Пайым мен парыз

1973 жыл. Қыркүйек айының алғашқы күні. ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, қойнымызға сыймаған қуанышымыздың кәусар лебін әлі де тарқата қоймаған жүз шақты бозбала мен бойжеткен Алматыдан әудем жердегі темекі өсіретін Тескенсу кеңшарынан бір-ақ шықтық. Осында ауыл шаруашылығы жұмыстарына білек сыбана қатысып, жергілікті жұртқа қолғабыс тигізбекшіміз. Барак пішіндес жатақханаға жайғасқан соң, бізді бастап апарған Қайыркен Әбдірахманов ағайымыз бәрімізді сарбаздарша тізілтіп сапқа тұрғызды. Бас-аяғымызға дейін асықпай қарап шықты да, сұқ саусағымен ымдап мені өзіне шақырып алды.
– Сен баланың топ старостасы екеніңді мана Темкең ( факультет деканы Темірбек Қожакеевті меңзеп тұрғаны) айтқан. Ол кісі сендерге бас-көз болып, Алматыға абыроймен оралуды маған үлкен сенім артып тапсырды. Ал мен жұмысты дұрыс ұйымдастыруды саған жүктеймін. Байқаймын, етің тірі бала сияқтысың, мені ұятқа қалдырмайтын шығарсың?
– Сеніміңізге селкеу түсірмеуге тырысамын, аға.
– Онда дұрыс екен, келістік. Қазір студенттерді теңдей етіп екі топқа бөл.
Қос бригада болып жарыса жұмыс істейсіңдер. Біреуіне сен басшылық етесің, ал екіншісіне қосшыңды өз қалауыңмен таңдап ал. Түс қайта жедел жұмысқа кірісіп кетуге дайын болыңдар.

Тапсырма түсінікті болды. Былайғы жұрт, тіптен қызметтес әріптестері өзін аты жөнін шұбыртпай Қайреке немесе жай ғана полковник деп атайтынын да айта кетуді ұмытқан жоқ. Жасы алпысты алқымдап қалған әкемізден де үлкен кісінің алдында Қайреке деп қасқайып тұруға дәтіміз шыдамады. Полковник деген жанама атын сырттай айтуға кет әрі емеспіз, бірақ көзінше тым ерсі сияқты. Ең дұрысы ағай деген сыпайы ұғымға тоқтадық. Сонымен полковник ағайдың айтқанын айнытпай жүзеге асыруға кірісіп кеттім.Тез арада тізім жасалып, екі бригада жасақталды. Екінші топқа бригадир таңдауға келгенде оқуға түсуге емтихан тапсыру кезінде сыртынан бірер мәрте көрген аққұба өңді, талдырмаш жігіт көзіме жылы ұшырады. Жақын барып, қол алысып таныстық:
– Атың кім, бауырым?
– Аға, атым Жүнісбек, фамилиям Сұлтанмұратов.
Сөзі мығым, қимылы ширақ, сартылдап тұр. Тіптен мен сұрамасам да өзінің қостанайлық екенін де қосып айтып жіберді.Сыпайы да сырбаз болмыс-бітімімен бұрыннан жақсы танитындай іші-бауырыма кіріп, өзіне магниттей тартып барады. Тек өзімен қатарлас мені аға дегеніне еріксіз таңданыс білдірдім. Мүмкін жасы кіші шығар, бәлкім, кішіпейілдігі болар.
Ол жағын бір көргеннен тісқаққан тергеушідей тәптіштеп сұрап жа­туға ыңғайсыздандым. Темекісін со­раптай сорып, жанымызға жа­қын­дап қалған полковниктен имен­гендіктен Жүкеңмен қысқаша таныс­ты­ғымыздың тұсауын кеңейтуді әзірше кейінге ысырып, тікелей іске көштік.
– Жүке, екінші бригаданы сіз бас­қарасыз. Мына тізім бойынша «сарбаздарыңызды» түгендеп алыңыз.
Осымен әңгімемізді кілт доғардық. Әрқайсысымыз өз тірлігімізді тиянақтап алу үшін жедел басып жөнімізге кеттік.
Жүкең бір шаңырақтың мойындарына бұршақ салып жүріп Құдайдан тілеп алған жалғыз перзенті болса да, қара жұмысқа бейім, айналасындағыларды үйіріп алатын ұйымдастырушылық қабілеті мықты азамат екен. Кез-келген жанмен сыпайы сөйлесіп, лезде сыйластық иіріміне тартып әкетеді. Қысқа уақыттың ішінде барлық студенттердің тілін тауып беделі өсіп шыға келді. Содан болар топ комсоргін таңдау кезінде бәрі де бір ауыздан Жүкеңе сенім артты. Сырласа келе біз екеуміз де бір-бірімізді жатсынбай, жақын жолдас болып кеттік.Бәлкім, бұған тағдырымыздың да біршама ұқсастығы себеп болған шығар, кім біледі. Ол да мен сияқты әкесінен жастай жетім қалып, анасының тәрбиесінде өсіпті. Зеректігінің арқасында өрімдей жастығына қарамастан, өзі бітірген Шолақсай орта мектебінде төменгі сыныптағыларға анау-мынау емес, өте күрделі пән – математикадан сабақ берген. Мен де оқуға түскенге дейін мектепте ұстаздық еткен едім. Екеуміздің де үш жылдық еңбек өтіліміз бар. Бір қызығы сұраса келсек, ол менен бір жас үлкен болып шықты. Соған қарамастан, алғашқы күннен ағалап кеткен кішіпейілдікке тән әдетінен әзер дегенде арылды. Табиғатынан бауырмал Жүкең, Тескенсудан өзбекстандық Әбдісалық Құлбаев, әулиеаталықтар Қамбар Керейқұлов, Қажымұқан ­Мырзабеков, БайтанғалиТөлентаев сияқты өзі қатарлы курстастарымен де етене араласып, жақын жолдас-жора болуға ниеттеніп қайтты. Сертті сөзде тұрған осы алтылық, оқу бітіргенше сыйластық пен сырбаздықтың шеңберінен шыққан жоқпыз. Жолдастықтың ақ желкеніне айналған бұл тамаша дәстүр қазір де жарастықпен жалғасып келеді. Ал мен Жүнісбекті алғашқы таныстықтан кейін-ақ еркелете Жүкентай деп атап кеттім. Осы есім өзіме де, Жүкеңе де үйреншікті болып кетті.
Университетке оралып, сабақ­қа кірісіп кеткен кезде де егіз қозыдай жұбымыз жазылған жоқ. Жатақхананың бір бөлмесінде бірге тұрдық. Жүкең сабаққа да өте алғыр болып шықты. Өзгелеріміз ежіктеп сөйлейтін орысшаға да су жорға, қамшы салдырмайды сабазың. Оның пайдасын өзі ғана емес, күллі курстастар көрдік. Ежелгі әлем әдебиетінен сабақ беретін Морозова апайымыз оқып шығуға тиісті кітаптардың тізімін үйіп-төгіп ұсынғанда шақшадай басымыз шарадай болғаны бар. Оқуын оқимыз ғой, бірақ бәрін бірдей түбін түсіре түсініп, миымызға орысша тоқуымыз қиынға соқты. Емтихан жақындап келеді, біздің бітірген шаруамыз шамалы. Тығырықтан Жүкең құтқарды. Бәрімізді бір бөлмеге жинап алып, оқыған кітаптарының мазмұнын ықшамдап, қазақшаға аударып айтып береді. Соның арқасында Жүкеңнен естігендерімізді шала-пұла орысшамызбен айтып беріп, ақыры бізге семсердің жүзіндей көрінген сынақтан да сүрінбей өттік-ау, әйтеуір. Осы тұста Жүкеңнің оқу мен қоғамдық жұмыстарды үздік үлгіде қатар алып жүріп Лениндік стипендиат атанғанын, факультеттің жастар ұйымына жетекшілік еткенін де айта кеткен жөн. Ол кезде мұндай құрметке факультет бойынша бір ғана студент ие болатын. Яғни ай сайын білдей бір маманның айлық жалақысына пара-пар жүз рубль стипендия алатын. Әрине, мұндай материалдық игілік ауылда қалған тұрмысы жұпыны зейнеткер жалғыз анасына масыл болмас үшін Жүнісбекке ауадай қажет еді.Ол жағдаятты мен өз көзіммен көргендіктен, досымның қатарымыздан оза шауып, оқ бойы алға суырылып шыққанына қатты қуандым. Ол кезде мен оның туған ауылы, өскен ортасы жайлы жақсы білетін едім.
Әлі есімде, екінші курсқа өткен жылы жаз айында механика­лан­дырылған студенттік отрядтың (СМО) сапында Торғай облысындағы Нахимов кеңшарына барып, екі айдай комбайн жөндедік, соңынан егін орып, астық бастырдық.Бізден бір курс жоғары оқитын Сейдолла Садықов отрядтың командирі, ал Жүнісбек комиссары болды. Қалған отыз шақты зіңгіттей жігіт қатардағы жауынгерміз. Сол жолы да Жүкең ұйымдастырушылық қабілеті орасан зор, пайым-парасаты мол екенін тағы да ісімен дәлелдеп берді.
Ел назары егін үстіндегі жауапты науқанды ойдағыдай аяқтап шық­қан соң, Жүкең мені қоярда қоймай Тор­ғаймен шектесіп жатқан Қостанай өңіріндегі ауылына қонаққа шақырды. Сөйтіп, екеуміз Наурызымның Шолақ­сайынан бір-ақ шықтық. Әп-сәтте үйге сәлемдесе келген Шәкір, Жүрсін, Тұяқ бастаған сыныптастары мен көрші-қолаң жиналып қалды. Бәрі де:
– Төлеген, Төке,–деп Жүкеңнің жағдайын сұрап, асты-үстіне түсуде.
Мен ештеңеге түсінбей аң-таңмын. «Мыналардың Төлегені несі» деймін іштей өзіме-өзім сауал тастап. Бір қызығы осында жиналғандар ғана емес, күллі ауылдастары Жүкеңді Төлеген деп атайды екен. Жүнісбек деген құжаттағы есімін тіптен ешкім білмейтін болып шықты. Оның мәнісін ертеңіне таңғы шай үстінде Жүкеңнің анасы әңгіменің тігісін жатқызып айтып берді.
Отасқандарына отыз жылға жуық­таса да Қабыкей ақсақал мен Ақыжан апаның шаңырақтарына бір жапырақ шақалақ құтаймайды. Кейуана он шақты құрсақ көтерсе де, бәрі жөргегінде жатып шетінеп кете береді. Жастары елуге жақындап қалғанда ұрпақ сүюден әлі де күдерін үзбеген қос мұңлықтың үркердей үміттері қайта жанып, өмірге шекесі торсықтай ұл келеді. Арнайы келіп кітап ашқан молда шілдеханаға жиналған күллі ауыл тұрғындарының алдында азан шақырып, «Нәрестенің құны төленген, аты Төлеген болсын, тіл-көзден азат өссін» деп шақалақтың құлағына «Сенің атың Төлеген, Төлеген, Төлеген» деп үш рет айқайлайды. Араға бір апта салып барып, Қабыкей отағасының жалғыз інісі Жүсіпбек үш жылдық әскери борышын өтеп ауылға оралады. Келе ағасы мен жеңгесін ұлды болған қуаныштарымен құттықтап, әлі қырқынан да шықпаған нәрестені айналып-толғанып үстіне түсіп кете жаздайды. Біраз мауқы басылған соң, ізінен ерер інісінің есімін кім деп қойғанындарын сұрайды.
Неге менің атыма ұйқастырып қоймадыңдар, – деп бұртиып өкпелеген Жүсіпбек нәрестеге туу туралы куәлік әлі алынбағанын естігенде іштей бір шешімге келіп, селолық кеңестің кеңсесіне қарай тұра жүгіреді.
Арада сүт пісірім уақыт өткенде, екі езуі екі құлағына жетіп, өте көңілді оралады. Қолындағы құжатқа нәрестенің есімін Жүнісбек деп жазғызып келгеніне мәз-мейрам. Табиғатынан мінезі ауыр Қабыкей:
– Мейлі, куәлікте солай-ақ бола берсін, біз бәрібір азан шақырып қойған атымен атайтын боламыз,–деп інісінің қызбалау әрекетіне ашу шақыру былай тұрсын, шекесін тырыстырып қабақ та шытпайды.
Бәйбішесі де ерінің салмақ­ты­лығын іштей құптап, бас изейді де қоя салады. Бірақ ауылдастарына құжаттағы есім туралы ешқайсысы да тіс жарып айтпайды. Сөйтіп, Жү­­кеңнің қос есім иеленгенін шолақ­сайлықтар әлі күнге дейін білмейтін болып шықты. Бәрі де бұрынғысынша Төлеген деп атайды екен. Кейіннен Жүнісбек шаңырақ көтеріп нәрестелі болғанда жан-жары Ботагөзбен ақылдаса келе ата-анасының аманатына қиянат жасамау үшін, ұлдарының атын Төлеген деп қойды. Өкінішке орай, Қабыкей ақсақал Сұлтанмұрат әулетінің ұрпағын сабақтастыратын жалғыз ұлдың ат жалын тартып мініп, азамат болғанын көре алмай, өмірден тым ерте кетті. Ағасы Жүсіпбек те тепсе темір үзетін жиырма бес жасында тосыннан киліккен автокөлік апатынан аман қалмады. Жасы жиырмаға толмай жесір қалған келіншегі ерінің жылын берген соң үлкендердің батасын алып, басқа біреудің етегінен ұстап кетті.Тағдыр тек жүз жасаған аяулы анасы Ақыжанның маңдайына ғана Ботагөздей ибалы келін түсіріп, Әсел, Төлеген атты немере сүюді жазған екен. Үнемі жүзінен иман, жүрегінен аналық мейірім төгіліп тұратын Ақыжан апамыз қайнысының соңында қалған қос құлыны Алтын мен Айгүлді де қатарынан кем қылмай өсіріп, бойжеткен кезде құтты жеріне өз қолымен қондырды.
Сол Төлеген-Жүнісбек оқуға алғыр болумен қатар, қаламының ұшқырлығы жағынан да ешкімнен кем түспейтін. Мақаланы екі тілде емін-еркін сілтеп жаза беретін. Студент кезінің өзінде-ақ төгілтіп жазған әр алуан тақырыптағы дүниелері республикалық газеттерге жиі шығып жатты. Осындайда мына бір оқиға еріксіз еске түседі екен.
Ол кезде екінші курста оқитынбыз. Бірде сатира жанрынан сабақ беретін «Ара» журналының жауапты хатшысы Сақтапберген Әлжіков ағайымыз бәрімізге ортақ қызық тапсырма берді. Шартты фельетон үлгісінде өзіміз таңдаған еркін тақырыпқа қалам тартып, жазған дүниемізді келесі сабаққа алып келуді жүктеді. Егер жазғандарымыз тартымды шығып, кәдеге жарап жатса «Ара» журналына басып шығаруға көмектесетінін де тапсырманың тұздығы ретінде жария етіп жіберді. Ол кезде сарыауыз балапан біздерді былай қойғанда қаламы төселген сақа журналистер үшін де сатира сарынындағы шығармаларын «Ара» журналына жариялату үлкен мәртебе болатын. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізе қалсақ біз үшін айды аспанға шығарғандай үлкен ерлік жасағанмен пара-пар еді. Бәріміз ұстаз ағаның тапсырмасын орындауға құлшына кірістік. Жүрегіміз лүпілдеп, асыға күткен сын сәт те келіп жетті. Сабақ барысында Жетпісбай жазған «Қимадыйдың қиялынан» бастап барлығымыздың фельетонсымағымыз талқылаудан өтті. Бірақ кедір-бұдыр тұстарымыз басым екен, мәреге жетпей жарты жолда шаң қауып қалдық. Бәрімізден Жүкеңнің шоқтығы биік болып шықты. Оның оқыған жан тамсанарлықтай етіп қағазға түсірген шырайлы шығармасы екі айдан кейін «Ара» журналының айқарма бетінен ойып тұрып орын алды.
Алғырлығы мен қарымды қала­мының арқасында Жүкеңнің жур­на­листік қызметтегі алғашқы қадамы да сәтті басталды. Бесінші курста оқып жүріп-ақ қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне тілші болып орналасты.Табиғатынан тасырқамай, кісі жатырқамайтын кішіпейілділік пен еңбекқор елгезектік қанына егіздердің еншісіндей қатар дарыған жап-жас жігітті іргелі ұжымның майталман марқасқалары жылы шырай танытып қарсы алды. Ағалап, апалап жүріп іші-бауырларына еміне еніп кететін ізетшіл ініні кім жатырқай қойсын. Бекболат Әдетов, Ақселеу Сейдімбеков, Совет Шиманбаев, Қойшығара Салғарин,Кеңес ­Юсупов, Сайраш Әбішова сияқты аға-апалары бірден бауырларына тартып, тастүлектей түлеткенін қалайша ұмыта қойсын. Уақыт алға ілгерілеген сайын бабын келістірген білікті бапкерлерінің өнегесімен майысқақ қауырсын қаламы қайралған қанжардай өткірленіп ұштала түсті.
Бұған дейін үздік оқитын әрі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын студент ретінде есімі университет аумағына кеңінен танылып келген Жүнісбек Сұлтанмұратов енді тұшымды мақалалары арқылы респуб­лика жұртшылығына әйгілене бастады. Әсіресе, оның спорт тақырыбына жазған мақалаларынан жастықтың жалыны алаулап тұратын. Бұған әрине қаламының желі бар жастарды өз баласындай қамқорлығына алып, бауырына тартқан белгілі жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың үлкен ықпалы болғанын да айта кеткен ләзім. Біз Сейдағаңның шашасына шаң жұқтырмай спорт тақырыбына жазғандарын үнемі қызыға оқып, оған еліктеп өскенімізді әрдайым мақтан тұтамыз. Абзал ағаның шапағатты шарапаты онсыз да спорт десе, ішкен асын жерге қоятын Жүкеңе де жұғысты болды.
1980 жылы Мәскеу Олимпиадасына аға газеттің атынан арнаулы тілші болып баратын үміткерді таңдау кезінде ақылдастар алқасындағы әріптес ағалары бірауыздан бұған үлкен сенім артты. Әрине, ол кезде төрт жылда бір айналып соғатын мұндай әлемдік додаға республикалық газеттерден тілші аттандыру қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей еді. Бұл жолы біздің елімізден Мәскеуге қалың оқырманның аманатын арқалап «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) редакторы Сейдағаң-Сейдахмет Бердіқұлов пен бөлім меңгерушісі Несіп Жүнісбаев, «Спорт» газетінің редакторы ­Сматбек Төребеков пен фототілшісі ­Дендербай Егізов және аға газеттің өкілі Жүнісбек Сұлтанмұратов аттанды. Жүкең төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған небір спорт саңылақтарының байрақты бәсекесін өз көзімен көріп, талай-талай таңдай қақтырған керемет көрсеткіштердің куәсі болды. Аламан топты жарып, жеңіс туын желбіреткендердің көл-көсір қуаныштарымен қатар шаң қауып артта қалғандардың өксікке өңгерілген өкінішті сәттерін де бір сәт назарынан тыс қалдырған жоқ. Көріп-біліп, көкейіне берік түйгендерін қағазға түсіріп, телефон арқылы Алматыдағы редакциясына жедел жолдап жатты. Оның күн құрғатпай небір жілігі татымды тамаша репортаждар жазғаны «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінен үзбей оқыған көзі қарақты, қара ормандай қалың оқырманның жадынан әлі де кете қоймаса керек. Қандастарымыздың арасынан тұңғыш рет алтыннан алқа тағып, олимп шыңын бағындырған даңқты палуандар Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтің, сондай-ақ су добының дарабозы Сергей Котенконың, күміс жүлдегер атанған былғары қолғап шеберлері Серік Қонақбаев пен Виктор Демьяненконың ақжолтай жеңістерін кең байтақ елімізге қарымды қаламының қауқарымен паш етіп, алты алашқа сауын айтқандай алғашқылардың бірі болып газет арқылы сүйінші сұраған да осы Жүнісбек Сұлтанмұратов еді. Әсіресе, оның саясаттың құрбандығына шалынып, уысында тұрған алтыннан айырылған Серік Қонақбаевтың анығында жеңілмегенін, жоғарыдан түскен тапсырыстан асып кете алма­ған төрешілердің тегеурінінен «таяқ» жегенін жұқалап болса да оқырманға жеткізуі ол кезде көзсіз ерлік еді. Олимпиада дүбірінен кейін тәжірибесі толысып, тынысы ашыла түскен Жүнісбектің қаламынан небір тамаша мақалалар туындап жатты.
«Социалистік Қазақстанның» кәсіби шеберлікпен қатар темірдей тәртіпке, ұқыптылық пен пайымды парасаттылыққа шарболаттай шыңдайтын өмір мектебі Жүкеңе де үлкен тағлымды тәрбие берді. Содан болса керек, қысқа мерзімнің ішінде мазмұнды мақалаларымен, тиянақты тірлігімен көзге түскен Жүнісбекті жоғарыға мемлекеттік қызметке аттай қалап алып кетті. Алғашында Қазақстан жастар ұйымының орталық комитетінде сектор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Орталық партия органының да лауазымдық дәмін татты. Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет атанған кезде Қазақстан Рес­публикасы Президентінің баспасөз қызметінде алғашқылардың бірі болып жемісті еңбек етті. Ел үкіметінің баспасөз қызметіне жетекшілік еткен кезде де абыройы асқақтай түсті. Қазір Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің кеңесшісі, яғни әдебиет пен мәдениеттің қолдаушысы, үлкен жанашыры. Елорданың мәдени өміріндегі кез келген іс-шарада оның өзіндік қолтаңбасы бар екені де екінің біріне аян.
Былайғы жұрттың аузынан «Осы Иманғали қайда қызметке барса Жүнісбек те жанынан екі елі қалмай, үнемі сол жерден табылады. Егіз қозыдай болып жұптары ажырамайтындай екеуінің арасында қандай құдіретті байланыс бар екен» деген сауалы бар, жауабы жоқ әңгімені жиі-жиі естіген құлағымызда жазық жоқ. Білгеніңді айтпау қиянат, ал жария ету парыз. Сондықтан да бұл жақындықтың түп-төркінін бір адамдай-ақ жақсы білетіндіктен, сыпайылап болса да сыр ашқаным жөн сияқты. Имаш пен Жүкең сонау кеңес заманында комсомолдың талқанының дәмін бірге татып жүріп, желкілдеген жігіт шақтарында танысқан болатын. Әрине, ол кезде қызметтік жағынан бірі басшы, екіншісі бағынышты қосшы дәрежесінде емес еді. Алматы мен шалғайдағы Атырауда жүріп-ақ араларындағы әріптестік сырбаз сыйластық келе-келе жақын жолдастыққа, бір-бірінің көкейіндегіні тап басатын ойлары мен істері жұптасып жататын әдемі жарасымдылыққа ұласып кетті. Отбасылары да тонның ішкі бауындай араласып, екі азаматтың өзара қарым-қатынасын туыстықтың діңі мықты түп қазығына айналдырып жіберді. Имекеңнің анасы Ділдә апайдың Жүнісбекті туған ұлындай, Ботагөзді өз келініндей көріп, айналып-толғанып отыратынының да куәсі болғанымыз бар. Ал Жүкең Елбасының өзіне жүктеген тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындап, абыройы асқақтай түскен Иманғали Нұрғалиұлының небір толағай істерді жүзеге асыруына сәл де болса септігін тигізгенін үнемі мақтан тұтады. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, өнер мен мәдениетті пір тұтатын атпал азаматпен жолын тоғыстырған тағдырына тағзым етіп, қызметтес болғанына мың мәрте шүкіршілік етеді. Имаштың қандай бір қиын-қыстау сәттерде болмасын оңтайлы жол тауып, бағалы бастамаларды баянды ету жолындағы іскерлігі мен қажырлылығына да талай рет тәнті болғаны бар. Гитара тартып, тамаша ән салатынын, спортты да жанына серік еткен сегіз қырлы, бір сырлы қасиетін де бір адамдай жақсы біледі. Осындай елінің ертеңін, халқының қамын ойлайтын атпал азаматқа Жүкең отыз жылдан бері үзеңгілес сенімді серік болып келеді. Жүнісбектің ұлы Төлегеннің үйлену тойында Иманғали Нұрғалиұлының:
– Жүкең екеуміздің әу бастағы емен-жарқын таныстығымыз келе-келе керемет жолдастыққа, отбасымызбен қоян-қолтық араласуымыз тереңге тамыр тартқан туыстыққа ұласып кетті,-деп ағынан жарылуы да біраз жайтты аңғартса керек.
Айтпақшы Жүнісбек пен Ботагөз осы уақытқа дейін тұрмыстағы Әселдің ұлы мен қызына керемет бауыр басып кеткен болатын. Екеуінде кереметтей жақсы көреді. Жиен-ұлдың атын Имекеңнің құрметіне Иманғали деп қойған да нағашы атасы еді. Жүкең мен Боташтың қолдары жұмыстан қалт ете қалса:
– Кішкентайларды сағындық, немере­лерімізге барып қайтамыз, – деп Астанадан Алматыға тартып кететін.
Жақында Сұлтанмұратовтардың өз шаңырағында іңгәлаған немере-нәресте дүниеге келді. Жүнісбек пен Ботагөз ақылдаса келе сәбидің есімін өздері кереметтей пір тұтатын Иманғалидың анасының құрметіне Ділдә деп қойды. Осылайша өмір есігін енді ғана ашқан нәресте екі әулеттің арасындағы бұрыннан келе жатқан жарасымды сыйластықтың одан ары бекемделе түсуіне дәнекер болды.
Ең бастысы Жүкең қандай қыз­мет атқарса да қолынан қаламын тастаған емес. Аға газетте қызмет істеген шығармашылыққа ден қойған шуақты күндерін әрда­йым сағынышпен еске алады. Ондай сәтте жазу үстеліне отыра қалып, көкейінде жүрген жайттардіыақ қа­ғазға төгілте түсіруге асығады. Әрине, жұмыс­бастылыққа орай аз жазады, бірақ саз жазады. Өйткені ол өзінің журналистік төл кәсібіне деген адалдықты, қанына біткен пайым­дылық пен қоғам алдындағы парызын ешқашан есінен бір елі де шығарған емес.

Қалыбек Атжан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.