Қияңқы пікірлер қайдан шығып жүр?

Қазір елімізде көшеде қос ұрты бүлк-бүлк етіп хот-дог жеп, онысын ит ішпес «Коламен» итеріп желе-жортып бара жатқан көшекезерлер де, темір атқа мінгенін алтын таққа мінгендей көретін шолақ белсенділер, әкімшіктер мен солардың жандайшаптары да кілең бір сауырына су жұқпас сәйгүлік-саясаткер дерсің. Ол ол ма, қасапхананың қара шыбынындай құжынаған қан базардың қақ ортасынан құрқылтайдың ұясындай құжыра (өздері «бутик» дейтін) ашып, киім-кешек сатып отырған қазақтың қатын-қалашы, қыз-қырқыны да сол құжырасының есігіне «Ашық. Опен. Открыто» деп үш тілде жазып қойған. Өткен ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «тілі екеудің діні екеу»  солардан сескеніңдер деп ескерткен екен. Көңілі жүйрік, көзі қырағы, жүрегі сезімтал ақын сол кезде-ақ қазақтың орыс көрсе өз-өзінен соған жәреукеленіп, соны айналшықтап, орысша білетінін көрсеткісі келіп, орыс не істесе, соны қайталауға даяр орысқұмарлығынан жиренген екен.

Сол қайран ақын бір езуіне сигаретін қыстырып қойып киім-кешек сатып «ә» десең «мә» деуге, бір сөз айтсаң он сөз айтуға даяр отырған осы үштілді төменетектілердің дөрекі сөзі мен жүріс-тұрысына бір сәт назар аударса «өзінің тілі екеудің діні екеуін әрі қарай жалғастырып «Үштілді де үш Құдай» дер ме еді кім білсін?! Олай демейін десең, іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруге қарсылар да, ана тілінен безгендер де, туған ұлтының салт-дәстүрін сыйламайтындар да, өз ұлтын өзгелерден, әсіресе орыс пен ағылшыннан кем санайтындар да, Қазақ елінің қазынасын тонап шетел асып кетіп жатқандар да, ең аяғы шетелде оқып сонда қалып қойып жатқандар да түп-түгел дерлік орыс мектебінде оқығандар екен. Міне, «тілі екеудің діні екеу» дегеннің бір-ақ дәлелі осы! Енді, қаршадайынан–бірінші сыныптан бастап үш тілде оқыған сәбилеріміз күні ертең кім боп шығатынын ойлап көріңіз… Білмесеңіз айтайық, бұл – қазақтың әлі ағзасы жас, миы таза, санасы пәк сәбиін, яғни ертеңгі ұрпағын өз ана тілінен, ата-баба дәстүрінен, қысқасы өз ұлтына деген махаббаттан, мына жер, мына ел менікі, тек қазақтікі деген сәруар сезімнен жастайынан мақұрым қалдыру үшін шетелдің құпия қызметтерінің тапсырмасымен жасалып отырған қылмыс емес пе деген күдікті қазір көзі ашық қазақтар айтып та жүр. Бұл Қазақ елін қазақ деген ұлты жоқ елге айналдырудың ең оңай жолдарының бірі емес пе екен деген де ойда қаласың. Кезінде «қос тіл – қос қанатың» деген мәтелсымақты ойлап табудың арқасында аз ғана қазақты орыстілді қазақ, шала қазақ, таза қазақ қып бөліп тастады, енді қазақтың болашағына үштұғырлы тіл зиянын тигізбей ме? Қазіргі қазақ орыс күшті, орыс мәдениетті, орыс білгіш деген соқыр сенім миының бір қалтарысында тұратын және «орысқаз» деп аталатын тілмен сөйлейтін қостілді қазақ. Енді оның жарық дүниеге келгеніне 5-6-ақ жыл болған сәбиі аузынан ана сүті кеппей жатып, үш тілде сөйлейтін болғасын орысты, ағылшынды, французды, бүкіл еуропалықты өз ұлтынан артық көретін болады. Бұл ғылыми дәлелденген нәрсе. «Әйтпесе, қазақ басшылары осы «үштұғырлы тіл» дегенді енгізгенде базарда «Дәр-рө-ө-огу!» деп арба сүйретіп, автобустың есігінен «Прямо по Абая», «Прямо по Мамыш ұлы», «Айнабулак, Айнабулак!» «Сарыарка», «Алтын Арда» деп, баяғы ақ гвардияшылар атуға әкетіп бара жатқан большевиктерше бақырып-шақырған байғұстардың балалары үш тіл үйреніп, ертең өздері сияқты бай, өздерінің балалары мен бәсекелес министр, облыс әкімі болсын деп енгізді деп пе едіңіз? Мықтап қателесіп жүрсіз! Мақсат – Қазақстан тек қазақтікі емес деп, оны қырық ұрық ұлттардың «общий домына» айналдыру. Сонда қазекең өзінен-өзі-ақ көп ұзамай аты-жөні беймәлім қойыртпақ бірдеңеге айналатынын оларға шетелдік кеңесшілері үйретіп отыр.
Сенбесеңіз, қазір телеарналардан көрсетіліп жатқан қазақ сериалдары деп аталып жүрген масқарапаздыққа қараңыз. Олардың кейіпкерлерінің бірі – қазақ, бірі–орыс, бірі – кәріс, не тағы бір ұлт өкілі. Тіпті сериал деуге жуыспайтын бұл түсірілімдер орыс тілінде. Ара-тұра біреулері «ой-ба-а-ай, бұл не?», «Балам, так нельзя», «Айналайын!», «Ау, жаным-ау!» дегендерін ғана естуіңіз мүмкін. Ойнап жүргендер актерсымақтар ренжісе де, қуанса да, қайғырса да, кейісе де беттері бүлк етпейтін кілең сазбет, пластилин адамдар.
Олар түгіл көшеде сөйлесіп тұрған қазақтардың лебізіне құлақ түрсеңіз, сөзі не түп-түгел, не үштен екісі осы «орқаз» тілінде сөйлейді. Қазір қазақтарға телефон соқсаң, аржағында тұрған кемпір-шалыңа шейін «да-а-а!» дейді. «Иә» десе, «аулбай» не «шымкентский», «кзыл-ординский», «короче, южанин» әлде «мамбет» болып кетуі мүмкін. Олар телефонмен сөйлесіп болғасын сөзін «хорошо» немесе «қарашо, қарашо» деп аяқтайды.
Иә, қазақ шонжарлары қазақ тіліне шабуылын енді ашық түрде жүргізуден тайынбайтын болды. Қазір қазақ мектептерінде қазақ тілі пәнінің сағаты қысқартылды. Ал кейбір орыс тіліне берілетін сағат қазақ тілімен бірдей. Жақында кейбір қазақ мектептерінде «орыс тілі апталығы» деген өткізіліп, дәліздерде тағы да «Я люблю русский язык», «великий русский язык» деген сияқты ұранды сөздер ілінді. Ал орыс мектептерінде қазақ тілі сағатында балалар аулада доп теуіп жүреді. Қазақ мектептеріндегі балалар үзіліс кезінде орысша не орқазша сөйлеседі. Олардың бірсыпыра оқулықтары орысшадан сөзбе-сөз аударылғандықтан, оларды түсіну өте қиын. Телеарна журналистерінің тілі орысшаның тұп-тура аудармасына айналған. Олардың ішінде орыстарша баяндауышты басына, бастауышты аяғына қойып «…наразылықты жалғастырмақшы алаңға шығып үлескер-ле-е-ер! Ка Те Ка-а-а-а»! деп аңыратып, тісін ақситып аяқтайтындар қаншама! Міне, осылайша бүгінде қазекем қазақ дегеннен гөрі орыстың көшірмесіне «орқаз» деген ұлтқа айналып барады. Қысқасы, қазіргі қазақ тілін «орысқаз» тілі, яғни русско-казахский язык деп атауға әбден болады. Құдай қалап, мына үштұғырлы тілді бірінші сыныптан бастап оқып жатқан сәбилер енді бір он жылда мектепті тәмамдап шықса, олар тек ағорқаз деген тілде сөйлейтін (ағылшын-орыс-қазақ) тап-таза дүбәралар болып шығады. Олар ең әуелі өзінің қазақ деген ұлтын сүйетін, ата-баба салтын, үрдісін құрметтейтін нағыз ұлтжанды азамат боламын десе де бола алмайды. Оған әлгінде мысал келтірдік!
Біз қазір үлкен-үлкен қалалары­мызды салып жатқанда да оларды өз ұлттық бейнемізде емес, шетелдердің жалт-жұлт, жылт-жылт еткен арзан дүниелерімен әшекейлеп жатырмыз. Біз қазір саяси дау-дамайда да, салалық қызметтерде де, тіпті ауыл-үйдің айналасындағы пікірталаста да шетелдерде өйтеді екен, бүйтеді екен деп соларға жүгінеміз. Олар қазақтың қай шаруасына да төрелік айтады. Ал біздің саясаткерлер мен депутаттар әне көрдіңдер ме олардың түрлі «сарапшылары» мен «зерттеу орталықтары» бүйдеуде деп мәз болып отырғанын көргенде мұнысы несі, әлде шетелдіктердің ақыл-кеңесі болмаса, қазақ деген ақыл-есі кемістеу туған сәби ме деп қала жаздайсың. Олай дейін десең, шетінен ел қорғаған жалаңтөс, жауға жалаңаш шапқан баһадүрлер мен күміскөмей, жезтаңдай шетінен шешендердің болашақты болжаған көріпкел, әулиелердің ұрпақтары. Бірақ солар Ресейге күні кеше көшіп барған орыстар сондағы орыс-шовинистеріне қосылып қазақ жері орыстікі, керек болса қарумен аламыз деп азуын ақситып жатса да қарсы үн шығаруға қорқады. Ең болмаса, Сыртқы істер уәзрияты (министрлігі) бір парақ наразылық нотасын жолдауға жүрегі дауаламайды. Оның орнына ара-тұра қазақтар орыстарға күн көрсетпейді деген қияңқы пікірлер де айтылып қалады. Жақында біреу «орыс тілінде сөйлейтіндерге қысым жасалмауы керек» деп қалды. Бұл саясаткерлік пе, әлде өзін бүкіл қазақтан қумын, ақылдымын деп есептеу ме? Ау, Қазақ елі деген ресми атауды айтуға қорқып жүрген бұл елде қорлық көріп, бүкіл телеарналарда тілі шөміштен қағылып келе жатқан да, ойындағысын орысша түгел жеткізе алмаса қазақшасы түкке керексіз болып қалатын да тек қазақ бейшара емес пе! Ау, бұл елдің күннен- күнге тек Қазақстан деген аты ғана қалып баратқанын, тіліміз анадай күйге түскенін, өзге ұлттан қорлық-зорлық көрген қыз-жігітін арашалауға барған қазақтар ұлт араздығын қоздырушы не террорист, не салафи атанып сотталып кетіп жатқанын көзіміз көріп отыр ғой. Шаңырақ пен Бақайда үйін қиратуға қарсы тұрғандардың өздері бәлеге қалды. Сол Шаңырақ пен Бақайда үйім қирады деген орысты көрген тірі жан бар ма? Телеарналар күндіз-түні орысша сарнап тұр. Мекемелерге әлдебір шаруасымен келген орыс сенің орысша жауап беруіңді талап етеді. Сонда ҚР-да кімге-кім қысым көрсетіп жүр? Кімге-кім қысым жасауда? Әлде ол кісі Қазақстанда қазақ тілі 22 жылдың ішінде бүкіл мемлекеттік мекемелер мен шетелдік компаниялар бастап жекеменшік шаруашылықтардың да есігінен сығаласа сығалап, сығаламаса табалдырықтың сыртында жүргенін білмейді деп пе едіңіз. Жақсы біледі! Бұл қайткенде де Қазақ елінде орыстың кеудесін көтеріңкі, үнін үстем етіп, қазақтың өзін де, тілін де тұқыртқан үстіне тұқыртып отыру үшін айтылған сөз! Бүкіл жиналыс, бүкіл баяндама қай жерде де орыс тілінде жасалып, қазақшаның көк тиынға қажеті болмай жатқанын бүкіл қазақ көріп отырғанда орыс тіліне қысым жасамаңдар деу қазақты мазаққа, келекеге айналдырудың ең шегіне жеткенін көрсетіп тұрған жоқ па? Бұл не мазақ? Ең аяғы «Нұр Отанның» биылғы жиыны да «съезд» деп аталды. «Съезд» деген сондай бір киелі сөз емес, бар болғаны «съездиться», «съехаться» яки «бару», «жиналу», «тоғысу» деген ғана ғой. Бұл әлдекімдерге қазақтың ықылым заманнан келе жатқан Құрылтай деген сөзін де ұмыттыру үшін қажет болған шығар, әлде Мәскеудегі Кремльде (ол моңғолша керемл-қамал деген сөз) отырғандарға адал екендерін дәлелдеудің бір түрі ме, кім білсін?! Әнебір жолы, «маған қазақша түсіндіріңіз» дегені үшін бір қазақты ұшақ жолсеріктері шу шығарып ақыры түрмеге қаматты. Бұл да қазақ байғұс орысшаға қысым жасаған болғаны ма?
Жақында Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллин Парламентте Бәке, Сәке, Мәке дегендерді айтуға болмайды деп тыйым салды. Оған мұндай құқықты ықылым заманнан қазақтың бір-біріне асқан сыпайыгершілікпен осылай қалыптасқан тіл қатуына тыйым салатын мұндай хұқықты кім берді? Бұл да орысшаға жасалған қысым ба, өйткені сол жерде қазақтар бір-біріне Тақыркедей Мұнайбаевич, Уранбек Протонович деп жатса осы Нұрлан оларға қой дей алар ма еді? Әй, қайдам-ау. Міне, осындайларды көргенде-ақ Қазақ елінде қазақты орқаз деген ұлтқа, тілін орқаз тілі деген тілге айналдырып, бұл ұлтты түбегейлі мәңгүрттендіру, елді ұлтсыздандыру саясаты өршіп бара ма деген үрей көзі ашық қазақтың көкірегін кернеп жүргелі көп болды. Ақыры қайырын бергей!
Осының бәрі бүгінгі Қазақ елінде әуелбастан қазақ тілін былай ысырып қойып, қостілділерді ғана лауазымды қызметке қою, телеарналарды, іс қағаздарын, заңнамаларды орысша жүргізу, қазақтың өзін орыстілді қазақ, шалақазақ, таза қазақ қып әдейі бөлшек-бөлшек ету сияқты кейбіреулердің саяси пиғылының нәтижесі екенін қайран қазекем кеш түсініп отыр. Түсінбегендер мен түсінгісі келмейтіндер қаншама?!Осының бәрі әлемдегі ең бай тілдің бірі қазақ тілінің өз елінде басына ноқта кигізіп, еркін көсілуіне жол бермей, ақыры біз айтып отырған «орқаз» деген тілді дүниеге әкелді. Бұл, яғни қостілділік дегеніміз әубастан-ақ қазақтың да, қазақ тілінің де алдынан ор қазу екенін өткен 22 жыл әбден дәлелдеп берді. Осындай әңгіме айтып зар илегендерді Нұрлан Ерімбетов дегендер кекетіп: «тіл жөнінде мәселе көтеру – біздің елде абырой жиюдың ең оңай түрі» дейтін болды. Бірақ оның мына бір сөзінің жаны бар: Алматыда Кеңес Одағы кезінде бір ғана мектеп болды. …Ал сол уақытта Ташкентте 80 пайыз өзбекше мектеп болған дей келіп, сол кезде елді, білім министрлігін кім басқарды, солардың атын неге атамайсыздар,– дейді Нұрлан. Өте дұрыс! Сол кездегі Өзбек КСР-інің бірінші басшысы, жазушы Шараф Рашидов со заманда-ақ керемет сарабдал саясат жүргізіп, өзбектің Ұлттық мемлекеті деуге тұрарлық Өзбек мемлекетін құрды. Ол со заманда-ақ, ең алдымен өзбек ұлтына қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсады. Ол сол кезде-ақ партия съез­дерінде өзбек тілінде баяндама жасайтын. Ал біз Қазақстанда орыс тілін өркендетіп, қазақ мектептерін жабуға жан сала кіріскен адамды осы күні пайғамбар деуге аз-ақ алдындағы бүкіл мақтау сөзді үйіп-төгетін кеселге ұшырадық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Бәйел

    Айтқандарының бәрі — рас. Осы мақаланы қазіргі биліктің тілдік (ұлттық)саясатынан қорықпай беріп отырған «Ана тілі» газетіне жан бітейін деген екен. Бұдан гөрі биліктің шамына онша тие қоймайтын менің бір мақаламның «құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шұнтитып» берген еді. Содан бері, жоқ.., көптен бері, яғни Самат бас редактор болып келгеннен бері, «Тек биліктің ғана сойылын соғатын газетке айналды» деп осы газеттен көңілім мүлдем қалған еді. Осы мақаланы жариялағаны үшін «бір ши сындырайын» деп отырмын.

  2. Максат Байлы.

    Жүректің қанымен жазылған мақала.Ұлтын мақтан тұта алатын, ұлтына жаны күйетін,»әр қазақ менің жалғызым» дей алатын азаматтың жүрегінің қаны. Мырзеке ! мың жасаңыз !.»Ана тіліне» келетін болсақ, ол қандай болуы керек?.Ол ҚАЗАҚТЫҢ тілі емес пе!.

    «Каждый язык — это храм,в котором бережно хранятся души говорящих на этом языке». Оливер Уэндел Холмс.

  3. САНАТ

    Нағыз үлтжанды азаматсыз Қазақтың тіліне,діліне,дініне бейқам қарай алмайтыныңызды талай өткір мақаларыңызбен дәлелдеп жүрген азаматсыз сізге денсаулық,отбасыңызға береке тілейміз

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.