Зекеңнің сұлулық әлемі

Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «З.Қабдолов оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Онда академик-жазушының әдеби-ғылыми мұрасы һәм азаматтық кескін-келбеті жан-жақты сөз болды. Біз төменде сол конференцияда негізгі баяндамашы болған филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тілеповтің сан қырлы талант иесі Зейнолла Қабдоловтың шығармашылық болмысын көркем сөз, ғылыми тұжырым-талғаммен өрнектеген мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Өмір бойы «Әдебиет – ардың ісі» деп, сол әдебиетке елдің арындай, тек жалқының ғана емес, жалпақ жұрттың – қалың қауым халықтың ары мен намысындай қарап, сол үшін қайрат етіп өткен халық перзенті, қазақтың Қабдоловы атанған Зейнолла аға сан қырлы талант болатын. Ол – ақын, ол – драматург, ол – романист, ол – публицист, ол – аудармашы, ол – әдебиет сыншысы, ол – әдебиеттану ғылымының санаулы сардары, көш бастаған көсемі, ел ұйып тыңдайтын шешені.
Оның 1949 жылы күллі қазақ ақындары қатысқан аламан бәйгеде топ жарып келуі қапысыз ақындығының көрсеткіші болса, 1967 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында қойылып, Серке Қожамқұлов, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Мүлік Сүртібаев, Шахан Мусин, Қамал Қармысов, Зәмзәгүл Шәріпова, Есболған Жайсаңбаевтар сынды қазақ өнерінің ылғи бір жайсаңдары ойнаған «Сөнбейтін от» драмасы оның үлкен драматург екеніне кепілдік береді. Сондай-ақ сол театрда өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында көрермендерін көзайым еткен Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасының тәржімасы мен ертерек кезде А.Пушкин, Н.Гоголь секілді қуатты сөз шеберлерін ана тілімізде жазылған шығармадай сөйлетуі оның ерекше аса зор қуатқа ие аудармашылығына дәлел. Ал проза жанрының шебері екендігі оның ширек ғасыр өмірін арнаған «Ұшқын» (әуелгі повесть түріндегі атауы «Өмір ұшқыны»), «Жалын» атты романдары, яки «Біз жанбасақ» деген атпен басылып келе жатқан дилогиясы. Бұл туындылардың әр кездегі жарияланымдарына кезінде Ғ.Мүсірепов, І.Омаров, М.Қаратаев, С.Қирабаев секілді әдебиеттің тамыршысы іспетті белгілі қаламгерлер әділ бағаларын берген. Шығарма қазақ, орыс тілдерінде тек Алматыда ғана емес, Мәскеуде де бірнеше рет басылып, жұмысшы тақырыбына арналған Одақтық бәйгеде жүлде алды. «Жалын» романы вьетнам тіліне аударылды.
Жұмысшы тақырыбы дегеннен шығады, бұл шығармалар кешегі қанды майдан – Ұлы Отан соғысы кезінде кеңестік алып елдің жердегі, көктегі барлық техникасына жан беріп,Ұлы Жеңістің мүмкіндігінше Отанымызға барынша ертерек жетуіне қайрат еткен Ембі мұнайшыларының, оның «Үлкен Ембіні» өмірге келтірген жасампаз еңбеккерлерінің, яғни 3.Қабдоловтың кейіпкері Қабен тілімен айтқанда, үш ұрпақтың, яки Сардар, Азаматтар бастаған «самородоктар» мен екінші ұрпақ – Мәскеу мен Бакуде институт бітіріп белгілі дайындықпен келген Ізбектер, үшінші ұрпақ – Қабендер, Тайман, Жанар тұрғыластардың (3.Қабдолов. «Біз жанбасақ» Дилогия. Алматы: Жазушы, 1974. 424-425-беттер) еңбек жолына арналған.
Шығарма – қазақ авторы жазған қазақ ұлтының мұнайшыларына арналған тұңғыш туынды болғандығымен қатар, тек қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы кеңестік әдебиеттегі жұмысшы тобы туралы жазылған үлкен бітімді прозалық еңбектер қатарында ерекше аталып, бәйге берілуінің өзі қаламгердің қандай деңгейдегі көркем сөз шебері екендігіне берілген зор баға болатын-ды. Ал автордың кейіпкерлері басы Лениндік сыйлықтың лауреаты Халел Өзбекқалиевтен (Ізбек Қалиев) бастап, кейін филология ғылымдарының докторы, профессорлық дәрежеге жеткен Тауман Амандосовқа дейінгі өмірде бар күрескер жандар-ды.
Зекеңнің шығармаларының прототип­теріне байланысты айтар болсақ, тек «Біз жанбасақ» дилогиясындағы кейіпкерлер ғана емес, «Менің Әуезовым» роман-эссе­сіндегі образдар галереясында да М.Әуезов араласқан, негізінен қыз­меттес, сондай-ақ автордың өзі көр­ген-білген жандардың талайы қарсы алдыңыз­дан шығып, «Иә, мен сол адаммын» дегендей болып қасқайып қарсы тұра қалатын сияқты. Бірақ солардың денін, яки Мұхаңның өзімен Сәбең (Сәбит Мұқанов), Мәлік Ғабдуллиннен өзгесінің, қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед тап басып, анық көрсеткеніндей, «Қашанда сыпайы Зекең кейбірін әдеп сақтау үшін, енді бірін даралау, типтеу үшін, бір сөзбен айтқанда, көркем проза кри­терийіне жақындау үшін» (М.Құл-Мұхаммед. Шебер // Бүтін бітім. Астана: Фо­лиант, 2012, 14-15-беттер) аты-жөндерін өзгерткен.
Кемеңгер жазушының Абай атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын алған «Менің Әуезовым» роман-эссесі – қырық жылға жуық өмірін арнаған шығармасы. Автор бұл туындысын Мемлекеттік сыйлық алғаннан кейін де жалғастыру үстінде болатын… Амал нешік, жүйрік ой, терең білім, көркем сөз иесі бұл еңбегін өзі ойлаған меже – деңгейге жеткізе түсу жолында жүріп өмірден өтті. Сондай-ақ ол «кескекті ердің» сойы, алдаспан жырдың иесі Махамбет туралы туындысын да аяқтай алмай бақи дүниеге сапар шекті…
Сонымен, қалам қайраткері Зейнолла аға Қабдоловтың керемет көркем сөз шебері – жазушылығына қоса әдебиеттану ғылымы саласында өз мектебін қалыптастырған ғұлама ғалым, қоғам қайраткері екенін елдің бәрі біледі. Білгеннен кейін сан қырлы таланттың осыншалық өнерімен өзгелерден оқ бойы озықтығын әркім өзінің шама-шарқына қарай пайымдайды. Ал Зекеңнің – Зейнолла Қабдолұлының осы саладағы қалам тартқан мәселелері – сан тарау. Соның бір саласы – қазақ әдебиеті мен ғылымының көркейіп, көріктенуіне әр тұстарда жанын сала қызмет еткендердің еңбегіне әділ бағасын беруге барлық білімі мен күш-қайратын жұмсап, таным таразысына тартқан зерделі зерттеулері, толымды толғаныстары.
Әдетте ғылымның бір саласын, соның ішінде еңбегі зор оқымыстыларды немесе көрнекті көркем сөз шеберлерінің жарияланбаған, жарияланған еңбектерін індете іздестіріп, талмай еңбектеніп, талайлы зерттеулер берген адамдарды шығыстанушы, фарабитанушы, лермонтовтанушы, абайтанушы деген секілді зерттеген, зерделеген саласының атауларымен тізбектете атап жатады. Бұл тұрғыдан келгенде Зейнолла Қабдолұлын әлгіндей тұғырлы еңбектердің танушысы ретінде ресми тұрғыдан аталып жатқанын әзірге кездестірген емеспіз. Бірақ соған қарамастан замандас әріптесі академик Серік Қирабаев айтқандай, оның аудитория­сы өз қатарластарынан әлдеқайда ауқымды болатын. Әдебиетіміздің ілгері-кейінгі дәуірінен хабардар әдебиетшілер қауымы мен оқырмандар әулеті Зейнолла Қабдоловты осынау ұлт әдебиетінің іргесін қалағандар мен кейінгі ересен дарын иелерінің қай-қайсысының да шығармашылық әлемін танытудағы барша еңбегіне тәнті болатын. Ал мұның сыры неде десеңіз, ол бір ғана шығармашылық тұлғаның емес, елге ересен қызмет еткен, қазақ деген қауымның халық болып қалыптасуына, ұлт болып ұюына басын қауіп пен қатерге байлап өмір кешкендердің еңбектерін таным таразысына тарта отырып, қалың қауымға ұғындыруға аянбай тер төккен пейілді қызметіне байланысты еді. Оның әрідегі Абай, Махамбет, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, берідегі Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Қажым Жұмалиев, Хамит Ерғалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Садықбек Адамбеков, Салық Зиманов, Темірбек Қожакеев, Жабайхан Әбділдин, т.т. туралы толғаныстарын қазақ оқырманының әр буынының үлкен сүй­сініспен қабылдауларының ар жағында нені айтса да, жеріне жеткізе айтатын кемел ойлы көркем сөздің хас шебері болған­дығында еді. Бірақ хас шеберге де сын көп, хас жүйрікке де сын көп.
1990 жылы шілдеде Қазақстан Жазушылар одағы Ахмет Байтұрсынов шығармашылығына арнап ғылыми конференция өткізді. Сонда «қазақ халқының рухани көсемі» (М.Әуезов) Ахаңның «Әдебиет танытқышы» туралы Зекең баяндама жасаған. Сол еңбегіне ғалым 1995 жылы қайырыла соғып, 1996 жылғы «Көзқарас» атты жинағына кіргізді (З.Қабдолов. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996, 67-88 беттер). Мұнда автор Ахаңның 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқышын» біздің жыл санауымыздан 326 жыл бұрын өмірге келген Элладалық Аристотельдің «Поэтикасымен» салыстырады. Бірін грек әдебиеттануының, екіншісін қазақ әдебиеттануының өз тұсындағы мінсіз «әліп-билері» ретінде бағалайды. Қазақ топырағына Ахаң әкелген әдебиеттің тегі мен түрі туралы терминдерді біраз бажайлап, ««Әдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы – әдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығы» (З.Қаб­долов. Көзқарас, 72-6), қазіргі әдеби жанр мәселесінде қалыптасқан, әбден орныққан ғылыми тұжырымдардың табиғатына бойлай отырып ғалым «Қазіргі қазақ өлеңінің теориясы Ахаңсыз аттап баса алмайды» (З.Қабдолов. Көзқарас, 86-бет) деп ой түйеді. «Мәселен, – дейді ғалым, – Айшықтаудың (фигураның) Арнау деген бір түрі бар. Бүкіл дүниежүзілік әдебиет теориясында Арнау деген бір-ақ түр; шауып шықса, бұған Шешендік сұрау қосылып қана аздап ажарлануы мүмкін. Ал қазақ поэзиясында Ахаң осының үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) қосып, құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып әкетеді» (З.Қабдолов. Көзқарас. 70-71 беттер).
Міне, осы үш түрлі болып жіктелетін арнауларды студенттер Зекеңнің «Әдебиет теориясының негіздері» («Сөз өнері») оқулығынан оқитын. Ахаң кітабын бұрыннан білетін бірлі-жарым Москва, Ленинградтың кітапханасынан А.Байтұрсынов еңбегімен таныс әдебиетші ғалымдар ара-тұра оқта-текте ауызға алып қалатын-ды. Ол әңгімелердің кейбірін Зекеңнің өзі де естігені даусыз. Бірақ сол терминді пайдалануда тұрған қандай кемшілік бар еді? Сол мін болып саналуы тиіс пе еді? Бірақ әсіреқызыл саясаттың тұсында, әсіреңкі жандардың көзімен қарағанда бұл да үлкен кемшілік болып саналатын. Соны Зекең төмендегіше келтіреді: «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ешкім айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық» (З.Қабдолов. Көзқарас. 71-72 беттер). Мұнан артық ағынан жарылу мүмкін бе?
Әйтсе де, ғалым «Ахаңның әдеби қисын­дары» атанатын тап осы зерт­теуінде А.Байтұрсынов сынды ұлттың рухани ұстазының әдебиеттану ғылымы саласын­дағы ұлы еңбегін жан-жақты талдау барысында ол ашқан жаңалық атаулының бәріне сүйсіне отырып, кей тұстарда таңданып, тамсанудан кілт кідіріп, басқаша толғанады. «Ал енді бар ма, Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен мекенінде «мінсіз» көрінген осы қисындары мен қағидалары әдебиет туралы ғылымның бүгінгі деңгейінен қарағанда, шынын айтсақ, сын көтермейді, – деп алады да ғалым, – онда қалайша мінсіз?» деп өз сөзіне, өз пікіріне қарсы сұрақ қояды. «Гәп осы арада» деп келіп, соны қазақ әдебиеттануының үш саласында жасалған еңбектерді алға тарта отырып, өз пікірін ғылыми тұжырыммен шегелей отырып дәлелдейді. «Біздің бұл пікіріміз, – дейді ол, – Ахаңды сынау үшін айтылып отырған жоқ. Ахаң өзінің әдеби қисындарын туғызып, тыңға түрен салған тұста қазақ қоғамындағы әдебиет туралы ұғым-түсініктің, жалпы эстетикалық ой-сананың дәрежесі қандай екенін аңғарту үшін айтылып отыр. Демек, Аристотельдің «Поэтикасын» қаншама әлемдік әдебиет теориясының басы дей тұрсақ та, біздің дәуіріміздегі әдеби қисындар Аристотель тұсындағы дәрежеден әлдеқайда ілгері кеткені секілді, Ахаңның әдеби қисын­дарын қаншама қазақ топырағындағы әдебиет теориясының басы дей тұрсақ та, біздің бүгінгі әдеби-теориялық таным-толғам­дарымыз Ахаң тұсындағы деңгейден әлдеқайда биіктеп кеткенін мойындамасқа болмайды. Әйтпесе, біз қазіргі қазақ қоғамын­дағы көркемдік дамудың байыбына бара алмас едік». (З.Қабдолов. Көзқарас. 82-бет). Бұған не айтасыз? Келісесіз. Келісіп қана қой­майсыз, бар ниетіңізбен дұрыс айтылған пікір тұжырым екеніне риясыз көңілмен риза боласыз.
1990 жылы ұлы қаламгер Сәбит Мұқановтың өмірге келгеніне 90 жыл толды. Бұл заманында «Советтік сөзге қаламы – көрмеген әсте мұқалып» деп өзі туралы ағынан ақтарылатын қазақ көркем сөзінің ақ дариясының елеулілігі ерекше елдік мерекесі болуға лайықты мерейтойы болуға тиіс еді. Бірақ сол тұстағы қазақ оқырманы баяғы отызыншы-елуінші жылдардың адамдарының идеал тұтқан мемлекеттік идеяға тосырқай қарап, ұлы туындыгердің көзқарасынан, сол арқылы оның өз кезіндегі шырайлы туындыларының өн бойынан ойдай олқылықтар тапқандай болып жүрген кездері еді. Оны тек бір Зейнолла Қабдолов қана емес, үлкенді-кішілі әдебиет ұстаханасының маңында жүргендердің барлығы да көріп, барлығы да сезіп жүрді. Сондықтан бұл мәселе қалай болғанда да әркімдердің ара-тұра сөз етіп жүретін пыш-пыш әңгімесінің тақырыбы емес, ұлттық әдебиеттің, керек болса елдік келбетіміздің жүзіне шіркеу түсетіндей жай болмас үшін, сол әдебиеттің басалқы пікірін айтуға лайықты көрнекті адамдардың араласуын қажет ететін халге жеткен тұсы еді.
Міне, осы кезде адамзаттың жан дүние­сінің барометрі сынды көркем әдебиет турасында «Әдебиет – ардың ісі» деп тебіренетін Зекең қолына қалам алды.
Еңбек «Сәбит Мұқанов – өз дәуірінің айнасы» деп аталады. Академик 3.Қабдолов «Қалам­гер Сәбит Мұқанов кім еді?» деген оқырман көңіліндегі сұраққа «Көзінің тірісінде Сәбиттей халқымен біте қайнас­қан, халық алақанында Сәбиттей ардақ­тал­ған, Сәбиттей көзі тірісінде аңызға айнал­ған ақын-жазушы қазақта болған емес» (З.Қабдолов. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996. 135-бет) деп жауап береді де, сол сөзін нақ­тылы тұжырымдармен дәлелдеуге кіріседі.
Ең алдымен қазіргідей жүздеген адам өлең өлкесінде ат жаратып, бәйге алып жүрген кезде елдің біраз жағдайда жаңа түр, жаңа пішін әкелген кімдер бар деп толғанысатын мәселесіне жауап бере кетейік дегендей болып, «Керек десеңіз, өмірде революционер Сәбит Мұқанов – өнерде, өлеңде реформатор болған ақын» дейді де, соның дәлеліне жүретін классик қаламгердің «Мәдени бәсеке» деген өлеңін толығымен келтіре отырып, «Бұл жырында Сәбең дәстүрлі өлең ұйқасын бунақ пен шумақтың аяғынан басына шығара төңкеріп түсіріп, силлабиканы силлаботоникаға, тіпті тоникаға айналдыра жаздайды» (сонда, 128-бет) деген пікір түйеді. Бұдан кейін өлең өлкесіндегі Сәбеңнің пішіндік өрнек тұрғысындағы жаңашылдығы осындай болса, ал мазмұн, идея турасындағы жаңалығы қандай екен деп, онсыз да көңілінде біраз сұрақ бүршік атып жүрген кеңестік дәуірдің жариялылық кезеңінде өмір сүріп жатқан «батыл пікірлі» оқырманның дегбірсізденіп отырған мәселелеріне жауап беруге кіріседі.
Қазан төңкерісі өмірге келген жылы он жеті жасқа шыққан С.Мұқановтың бірінші өлеңінен бастап, соңғы туындысына дейінгі барша шығармашылығы сол төңкерісті өмірге әкелген коммунистердің идеясына қызмет етті. Өзі коммунист болды. Қатардағы көптің бірі – жай коммунист болған жоқ. Қаламгер коммунистердің көшбасшысы болды. Нені айтса да, жеріне жеткізіп айтты. Талант қуаты сол өз қатарларынан озық болған соң тап жыршысы ретіндегі оның таптық үні кім-кімнен де асқақ естілді. Ол: «Бесіктен-ақ маған тап белгі таққан, тапты шапқан – бесікте мені шаққан. Есті біліп, етекті жапқан кезде, табыма оғын атқандар – маған да атқан. Сақылдаған өмірдің аязында, тапқа мұз боп қатқан кек маған қатқан. Мені-дағы, мен сенген тапты-дағы – Кісендеуден Октябрь таңы ағытқан. Сен жыласаң – көзімнен қан тамызам. Сен қуансаң – тілімнен бал тамызам. Сенің егер өзегің талып кетсе, басқадан бұрын саған нәр тамызам» деп миллиондаған өз табының өкілдеріне өзінің кім екенін жеріне жеткізе жырлады. Бұны, әрине, жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегіндегі кінәмшіл оқырмандар құп алмаса да, тап пәлендей осқырынып қарсы алмайды. Олардың жиырыла қабылдайтыны Сәбеңнің басқа сөзі. Ол сөздер ақын мен оның таптастарының, яки езілгендер партиясының көшбасшыларына арналғандығы болатын.
Ондай туындылар Сәбеңде біраз болған («Көп жасасын Сталин», «Біздің күш – ұлы Сталин», «Сталиндік татулық», «Мен кіммін деп мақтанам?»). Ал осыларға әлгіндей кінәмшіл қауым қатты тыжырынады. Тыжырынып қана қоймайды, ұлы қаламгер С.Мұқанов шығармашылығына осының бәрін кінә етіп артқысы келеді.
Міне, осылардың барлығын Зекең қамырдан қыл суырғандай қалып­пен айта отырып, ара-тұра ұлы Абай­дың адамды заман билейтіндігін аңғар­татын сөзін, сонау өткен ғасырдың алғашқы жиырма-отыз жылы ішіндегі М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов секілді қазақ көркем ойының кемеңгерлерінің ел ерекше құрметтеген туындыларынан үзінділер келтіреді. Оны Сәбеннің қалай қабылдағанын да айтады. Қорытындысында қаламгер: «Қазіргі жағдай басқа. Бүгінде біздің Сталин туралы ұғымымыз Мұқановтың тұжырымына қарама-қарсы! Енді қайттік? Қайтетін түгі де жоқ. Бәрі түсінікті. Егер дәл бүгінгі күні Сәбеңнің көзі тірі болса, ол да дәл бүгінгі біздің ұғымымызда болар еді. Ал кеше біз де дәл Сәбеңнің тұжырымында емес пе едік? Сәбит Мұқанов бұл ретте де – өз дәуірінің айнасы. Ал айнадағы – Сәбиттің заманы һәм замандасы» (З.Қабдолов. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996, 132-бет) деп ой түйеді.
Ал осының барлығы, қысқадан қайыр­сақ, «ешкімнің бетіне жел боп тимеген» (Ә.Кекілбаев), «жүрегі адамды сүю үшін, жақсыны тану үшін жаралғандай жанның» (С.Қирабаев), «ел сөзін сөйлей алар кемелділігіне» (3.Ахметов) кепілдік береді.

Жұмат Тілепов,
филология ғылымдарының
докторы, профессор, Халықаралық
ақпараттандыру академиясының академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.