Кіршіксіз қасиет

Редакцияға келсем, мені тосып, бір адам отыр екен. Ол мені әдейі іздеп келгенін білдіріп, қауқылдасып, амандасып жатыр. «Мені танымай қалдың ба?» деп сұрады. Жүзіне барлай қарасам, мүлде бейтаныс адам. Шынында да, танымай қалғанымды айтуға тура келді. «Мені танымайды деп те ойлап едім. Көп уақыт өтті ғой. Қазір қартайдық. Бет-жүзімізді әжім торлады. Сен де өзгеріпсің» деп менің танымай қалғанымды өзінше ақтаған болды. Сәл үнсіздіктен кейін күлімсіреп, «Мынаны сен жазып едің ғой» деп газет қиындысын қолыма ұстатты. «Шипагер» деген мақала екен. Мақаланың авторы өзім болып шықтым. Осы мақала жарияланғаннан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде қанша мақала жазғаным есімде жоқ. Мақаланы үнсіз оқи бастап едім, бұл кісімен әңгімелескенім ойыма оралғандай болды.

Мөлшері 1980-жылдардың аяғы болса керек, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет етіп жүргенімде, редакцияға соғыс және еңбек ардагері сол кезеңде сексен жастағы Айташ Жұбаншалиев деген қарттың жүрек тебірентерліктей әсерлі жазған хаты келген еді. Бұл хатты оқығаннан кейін мен оны емдеп, жазған дәрігермен жүздесіп, сол туралы мақала жазуға бекінген кезім есіме оралды. Сонда Айташ қарт қаншама шипагерге, қаншама дәрігерлерге қаралса да, ешқайсысының емі дәру болмағанын, ақыры ауруы асқынып кеткендіктен, Г.И.Федерко деген дәрігер емдей алмайтынын ашып айтып, Министрлер Кеңесі іс-басқарушысы жанындағы орталық ауруханада бір білікті дәрігер бар екенін, бұл дертті емдеу сол кісінің қолынан келуі мүмкін екенін айтыпты. Сөйтіп, ол Сейіт Төлегенов деген дәрігерді іздеп келіп, емделіп, аурудан айтарлықтай сауыққанын былай баяндап жазған еді:
«Әуелінде қабылдамай, қабылдаған күнде де ем-дом қолданған болып шығарып салар деп ойлаған едім. Алайда ол мені туған әкесіндей жылы шыраймен қарсы алып, ықыласымен қарай бастағанда-ақ жүрегім жылып сала берді. Содан кейін ауруханаға жатқызып, 20 шақты күндей емдеді. Тек маған ғана емес, өзге науқастарға да көрсеткен қыз­меті, жасаған емі бұрынғы мен көрген дәрі­герлерден ерекше секілді. Аса мейір­­бан­дылығы, ізеттілігі өз алдына, дерттің қалай асқынғанын, одан қалай сауық­ты­ратынын, тәптіштеп түсіндіре отырып, ем қолданғанда, оның дәру болғанын бірден-ақ аңғарғандаймын. Көп ұзамай, едәуір сауығып, үйіме қуанышпен оралдым.
Дәрігердің шипагерлік қасиеті де, мінез-құлқы да, адамгершілігі де менің көңілімді шынымен-ақ елжіретіп, өз ризашылығымды жалпақ елмен бөліссем деп, сіздерге хат жолдап отырмын».
Міне, осы хатты оқыған соң, мен де Сейіт Төлегенов деген дәрігерді іздеп барып, әңгімелескенім есіме түсе бас­тады. Көп ұзамай, «Шипагер» деген тақырыппен менің мақалам газетке жарияланған еді. Мақаланың ортасында Сейіттің суреті қоса басылған. Содан бергі кезеңде уақыт Сейіттің жүзіне қарттықтың ізін салып үлгеріпті. Қазір бурыл мұртты, ақ шашты қарияға айналыпты. Жаңа жылда 75 жасқа толады екен. Осы мақалада Сейіттің бойынан адамгершіліктің асыл қасиеттерін қалай жинақтағанын, оны дәрігерлік қызметінде қалай пайдаланғанын, қалайша білгір шипагер болғанын айтарлықтай-ақ баяндаған екенмін. Кез келген адам қаржыгер, заңгер, инженер мамандығын меңгере береді ғой. Ал дәрігерлік туа біткен қасиет екенін мен Сейіттің өмір жолдарын әңгімелегенде ұғынғандай болған едім. Мұны мен сондағы мақаламда нақты былай деп жазған екенмін: «Сейіт 1939 жылы 3-қаңтарда Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы 19-шы ауылда дүниеге келіп, ес жия бастағаннан-ақ ол «өлім», «ажал» деген суық сөздерді жиі естіп өсіпті. Медициналық көмектен жұрдай шалғайдағы ауылда ауру-сырқаудан, түрлі індеттерден кәрі де, жас та жиі қайтыс болатыны, әрине, оның да сай-сүйегін сан сырқыратқаны күмәнсіз. Әкесі Төлеген мен анасы Айбарша тұңғыштары Сатыпалдыға ілесер қанша сәбиінен айрылып, зар еңіреді десеңізші. Ажал тырнағына ілінген тоғыз баланың қайғысы әке-шешенің көз жасын көл етіп, үміттері үзілген кезде, елуден асып бара жатқанда Сейіт туған екен. «Тіпті әке-шешем шешектен шетінеген екі баласын бір күні қатар жерлеген кездері де болыпты» деп еске алады Сейіт.
Әрине, жасынан әке-шешесінің қай­ғы-мұңы зердесіне сіңген Сейітті ажал ара­шасы болуға жетелеп, Қарағандыдағы Меди­цина институтына оқуға алып келген бойына біткен ізгілік сенімінің күші болса керек. Сондай-ақ зайыбы Балдыр­ған­ның, тұңғышы Жанаттың дәрігер болып қызмет етуі, бір сөзбен айтқанда, бұлар­дың дәрігерлер әулеті болып жүргені де Сейіттің адамдарға ізгілік сыйлауға құш­тар­лығының бір қырын танытса керек».
Осы мақала жазылғаннан бергі ширек ғасырдан астам уақытта өмірде қаншама өзгерістер болды. Сейіттің отбасында да өзгерістер болғаны анық. Мен мақала жазған кезде оның үлкен қызы Жанатты дәрігер деп жазсам, ал онан кейінгі Арслан да медицина маманы болып шығыпты. Қызы Ләззәт заңгер болса, ұлы Рүстем құрылыс инженері екен. Ал зайыбы Балдырған біраз жыл бұрын қайтыс болыпты. Сейіт төрт баласынан бес немере, бір шөбере көріп отырғанын айтты.
Ал Сейіттің дәрігерлік қызмет жолдарына үңілсек, бірқатар емдеу орындарында табысты еңбек етіп, 2002 жылы Алматы шипажайында дәрігер болып жүріп зейнетке шыққан екен. Сейіт әуелгі еңбек жолын Бурабай шипажайында дәрігер, бөлім меңгерушісі болып бастаса, сонан кейінгі дәрігерлік қызметі былай жалғасыпты: Туберкулез ғылыми-зерттеу институтының уролог-дәрігері, Алматы қаласы мен Алматы облысында бірқатар қалалық және облыстық ауруханаларда бас дәрігер болып, мұнда шаруашылық жұмыстар дәрігерлік қызметіне қолбайлау болған соң өз еркімен мансаптан бас тартуы да оның мамандығын беріле сүйгенін білдірсе керек. Ал зейнетке шыққаннан кейін Медицина орталығында кеңесші болумен қатар, кейде ота жасауға да қатысып жүреді екен. Өзінің дәрігерлік қызметін әңгімелеп отырғанда сөз арасында зейнетақысы елу мың теңгедей екенін де айтып қалды. Бұл күндері медицинада ақылы қызмет түрлері пайда болды ғой. Қазір ақылы медицина орталықтары, ақылы ауруханалар мен емханалар аз емес. Тіпті емханаға барып, дәрігерден кеңес алу үшін де кем дегенде оншақты минут әңгімелескеніне 5-10 мың теңге төлеу дәстүрге мықтап енді емес пе.
– Ал сонда ақылы медициналық қыз­мет дегеніңіз сіздіңше дұрыс болмағаны ма?
– Әрине, дұрыс емес. Емдеу үшін дәрі-дәрмек дәрігердің қолында болмаса, оны алу үшін науқастанған адам шығын шығарса, бір сәрі. Қалай дегенмен де дәрі­герлердің ең басты анты «Гиппократ анты» ақылы қызметке сыймайды емес пе. Кеңес заманында медициналық қызмет­тің бәрі тегін болатын. Біз осы үрдісті жалғастырғанымыз жөн болар еді. Ал қазір медицина ғылымы да, емдеу тә­сілдері де мықтап дамыды. Бір кезде Қазақстанда Бейнеш Жарбосынов атын­дағы республикалық урология орталы­ғы болса, бүгін мұндай урология орта­лықтары көптеп ашылды. Ең соны ме­дициналық құрал-жабдықтар да сатылып алынып жатыр. Меніңше, медициналық қызмет көрсету ақылы болуы біздің қазақ жұртының табиғатына қабыспайды. Біздің санамыз бұрыннан капиталистік ел болған адамдардан мүлде бөлек. Сондай-ақ мен мынаны байқадым. Ақылы қызмет көрсететін дәрігерлердің бүкіл ниеті ауруды емдеуге емес, ақшаға ауады. Дәрігер қалайда осы ғаріп болып келген бейшара науқасты тонағандай болып, «жығылғанға жұдырық» дегендей, ақша талап етіп, табыс табуды ойлап тұрады.
Сейіттің тағылымы жұртшылық арасында жиі айтылатын пікірлерді қуаттағандай болды. Бұл күндері ақылы емдеу орындарында ғана емес, ақысыз деген мемлекеттік емдеу орындары дәрігерлерінің де науқастан ақша дәметіп құнығып алғанын, жұртшылық та өмір заңы деп түсіне бастағанын естіп жүрміз. Тіпті тегін емдейтін ауруханада дәрі жоқ деген сылтаумен науқасқа дәрі алдырып пайда табу, науқастан ақша жинап алу да дәстүрге айналып барады. Тіпті бір дәрігер танысымның «Мен науқасқа ота жасағанда туыстары ақша ұсынады, алмасам ренжиді, алсаң қуанып қалады» деген еді. Жұрт арасында «дәрігерге ақша берсең бейілденіп жақсы емдейді, бермесең емдеуге салғырт қарайды» деген түсінік бар. Демек, Кеңес заманында қалыптасқан ізгі дәстүрді сақтап қалған жөн екен. Ал бізде шет жұрттардың тәжірибесін көз жұмып көшіре беру белең алуының зияны мен зардабын саралайтын кез келген сияқты. Осы оймен Сейіттен медицина саласындағы жұртшылықтың түсінбеушілігін туғызып жүрген бір мәселе жөнінде пікір тарттым.
– Қазір медициналық университетте 12 жыл оқып диплом алуына қалай қарайсыз?
– Мұны өз басым түсіне алар емеспін. Кеңес заманында оқу мерзімі 6 жыл еді. Соның өзінде біздің дәрігерлердің біліктілігі шет жұрттан кем болмағанына мысалдар жеткілікті.
Сейіттен осы секілді мәселелер төңі­­ре­гінде әңгімелескенде медицина са­ла­сында жүргізілген реформаларда кемшіліктер, асыра сілтеулер орын ал­ға­нын, болашақта олар қалайда жөнде­луге тиіс екенін ұғынғандай болдым.

Қуанбек БОҚАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.