Бұл газет менің намысымды оятты

Пиалаш Сүйінкина,
Ы.Алтынсарин атындағы
Рудный әлеуметтік-гуманитарлық
колледжінің оқытушысы

2011 жылы «Егемен Қазақстан» газеті мемлекеттік тілде жетік сөйлейтін өзге ұлт өкілдері туралы жазылған материалдарға байқау жариялап, оған негізінен журналистер қатысып жатқан. Соған қарамастан, мен де бағымды сынап көрейін деп, «Патриот» деген тақырыпта Рудный қаласының тұрғыны Евгений Дадаров деген орыс ұлтының азаматы жайлы мақала жаздым. Ол мектепте де, институтта да орысша оқып, білім алса да, сол кезде қазақ тілін үйренуге ден қойып жүрген болатын. Осы жолда көп еңбектеніп, ізденді. Нәтижесінде тілді жетік меңгеріп, 2008 жылы «Тіл – ұлт жанын танудың кілті» республикалық байқауында 1-орынды жеңіп алды. Өзі қызмет жасайтын колледжінде қазақ тілінде дәріс оқи бастады. Евгений Дадаровтың мені таңғалдырғаны, ол «Ана тілі» газетін жаздырып алып оқып жүреді екен. Ол кезге дейін «Ана тілі» газетін мен тек кітапханадан ғана оқып келген болсам, орыс азаматының қазақ тіліне деген құрметі менің де намысымды оятқандай болды. Содан бері газетке тұрақты жазылып, үзбей оқып келемін.
«Ана тілі» газетінен тілге, аударма ісіне, терминдер мәселесіне қатысты жарық көрген мақалаларды қиып алып, жинап жүремін. Оқу-әдістемелік құрал дайындауда да көбінесе газет материалдарына жүгінемін.
Әрине, республикалық деңгейдегі мерзімді басылымдар арасында өзіндік орны бар «Ана тіліне» тек мамандар, тіл жанашырлары ғана емес, өзін қазақпын деп санайтын кез келген азамат жазылуын қалаймын. «Ана тіліне» жазылуды елге, тілге көрсетілген құрмет деп білемін.
Қостанай облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.