Батыл әрекет қажет

Қазақ елі егемендігін алғанына жиырма бір жылдан астам уақыт өтсе де, Қазақстан халықтарының ортақ тіліне айналады деген, қазақ тілі әлі күнге еңсесін көтере алар емес. «Қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін!» деген Елбасының қанатты сөзі де, «Тіл туралы» Заң да бүгінгі тілді нашар білетін қандастарымыздың санасына жетер емес.

Белгілі ғалым А.Айталы бір еңбегінде «шала қазақтар» туралы: «Адамдарды ұлтқа біріктіретін шешуші күш – ұлттық сана-сезім. Осы сана-сезім сөнген кезде ұлттық қасиет те қалмақ емес. Ол – сенің болмысыңда, табиғатыңда, жан дүниеңде» дейді. Қазір Қазақстанның тілдік кеңістігінде, бірнеше тілдік орта қалыптасып үлгерді. Олар – қазақтілді орта, орыстілді орта және еліміздегі диаспоралардың тілдік орталары. Қазақ тілінің кеңістігіне келсек, өкінішке орай, ол қоғамның ең аз қорғалған ортасы.
Қазір барлық жерлерде қазақ балабақшалары, қазақ мектептері, жоғары оқу орындарында қазақ топтарының саны көбейгені рас. Бірақ орыстілді мектептерде 300-мыңнан астам қазақ балаларының оқып жүргені, қазақ мектептерінде 3 мыңға жуық өзге ұлт өкілдерінің оқып жүргені көңілді көншіте ме? Мемлекетіміз балалардың қазақ тілінде тәрбие мен білім алуын қамтамасыз ететін батыл қадамдар мен кешенді бағдарламаларды жедел қолға алмаса, мемлекеттік тілдің мәселесі оңалмайды, яғни елімізде мемлекеттік тілді білмейтіндердің саны азаймайды. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, енді рес­публика мектептерінде 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту қолға алынбақшы. 6-7 жасар бүлдіршіндер мұндай тәжірибе жасауды көтере ала ма? Украинаның лингвист-ғалымы А.Потебня: «…Жас жеткіншектің екі тілді білуі – оның ойлау жүйесін екіге бөледі және қақ жарылған көзқарастың біртұтастануы қиындайды. Егер мектептегі тіл отбасындағы тілден бөлек болса, екі түрлі «сана» пайда болып, үйлесімділік қатынас бұзылып, отбасылық Өмір мен Мектеп өмірінің арасында моральдік қақтығыс туындайды» деген. Бұл – ащы шындық. Кешегі Кеңес Одағы кезінде орыс тілінде білім алып, енді тәуелсіз ел болсақ та, өзінің ана тілін менсінбейтін қазақтар соның дәлелі. Жазушы Тұрсынбек Кәкішев қос тілді меңгерген адамның бойында болмыс пен келімсек пиғылдың күресі басталады. Өйткені тілмен бірге ой-сана мәдениеті де еріп келетінін айтады. Демек, біз қазақ қоғамын «шалақазақтық» дертінен сақтай білуіміз керек. Ол үшін әрқайсымыз тілдің жанашыры болуымызбен қатар, тілдегі жіберілген кемшіліктерді жөндеп, тілге қарсы жасалған әрекеттермен батыл күресе білуіміз керек.

Т.Жалғасбаев
ТАЛҒАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.