Ұлт руханиятындағы айтулы оқиға

Қазақ тілі – жасампаз тіл

Қазақтың рухани қазынасы тіліміздің мәртебесін асқақтататын ерекше құнды еңбекпен толықты. Аптаның бел ортасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінің» тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Айтулы шараға Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Ғарифолла Есім, Сауытбек Абдрахманов, Несіпбек Айтұлы сынды белгілі қоғам қайраткерлері, филолог-ғалымдар, жалпы оқырман қауым қатысты. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көріп отырған сөздіктің алғы сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Тіл – ұлтпен бірге жасап, толассыз толығып отыратын құбылыс. Қолдарыңызға ұстап отырған «Қазақ сөздігі» – біздің мемлекеттік тіліміздің түркі тілдер тобындағы ең бай тіл екендігін айғақтайтын бірегей басылым» деген жоғары бағасы берілген.

Иә, шын мәнінде Елбасы атап өткеніндей, «Қазақ сөздігі» бірегей басылым екені сөзсіз. 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесін қамтитын «Қазақ сөздігі» бірегей сөздіктің жарық көргені халқымыз үшін ерекше қуанышты оқиға. Себебі елімізде өткен ғасырда қазақ мәдениетіне зор үлес қосқан Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов секілді арыстарымыздың еңбектеріндегі сөз қазынасы Кеңес үкіметі кезеңіндегі жүргізілген саясатқа байланысты, І.Кеңесбаевтың редакциялауымен шыққан екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігіне» де, А.Ысқақовтың редакциялауымен шыққан он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» де енгізілмей қалған еді. Өйткені сол тұстағы идеологиялық цензураның қысымы оған жол бермеген-ді. Уақыт өте келе жалпы жұртшылықтың қолдануына қолайлы ықшам: Т.Жанұзақовтың редакциялауымен «Қазақ тілінің сөздігі», Н.Уәлидің жалпы редакциясымен «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» шыққаны белгілі.

Ғұлама ғалым Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» сөздігі түркі тілдерінің тарихи салыстырма сөздігінің ең алғашқы жарқын үлгісі болған еді. Содан бері бүгінгі таңда ғылымға белгілі ортағасырлық парсы түсіндірме сөздіктерінің ұзын саны 200-ге жеткен. Қолдағы бар деректерге көз жүгіртсек, осы уақытқа дейін түркі әлемінде 80 мың сөз бен сөз тіркесін қамтыған бес томдық «Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі» шықса, қырғыз ағайындардың шығарған екі томдық «Қырғыз тілінің сөздігінде» 50 мың сөз бен сөз айқышы қамтылған, сол секілді Ыстамбұлда әбден толықтырылған 11-ші редакциямен шыққан түрік тілінің «Түрікше сөздіктер» түсіндірме сөздігіне 92 мың атау сөз кірген, сөз тіркестерін қоса есептегенде онда 130 мыңның маңайындағы сөз мағынасы бар екен. Тұсаукесер рәсімінде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осы деректерді тереңнен қозғады.
– Қазақта «ақ түйенің қарны жарылған күн» деген жақсы сөз бар. Бүгін де дәл сондай қуанышты күн деп айтуға болады. Кеңес заманында қазақ тілінің он томдық сөздігі шыққан. Онда 60 мыңнан астам атау сөз, 90 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі болған. Тіл ұдайы дамып отыратын процесс. Тәуелсіздік жылдарында, яғни 2002 жылы біз қазақ тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігін әзірлеу бастамасын көтердік. 2003 жылы іске асқан бұл бастама 2011 жылы мәресіне жетті. Мұнда 150 мың сөз бен сөз тіркесіне жететін ауқымды тізілім құрастырылды. Осы он бес томдықтың сығымдалған бір томдық үлгісі бүгін жарық көріп отыр. Бұл қазақ тілі дүниежүзінің 30-дан астам халықтарының тілдері ішінде ең бай тіл екендігін дәлелдейтін еңбек. Сөздіктің жарыққа шығуы – ұлт руханиятындағы айтулы оқиға. Мұқағали ағамыздың айтқанындай, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіңе қайтарамын» демекші, Махмұд Қашқариден жеткен қазақ сөздерінің бүкіл байлығын алтынмен аптап, күміспен күптеп, қазақ халқының төріне шығарамыз, – деді Мұхтар Абрарұлы.
– Қазақ тілі – жасампаз тіл. Бізде араб, парсы, моңғол, шағатай тілдерінен басқа да тілдерден енген сөздер бар. Қазақ тілінің грамматикалық аппаратының мықтылығының арқасында олардың бәрі тілімізге кіріп кетті. Мысалы, «құдай» деген қазақтың сөзі емес деп ешуақытта айта алмайсыз, – деді сөздік туралы өз пікірін білдірген Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев. Ал ғалым Мырзатай Жолдасбеков ғылымның «инемен құдық қазғандай» шаруа екенін, айтулы еңбектерді дайындау барысында ғалымдар он жыл, жиырма жыл уақытын сарп ететінін сөзіне арқау етті. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін қазақ тіл білімі ғылымында орны бар тұлғаларды ұлықтауды, атап айтқанда, Әбдуәли Қайдар мен Рәбиға Сыздықтың 90 жылдық мерейтойларын кең көлемде атап өту керектігін еске салды.
– Кітап шықпай жатқан жоқ. Талай кітаптар шығып жатыр, шыға да береді. Бірақ ұлттық мәні бар кітаптар болады. Ал «Қазақ сөздігі» шын мәнінде біздің ұлтымыздың руханиятын байытатын үлкен құбылыс деп қарау керек. Сөздік деген күн сайын, жыл сайын шаруашылыққа, өмірге, әлеуметтік-саяси жағдайға байланысты қашанда сөзбен толығып отырады. Сондықтан бұл игі іс жалғаса береді, – деді белгілі жазушы Төлен Әбдік.
Айта кетейік, «Қазақ сөздігін» ұзақ жыл уақытын сөздік құрастыруға арнаған белгілі ғалым Нұргелді Уәли бастаған топ дайындаған. Сөздіктің құрастырылуы, әзірленуі туралы сөз қозғағанда автор халықтың өміріндегі тілдің қызмет етіп жатқан сала-саласындағы сөздердің бәрін қамтуға тырысқандарын айтады. «Бірақ бәрін қамтыдық деп айту мүмкін емес. Өйткені тілдің байлығы шексіз» деді Нұргелді Уәли.
«Қазақ сөздігін» түзу отандық және әлемдік дәстүрлерге және теориялық зерттеулерге сүйеніп жасалғанын айта кеткен абзал. Мұнда сөздер әліпби тәртібімен беріліп, олардың мағыналары ықшам түрде түсіндірілген. Сол сөз негізінде қалыптасқан тіркестердің мағыналары да көрсетілген. Сонымен қатар сөздікте қазақ тілінің сөздік қорындағы және ғылым мен техниканың заманауи технологиялардың дамуымен байланысты туындап жатқан жаңа ұғымдарды білдіретін терминдер мен атаулар да кеңінен енгізіліпті. Төрт мың данамен жарық көрген кітапты әзірге кітапханалардан алып пайдалануға болады.

Бейбітгүл Исаева

Бұл – энциклопедиялық басылым

Ұлт руханиятындағы айтулы оқиға«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарла­масы тарихи-мәдени мұраны қайта қалпына келтiрумен ғана шектелмейтіні белгілі. Оның басты мақсаты – қоғамдық санада оң өзгерiстерге қол жеткiзу. Мұны орындауға Егеменді ел атанып, тәуелсіздік туы желбірегеннен кейін ғана мүмкіндік туды.
Жинақталмай жатқан ұлттық құндылық­тарымызды түгендеп басын қосу, осы жолда қыруар қаржы жұмсап, сан ғасырлық тарихымыздың асыл мұралары мен жәді­герлерін қайта тауып, сол арқылы ұлттық мәдениетіміздің мерейін үстем ете түсу – ешқашан да өз құндылығын жоймайтын, ұлт мүддесін көксеген, ел ертеңін ойлаған адал басшының қажымас қайратын, көрегендігін танытса керек.
Ұлттық дүниетанымға қайта үңіліп жатқан кезеңде тіліміздің сөздік қорын түгендеп, ұмыт бола бастаған көптеген атауларды қалпына келтіріп, жандандыра түсу қажеттігі туындап отыр. Бұл орайда, әсіресе, түсіндірме сөздіктердің орны ерекше болмақ.
Тіл – мәдениеттің құрамдас бөлігі, ұлттық рухтың көрінісі. Тіл арқылы ұлттық ділдің ерекшеліктері көрінеді. Сонымен қатар тіл – мәдениетті объективтендіретін, оны тасымалдайтын арнаның бірі. Әрбір сөйлеуші мәдениетті жеткізуші болып табылады, тілдік таңбалар мәдениет таңбасы ретінде де қолданылып, ұлттық мәдениеттің ерекшелігін білдіреді. Когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл адамның қоршаған орта туралы әсерін жинақтаумен қатар халықтың зерттеушілік ойларын да жеткізіп, ұжымдық, этномәдени санада қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды. Осы тұрғыдан алғанда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұжымының құрастыруымен жарық көріп отырған бір томдық «Қазақ сөздігі» қазіргі кездегі қоғамдағы түрлі өзгерістерден, қазақ халқының салт-дәстүрінен, таным-түсінігінен хабардар ететін энциклопедиялық басылым болумен қатар қоғам қажеттілігін өтейтін, тілдегі нормаларды тұрақтандыратын еңбек болып табылады.
Сөздікте ескі кітаби тілден алынған діни лексика молынан қамтылған. Менің ойымша, сөздіктің құндылығы да осында жатыр. Ондай сөздердің діни мазмұнымен қатар танымдық жағына да ерекше мән берілген. Сол арқылы сөздіктің сапасы бұрынғыдан әлдеқайда арта түскен, еңбек сөздердің түп-төркінін шығу тегін, қолданысын білгісі, түсінгісі келген әр адам үшін ерекше құнды. Сонымен қатар сөздік әдеби тіліміздің, терминжасамның қалыптасу, даму жолдарынан да көптеген мағлұматттық деректер береді.
«Қазақ сөздігінің» жинақталып, бір томға біріктірілуі қолданушылар, әсіресе, орта, жоғары мектеп оқытушылары мен оқушылары, магистранттар мен докторанттар үшін де өте ыңғайлы. Сөздік материалдарын білім беру жүйесіне енгізу оқушылардың қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрінен, ұлттық болмысы мен ұлттық дүниетанымынан мол дерек алуына жол ашады. Сол себепті оқулық құрастырушы авторлар дамытушылық жаттығулар мен тапсырмаларды іріктеуде осы сөздікті пайдаланып, оқушылардың тіл байлығын, сөздік қорын, ойлау қабілетін жан-жақты жетілдіре алады. Сонымен қатар бұл еңбек оқушылардың ізденушілік қабілетін арттырып, ғылыми көзқарасын қалыптастыруға да мүмкіндік береді.

Уәлихан Қалижанұлы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

 

Қоғам үшін аса қажет

Қайсыбір ұлттың болмасын сөз байлығы сол халықтың рухани, мәдени мұрасы, баға жетпес құндылығы болып табылады. Өйткені адамзаттық таным, ақиқат дүние туралы таным-түсініктер ең алдымен сөз байлығынан айқын көрініс табады. Сөзді тілдік қарым-қатынастың құралы еткендіктен, оның сан алуан түрленісі, астарлы, бейнелі мағыналары – бәрі-бәрі сөз семантикасын түсіндірудің жолдары болып, халық жадынан орын алады. Сөздің осындай сандық сипаты мен мағыналық мүмкіндіктерін жиып-теріп, заттық мәдениетке айналдыру, жинақтау, тізімдеу – әрбір ұлт өкілінің алдында тұрған келелі міндет, абыройлы іс екендігі даусыз.
Қазақ тілі басқа да әлем тілдері сияқты сөз санын жинақтап, сөздіктер құрастыру ісінен құралақан емес. Әсіресе қазақ тілінің соңғы жыл­дары жарық көрген он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» түркі тілдері ішіндегі саны жағы­нан ең көп томдық түсіндірме сөздік болып есептелсе, сапасы жағынан да ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерімен толықтырылған кең ақпараттық аядағы рухани-мәдени мазмұндағы ұлттық сөздік болуымен құнды. Түркі тілдері ішінде кезінде он томдық түсіндірме сөздік те осындай салмақты еңбектердің бірі және бірегейі болатын. Алғаш екі томдық түсіндірме сөздікті, одан беріде он томдық түсіндірме сөздік, Т.Жанұзақтың авторлығымен жарық көрген бір томдық түсіндірме сөздік, соңғы жарық көрген он бес томдық сөздік болып қоғам дамуымен бірге жаңарып, жаңғырып отырса, сол он бес томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» негізінде жарық көріп отырған бір томдық «Қазақ сөздігінің» де бүгінгі қоғам үшін алар орны ерекше. Өйткені қазақ тілінің бұған дейін жарық көрген бір томдық сөздігі кезінде қоғам қажеттілігін қаншалықты өтеген болса, бүгінгі бір томдық сөздіктің де қазіргі қоғам қажеттілігіне сай жасалғандығын атап айту қажет.
Қоғам өзгеріп отыратын­дықтан, халықтар арасындағы қарым-қатынас, ғылым-білімнің дамуы, осы сияқты қоғамдық-әлеуметтік факторлар әрбір ұлттың сөз байлығына да, сөйлеу мәдениетіне де әсер етпей қоймасы анық. Бүгінгінің адамының сөйлеу тілі осыдан он-он бес жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тілінен өзгешерек. Оның сөйлеу мәдениеті, сөз қолданысы, терминдерді қолдануы қазіргі заманға лайықталып, бейімделеді. Сондықтан сөз байлығын жинақтайтын сөз­діктерді әр кез қайта өңдеп, жаңартып отырудың қажеттілігі қашанда мол. Бұл тұрғыдан келгенде «Қазақ сөздігін» осындай бүгінгі таңдағы рухани сұранысты өтейтін, қоғамның мәдени дамуы­на үлес қосатын, заман талабын қанағаттандыратын маңызды еңбек деуімізге болады. Бұл сөздік бұрынғы сөздіктерден несімен ерекшеленеді дегенде, алдымен ойға оралатыны – сөздердің саны. Егер осыған дейін жарық көрген он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 92 мың сөз қамтылған болса, жаңа бір томдық сөздікте сөз саны ғылым-білімнің жаңалықтарымен, жаңа лексико-фразеологиялық бірліктермен, сонымен қатар бұрын сөздіктерге енбей қалған сөздік қорымызбен толықтырыла келіп, нәтижесінде 106 000 сөз қамтылып отыр. Міне, осылайша аз уақыттың ішінде 10 000-нан аса сөз жинақталып, олардың мән-мағынасы түсіндірілген сөздік оқырман қауыммен қауышпақ. Сонымен қатар бұл бір томдық сөздікте сөз мағыналарын түсіндіретін мысалдар берілмесе де, сөздердің әрқайсысының мағыналық өрістері кеңінен ашылған. Оқырман қауым кез келген сөз туралы көптомдық сөздіктерсіз-ақ қажетті дәрежеде ақпарат ала алады. Бұл жағынан мұндай ықшам сөздіктер қоғам үшін аса қажет деп білемін.

Бағдан Момынова,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық
университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы,
профессор

Қажырлы еңбектің жемісі

Сөздік жасау – бұл білім, еңбек және қажырлы да табанды еңбектің арқасында ғана дүниеге келеді. Оған қоса біздіңше, ұлтының тіліндегі әр сөзді алтынға балаған, әр ұғым атауына жақсы көрумен, жанашырлықпен қараған үлкен жүрек болғанда ғана бүгінгі «Қазақ сөздігіндей» 106 мың сөз қамтылған еңбек дүниеге келетін сияқты. Өйткені сөздікшілер ұжымын ұйытып, бір арнада ұстап отырған, бірнеше жылғы теориялық зерттеулерінің нәтижесін іс жүзіне асырған, ғалым, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов болса, сөздіктің темірқазығы – сөз мәйегіне жастайынан құныққан, сөз жинаудың сөзтізбелік те (орфографиялық), эстетикалық та, эмотивтік те (фразеологиялық) тәжіри­бе­сіне қаныққан, ойы ұлттық ұғымдар мен категорияларды бүгінгі жас ұрпақтың санасында қайтсек жаңғыртамыз дегеннен әсте бір босамайтын – белгілі энциклопедист-ғалым Нұргелді Уәли болса бұл сөздік басқаша болып қалай шықпақ?!
2006-2011жылдары жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жаңа тұрпатта болға­нын ғалымдар айтып жүр.
«Қазақ сөздігі» қалай байыды дегенде, біз мынаны көрдік. Әрине, күнделікті пайда болып жатқан ақпараттық-технологиялық құралдар, жаңа қоғамдық-саяси ұғым, әлеуметтік ұғым, экономикалық ұғым, заманауи ұғымдар қазақша аталуын күтіп отырған жоқ, сол шыққан тіліндегі түбір формасымен еніп жатыр. Ендеше, «Бір томдық» халықаралық терминдік атау­лармен байыды. Тіл алпауыттарының көшбасшысы ағылшын тілінің өзі 70 пайыз кірме сөзден тұрамын екен-ау, донорлығым көп болыпты-ау демейді. Өзге тілді донор етіп жатыр. Өзге тілдің формасын өз тілінің орфоэпиясымен айтып, орфографиясымен жазғанда өз сөзіңдей болатын ағылшын, қытай, орыс тілінің тәжірибесін қазақ тілі ХХ ғасырдың 20 жылдары алып еді. Сол жолдан айырылмағанда бүгінгідей арманымыз қиялға айналып кетпес еді.
Қазақта қазір тарихи сана, мәдени сана көмескіленген. Бүгінгі шалақазақ тілінің стереотипін бұзу оңай емес. Сонда да әдеби тілдің «он бес томдығында», «бір томдығында» ескіқазақ тілінде қолданылған сөздер дендеп енген. Бір қарағанда, сөз зергерлерінің бәрі емес, бірегейлері ғана танитын, зиялы қауымға да кейде айқын түсінікті емес, ескі қазақ тілі болып қалып қойған сөздерді, қазақ тілінің сөздік қорына санау орынды емес сияқты. Бірақ қаншама қисса-дастандар осы сөздер араласқан тілмен жарық көріп жатыр, олар қазақ қиссалары болып саналады, тіпті діни стильде жазылған мәтіндердің өзіндік ерекшелігі болып та танылатындай.

Серікгүл Сатенова,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
кафедра меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

Сөз мағыналары толық ашылған

Тәуелсіздіктің арқасында өтке­німізді түгендеп‚ барымызды жи­нақ­тауға мүмкіндік алдық. Қазақ халқы сан ғасыр арман еткен тәуелсіздік бүгінде қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналды. Нәтижесінде ұлттық құндылықтарымызды танып-білуге деген талпыныс күшейді. Елбасымыздың бастамасымен іске асып отырған сондай игі істердің бірі – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Мемлекеттiк бағдарлама аясында 230 аталым кiтап (тарих, археология, этнография жөнiндегi аса құнды сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздiктер) жарық көрдi. Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының атсалысуымен «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деген атпен он бес томдық түсіндірме сөздік жарық көрді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Бабалар сөзi» сериясымен халқымыздың 100 томдық бай ауыз әдебиетi үлгілері жинақталды.
Ал биыл Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» негізінде, әрі толықтыра отырып, «Қазақ сөздігі» деген атпен бір томдық түсіндірме сөздік құрастырылып шығарылуы көп­тен күткен келелі іс болды. Мұндай деңгейдегі сөздік түркі халық­тарының ішінде қазақ тілінде ғана бар. Бұл мақтаныш болумен қатар ұлттық рухты көтеретін, ұлттық құндылығымызды бағалауға, түсінуге жол ашатын тағылымы мол игі шараның бірі. Тіл – адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, әр ұлттың ұлттық болмысын, дүниетанымын, ойлау жүйесін сипаттайтын жалпыадамзаттық құндылық. Олай болса, ұлттық дүниетанымға қайта ден қойып жатқан кезеңде тіліміздің сөздік қорын түгендеп, ұмыт бола бастаған көптеген атауларды қалпына келтіріп, жандандыра түсудің мәні айрықша зор. Бұл орайда, әсіресе, түсіндірме сөздіктердің алар орны бөлек.
«Қазақ сөздігі», біріншіден, анықтағыштық қызмет атқарса, екіншіден, энциклопедиялық мағлұматқа өте бай. Мұнда сөз мағыналары толыққанды ашылып, әдеби тіліміздің даму деңгейі, кемелдену жолдары айқын көрсетілген. Бірегей туынды мектеп бағдарламаларына да енгізілгені жөн деп ойлаймын. Сол арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, жүйелі ой айтуға үйретіп, сөйлеу мәдениетi мен шешендiгiн дамытып, шығармашылық қабілетін шыңдай түсетін боламыз. Сөздіктің қазақ тілін оқыту барысында мәтіндермен жұмыс істеуде де, сөздің мағыналарын түсінуде де алатын орны ерекше болмақ.

Алтай Байтелиев,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Сержан

    Бул суйинши Хабар Гой, кутты болсын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.