Қолдан жасалған «куәгерлер»

Нұрман Шыныбаев 1965 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында туған. Шонжыдағы қазақ орта мектебін бітіреді. Әскери міндетін өтеп келгесін Алматы политехникалық техникумында оқып жүргенде, Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 8 жылға сотталып, оның 3 жылын өтеп қайтқан. Нұрман бізге қалай желтоқсаншы болғанын тәптіштеп айтып берді.

Нұрман 1986 жылы Алматы по­литех­ни­кумындағы механика факультетінің 3-курсында оқитын. 17-желтоқсан күні оқу­ла­ры біткесін, балалардың бәрін жан-жаққа практикаға бөлгенде оны Павлодарға жібер­мек­ші болған. Бірақ ол Алматыдағы №1 сыра зауытына қалып, жұмысын бастайды. Ол күні ештеңе естімеген. Жұмыстан қайтқанда ғана Гоголь көшесінің бойымен келе жатқан бір топ адамды көреді. Нұрман қасындағы төрт қазақ жігітімен бірге шерушілерден болған жайды сұрап білгесін оларға ілеспей, алдымен жатақханаға барып студенттерді жинайды. Сосын 150 адам болып, сағат13.30-дарда алаңға Мир көшесі жағынан келеді. Милицияның қоршауында қалған алаңға кіру мүмкін болмағасын, бірін-бірі итермелеп, сегіз жігіт ішке қарай өтіп кетеді. Сол кезде бір милицио­нер Нұрманның қолынан шап беріп ұстап алып, алаңның төменгі жағында тұрған машинаға кіргізеді. Жарты сағаттай отырғасын подполковник шені бар бір кісі келіп оны сөзге тартады:
– Балам, мына жерде не істеп жүрсіңдер?
– Болған жағдайды естіген жоқсыздар мa?
– Сендер не істей аласыңдар? Балам, сендерді ертең ұстайды, соттайды. Босқа зардап шегесіңдер ғой, – дейді.
– Мен жатақханада тұрамын.
– Онда сен казір ешқайда бармай, тура жатақханаңа бар, – дейді де мұны босатады. Ол шығып кеткесін, айналсоқтап жүріп, оңтайлы жерінен алаңға кіріп, кешкі сағат беске дейін жүреді.
Сосын жатақханаға кіріп, балаларды жинап, түнгі сағат 10-да алаңға қайта келеді. Сол кезде алаңда қарша борап жатқан тастың бірі оның басына тиіп, қыздар жуып-шайып, емдеген болады. Бір сағаттан соң ол Мир көшесі жағынан ұсталып қалады. Ұрып-соғып, адамға лықа толып тұрған автобусқа отырғызып, Рысқұлов пен Лобачевский көшелерінің қиылысындағы арнайы ғимаратқа қамайды. Ол жерде жатқанына төрт күн болғанда техникум директорының орынбасары келіп, қамаудан босатып алады. Ертесінде сабаққа барса 4-5 баланы оқудан, қалғандарын комсомол қатарынан шығарып, ата-аналарын шақыртып жатыр екен. Содан бір күн өткен соң, жатақханаға қара пальто киген екі жігіт келеді. Екінші қабаттағы оның бөлмесін түгелдей тінтіп, құжаттарын жинап алып, өзін прокуратураға апарады. Ол жерде «Cіз біреудің көзін шығарыпсыз» деп сұраққа алып, оңтайлы жауап ала алмаған соң, қолына қаладан шығуға болмайтындығы жөнінде қағаз беріп, қайтарып жібереді. Ертесінде тағы шақырады. Осылай бірнеше күн тергеудің әлегі жүреді. Бір күні Кельниченко деген аса маңызды істер жөніндегі тергеуші оны госпитальға, көзі жарақаттанған бір жігітпен бетпе-бет кездес­тіруге алып барады. Көзі ісіп кеткен Кусых деген жасақшы 17-сі күні Горький қаласынан ұшақпен арнайы әкелін­ген екен. Нұрман тергеушіге:
– Мен оны көрген емеспін, ол мені соншама халықтың ішінен қалай таниды? – дейді. Ол «осыған ұқсайтын жігіт» дегенде:
– Алаңда маған ұқсайтын жігіт көп болды ғой. Дәлел ретінде көрсететін сурет бар ма? – деп Нұрман сұрақты өздеріне қояды. Бірақ дәлелдей алмаған соң, екі күннен кейін қайта шақырады. Қайта келсе, прокуратураның алдында әлгі тергеушінің екі орыс жігіт «бүйтті, сөйтті, тас лақтырды деп айтыңдар» деп үйретіп жатқанын байқап қалады. Сырттай бақылап тұрған Нұрманды кабинетке кіргізеді. Бір уақытта әлгі екі жігітті шақырып:
– Мынаны алаңда көрдіңдер ме? – деп еді, олар «иә, көрдік» деп жауап берді. Сөйтсе, осы ерікті жасақшылар арқылы тергеушінің құрған өз жоспары бар көрінеді. Осы екі жігіттің айтуынша, Нұрман сағат 10-12-ге оның алаңда айғай-шу шығарып, тас лақтырып, елді ұйымдастырып жүрген екен. Куәгер ретінде одан кейін оны екі сақшы көрген. Олардың көргені рас болғанымен, уақытын өтірік айтады. Кешкі сағат 6-дан 8-ге дейін екі өрт сөндірушіні, сағат 8-ден 10-ға дейін шекара училищесінің жігіттерін куәгер қылады. Қысқасы «Нұрманды алаңда көрдік» деген адамдардан әр екі сағат сайын бір куәгер дайындап қойған. Кейін кешке ұсталатын кезде тағы екі милиция қызметкері куәгер болады. Нұрман мамандығына сай сыра зауытында өндірістік тәжірибеде жүргенде бес жігіттің ішіндегі жетекшісі болады. Ақыры сол жұмыс орнынан да тағы бір механик орысты куәгер қылып дайындаған. Оған «Нұрман Шыныбаев сыра зауытының ішінде үгіт-насихат жүргізді» деп үйретіп қойыпты.
Осындай әр тараптан қо­сылған көп «куәгердің» ар­қасында ол 12-қаңтар күні қамалып, 2 апта бойы соты болады. Оған заңдағы 60-шы баппен 5 жыл, 65-ші баппен 8 жыл береді. 1989 жылы сот істі қайта қарайды. Ақырында 8 жылға сотталады. Себебі оны староста және топ жетекшісі болғандықтан «студенттерді ұйымдастырып, алаңға алып барды» деп айыптайды. Сот көрсетпей қойған өз суретін кейін түрмеден шыққан соң іздеп жүріп, өзі тауып алады. Сөйтсе, онда дәлел болатындай ештеңе жоқ екен. Суретте екі милиция қызметкері оған теріс қарап тұрады. Бірақ онда бұзақылықтың ешқандай нышаны жоқ. Сонымен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 30-дай жігіт де қамалады. Түрмеде отырғанда бала тағдырын ойлаған әкесі қайғыдан қайтыс болып, тұрмыстың барлық ауыртпалығы шешесінің мойнына түседі. Сол кездің зардабынан Нұрманның денсаулығы қазір жақсы емес. Жиі ауырады. Қолдауға, көмекке зәру.

А.ӘЛІМҒАЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Алибек Назерке

    Аке мен сызды мактан етем

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.