Түркі тілінің түпқиянына түрен салған…

Түрколог-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болуға тиіс

Маңғыстау облысының Түпқараған түбегінде туып-өсіп өздерінің түрлі саладағы еңбегімен есімдері елімізге, тіпті әлемге белгілі тұлғалар аз емес. Солардың бірі белгілі түркітанушы – Ғұбайдолла Айдаров.
Ғұбайдолла Айдаров тіл ғылымының түркітану саласына түрен салып, исі қазақтың жаратылу қалыбының да, жазба тарихының тым әріден бастау алатынын дәлелдеп берген ғалым-зерттеуші.
Ардақты ғалымның есімін 30-жылдардың ойраны кезінде Маңғыстаудан ауа көшіп, Жаңғақтың ойын жайлап қалған біздің елдің кәрі-жасы жақсы білетін еді. Қайсыбір отырыстарда өнегелі тұлғаның есімін талай естіп, сәби санамызға сіңіріп өстік.

Өткен өмірі жайында да Ғұбекеңнің өз аузынан талай мағлұматтарға қанықтым. Шағадам жеріне ат басын тірегенде, біздің үйге келіп қонатын. Алматы маңындағы елді мекендерді, Жаңғақтың ойындағы ел ішін аралағанда мені жанынан тастамай бірге алып жүретін. Қайда жүрсе де Ғұбекеңді ел азаматтары, қарапайым адамдар құрақ ұшып қарсы алып, сыйлап, қонақ ететін. Адамдар ол кісінің аузынан тарихи тұлғаларымыз, рулық шежірелеріміз жайында небір тамаша әңгімелерді естіп, бір жасап қалатын.
Ғұбайдолла Айдаров Маңғыстау облысының қазіргі Ақшұқыр, Сайын ауылдары маңында, Емір-Торты (қазіргі Сайын ауылынан бастап Қарақия ойпаты бойын, Ақтау маңындағы жерлерді бұрын Ғұбекеңнің аталары, Адайдың Байбоз-Жанбоз ауылдары мекен еткен) жерінде 1921 жылы 18 маусымда дүниеге келген. 30-жылдардың қызыл қырғыны мен түбекті жайлаған жұт пен жаппай ашаршылық, қызыл империя қыстамшылығы кезінде әкесі Айдар да үй ішімен үдере көшкен елге ілесіп, Жаңғақтың ойына, Шағадам шаһарына қоныс аударған. Ғұбекеңнің айтуынша, Шағадамның (бұрынғы Красноводск, қазіргі Түркменбашы қаласы) Құбатаудың батыс бөктерінде ол кезде қаптаған киіз үйлер қалашығы болған екен. Барлығы Маңғыстаудан ауып келген қазақтар. Ата мекендерін тастап, арып-ашыққан қазақ ауылдарын сол жылдарда жұқпалы ауру жайлап, көп адам ажал құшқан. Ел ішіне жаппай тараған індеттен Айдар да қайтыс болып, шешесі Томан мен інісі ­Тортай үшеуі жат жерде жетім-жесір күй кешеді. Бар салмақ отбасының үлкені болғандықтан, Ғұбайдоллаға түседі. Ер-азаматтар жағы күзгесалым Бесқалаға азық-түліктерін қамдауға шыққанда шешесі мен інісін асырап, табыс табу үшін он жасар Ғұбайдолла да ағайындарына ілесіп сапар шегеді.
Ақшұқырда туып-өсіп, Фортта білім алған Түркменстанның тұңғыш басшысы, ТүркЦИК төрағасы Нәдірбай Айтақов 30-жылдардағы алапат кезінде жұт пен аштықтан шұбырып келіп жатқан жерлестеріне – Маңғыстау қазақтарына қамқорлық көрсетеді. Бұл кісінің осындай шарапаты Ғұбайдоллаға да тиеді. Бесқаланың бірі Ташауыз қаласына келген бетте Н.Айтақовтың тікелей нұсқауымен балалар үйіне қабылданып, білім алады. Сол кісінің қолдауымен 1934 жылы қазақтар көп шоғырланған Красноводск қаласында қазақ педучилищесі ашылып, интернаттағы зерек бала, оқу озаты Ғұбайдолла сол училищеге жіберіледі. Орайы келгенде айта кетейік, Н.Бауман атындағы бұл педучилищенің тұңғыш директоры кейін қазақтың көрнекті жазушысы болған Әди Шәріпов еді. Ғұбайдолла соғыс қарсаңында осы училищені үздік бітіріп, шешесі мен інісін Қарабұғазға алып келіп, ұстаздық қызметін бастайды. Қуғын-сүргіннен, аштықтан есі шыққан ел-жұртын сауаттандыру ісіне белсене кіріседі. Оқуға ынталы қазақ жастарын өзі оқып бітірген педучилищеге түсіреді, сөйтіп ел ішінде білімді азаматтардың көбеюіне ықпал етеді. Кейін осы педучилищені Ғұбекеңнің көмектесуімен бітіріп шыққан азаматтар Маңғыстау, Шағадам өңірлерінде ағарту саласының белді қайраткерлері атанып, лауазымды қызметтер атқарды.
Ғ.Айдаров Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер еді. Кавказ, Қара теңіз аймақтарын жаудан азат етуде бұрынғы КСРО басшысы Л.И.Брежнев басқарған полк құрамында болды. 1943 жылы ұрыс кезіндегі ерлігі лайықты бағаланып, ол кісінің қолынан партия билетін алады. Бірнеше рет жараланды. 4-Украин майданы құрамында Венгрия жерін жаудан азат ету айқастарының бірінде басынан ауыр жарақат алып, Жеңіс күнін госпитальде қарсы алады. Інісі Тортай да өзінен кейін әскерге алынып, Сталинград майданында ерлікпен қаза табады. Анасы ­Томан соғыстың ел ішіндегі ауыр зардаптарынан қайтыс болады.
«Ел іші алтын бесік» қой, зұлмат жылдарда әке-шешесінен, жалғыз бауырынан айырылып, бір әулеттен жалғыз қалған жігіт білімдарлығы, тынымсыз еңбегі арқасында бірқатар жауапты қызметтерді атқарады. Бекдаш кентінде, Жебел, Қошоба ауылдарында мектеп директоры болды, бір жылдай Красноводск облыстық оқу бөлімін басқарады.
30-жылдары Маңғыстаудан ауып барған сауатты қазақтардың бір өкілі Олжабай Жетекбаев Қарабұғазда «Қарабұғазкөл жұмысшысы» деген атпен қазақ тілінде газет шығарады. Осы газет 1945 жылға дейін латын әріптерімен, кейін қазіргі қазақ әріптерімен басылып, осы елдегі қалың қазақ қауымының рухани азығы, тірегіне айналады. Ғұбекең 1946-1947 жылдары осы «Жұмысшы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Сол кездің өзінде-ақ ғылымға, шығармашылық жұмысқа бейімділігін танытып, шығыс әдебиетінің классикалық туындылары жайында мақалалар, түркмен жазушыларының әңгімелерін, түркмен ертегілерін қазақ тіліне аударып басты. Біздің әкемізбен сол жылдарда етене танысып, араласып тұрған екен. Бейнеубайдан қалған араб тіліндегі бірқатар шығармаларды әкеміз екеуміз оқып, астрология, медицина жөнінде қызықты мәліметтерге қаныққанын Ғұбекең майын тамыза айтып отыратын.
Ғұбекең соғыста алған жарақатының әсерінен әрі ел ішіндегі ауыр тұрмыстан денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер кеңесімен табиғаты қоңыржай өлкеге – Жамбыл облысына қоныс аударуға мәжбүр болады. Осындағы Свердлов ауданында мектеп директоры болып қызмет етеді. Шымкенттегі пединститутты, Алматыдағы ҚазПИ-ді бітірген зерек, жас бала Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына қалдырылады.
Кеңес заманында қазақ халқының екі пайызы ғана сауатты деген теріс таңба басылып, өздерімізге де, өзге жұртшылыққа да осы пайым насихатталып келгені мәлім. Қызыл идеология өздері ойлап тапқан осындай теріс пайымдарын өскелең ұрпақ санасына күштеп енгізудің түрлі амал-шараларын, оңтайлы тетіктерін де ұмытқан жоқ. Өткен ғасырлардағы ғұламаларымыз бен сауатты азаматтарымыздың араб әріптерімен жазып қалдырған еңбектері діни кітаптар деген желеумен аяусыз жойылып келді. Сауатты адамдарымыз 30-жылдар ойранында жазықсыз жазаланып, айдалып-атылып кетті. Араб әліпбиіне кірпідей жиырыла қарап, мектептерде латын әріпімен оқытуды жолға қойды. Ұлы Отан соғысы басталар тұста латын әріптері фашистердің әріптеріне ұқсап кетті деп, оқыту жүйесін жаппай кириллицаға көшірді.
Міне, осындай қылышынан қан тамған идеологияның әпербақан саясаты халқымыздың тарихи жадын жойып, ұлт болып ұйысудың тамырына балта шабуға көшкен кезде ана тіліміздің айбарын асыруға, ата тарихымыздың түп-тұқиянын зерделеуге ұмтылған ат төбеліндей азаматтарымыз болды. Өткен ғасырдың 50-жылдарында сталиндік озбырлықтың беті қайтқан тұста Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан сынды қазақ зиялылары тарихи жадымызды қалпына келтіруге ден қойды. Ұлтжанды арыстарымыздың осы бір ұлы шоғырынан дәріс алып, халқымыздың исі түркілік тарихының тамырына тереңдей бойлауға ұмтылған жас ғалымдардың алғы шебінде Ғұбайдолла Айдаров та болды. Ол Абай атындағы Қазақ педагогика институтының студенті, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің аспиранты кезінде-ақ түркі тілдес халықтардың тіл ерекшеліктері мен ұқсастықтарын зерттеп, алғашқы еңбектерін жариялай бастады. Осылайша түркі тілінің тереңіне бойлай түсуіне бір жағынан балалық шағында солақай саясат салған сергелдеңдер кезіндегі талай ұлттың өкілдерімен тағдырлас, әңгімелес, сырлас болып, тілдерін білуі себеп болса, екінші жағынан, өзінің туа біткен таланты мен еңбекқорлығы, алған ісін тындырмайынша тынбайтын қайсарлығы себеп болғанын Ғұбекең әрдайым әңгімелеп отырушы еді.
Бұғанасы бекімей жатып тағдырдың қатал талқысынан өткен қайыңның қарсы біткен бұтағындай қайсар жас кеңес идеологиясының қазақты «сауатсыз халық» деп жүрген сандырағының күлін көкке ұшырып, сол сандырақ иелерінің өз етектерін жабуды енді үйреніп жүрген кезінде-ақ халқымыздың төл әріптері болғанын нақты айғақтармен дәлелдей бастады. Ғұбекең бабаларымыздың қорым-қойтастарға бәдіздеп кеткен сына жазуларының сырын ашып, оқып шығу екінің бірінің қолынан келмейтін қиын шаруа екенін білді. Оның үстіне түп тарихымызға тереңірек үңіліп, баба тамырымыздың бүлкілін балбал тастардағы бәдіздерден іздеуді кеңестік саясат хош көре қойған жоқ. Соған қарамастан, Ғұбайдолла Айдаров өзінің тынымсыз ізденістері арқасында түркі дүниесінің ата күлдігі, ту тіккен өңірі Орхон, Енисей, Талас өзендерінің бойларынан табылған ескерткіштердегі жазулар құпиясын алғаш рет ашып, бұл бәдіздер мен сына жазуларда қазақ тілінің тамыры жатқанын айдай әлемге танытты. Сөйтіп, кеңестік дәуірде түрлі бұрмалауға түсіп, додасы шыққан тарихымызды танудың төте жолын тауып берген еді. Тарих талқысында талай теперішті көріп, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тарихи жадын қайта жаңғыртуға, тіліміздің түп-тұқиянына түрен салып, тасқа қашалған таңбалардан қазақтың алғашқы мемлекет құрған дәуренін дүйім жұртқа әйгілеп берген де Ғұбайдолла Айдаров болатын.
Ғ.Айдаров осы 50-жылдардың басында ғылым жолына біржола ден қояды. Қазақтың Ғылым Академиясын халқымыздың біртуар тұлғасы Д.А.Қонаев басқарып тұрған кезде жұмысқа қабылданып, Академияның Тіл білімі институтында қазақ тілінің тарихын зерттеп, Қазақстандағы түркология саласының негізін салуға атсалысады.
Ғ.Айдаров қазақ тіл ғылымының бұрын түрен тимеген саласын зерделей зерттеуді қолға алған, көне түркі жазба мұраларының сырын ашқан алғашқы қазақ ғалымы. Ғ.Айдаров бұл жолда талмай ізденіп, Қазақстанның барлық аймақтарын, оның ішінде өзінің кіндік қаны тамған Маңғыстауының тау-тасында, Моңғолияның, Ресей Алтайының көне қорымдарында жатқан байырғы бәдіздерден қазақ халқының қазіргі тілінің қалыптасу сатыларына сәуле түсірді. Ол қазақтың ұлы ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Медоев, Қ.Сәтбаев жетекшілік жасаған ғылыми экспедициялар құрамында түркі жазбаларына зерттеулер жүргізді. Осындай ізденістерінің нәтижесінде «Ескі түркі жазуы Орхон-Енисей ескерткіштерінде», «Білге қаған тілі», «Тоныкөк», «Құлшора», «Құтлұғ-қаған», «Мойын Чор», «Орхон-Енисей жазуларының әдебиеттер көрсеткіші», «Орхон ескерткіштері» атты еңбектер жазып, түркология ғылымына соны ой, жаңа тұжы­рымдар қосты. Ғалымның еңбектері бұрынғы Кеңес одағындағы көрнекті түрколог ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Ғылым кандидаты, 1974 жылы филология ғылымдарының докторы атағына ие болды. Ғ.Айдаровтың еңбектері бүгінде Берлин, София университеттері мен Түркия, Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбекстан жоғарғы оқу орындарында арнайы сабақ ретінде өткізіліп келеді.
Ғұбайдолла Айдаров түркі тілдес халықтардың түбі бір туыстығын, қазіргі қазақ тілінің негізі біздің дәуірімізден көп бұрын қалыптасқанын, тіпті жазба әдебиетінің де нұсқалары сол есте жоқ ескі дәуірлердің өзінде-ақ болғанын нақты дәйектермен дәлелдеп берген дарабоз ғалым еді. Ол 2001 жылы Алматы қаласында 80 жасында қайтыс болды. Өмірлік жолдасы Балжан апаймен бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген бақытты әке, немерелерінің сүйікті атасы болған Ғұбекеңнің өмірі ұрпаққа өнеге, жанкешті зерттеулері нәтижесінде жазып қалдырған ғылыми еңбектері мәңгілік мұра екені сөзсіз..
Маңғыстауда туып, әлемдік деңгейде жоғары бағаланып отырған, зерделі зерттеулерін ұрпақ игілігіне қалдырған ғұлама ғалым біздің жерлесімізді өзінің туған жерінде ұлықтау жағы әлі де болса кемшін. Ақшұқыр ауылында көше аты берілгенімен, оның кім екенін көпшілік, әсіресе, жастар жағы біле бермейді. Мектептерде ғалымның өмір жолы, ғылыми зерттеулері, қазақ тілінің қалыптасу кезеңдері бағзы дәуірлерден бастау алып, бүгінге жеткенін, тіпті қазіргі түркі дүниесінің түп-төркіні біздер – қазақ халқы екенін сол кеңестік кер саясат кезінде-ақ батыл айтып, жазып кеткен біртуар ғалым екенін ұрпақ санасына сіңіріп, оқытып жатқанын көрген жоқпыз.
Орайы келгенде осы жайттарға байланысты ой-түйіндерімізді де айта кетейік. Қазір Ғұбайдолла Айдаров дүниеге келген Сайын ауылындағы жаңа мектепке ғалымның атын беріп, еңбектерін ұрпаққа таныту үшін мұражайын немесе арнайы сынып бөлмесін ашу бүгінгі ел басқарып отырған азаматтардың ғалымның рухына деген тағзымы болмақ. Осы мақсатпен 2009 жылы Түпқараған ауданының ардагерлер кеңесі аудан әкімдігі мен аудандық мәслихатқа Сайын ауылындағы №1 мектеп-лицейге түрколог-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың есімін беру жөнінде ұсыныспен шыққан болатын. Бұл ұсыныс Түпқараған ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен отырысында қаралып, «Сайын Шапағатов елді мекеніндегі жаңа ашылған мектеп-лицейге Ғұбайдолла Айдаровтың есімін беру туралы» аудандық мәслихаттың 2009 жылғы 15 шілдедегі №20/130 шешімі мен аудан әкімдігінің 2009 жылғы 7 шілдедегі №267 қаулысы қабылданды.Бұл қосарланған шешім-қаулы Маңғыстау облыстық ономастикалық комиссиясына жолданып мақұлданды және облыс әкімінің ұсыныс-хатымен бірге Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. Міне, содан бері де төрт жылға жуық уақыт өтті, Астанадан ешқандай хабар жоқ. Мектеп ұжымы, жергілікті әкімдіктегілер, аудан ардагерлері Республикалық ономастикалық комиссиясының шешімін күтуде.
2011 жылы маусым айында елімізге танымал түрколог-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың есімін есте қалдыру үшін Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов ауылындағы №1 мектеп-лицейге оның атын беру туралы ҚР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының ұсыныс-хаты да Республикалық ономастикалық комиссиясына жолданды. Сол 2011 жылы Маңғыстау елі Ғ.Айдаровтың 90 жылдық мерейтойын үлкен салтанатты шаралармен атап өтті. Ақтаудағы Каспий Мемлекеттік университетінде ғалымға арналған «Түркі әлеміне танымал тұлға» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оған Мәскеуден, Ашхабадтан, Астана мен Алматы қалаларынан белгілі ғалымдар, көзкөрген зиялы қауым өкілдері, ғалымның әйелі Балжан апай мен балалары қатысты. Конференцияға қатысушылар Сайын ауылындағы мектеп-лицейде болып, Ғ.Айдаровтың 90 жылдық мерейтойына арналған жиында мектептің алдындағы гүлзарға орнатылатын ескерткіштің іргетасын қаласты, ғалым мұражайының лентасын қиды. Ғалымның балалары Алматыда Ғ.Айдаровтың ескерткіш мүсінін жасатып қойды. Міне, осындай тағылымы мол игілікті шаралардан кейін осы мектеп-лицейге ғалымның атын беру туралы мәселе аяқсып кетті. Мектеп директоры Қ.Тілеубаева мектептің маңдайшасындағы жазуды өзгертуге, мектеп алдына ескерткіш орнатуға ономастика комиссиясының рұқсаты керек деп отыр. Осылайша жалтақ көңілмен уақыт өткізіп жатқан жай бар.
Қазақ халқының тарихына сәуле түсірген үлкен ғалымды, еңбектері әлемдік дәрежеде жоғары бағаланып жүрген, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Ғұбайдолла Айдар­ұлын туған ауылында ұлықтай білсек, ертеңгі ұрпақ арасынан ғалым-атасының жолын жалғастырып, Маңғыстау жерінде әлі де болса ашылмай жатқан талай көмбелерді зерттейтін ғалымдар шығарына мен кәміл сенемін.

Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.