Әскери тәрбиеге көңіл бөлейік

«Жалпыға бірдей әскери міндеттен бас тартып, еркін түрдегі (келісім-шарт қызметі) әскери қызметіне көшу»… «Әскери қызметті насихаттау үшін қаржы көлемін ұлғайтып, АҚШ тәжірибесін жүзеге асыруға болады»… «Армия резервін даярлау үшін ақылы әскери курстарға азаматтарды тарту тәртібін оңтайландыру керек» дегендей ұсыныстар қолдау табатын секілді. Мұндай ұсыныс жасап отырғандардың түпкі мақсаттары, қандай мүддені көздеп отырғандары беймәлім. Меніңше, осы «үлгі» қателіктерге ұрындыруы мүмкін.

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы нақты іс-әрекетке көшер кезеңге жеткенімізді білдірсе керек. Жолдауда бағыт-бағдар берілді. Енді іс басындағылар, қауым қалай қарекет қылуға тиіс? «Жібекті түте алмаған жүн етеді», «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор еттінің» кебін кимесек екен. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Интеллектуалды ұлт – 2020» бағдарламасының басты мақсаты жастарға рухани тәлім-тәрбие беру екенін атап көрсете келіп мынандай тұжырымдар айтқан еді: «Әлемді жаулаған жаһандану үрдісіне біз мықты ұлттық, мәдени құндылықтарымызды, ұрпағымыздың имандылығын қарсы қоюға тиіспіз». «Терең білім, кәсіби алғырлық, жоғары біліктілік ұлттық мүддеге қызмет етпесе, ел алдындағы парыз ұғымына сүйенбесе, рухани құндылықтарға негізделмесе, жасампаз күшке айнала алмайды!» «…бізде ұлттық нигилизм жайлаған….ұлттық менталитетімізді жоғалтпау жайында ұлт жанашырлары бас қосып, бастарын көбірек қатырса, көп мәселенің басы өзінен-өзі шешіліп кететіндей көрінеді маған». Осы өзекті мәселе бойынша тиісті орындар әлі болса да бастарын қатырғысы келмейтін сияқты. Олардың көпірме жиындары, концерт қойып, плакат іліп, кептер ұшырып, дуалға ұран жазып, даңғаза мақтан айтып, тастан ескерткіштерді қою сияқты әрекеттердің орнына нақты жұмыс жоспарын белгілеу қажет-ақ. Кеше Абайды күңіренткен, бүгін Н.Ә.Назарбаевты налытатын «қазақ» деген халықтың ұлттық санасын әнмен, заңмен, әлдимен тәрбиелеу мүмкін емес сияқты. «Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар диуана» деп Махамбет айтқандай үлкеннің, әкенің, әкімнің, ғалымның сөзі құлаққа ілінбейтін кезеңде «мемлекет құрушы» ұлтты тәрбиелеу үшін тереңнен ойлас­тырып, тезден өткен «Жалпыға бірдей әскери міндетті» өзгерту емес, оның одан әрі пәрменін күшейтіп, тиімді қолдану қажет.
Революцияға дейінгі поэзияны, көркем әдебиетті, мәдениетті, философияны, тарихты, географияны т.б. салаларды терең әрі жетік меңгерген орыс офицерлерінің «Қайран, Россия» деп тебіренетін зиялы болғанынан, «Қазағым» деп шырылдаған «Алаш» қайраткерлерінің ұлтжанды азаматтарды қалыптастыруға бағытталғын ойларынан өнеге алу керек қой. «Алғашқы әскери дайындық» пәнін қылмысқа, әлімжеттікке тосқауыл қоюға, баланың теріс жолға түсуіне қарсы оқыту керек. Осы пәннің мұғалімдері мектептегі негізгі ықпалды тұлға ретінде «осы елдің ер-азаматысың», «мемлекетті құрушысың», «сендер ғана елдің тірегісіңдер» дегендей насихатты балалар санасына сіңіру арқылы патриоттық сезімдерін оята алса-тәрбие нәтижелі болғаны.
Демек, барлық баланы міндетті түрде 2 жылға әскер қатарына шақыруды міндеттеген жөн. Себебі олар ер-азамат ретінде шынығып, шыңдалады. Ауыл шаруашылық, Темір жол, Құрылыс, Байланыс, Төтенше жағдай, Шекара, Ішкі әс­керлері сияқты жауынгерлік құрамалар түрлерін көбейтіп, жас­тарға шәкіртақы беріп, әскери ма­мандық беруге қаржыны аямаған жөн.
Өткен тарих сабақтарын, өз­генің ұтымды тәсілдерін үйре­нудің ешқан­дай сөкеттігі жоқ. АҚШ-тың ОББ-сы­ның (ЦРУ-дың) әлемдегі бүкіл саланы бақылауында ұстауы немесе кешегі Кеңес заманындағы әскердің тәсілдерін қарайықшы. Біз кешегіні еске алғанда: «демократияны тұншықтырды», «ашар­шы­лық», «асыра сілтеу», «Сталин мен Берия жендеттер», «ЧК, НКВД-жазалау­шы орган»… дегенді ғана айта беруден ас­паймыз. Әрине, ол – тарихи шындық. Бірақ құр күңіреніп, қарғай бергеннен не шығады!? Мұндай сұмдықтарды қай­талауға жол бермейік. Сөйтіп, олардың тәрбие саласындағы «әдіс-айлаларына» талдау жасап, тұжырым түйіп, «ұлтты» қалыптастыру жолдарын таба білейік.
«Партия заманымыздың ақыл-ойы және ар-ожданы», «Еңбек даңқы», «Журналистер – заманы­мыз­­дың алдыңғы қатарлы идеологтары», «Өнердің ішіндегі ең маңыздысы – кино», «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет», «Газет – үгітші, насихатшы ғана емес, ұйымдастырушы» дегендей ұстанымдарды бетке ұстап, әскери-патриоттық тәрбиені алдыңғы орынға қойған Кеңестік идеологияның пәрменді болғанын зерделеп олардың әдіс-тәсілдерін, механизмін неге алмасқа?! Бүгінгі күні апандай арандарымен мемлекет келешегіне қатер төндіріп отырған сыбайлас жемқорларға да құр айқай, жалаң ұранмен тосқауыл қою әсте мүмкін емес.
«Жалпыға бірдей әскери міндеттілік», «Запастағылардың әскери дайындығын көтеру», «Әскери-мемлекеттік құпияны сақтау» тәжірибесін жаңғыртып, әсіресе, «мемлекет құрушы ұлттың» еркек кіндігін аудандардағы әскери комиссар арқылы тізімін жасап, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК-нің, ІІМ-нің құзіреті аясында дабырлатпай әскери-саяси тәрбие беруге көшу керек.
«Әскери жаттығу жиынының» мақсаты – атыс-шабыс, жаттығу емес, ұлтжанды саясаткерлерден, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, тарихшылардан, қаламгерлерден дәріс алу, ұлтжандылық тағылымдарын бойға дарытып, ойға сіңіру. «Әскери жиында» болған запастағы офицер мен қатардағы жауын­гер де «жүрген жерімде сыбайластық, жемқорлық, лаңкестік сияқты ағымдармен күресемін», «Отанға жан-тәніммен қызмет етемін», «Қазақстанның қауіпсіздігі үшін күресемін» деген рухты бойына сіңіруі тиіс. Бұл жеке адамның, басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің заңды мүдделері мен құқықтарына нұсқан келтірмейтін заң шеңберіндегі «Нұсқаулық» пен «Ережені» пайдаланып жұмыс істейтін бағдарлама болуға тиіс. «Әскери комиссардың» тізіміндегі әскери-саяси сабақтан өтіп, «тапсырма алатын», «дабыл» кезінде дайын болатын, жүрегінде «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», «Әр қазақ менің – жалғызым» дейтін әскерді жасақтау оң нәтиже беруі тиіс.
«АҚШ-тың тәжірибесі, ақылы әскер» деген сияқты «реформалар» ұлттық мүддені көгерте ме? «Ас ішіп, аяқ босатар керегінде шетке қашар» болып шықпай ма?! Қазіргі кезде, ең алдымен, тұрғылықты жері бойынша әскери есепке тұруды күшейту – басты мәселе.
Қазір газет-журнал әркімнің жеке мін­беріне айналды. Әр саланың қаптаған басылымдары, арзан кітаптар, жасық, қызыл сөз жол бермейді. Бұл қалам ұстағандардың қадірін кетіріп, қағазды ысырап етіп, қорлау ғана емес, ең жаманы – жастардың талғамын бұзып, елді адастыру. Асыл сөздер шудан естілмей, қор болды. Баспасөзді қару еткен, оған бағыт-бағдар беріп, «арбасына мінгізіп, өлеңін айтқызған» кеңестік биліктен үйренетін жеріне тағы да бір көңіл бөлейікші. Насихатқа ақын-жазушылардың ең мықтыларын тартып, идеология майданында шебер пайдаланған. Талантты қаламгерлерді таңдап, бағыт-бағдар беріп, идеология майданына салсақ әскери тәрбие саласында ұтарымыз анық.
Бұл мәселе тек менің емес, жүрегі қазақ деп соққан еліміздің патриот азаматтарын толғандырып жүрген жайлар. Мемлекеттік басқару бей-берекетсіздікке соқтыратын «реформаларға» жол бермей, қолда бардың қадірін түсіне білейік. Балаларымыз, яғни ұлдарымыз міндетті түрде әскерге барып шыңдалып, нағыз патриот жауынгер болып оралсын деп тілейік, ағайын!

Серік Есенов,
заңгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.