Жақсылық

Қазақтың атақты балуаны, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы толғау

Байзақтағы «Тегістік» елге мәлім,
Табиғаты тамылжып берген әрін.
Алақандай ауылдың ажары ашық,
Талай ақын білеміз толғағанын…

Түтіні түзу шыққан үйлерінің,
Көресің мың ырғағын би керімнің.
Қазақтың салты мұнда сақталуда,
Исі аңқып тұр бұрқырап Жиделінің.

Айрандай ұйып тұрған ауылына,
Кім қызықпас алаулы жалынына.
Халық мұнда қазақи қарабайыр,
Қаны сіңген бабаның тамырына…

Жасы жүрмес үлкенмен жағаласып,
Бір-бірімен болмаған ара қашық…
Көлдей тасып жатады пейілдері,
Төрт түлігі көжедей араласып…

Шырайлы ауыл шуақты ұнасымды,
Байып еткен мән-жайды сұрасуды.
Қонақжай боп шетінен құрақ ұшар,
Бағалай да біледі шын асылды…

Өз жолы бар жүретін тыңды бұза,
Қарай алмас оларға кім қызыға?!
Туған жерін тұмардай ұстайтұғын,
Тәнті болып қаласың ұл-қызына.

Айшық көрер ауылдың түрленгенін,
Жас ұрпақтан жасырмас білгендерін.
Шыр-пыр болып тілейді шеттерінен,
«Тегістіктің» теп-тегіс гүлденгенін…

Жақсылық

Бүгін міне, қазақтың қауымы көп,
Айта аламыз әлем де таныды деп.
Кіндік кескен Жақсылық мекені екен,
Ел айтады «Жақсылық ауылы» деп.

Жұрт аузында тегін сөз айтылмаған,
Жаралмаған жаны оның жай тұлғадан.
Дұрыс жолды Дулаттың ұрпағы ол,
Әкесі мен анасы қайтымды адам…

Тұздық болмас тұқымға кесек деген,
Шаруа бітпес аптыққан бос өкпемен.
Үшкемпірдей әкесі жүйрік болды,
Ел байлығын есепшотпен есептеген.

Сары алтындай қапталған санасының,
Көрсетті ғой тұрпатын нағашының…
Сауда жасау салмақты жұмыс екен,
Күндері өтті Күнтөре анасының…

Болмаса да жұмыстың қара нары,
Жайлауынан кеткен жоқ жағалары.
Әпкесі мен қарындасы, Жақсылық та,
Шаруа істеді жеткенше шамалары.

Қаршадай қара бала ұғымды ұлдың,
Әжесі-ай, шаң жуытпай жуындырдың.
Айтқандарын құп алып, құптап жүрді,
Жақатай Алтынгүл мен Шырынгүлдің.

Ынта мен ықылас бар жетем деген,
Парыздан қарыз жаман өтелмеген…
Қызылшаның басынан шықпай жүрді,
Сонда да әке велосипед әпермеген…

Нағыз өзі болды ғой табандының,
Болды бірақ өзінде қадам мығым.
Көпті көрген әкесі сынға сапты,
Сақтап өссін деуменен адамдығын…

Бәрі есінде атар таң, батар күнің,
Қиялменен шарлады жаһанды мың.
Еркелікке бас изеп кете алмады,
Сұсты әкенің көргенде қаталдығын.

Сонда да көрінді оның шалалығы,
Қайталанған күндердің бар ағымы.
Көз алдына сурет боп тұрып қалды,
Қайтып келмес балдәурен балалығы.

Қу жаны қуырдақ боп ордасына,
Не түссе де көтерді бір басына…
Мал күтімі, су тасып, отын жару,
Батқан жоқ оның бәрі жамбасына.

Балақты да жүрді ол шаңға малып,
Зыр қақтырды атымен арбаны анық.
Шама-шарқы келмеген адамдардың,
Шаруасын да жіберер қолға алып…

Өмір бәрін көрсетті-ау кезегімен,
Қайсар болды соларға төзе білген.
Жақсы малтап алдына жан салмады,
Құлаш сермеп Таластың өзенінен…

Арманды ойлап алдыға асыққаны,
Не көрсе де мұңайтып жасытпады.
Үш шақырым мектепке жаяу бару,
Қайтуы да болды оның қашықтағы.

Құптаймыз қара бала «шүкір» деуін,
Қарғадай боп қағілез күтінгенін…
Шынашақтай түрімен шымыр болып,
Ел-жұрты айтар мектепті бітіргенін…

Сол кезеңде зер салып ұқты кімің?!
Қыр көрсетіп қыздарды бұқтыруын.
Әпкесіне тиіскіш әпербақан әңгүдікті,
Жақтан ұрып көрсеткен мықтылығын.

Өзін-өзі жүргенмен алдандырып,
Өн бойынан көрінді талғамдылық.
Қараһандай досымен қол ұстасып,
Семейге тартып кетті арман қуып…

Әрең жетті шаһарға шалғайдағы,
Білім қуған мұраты самғайды әрі.
Ұмытылмас зооветке түскен кезі,
Бағы шығар бұйырған маңдайдағы.

Әңгімелеп бергенмен сызып бәрін,
Тауыса алмас студент қызықтарын.
Ертістегі жүзуден жүйрік шыққан,
Еске алады жүрегін жылытқанын.

Алматыдан шалғайлау ара қашық,
Тоқтау білмес уақыт барады асып.
Күреске аңсарында шек жоқ болды,
Секцияға кірді ақыр жағаласып…

Қажымұқан баба атағы бойға сіңіп,
Күреспен бас алмастан айналысып…
Семейде алғаш рет чемпион боп,
Атақ-даңқы кетті ғой айға шығып…

Дипломды ап, жайланып отырғанда,
Келісті Ильматов шаһарға шақырғанда…
Қара тері шүмектеп ағып тұрды,
Жаттығуды жан қалмай сапырғанда.

Болды мұнда жағымпаз залымдарың,
Мықтылардың білетін шалу жағын…
Әділетсіз әдеттер белең алды, ел біледі,
Сонда білді-ау қыспаққа алынғанын…

Есінен кетпей қойды-ау таланғаны,
…Әлсіздер айдап салды шабарманды.
Монреальдың алауы жанар кезде,
Тосқауылдан ақыры бара алмады…

Жан жүйесі содан соң абаттанып,
Барын салды күреске жарақтанып.
Байдосовтай бапкерден тәлім алып,
Шыға келді қырандай қанаттанып.

Жанкүйер де көп көрді нәшін керім,
Жеңіп шығар үмітін «бәсім» дерін…
Қимылына қызығып халық тұрды,
Қолданатын «диірмен тас» тәсілдерін.

Азамат барын білген шуақтанған,
Өн бойынан табылған қуатты арман.
Боз кілемнің үстінде асықтай боп,
Өтті небір аламан сынақтардан…

Қол үзбеді ешқашан шынығудан,
Жалыққан жоқ жаттығу ығырынан.
Асығы тұрып талай алшысынан,
Орын алды жеңістің тұғырынан…

Бойынан аулақтаумен күдік деген,
Жол тартты Мәскеуге үмітпенен.
Жұмыр жер Олимпиадаға алаңдады,
Жақсылық сенді атына «жігіт» деген.

Екпінді еді халықтың қолдауы да,
Бас айналар сұрақтар толғағына.
Ширығып шыға келді қайраттанып,
Мың тәу етіп ата-баба аруағына…

Мәскеуде ән әуезі шырқалып тым,
Салтанаты өзгерді бірқалыптың.
Комсомолдың хатшысы сол кездегі,
Келуі керемет қой Сұлтановтың…

Ақ тілегін айтудан тосылмады,
Қазақ жұрты жиналды осындағы,
Жақсылыққа арнайы келіп тұрған,
Бәйкен Әшімов ағамыз қасындағы.

Сын сағаттар алда тұр басталғалы,
Күдіктен де үміттің бастам жағы…
Жақсылықта бұйыққан маза да жоқ,
Тәуекелге бел буып жасқанбады…

Сән басқа, сарай басқа төбеңдегі,
Жанкүйер де теңіздей көлемді еді.
Бәйкен аға, бауырына басқан кезде:
«Жеңбесем, осы жерде өлем» деді…
Мұны естіген халайық тұра алмады,
Таусылып бара жатты шыдамдары.
Бәйкен аға, басалқы басу айтып,
Естен кетпес, сайысқа шығарғаны…

Күш көрсетер кіммен-кім теңдеседі,
Алға апарар айламен сермеседі…
Боз кілемге шыққанда Жақатайдың,
Әйгілі Александру екен ғой белдесері.

Аңдысқан алма-кезек жанарлары,
Екі палуан бір-бірін ала алмады…
Қара терге малынған екеуінің,
Жеңіске жету болды бар арманы.

Уақыт тоқтамайтын асыл бірақ,
Тұра алмайсың ұпайдың басын құрап.
Алайда сын сағаты өткен сайын,
Жақсылық бола түсті басымдырақ.

Алдында Алла деген шырақ тұрды,
Бойына тасқынды күш қуат кірді…
Диірмен тастай айналған әдіспенен,
Александруды көрмеді лақ құрлы…

Жеңіс! Төреші екі қолын көтеруде,
Қошеметтер қол соғып, от өруде…
Ауыздарда Жақсылық аты айтылып,
Халық кетті шаттықтың жетегінде.

Бәйкен аға, құттықтап құрақ ұшып,
Елмен бірге жатты ол қуанысып…
«Қандай сыйлық берейін» деген кезде,
Қымызымен шөл басты, сұрап ішіп.
Табиғат тарта алмаған ептілігін,
Адамдық қасиет қой, етті мығым…
Ар-намысты ту еткен Жақсылықтың,
Халық көрді сол кезде тектілігін…

Қошемет селдей тасып молайып тым,
Құрметі шексіз болды халайықтың…
«Бір жапырақ Жақсылық» деумен өткен,
Данагөй даралығы-ай Қонаевтың…

Өткен ғасыр өшкен жоқ сағымдары,
Жаңғырық боп жатады жанындағы.
Баласындай өзінің бауырына басып,
Жаны қалмай Жақсылықты қабылдады.

Димекеңнің пейілі-ай тасыды анық,
Жақсылықты қолтықтап, қасына алып.
Ел көзінше 5000 сом, үй мен алтын сағат,
«Жигулиді» сыйлады мерейін асырарлық.

Тапқырлық жарып шығар тасадағы,
Көңілің көркем болып хош алады…
Тіршілік деп осыны айт Жақсылығың,
«Жигулиді» «Волга» етіп жасап алды…

Шақыртып жағалыны жан-жақтағы,
Чемпионмен жол жүріп бармақ тағы.
Алып барып Шелектің аймағына,
Аста-төк Жақсылықты ардақтады…

Жарайды Жақсылықты сырлы етуге,
Жайма-шуақ төгілер нұр бетінде…
Ісіп-кеуіп кеткен жоқ азаматша,
Халықтың құлдық ұрды құрметіне.

Қашан да халық білер мұның бәрін,
Көбісі таппай кетті тұғырларын…
Ел сүйсіне қол соққан ірі Жеңіс,
Кім білмес Христовтың жығылғанын.

Басынан өтті небір қиындықтар,
Белдесу сайысына жиылмақ бар.
Красногор ол үшін естен кетпес,
Өтті айқас «осы жерде шиырлап қал».

Күреспен тегін болмай достасқаны,
Талаймен тәнті етерлік астасқаны.
Қарсыластың қасқайып белін бүкті,
Осы болды спортпен қоштасқаны.

Басқа тиген тізеден дамылдады,
Жанға батты үш күндей ауырғаны.
Су астында төрт минут тұру ерлік,
Таңырқамай кім қалды жанындағы.

Қарсыластан қаймықпас сірес деген,
Жан бар ма екен өзімен тіреспеген…
Сайыпқыран самдағай нағыз палуан,
Отыз үш жыл өтіпті-ау күреспенен…

Бәйгеден баққа балар ат келгенін,
Жеңісінде алдымен бақ бергенін…
Жақсылық жай күндері есіне алар,
Грек-римнен Псаревтей бапкерлерін.

Артта қалды заманның қысталаңы,
Ұмтылған ұшар шыңда ұшталады…
Қазақта Қажымұқанда ізбасар бар,
Жақсылықтың намыс қой ұстағаны.

Ертеректе инфаркт боп жазымданды,
Көргендей болып өтті бар ызғарды…
Үмбетов: «Ешкі сүті емдікке рас» деді,
Шынында соны ішумен жазылған-ды.
Арқасын кеңге салар абат бағы,
Қарапайым қазақ қой санаттағы.
Жан сырын жасыруды білмейді ол,
Бастағы жайын былай сабақтады:

– Жүз ешкіден жадырап асып кеңдік,
Тірлікте тыныс алар нәсіптендік…
Мал мен жерден дәулетті іздегеннен,
Басталып кетті менен кәсіпкерлік…

Қашқам жоқ басқа түскен өтемінен,
Арқам жауыр болған жоқ көтеруден.
Тәуекелмен қолға алдым кәсіпті мен,
Бақанас пен Мыңбаев мекенінен…

Шүкір, пешенеме құт кірді өрістеген,
Тер төксең алыс емес, жеміс деген…
Төрт түлікті шұбыртып бабалардай,
Шаруа жағы шалқыды жөн істеген…

Рас «мал баққанға бітеді» оңыменен,
Көбейіп жатыр жылда төліменен…
Алыстан асыл тұқым іздеп таптым,
«Ырыс кірер» дейді ғой малыменен…

Толықсып өсіп жатыр дәнім бүгін,
Азық болар көк балғын шабындығым.
Техника жағын да қамдап қойдым,
Алға жылжыр шаруасы алымдының.

Қолдан келер шағыңда шамаң барда,
Болмайды екен боп-боз боп алаңдауға.
Қол қусырып бос жүрген жандар көп қой,
Жұмыс бердім бір қауым адамдарға…

Қырқа-қырат жеріме құрақ толып,
Шұбат, қымыз, сүт деген бұлақ болып.
Арпа, бидай, дақылмен қамба толса,
Өн бойыма тұрмай ма қуат қонып…

Бәрін менің артық-ау анықтағым,
Жасымнан шаруа ісінен жалықпадым.
Бақыт деген мен үшін бас айналмай,
Қаперіңде ұстау ғой халық қамын…

Қалай, қалай, бұл Жақаң сыр ақтарар,
Өткен жолы бүгіннен тұрақ табар…
Айтқанының бәрінде қоспа сөз жоқ,
Жас ұрпақ мұның бәрін құлаққа алар.

Қазір ғой астындағы аттар керім,
Шаңға көміп жүреді шапқан жерін.
Қытайда Үрімжіде болған Жақаң,
Көрсеткен классикалық бапкерлігін.

Естіп көрген емеспіз тас атқанын,
Спорт десе береді жасап бәрін…
Басшы болып мектепке тұрған кезде,
Ерлік дерсің, бөлмесін босатқанын…

Өзі де тартыстарда татқан біліп,
Айтып жүрер онысын мақтан қылып.
Жарысқа кетер кезде жампоздарды,
Жіберер ет, қымызбен аттандырып…

Білмейді ол қамқорлығын шектеуді де,
Кеуде соғып көрген жоқ жеткеніне…
Құрал-жабдық, қаржыдан Балқаштағы,
Көмегін аямайды «Жетірауан» мектебіне.

Шалғайдағы бар жұртқа таныс бүгін,
Барғандар айтып жүр ғой қалыстығын.
Жақаңа Орал мен Өскеменің түк те емес,
Жарыс десе, ойға алмас алыстығын…

Кімге болсын бұл өмір артар жүгін,
Бастан кешер адамдық қартаңдығын.
Жақаңның жаны сүймей күйіп кетер,
Көргенде жас буынның жалқаулығын.

Он жыл спорт жазылған маңдайыңа,
Тіреу болмас ақша, атақ жағдайыңа.
Темірді қызған кезде соғып қалғын,
Намыссыз жеңіс мүлдем болмайды да.
Осыны ол ұстап қалған санасында,
Қалған емес, дос-дұшпан табасына…
Спортты қалай өзің құрметтесең,
Құрметтісің ел-жұрттың арасында…

Намыссыз талап қалар ұшталынбай,
Тұтқынға алар алаяқ дұшпаныңдай.
Шымыр болып шығуға ақыл берер,
Болса бәрі Жақаңның уставындай…

Жігіттер бар қазақта жалыны артық,
Көрсете алсақ жарады дабыратып…
Жақаң жүр қазақтың палуанынан,
Нұрмахан мен Алматқа сенім артып.

Шаш етектен шаруа бар бір басында,
Сонда да уақыт табар сырласуға…
Екі шофер кезекпен тасып жүрер,
Жамбыл мен Балқаштың жылғасында.

Әлі де кешіп келе жатыр-ау қара суды,
Корифей әдеп көрер адаммен санасуды.
Көз ілеспес қимылы-ай қарап тұрсаң,
Үш қабатқа шығады-ау бала сынды…

Қарап тұрсаң бейнетсіз озады кім?!
Тұла бойдың сақтаумен тазалығын…
Аңсап жүрген адамдар жер-жердегі,
Көрсе шіркін, «Жақсылық» қожалығын.

Аңғал басып көрсетпес ағаттығын,
Халық та қызығады қарап бүгін…
Аты аңызға айналып бара жатыр,
Көрсетіп жүр Атымтай жомарттығын.

Кетіп қалған тасқынның құрдымына.
«Қызылағаш» жалғады мұңды-мұңға.
Жақаң деген жай тауып жата алмады,
Иілді имандылық шыбығын сындыруға.

«Көп түкірсе, көл деген» даналықта,
Келе жатыр бұл ауыл жаңарып та…
Үйір жылқы, қоралы қойын берді,
Жақаң малы кетті елге таралып та…

Біледі ол биіктегі тұғырдан түспейтінін,
Жас ұрпақ жаңғыртатын күш дейтінін.
Сарыкемерде Жақсылық мектебі бар,
Ел мақтап жүр тоқтаусыз істейтінін…

Жас ұрпақтың өткен жоқ күні құрға,
Спорттың қыр мен сырын ұғынуда…
Ел намысын қорғайтын ертеңдері,
Өкше басар Жақсылық шынығуда…

Тасып тұр ғой тасқынды жігер енді,
Жақсы көрмес жөні жоқ шірегенді…
Спорттан жарыс жағы бола қалса,
Мал сойып, қымыз беріп жібереді…

Көңіл шіркін, қашан бір жайланады,
Ауылды ескермей жүр бай-манабы…
Күресті дамытудың қамын жеумен,
Жақсылық шыр-пыр болып ойланады.

Ауылдар алшақ кетті-ау сызағынан,
Көзбен көрсең көңіл тұр құлазыған.
Құбылтып құлпыртты әне Мыңбаевты,
Айтып берсе, кем емес жыр-аңыздан…

Еңбектің айтып кеттік бар қызғанын,
Бір қауым ел жұмыста жалғыз-жарым.
Алланың үйін күткен ауыл үшін,
Ерлік деп жүр мешітті салғызғанын…

Қандай ғажап қызыға қарауға адам,
Ел деген күдер үзіп, үмітін тәмамдаған.
Баяғы Жақаң болды бағын жаққан,
Үй сайын газ жанып тұр алаулаған…

Ойлы-шұңқыр жерлерді тарпып атып,
Жол азабы жіберді-ау сансыратып…
Халықтың қабыл алып ақ тілегін…
Асфальт жол жасатты жарқыратып…

Ауылы қараңғыға қамалып отырғанда,
Салдың мұнда тағы да сәтіңді оңға…
Жарық шамдар көп өтпей самсап тұрды,
Ұлы күн шұғыласын ұяға батырғанда…

Қол соқпай тұра алмайсың өжетіне,
Жарап жүр ғой Жақсылық әжетіне.
Еліне алақаны аспандай ашық тұрар,
Қайырым берді көл-көсір қажетіне…

Санадан өше алмайды-ау күн кешегі,
Барлық жерден көрмесе сезбес еді…
Ырым жасап ат қойып, той жасапты,
Қайда барсаң Жақсылық кездеседі…

Сонда Жақаң керемет шуақты өріп,
Тәу ететін кеткендей қыратқа еніп.
Сәлем беріп жүр бүгін аттастары,
Таудай болып қояды, қуат көріп…

Аңқылдап алға шығар самғауымен,
Жақаңның арналанған арманы кең,
Түтіні түзу шыққан үйіне алтын қазық,
Өзі сүйген Күлпандай жан-жарымен…

Бала-шаға баққа балар алтындары,
Таудай талап арқалап тартынбады.
Астанада Жандосы заңгер боп жүр,
Ал Елдосы фермер боп жарқылдады.

Бала – бақыт, барынша шүкір дейді,
Ата-ананың бар-жоғын бүтіндейді.
Мәскеуде туған Жеңіс кенжесі ғой,
«Елім үшін жетеді күшім» дейді…

Ата-ананың болмаған бір де алаңы,
Солар шықса, сенімнен қуанады…
Заңгер болды балалар бұл күндері,
Амандықпен бар бақыт құралады…

Бой бермейді жас құрақ күш ағынға,
Мықтап кесті қалың жұрт тұсауында.
Немерелер желкілдеп асыр сап жүр,
Жақсылық пен Күлпанның құшағында.

Қарапайым қазақ қой даусы ыңғайлы,
Қолда барын ешкімнен тарсынбайды.
Жақаңның мәрттігі мен кең пейілі,
Япыр-ай, айта берсе таусылмайды…

Тау тұрғызды бұл Жақаң бата алудан,
Тұлпар үркер жер жарған атағынан…
Спорттағы атақтың бәрін де алды,
Орден, медаль сыңғырлар шапанынан.

Жер-жаһанды тамсантып ғаламаты,
Қазақты қалықтатты ғажап аты…
Алматы, Тараз, Балқаш, тағы басқа,
Облыс, аудандар «Құрметті азаматы».

Адаммен биязылау қалпымен санасады,
Бөлген емес, бишігіне биік пен аласаны.
Мемлекет спорты, туризм профессоры,
Атына заты сай боп бәрі де жарасады…

Оған батыл басу заңдылық күнде ілгері,
Спорты мойнын бүгіп, басын да идіргені.
Жамбылда, Саркемерде, көп жерлерде,
Көп өтеді Жақсылық турнирлері…

Талайды жер қаптырды ырғап алып,
Тарамыс тарландай боп шыңға барып.
…Қонаев атап кеткен «бір жапырақ»,
Тұғырдан тұрақ тапты тұлғаланып…

Ұшқыр уақыт зымырап ағындайды,
Айтар болсақ арттағы мамыр жайлы.
Жақсылық алпысқа кеп, тал түсімен,
Жекпе-жектен шыққандай дамылдайды.

Бүгін ғой мерейтойдың бәрі ойында,
Халық болып шалқыды қолайында.
Күрестен турнир өтті-ау дүркіреген,
Атақты «Балуан Шолақ» сарайында.

Тепкен адам болған жоқ өзегіңнен,
Айналдым деп айттың-ау өз елімнен.
Тұрлыханов бастаған толайым жұрт,
«Темір тұлпар» мінгізді-ау кезегімен.

Мыңбаевта жайқалған жандарың да,
Шаттық шары жүрді ғой қолдарында.
Ақ шағала киіз үй, думан қандай,
Халық тәнті-ай бәйгенің болғанына…

Әңгіме біте қоймас сөз еткенмен,
Құдай шығар осыны жебеп берген,
Жақаң жайлы жарысып жазып жатты,
Оның бәрін оқыдық газеттерден…

Бұл қуаныш бітпейді ереді алдан,
Мерейтой ел сыйлайтын ерен арман.
«Шалқар» мен Қазақ радиосы әуелетті,
Көріп жаттық тағы да телеарнадан…

Жалын бітер алау боп шоқтасынға,
Ондай кезде қалың жұрт тоқтасын ба?
Абыройлы Астана күнгі салтанатта,
Жақаң жүрді топ бастап көшбасында.

Болған емес Жақаңда торығу да,
Жақын емес және де жаны мұңға.
Қазақстан спорты болған күні,
Барып келді ол Астана форумына.

Тәуелсіздік – тәтті сөз, таң көрінген,
Садаға үшін қаншама жан берілген.
Жақаң бұрын «Құрметті» иеленсе,
Бұл марапат «Барыстың» орденімен.

Қандай оның қадамы ұтымды еді,
Ел-жұртының жыртығын бүтіндеді.
Биіктеу мінберлерден сөз алғанда,
Өткірлеу шығып жатты пікірлері…

Намыс отын маздатқан нұр бетінде,
Көп тілеуі көл болып күн де өтуде…
Қазақтың қастерлісі Жақсылық қой,
Бөленген қалың елдің құрметіне…

Қанат ТӘКЕБАЕВ,

ақын, Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының
лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.