Мәскеуде ел туын желбіреткен…

Әрі спортшы, әрі әнші, әрі ақын Үмбет Жанғалиев туралы не білеміз?

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданы қазақы келбетінен айнымаған, тарихы тағылымды, қойнауы құтқа толы өңір. Осынау қазыналы өңірде Алаштың біртуар батырлары, жыр нөсерін төкпелеткен арқалы ақындар, жұртшылықты аузына қаратқан күміс көмей әншілер көп болғаны тарихтан мәлім. Солардың қатарында, Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі әнші, әрі ақын, әрі спортшы, әрі ұлағатты ұстаз Үмбет Жанғалиев та бар. Себебі ол кезінде аудан, облыс мерейін республика мен одақ көлемінде үстем еткен нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Оның өрісті өнегесі туралы бүгінде көз көргендер жыр қылып айтады. 

Ол 1924 жылы аталмыш ауданға қарас­ты Қаракөл ауылында дүниеге келіп, 1992 жылы 68 жасында қайтыс болды. Балалық шағы сұм соғыспен тұспа-тұс келді. Сөй­тіп, 18 жасында Батыс Қазақстан об­лысы, Тайпақ аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, Ты­нық мұхиттағы әскери теңіз флотында сүң­гуір қайықтың теңізшісі міндетін атқарады.
«Олардың жағдайын кез келген адам біле бермейді, кезекті тапсырманы орындау үшін су астына бір түссе, 5-6 айсыз су бетіне шықпайды екен. Әкем соғыс біткеннен кейін 1945-1947 жылға дейін Жапон жағалауын су асты теңіздерінде бақылап тұрған көрінеді. «Сүңгуір қайықта жалғыз қазақ болдым. Қасымдағы жолдастарым теңіз ауруына ұшырап жатқанда мені Құдай сақтады. Елге 1947 жылы орал­дым» деп еске алып отыратын ол» дей­ді кейіпкеріміздің ұлы Сәтжан Жанғалиев.
Соғыстан оралғаннан кейін Үмбет Қосжанұлы бірнеше ай Қарабау ауы­лындағы (Қызылқоға ауданына қарасты) «Қызыл үй» балалар үйінде ша­руашылық меңгерушісі болып жұмыс жасайды да, көп ұзамай Алматы қаласындағы дене тәрбиесі техникумына түсіп, оны 1953 жылы гимнастика мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Спорт мамандарының айтуынша, гимнастика – адамның денсаулығын нығайтып, күш-қуатын, икемділігін, төзімділігін арттырып жетілдіру үшін қолданылатын ілім мен арнайы іріктеліп алынған дене тәрбиесінің жаттығулар жүйесі. Ол дұрыс жүруге, жүгіруге, адам мүсінінің дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Міне, осындай спорттың күрделі түрін жетік меңгерген Үмбет жоғарыда аталған ауданның Қаракөл, Жаңашаруа, Мұқыр, Қарабау орта мектептерінде ұзақ жыл дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, мыңдаған шәкіртке спорт деген бір сиқырдың әліппесін үйретіп, бұқаралық спорттың мәнін арттыруға зор үлес қосты.
Үмбет қызмет етіп, сабақ берген мектептердегі оқушылардың қай-қайсысы да аудан, облыстан жеңімпаз-жүлдегерлер қатарынан көрінгендігі туралы одан тәлім алған шәкірттері тамсана әңгімелейді. Тіпті оның мықтылығы сол – ара қашықтығы 50 шақырымдай болатын Қарабау ауылы мен Комсомол (қазіргі Қоныстану ауылдық округі) ауылына қысты күні шаңғымен баратын көрінеді. Осыдан-ақ оның мықтылығы айқындалып тұр емес пе?! Өйткені ол кездегі Қызылқоға ауданының қысы қатты, қары тізеден жоғары болмаса, кем болмайтын. Ондай жерге шаңғымен денесі әбден шыныққан Үмбет секілді сайыпқыран спортшылар ғана жүре алатыны бесенеден белгілі. Содан болуы керек, ол 1954 жылы ел астанасынан жырақта жатқан Қарабау ауылынан арнайы Алматы қаласына шақырылып, 1957 жылы Мәскеуде болған бүкілодақтық өнер фестивалінде Қазақстанның туын көтеріп шықты. Тек ел туын көтеріп қана қоймай, гимнастикалық, акробатикалық ойын түрлерінен тамаша өнер көрсетіп, өзінің кең диапазонды дауысымен әсем ән де шырқады. Ендеше, жүздеген ұлттардың ортасынан жарып шығып, отыздан жаңа асқан қазақтың қара баласының саптың көшін бастауы қандай ғажап десеңізші?!
Біздің қолымызға екі тарихи фото түсті. Оның бірінде «Мәскеу қаласындағы «Динамо» стадионындағы гимнастикалық топ болып өнер көрсетіп, егін бауының гүлшоғы бейнесін паш етуі бейнеленген. Екінші суретте «1954 жылы Алматы қаласындағы аталмыш фестивальге дайындық. Үмбет Жанғалиев әріптесі Роза Титакованы бір қолымен әуелете көтеріп тұр» деп жазылыпты.
Айта кету керек, бұл екі суретті біз Қы­зылқоға аудандық тарихи-өлке­тану мұражайынан алдық. Онда кейіпке­ріміз­дің өмірбаяны да сақталыпты. Үмбет Қосжанұлы шебер өнерпаз, әнші, күйші болды. Бірнеше дүркін Алматы, Ақтөбе, Атырау сахналарында ән шырқап, 1963 жылы Батыс Қазақстан өлкесінің құрылу салтанатына арналған концертке қатысып, Д.А.Қонаевтың қолынан костюм киген еді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін ауыл, аудан сахнасында, той-жиындарда ән салудан шаршаған емес. Сондай-ақ суретші-безендіруші шеберлігі де зор адам болды. Оның еңбек еткен мектептері мен қайсыбір қоғамдық орындарда өз қолымен безендірілген бұрыштар әлі күнге дейін бар.
Расында да, ол «Таңдайына бұлбұл ұя сал­ған» күміс көмей, жезтаңдай әнші де болатын. Оның әншілігі туралы Қазақстанның халық жазушысы, академик Зейнолла Қабдоловтың «Жалын» романында да мәліметтер бар.
Ұзақ жылдар бойы Мақат аудан­дық «Мұнайшы», «Мақат тынысы» газет­те­рінде қызмет еткен журналист, марқұм Жәнібек Аманғали кезінде жазған бір мақаласында «Менің Үмбет Қосжанұлына ешқандай туыстығым жоқ. Мендегі жалғыз тілек мынандай: «Қызылқоға ауданының білім саласында бедерлі із қалдырған, спортын дамытуға даңғыл жол ашқан Үмбет Қосжанұлының есімін мәңгілік есте қалдырсақ екен. Бұл үшін Қызылқоға ауданындағы ол қызмет еткен мектептердің біріне немесе спорт кешендерінің біріне есімін беруді ойластырсақ қандай ғанибет. Өйткені біз елдігіміз бен нағыз алаштық қасиетімізді осындай елге еңбегі сіңген адамдарды ардақ тұту арқылы ғана таныта аламыз ғой» дегені бар еді. Өте дұрыс ұсыныс. Шындығында, спорт саласында өзіндік із қалдырған әрі әнші, әрі ақын, әрі сайыпқыран спортшы Үмбет Жанғалиевтің есімі өзінің ұзақ жыл қызмет еткен ауданында елеусіз қалып келе жатыр. Тіпті жақында Атырау қаласында Қызылқоға ауданының күндері болып өтті. Онда арнайы ауданның спорт саласына еңбегі сіңген спортшыларының фотосуреттері мен өмірбаяндары беріліпті. Алайда аудан спортының негізін қала­ғандардың бірі –Үмбет Жанғалиев назардан тыс қалыпты. Сондықтан өнерімен де, спортшылығымен де аудан тарихында өрісті өнеге қалдырған Үмбет Қосжанұлын бүгінгі ұрпаққа ұлағат етуге тиіспіз.

Бауыржан СИСЕНОВ, Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.