Әсіре діншілдік неліктен қауіпті?

Бүгінде дін атын жамылған үлкенді-кішілі келеңсіздіктер қалың жұртшылықты алаңдатып отыр. Бұл тұста діндегі шектен шығушылықты айта кеткен абзал. Баланың қиянатшыл һәм қатігез болып өсуіне құдайсыздық қалай әсер етсе, әсіре діншілдік тәрбие де солай әсер етеді. Неге десеңіз, екеуі де сағат маятнигінің қос шеткі нүктесі сияқты бек шетін жол.
Қиянатшылдық–өзімшіл менмендіктен, яғни «менікі жөн, өзгенікі бұрыс» деген ойдан туады. Біз ғана «тура жолдамыз» дейтін діні, жүрегі қатты тәкфирші ағымның өкілдері соның мысалы. Олар атеистер тұрмақ, намазы жоқтарды кісі құрлы көрмейді. Өз заманында Абай, Шәкәрім «Адамды сүю» гуманистік идеясын берік ұстанды. Хакім Абай 38-сөзінде қиянатшыл жандарға «жарым адам», «жарым мұсылман» деген «диагнозын» қояды.

Енді қатігездіккке келер болсақ, ол – мейі­рім­діліктің (шапа­ғаттың) ан­типоды. Хүкім шариғат бойынша, мейірімді жандар Құдайдың шапағаты шеңберінде қалып, өздері де шама-шарқынша шапағат жасайды. Керісінше, қатігез пенделер шапағаттан құр қалмақ. «Құдай залымды сүймейді» дейді айқын аяттар, ал сахих хадисте «Алладан ең алыс адамдар – олар жүрегі қатайғандар» делінген. Қазақта «жетесіз», «жетесіздік» деген ауыр сөз бар. Ол Құдай жетекке алмаған, сол себептен шапағат бұйырмаған «бақытсыз жандар» деген мағынаны білдіреді.
Жалпы дінде шектен шы­ғу­шылық дүмшеліктен, көбіне иман мен тағатты айыра алмаудан туа­ды. Иман – бір Жаратушы барына нанбақ, демек, оның аясына Құдайдың ісін, заңын танып-білу кіреді. «Алланың нұрын ала білу», «Иманды жүрекке сіңіру» дейтініміз сол. Діни тағаттың (немесе тағаттылық) жөні басқа. Ол – сыртқы ғибадат (дәрет, намаз оқу, ораза тұту, т.б.), былайша айт­қанда, діни танымның үстіңгі жұқа қабыршағы. Бірақ өз алдына бір өріс болғандықтан, қарапайым көпшілік бақытқа тағат арқылы жетеміз деп ойлайды. Құдайдың сүйікті құлы болу жолы – тағатта деп сенім артады. Жақсы амал деген тек құлшылық рәсімдері деп түсінеді. Ислам әлемін аяқтан шалып, бізді діңкелетіп отырған – дүмшелік табиғаты, міне осы.
Байсалдылық пен сабыр әрдайым қажет, әсіресе, дінде керек. Мәселе сонда, көкірек көзіне ғана ашылатын хақиқат, түйсіктер адамға өзінің өмір тәжірибесі және көрген-білгендері арқылы келеді. Бұл аксио­ма. Атам қазақ «Ер адамның ақылы жасы 40-тан асқанда толысады», «Ақылды алпыстан асқаннан сұра» демей ме. Хәкім Абайдың «Әрбір наданның (жас адамның деп ұғыңыз – А.О.) біз тарихатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады» деген ескертуі де еріксіз ойға оралады.
Әсіре діншілдік – қоғамдық сананы еліктеушілік пен тақлиди иман (еріп иман келтіру) ауаны жайлап алған жерде пайда болатын құбылыс. Бұл діннің адамды еліктіретін құпиясы, батини сыры – көркем мінез бен ой-парасат жүйесін қалыптастыру сыртқа тебілетін жағдай.
Осы ретте дәстүрлі емес діни ағым­дар алаңына көз жүгіртелік. Ислами теріс ағым өкілдері бізге намазды қалай оқу (әминді іштен, әлде дауыстап айту керек пе, қолды кіндіктен төмен әлде жоғары байлау керек пе, т.с.с.), мәйітті қалай жер­леу­ге қатысты ұсақ-түйек мәсе­ле­лерге ғана әкеліп, таластырып қояды. Мұның қоғамдық сананың, жаңағы қисық-қыңыр мінездің түзелуіне қатысы бар ма?! Сірә да, жоқ.
Қазақстандағы тоталитарлық ағымның бірі – «Иегово куә­­гер­лерінің» өкілдері «қан құймай­мыз» деп қасарысып, өзге түгілі, туған баласын өлімге қияды. Сол сияқты евангелистер, кришнаиттер мен баптистер «Құдай жолы бізге ғана ашылды» деп кеуде соғып жүріп, талай отбасының түбіне жетті. Тегінде, шетелдік миссионерлердің заң шеңберінен аспай-ақ «қатігездіктің елшілері» аталуы жайдан жай емес, «махаббат – Құдайдың аты» деген христиандық басты қағида көбіне солар тарапынан аяқ асты етілуде. Өйткені олардың іс-пиғылынан, байқап отырсақ, қазақты қазаққа қарсы қоюшылық пен «бірің өліп, бірің қал» деген позицияның исі аңқиды.
Сайып келгенде, дінде шектен шығудың қай түрі де жастардың санасын улап, қоғамда жаңа сөз етілген қиянатшылық пен қатігездіктің дәнін себеді. Шектен асушылыққа бой алдырып алсаң болды, бітті, өзінің де, өзгенің де өмірі құнсыз көрінбек. Дін «ұстазы» бұйрығын ойланбай орындауға даяр зомбилер осы ортада өсіп, өнеді. Бұл жерде әлемді түршіктірген жихад жарылыстары меңзеліп отыр. Ауғанстан, Сирия, Ирак және Пәкістан сияқты мұсылман елдерінде адам қаны судай ағуда, лаңкестік шеңбері кеңейе түсті. Жуықта Кенияда Сау­да орталығында 70 адам өліп, 200-і жарақат алғанынан хабардармыз. Біреу білер, біреу білмес, алғашқы діни фанатиктер – харижи топтар тарих сахнасына сонау VІІ ғасырда шыққан. Бүгінгі салафшы, уахабшы топтар аяқтары салбырап аспаннан түскен жоқ, олар сол харижилік ойлау жүйесінің «өнімдері».
Жасырып-жабары жоқ, әсіре діншілдік «вирусы» біздің елімізге де жетіп, алған бағыттарынан еш қайтпайтын қисық мінезді топтарды қалыптастыруда. «Бізге қосылмайтын қауымның бәрі адасушылар. Олардың жазаға ұшырайтын уақыты келеді» дейді әсіре діншіл топтардың өкілдері. Осыған иланған жастарды ортаға қайтарып көр. Қандай уәлі уәжді айтсаң да, Сізді Ібіліс сөйлетіп отыр, мұның жазасын Алланың өзі-ақ береді деп, орнынан тұрып жүре беруі мүмкін (шындығында сабыр, төзім, толеранттылық мінез қарапайым адамнан гөрі діндар тақуа адам бойын­да молырақ болуы керек).
Өмір тәжірибесі аз, діни сауаты төмен, көрген-білгені шамалы адамдар басы қатты асаудай бұра шауып, жеңістік бермейді. Екі жастың бірін жасамай жатып, өзім білемдікке салыну: әке-шешеге құлақ аспау, үлкенді тыңдамау қадеті. Осыдан-ақ дінде шектен шығудың сипатын, оған салынған жасөспірім замандастың әлеуметтік бейнесін (сақалды өсірген, балақты қиған, қабағы қатыңқы, түсі суық дегендей) көзге елестетуге болады.
Ал дінде шектен шығушылық қаупінен, жағымсыз құбылыстың алдын алу мәселесіне тоқталсақ, уағыздарын көше-көшеде кітап­та­рын таратқан иеговистер, евангелшілдер, кришнаиттер секілді дәстүрсіз діни бірлестіктердің жолы жіңішке екенін айта кету керек. «Модаға» айналған оккульттік (емшілік, тәуіп, көріпкелдік, т.б.) қозғалыстың да заң негізінде тынысы тарылып отыр. Сол сияқты Әбдууахабтың жолын қуған «аят, хадисті ақылға салма», «еріп иман қыл» дейтін сәләфи, «кәпір» деп шоқпар ала жүгіретін тәкфирші, әркімнің есігін қағып, ауыл-ауылды аралаған таблиғи-жамағатшы сияқты тіркелмеген діни ұйым­дардың жұмыстарына тыйым салынды. Бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлудің бар екенін атап өтсе болады. Діни фанатизмнің таралуын тежеуге және экстремистік топтарды оқшаулауға байланысты жұмыстарды мемлекеттік тиісті орындар жалғастыра бермек.
Десек те, радикализмді болдырмау күллі халықтық парызға айналса игі. Ол үшін әуелі жастарға дұрыс рухани білім берілу керек. «Антивирустың» екіншісі – ұлттық құндылықтар (тіл, тарих, салт-дәстүр) мен отбасылық тәрбиеге негізделген (бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет). Иман – жүрек тазалығы һәм ғылымның шексіздігі, тағат – діни дәстүр мен рәсімдер жиынтығы. Иман – барша адамзатқа ортақ және өзгермейтін дара құндылық, ал тағат – тарам-тарам болып түрлене береді. Ислам бір, бірақ сенім жолы бөлек-бөлек болатынын түсінген абзал.
Абай 38-сөзінде «Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирінен (сыртқы) қалып, сыр ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? …Бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы (ішкі) иманның көлеңкесі һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған»дейді. Өзіңіз де ойлаңыз, иман мен тағаттың айырмасын бұдан да анық айту мүмкін бе? Дана Абай діннің ішкі және сыртқы жақтары барын, гәп – ішкі сенім, иманда екенін ескертіп отыр.
Егер ми мен жүректі қоспай тұрып, ақ қағаздың бетінде тек саусақтың ұшымен қаламды әрі-бері жүгірте берсек, одан нәтиже шықпас. Ол әрекет мән-мағынасыз, құр шимай болады. Сол сияқты соқыр сенім, құр тағаттылық татымды жеміс бермейді. Иман шарты — Жаратушы Құдіретке жүрекпен сену. «Жүрек жұмсаруы» үшін Алланың хикметін сезу, ғылым-білімді азық қылу шарт. Әлемнің дін ғұламалары айтқан жайт, міне осы.
Дінқұмар, бірақ қазақы салт-дәстүрді білмейтін адамдар аз емес. Бүгінде кейбірі Сирия жеріне жетті. «Ислам бір, ол арабтікі, қазақтікі, өзбектікі болып бөлінбейді» дейді олар. Мұнысы Құдай ісінен дін ісін айырмау, сәләфия «вирусын» жұқтыруында ғой.
Қазақ жерінде «далалық ислам» немесе «қазақ исламы» түсінігі қалайша орнады? Бұрынғы үлкендер «Балам, егер адам болам десең, онда сен өтірік айтпа, ұрлық жасама және кісінің ақысын жеме – адал бол! Дәйім жүрегіңнің түбімен Алла тағалаға сеніп, сыйынып жүр! Иманды болудың, одан пайда алудың мәнісі осы!» десетін.
Сол сияқты біздің қазақ «Ар-ұяты бардың иманы бар», «Жаным арымның садақасы» деп білген (имани ілімді «ар-ождан ілімі» атағаны сол). «Аққа Құдай жақ» дегені, әділет – Құдайдың заңы деп білгендігі. «Қарғыс алма, алғыс ал!», «Қайырымдылықтың қайыры бар», «Жетім көрсең, жебей жүр», қысқасы, «обал-сауап» қазақтың қанына сіңген қағида болған. Демек, қазақта құдайылық идеясы басым, Алланың нұрын ала білу және иманды жүрекке сіңіру ұлттық таным-түсініктің мәйегі деген сөз. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», «Күйесіз қазан, күнәсіз адам жоқ» деген сөздерден адасқан пенделерді кешіре білгендігі деп түсінуге болады.
Мұндағы айтпағым, «дәстүрлі ислам», сол сияқты «қазақы ислам» өз алдына бөлек дінді емес, «исламдағы қазақ жолы» (яғни ата-бабалар жолы) дегенді білдіреді. Тарих ақиқаты тұрғанда, қазаққа дінді тыңнан үйретеміз деу, «түйе үстінде отырып, сирақ үйітем» тәрізді күлкілі, бекерге тер төгу.
Республикалық газеттердің бірінен «Дінге бет бұрғызамыз деп біз небір талантты ақындарымыздан айырылып қалып жатырмыз» деген пікірді оқыдым. Ана бір жылы «Судағы акробатикадан, бұйыртса, Азия чемпионы болар деп үкілеген қазақ қыздары тобы дінге кіріп, спортты тастап кетті» дегенді Астанадағы Еуразия ұлттық университеті ұстазының аузынан естігенім бар. Бақсақ діндеміз деп, өнерде, спортта, ғылым жолында жанбай жатып, сөнгендер аз емес. Бұл жағдай бәрімізді алаңдататыны анық. Сол себепті өскелең ұрпаққа өздерінің еркін ойлау мүмкіндіктерін сақтай білуді үйрету керекпіз.
Әсіре діншілдіктің қай тұр­ғыдан алсақ та, залалы мол екені сөзсіз. Хадистегі «Дінде шектен шықпаңдар! Дінде шектен шығу құрдымға кетіреді» деген ескертудің мәні осында десек болады. Құдай жолын дін жолымен шатастырмайық: мейірім, әділет сезімдері діни догмадан әрқашанда жоғары. Міне, жас буынға да, бала тәрбиелеп отырған ата-анаға да осы ақиқатты баса айтқымыз келеді.

Асан ОМАРОВ,
«Дін мәселелерін зерттеу және
талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Айжан

    Қазір «Хиджап кидім, күнәлардан пәкпін, қалғандар күнәхарлар» деп адасып жүрген қыздар көп. Олар діннің түп-тамырына үңілмей, тек сыртқы жағын ғана ойлап, қателесуде.

  2. Серікбек

    Діни фанатизмнің қазақ жастарының арасында кең етек жаюы қауіпті. Шолақ шалбар киіп, сақалдарын өсірген жігіттеріміз Сирия жерінде жүр. Елімізде діни сауаттылықты күшейтпесе, оның арты жақсылыққа апармайтыны анық.

  3. Гүлмира

    Сіздерге өз мақаламды жариялай аламын ба? Менде ауыл ақсақалының аузынан жазып алынған адай тегі жайында толғау бар, байқауымша еш жерде жарияланбаған

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.