Алаңда «Менің Қазақстанымды» шырқаған…

Жеңіс Дәулетов 1959 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында туған. 1985 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер институтында оқып жүріп, Желтоқсан көтерілісіне қатысты. 4 жылға сотталып, 2 жылын өтеп қайтады. Жуықта Жеңіспен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті.

– Алаңда ұстап, тергеуге алып, «Целинный» кинотеатрының артындағы «под­валға» әкеліп сабап, тер­геуде үш ай жаттым. Сосын мені 60, 65-ші баптар бойынша алты жылға бас бостанды­ғым­нан айырып, Қостанай облысы Құсмұ­рын стансасы­на қатаң режимдегі түрмеге жіберді. Онда Құрманғазы, Кенже, Жамбыл, Құттыбек, Шора, Үсіпхан – бәріміз бір жерде болдық. Көр­ген азабымыз да бір. Түрменің бастығы бізді ауыр жұмыстарға салды. Қазір көп жігіттердің денсаулығы жоқ. Ашығын айту керек, өкпе ауруына шалдық­қан. Кейін Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменовтердің ұсынысымен бізді ақтап шығарды. Содан Желтоқсан ұйымына кіріп, қазір бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Жасымыз алды елуді артқа тастаса, артымыз қырықтан асты. Кезінде соғыс ардагерлері сияқты бізге де арнайы куәлік беріп еді, қазір оның бар мүмкіндігін алып тастады. Не себептен екені белгісіз. Бізбен сотталған 99 баланың ішіндегі Аманжол, Құрман, т.б. жиыр­ма шақтысы қайтыс болып кетті. Қазір сексендей адам бар. Енді соларға жағдай жасаса деймін. ҚазҰУ-де істеген Ш.Қарабаев деген жігіттің өзі алпыстан асып кетті. Қазір менің де жағдайым мәз емес. Үкімет бастапқыда қолдау білдірді. Бірақ соңғы кезде түк болмағандай ұмытып кетті.
– Түрмеде қандай қиыншылықтар болды?
Алаңда «Менің Қазақстанымды» шырқаған...– Қиындық болғанда мені жылу қазандығына от жағуға қойған. Күніне талап бойынша 80 тонна көмір лақтыруым керек. Үш ауысымда болып, үшіншісінде 80 тоннаны лақтыра алмай, шыдай алмаған күндерім болды. Алты айдан кейін адам бәріне шыдап көнеді ғой. Со­дан мен үлгеретін болдым. Бірақ мен ауруға ұшырап, ауруханада жаттым. Екі-үш күн ұйықтама­ған кездерім де болды. Жұмысқа жа­рамсыздығым жөнінде шешім шыққан соң, көркемсурет училищесін бітірген мамандығым бойынша мені штабты безендіру жұмысына алды. Бұл шешімге сонда жұмыс істейтін алматылық бір қазақ жігітінің көмегі тиді. Бір жылдан соң мамандығым бойынша сурет салып, қызмет істедім.
– Қандай сурет? Жарнамалық па?
– Ол кезде жарнама атымен жоқ. Ленин­нің, К.Маркстің, Ф.Энгельстің суреттерін салу «мода» болатын. Қабырғаға салатын. Ар­найы пышақтармен ағашқа ойып, жағып, штабтың үш қабатына түгел Лениннің суретін салған кездеріміз болды.
Мен өзім алаңда да Лениннің суретін ұстаған жоқпын. «Әр халыққа – өз көсемі!» деген сөзді ұстап жүрдім. Сол үшін алты жылға кеттім.
– Бала-шаға бар ғой…
– Құдайға шүкіршілік! Әйелім «Қазақ­стан» телеарнасында істейді. Оныншы сыныпта оқитын ұлыма кезінде Д.А.Қонаевты құрмет тұтып Дінмұхамед деп ат қойғанбыз.
Әңгіме соңында Жеңіс Желтоқ­сан көтерілісі тарихта қалып, желтоқ­саншыларға жағдай жасау керектігін айтты. Желтоқсанда сотталған Ү.Сейтімбековтен сұхбат алғанда Жеңістің алаңға жақын жер­ден ұсталып, милиция қызметкерлері машинаға отырғызғанда, студенттер барып құтқарғанын естігенбіз.Ол алаңға келгенде Д.А.Қонаевты орнынан алу себебін түсінгісі келгендер қатарында болып, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін басқалармен бірге айтқан. Орысша жазылған «Әр – халыққа өз көсемі!» деген ұранның бір шетін көтеріп жүріп, суретке де түсіп қалады. Суретке түсірушілерді тілшілер екен деп қарсылық та көрсетпейді. Кейін екі айдан соң Қауіпсіздік комитетінің тергеушілері қолдарындағы фотоальбомдар бой­ынша іздеу салғанда өзінің бір курста­сы оларға Жеңісті танитындығын ай­тып қойыпты. Өйткені, алаңда екеуі де бірге болған.Бірақ, оны әкесі амалын тауып, екі жылға әскерге жібереді де, Жеңіс екі жыл түрмеде болады. Кейін алдына жығылап келгенде кең көңіл Жеңістің оны кешіруден басқа амалы қалмапты.

Сұхбаттасқан Аманғазы Кәріпжанәулеті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.