Ұлттық құндылықтарды дәріптеуші

Раушан ҚАДЫЛБЕКҚЫЗЫ,
Өскемен қаласындағы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бағдарламашысы

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап қалу, әсіресе ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, келер ұрпаққа насихат ету маңызды. Осы орайда «Ана тілі» газеті ақпарат айдынында өзіндік орнын таба білген басылымдардың бірегейі дер едім. Себебі, бұл басылым басқа басылымдардан ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ана тіліміздің көсегесін көгерту үшін көкейкесті мәселелерді көтеріп, соның шешу жолдарын ұсынып отыруымен ерекшеленеді.
Міне, бес жылдан бері «Ана тілі» газетінің тұрақты оқырманымын. Газет беттеріндегі ұлттық тарихқа, ұлттық салт-дәстүрге, бүгінгі әлеуметтік мәселелерге арналған мақа­лалар қуантады. Әсіресе, «Ашық айту-ардың ісі», «Айтайын дегенім», «Тілі мықтының – елі мықты», «Ғибрат», «Көкейкесті мәселе» айдарлары бойынша берілген мақала­лар­дың алатын орны бөлек. Белгілі тұлғалардың отбасылық өмірі мен бір-біріне деген сыйластығын өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген «Махаббат, қызық мол жылдар» айдарымен берілген мақалаларды қызыға оқимын. Өзім бағдарламашы болғандықтан, терминдерді қазақ тіліне аударуда біраз қиналатынмын. «Оқырманмен ойласу» айдарымен Терминжасам туралы ұсыныстар мен пікірлер шыққалы өзіме керекті мағлұматтарды тез тауып алатын болдым.

Шығыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ұлы Ұш - Алаш

    Егемен болмай ел болмас. Махамбет
    Егемен ел – Тәуелсіз ел
    20 жыл бойы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі басқа мемлекеттердегідей жалпы халықтық көтеріңкі көңіл-күймен тойланған емес. Меніңше, бұның үш себебі бар. Біріншіден: Еуропалық жаңа жылдың көлеңкесінде қалуы. Екіншіден: Қызыл империяның қабырғасын сөккен дербестік жолында құрбан болған, асқақ рухты қазақ жастарының жадымыздан өшпес орын алуы. Үшіншіден: желтоқсан айындағы ауа райының қолайсыздығы. Оған 2012 жылдың желтоқсаны нақты дәлел бола алады. Осы жылы ауа райының өрескел аяздығына байланысты Қазақстан тереториясында Тәуелсіздік мерекесі тойланбай қалды. Бұл біздің ұлттығымызға, елдігімізге сын. Сондықтан, Тәуелсіздік күнін нақтылап өз орнына қойғанымыз абзал. Қазақ елі өзінің егемендігін 1990 жылы 25 қазанда қабылдағаны мәлім. Қазақ (Советтік Социалистік) Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы деклорация бұлай басталады. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып…
    Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып,
    ізгілікті демократиялық, праволық мемлекетті құруға бел байлауды негізге ала отырып,
    Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы Деклорацияны қабылдайды» — деп 17 бөлімнен тұратын құжатты бекітеді. Деклорацияда егемен ел ретінде, ел аумағының бөлінбес бір тұтастығы, мемлекеттік рәміздердің қастерленуі, тіпті егеменді мемлекет ретінде жаңа Конституциясының жүзеге асырылуы жайында нақтылы айтылады. Ал, 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 2-бабындағы 1,2 тармағында «Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» — деп көрсеткен. Осынау, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы Деклорация мен 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияда ТӘУЕЛСІЗ деген сөз бірде-бір рет қолданылмаған. Демек, Егемендік пен Тәуелсіздік — егіз ұғым. Махамбет бабамыздың «Егемен болмай ел болмас» — деуі тәуелсіз, дербес ел болуды аңсауы. Сондықтан, 25 қазан күнін Тәуелсіздік һәм Республика күні ретінде тойлауды, ал 16-17 желтоқсанды «Қазақ рухы» күні деп атап белгілеуді ұсынамын.
    Самат Сыпатайұлы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.