«Ойға салса қорғасындай балқыған…»

Елдігіміздің негізгі тұғыры мемлекеттік тілдің, ұлт рухының самғау биігімен өлшенетіні анық. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының    ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп мемлекеттік тілдің рөліне жоғары бағасын берген болатын.

Отаннан басталатын ұлттық нышанды ұлықтау отбасынан басталатыны белгілі. Олай болса, тіл мәртебесін тек мемлекеттік саясат аясында ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылық ретінде ұлықтаудың маңызы ерекше. Тілге деген құрметті мемлекеттік қызметте бұйрықпен арттырғаннан гөрі, оны әрбір адамға бала жасынан, отбасынан бастап сезіндіре білу әлдеқайда тиімді болмақ. Неге десеңіз, тілге деген құрмет отбасынан бастау алатын болса, мұндай құрметтің ғұмыры ұзақ, мәні де салмақты. Оның барлығы ұлтжандылық, отаншылдық сезімдерге ұласып, нығая береді.
Сондықтан да тәрбиенің қандай түрі болмасын жеткіншектеріміз үшін пайдалы. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі тағы бір маңызды мәселе ол балаларды әдеби кітап оқуға бейімдеу. «Кітап – білім бұлағы» деген ұлағатты сөзді еске алсақ, кітап оқу – баланы ғылым мен білімнің аясында өсіп-жетілуіне зор мүмкіндік береді. Қазіргі ұрпақ теледидарға, компьютерге әуестеніп барады десек те, осы арқылы да көп шаруаны қолға алып, шешуге болады. Мәселен, телеарналардан көрсетілетін мемлекеттік тілдегі мультфильмдерді көбейтсек, нұр үстіне нұр емес пе? Міне, осы айтылған мәселелердің насихатталуына көп мән бергеніміз жөн. Менің ойымша, мемлекеттік тіл арқылы ұлттық дәстүрді дәріптеуге арналған жобалар бүгінгі таңда инновациялық тұрғыдан оздырылуы тиіс. Ақпараттық технологиялардың дамыған, жаңашылдыққа бет бұрған заманында адамдардың компьютерге ден қоятыны белгілі. Олай болса, ұлттық дәстүрді сақтауға, өз елінің тарихын білуге, мемлекеттік тілді игеруге, мәдениетті, ұлттық дәстүрді қалыптастыруға, жас ұрпақтың ұлттық тәлім-тәрбиенің ықпалымен рухани жетілуіне әсер етуде оң әсерін тигізу мақсатын көздейтін инновациялық жобалар көптеп жүзеге асырылуы қажет.
Елбасы Н. Назарбаевтың «…Дау­­ға салса алмастай қи­ған, се­зімге салса қырандай қал­қы­ған, ойға салса қорғасындай бал­қыған, өмірдің кез келген  орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық Қазақ үшін бұл дүниеде қым­бат не бар екен?! …Кезінде қазақ тірі болу үшін бірікті, енді ірі болу үшін бірігуі керек» –деп айтқан сөзі әр ұрпақтың көкейіне отаншылдық сезімін ұялатып, ұлттық құндылық­та­рымызды ұлықтауда аянбай еңбек ету қажеттігін ұғындырғандай. Егемен елдің төрінде ұрпағымыздың болашағы жарқын болып, ана тілін біліп, құрметтейтін тәрбиелі жастарымыз көп болсын дейміз.

Рита Сұлтанғалиева,
М.Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры
Орал

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.