қалар қарғыннан.
Көтермешің болмаса,
Топта туың жығылған.
Көмекшіңіз болмаса,
Бәйгіден атың қалынған.
Айдын көлден сән кетер,
Айрылса қу мен қазынан.
Аспанның нұры тамбаса,
Көл қалады шабыннан.
Қонысына бақпаса,
Аруана қалар сауыннан.
Денеден артық жүк артса,
Нар да қашар ауырдан.
Бағым болып қолға өссе,
Нәндік қалар аюдан.
Парақор болып құнықса,
Әділдік қалар ханыңнан.
Оғыда байлап сенбеңіз,
Торығар көңілің залымнан.
Жасы жетіп мендесе,
Ер айрылар қарудан.
Сәні болмас бұлбұлдың
Саясыз жерге саз ұрған.
Қаумалап халқым келген соң,
Селдетпей топан жел сөзді,
Көрінбейін бекер жек.
Таңдайына татымас,
Абыл менен Нұрымнан,
Дәніккен жұртым секер жеп.
***
Азғын тартар қаз бен қу,
Суалса айдын көлдері.
Өзеннің бойы құлазыр,
Жайлаған кетсе елдері.
Тиянақ кетер дариядан,
Бұзылса шалқып сендері.
Дарияға кеме жүзе алмас,
Құрсаулы кетсе шеңбері.
Айдынды туған ер жігіт,
Кемшілік табар майданда,
Семсері кетсе белдегі.
Нұрқасым, Қорек заманда,
Ниеті таза, көңілі хат,
Жаралған абзал пенде еді.
Айран болады екен ақылың
Қолыңнан кетсе сенгенің.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.