Ана тілім – ардағым

Бар деп айтам кішкене үлесім де,
Тілім үшін дайынмын күресуге.
Әлі күнге жүрегім, халқым деген,
Желтоқсанның желімен үндесуде.

Төле бидей бабаның, ұрпағымын,
Ұлтын сүйген даланың, сұңқарымын.
Тілді ойлап қол создым болашаққа,
Дүниеге жаңа келер ұрпақ, үшін!

Қазақшасы жарасып қыздарымның,
От-жігері қайнаған ұлдарымның.
Тағдыр салған сыздаған жаралар бар,
Мазақ етіп жүрмесін тілімді әркім.

Жаңғырады жаңаша үн ғасырдағы,
Тілім – тарих өткенін жасырмады.
Өз елім – деп өзегі өртенгендер,
Өр екпінмен тіл қорғап жатыр бәрі!

Ізгіліктің іздерін жалғап өтіп,
Ұлы көштер жылжиды алға кетіп.
Тілім жалғар үзілген үміттерді,
Ата-бабам аңсаған арман етіп.

Жолдарында гүл менен жыр төгілген,
Жарқырайды арайлы күн көгімнен.
Айналайын, ардағым Ана тілім,
Кеудемдегі жүректі шерте білген.

Ғасырлардың азабына шыдаған,
Кездері жоқ сүрінсе де құлаған.
Тіл-арғымақ арқыраған күйінде,
Болашаққа жетсе деймін дін-аман

Қазағымның тарлан тілі, сірә да,
Дүбір сезсе босағада тұра ма?
Тілді қорғау – елді қорғау, түсінсең
Осыны айтам балаға да, данаға.

Жамалбек Ақылбайұлы

Оңтүстік Қазақстан облысы
Мақтаарал ауданы
Жаңа жол ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.