Бала қабілетіне сүйенген абзал

ХХІ ғасырда әлемдегі көптеген озық елдер әлеуметтік салада біршама өзгерістерді бастарынан кешіруде. Соңғы 10 жыл ішінде оқу-ағарту саласында реформа жүргізбеген бірде-бір дамыған мемлекет жоқ. Кейбір елдерде бұл тәжірибе тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі қоғамның үздіксіз дамуында және әлемдік нарықта мықты позицияны қамтамасыз етуде білім берудің басымдық рөлі туралы идея жоғары дамыған мемлекеттердің оқу-ағарту саясатында маңызды орынға ие. Үздіксіз өзгеруде әлем елдері постиндустриалдық және ақпараттық қоғамға көшу барысында халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде ғаламдық мәселелерді шешуді мақсат етіп қойған. Қоғамның демократиялануы мен экономиканың қарқынды дамуы әлемдік деңгейдегі бәсекелестікте өзін білімі мен біліктілігі жағынан көрсететін жан-жақты тұлғаны тәрбиелеуді талап етіп отыр.

ХХI ғасыр – бәсеке ғасыры, бұл бәсеке енжарлықты, керітартпалықты көтермейді. Қазақ елі тәуелсіздіке қолы жетіп, егемендігін алып, өзін бүкіл әлемге мойындата бастаған осы кезеңде біздің қоғам дарынды, қабілетті, жан-жақты жетілген тұлғаны қажет етеді. Сондықтан да Қазақстанның білім берудегі ұлттық жүйесі өте қарқынды өзгерістер сатысында тұр. Бүгінгі таңдағы негізгі мақсат – ұлттық құндылықты әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті, өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан, зерделі, дарынды оқушыны қалыптастыру.
Елбасымыздың 2012 жылдың 27 қаңтарындағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Білім жүйесі тек білім ғана емес, сонымен қатар оны әлеуметтік бейімделуде қолдану білігін беруі тиіс» деп атап көрсетілген. Осыған орай, Мемлекет басшысы өз Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын одан ары дамыту қажеттілігіне тоқталып өтті.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру процесінің негізі болып табылады. Қазақстанда кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте алғаш рет 2012-2016 жылдарға арналған функционалдық сауаттылықты дамытудың «Ұлттық іс-қимыл жоспары» дайындалды, онда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту көзделген. Функционалдық сауаттылықтың жалпы бағыты Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да нақты көрсетілген.
«Ең әуелі мектепке керегі терең білімді педагогика мен әдістемеден хабардар, оқыта алатын мұғалім. Екіншісі, оқыту ісіне керек құралдар һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді, һәм құралдар қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы» деп ғұлама А.Байтұрсынұлы атап өткендей, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – мұғалімнің еліміздегі жүргізіліп жатқан білім беру саясатындағы және әлемдік білім кеңістігіндегі оқытудың заманауи құралдарын өз тәжірибесінде ықпалдастыру арқылы оқыту сапасын арттыруға бағдарланғаны. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Осы орайда мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның әр сабағын түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. «Ұстаз» деген атқа лайық болу, оны арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі білім мен біліктілігі арқылы қалыптасады, кәсіби шыңдалады. Қарқынды өзгеріп жатқан нарықтық жағдайда мұғалімге қойылатын талаптар : бәсекеге қабілеттілігі, білім мен білік дағдысының, кәсіби шеберлігінің жоғары болуы.
Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық деңгейде білім көрсеткі­шінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде оқушыларға дайын білімді игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның қарым-қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – негізгі өзекті мәселелердің бірі.
Қазіргі кездегі оқыту мен оқу үрдісіндегі әлемдік білім кеңістігіне ұмтылуға байланысты жасалынып жатқан талпыныс­тар Қазақ­стан Республикасы жалпы білім беретін мек­тептері педагогтерінің біліктілігін арттыруда «Пе­дагогикалық шеберлік орталықтарының» деңгейлі бағдарламасымен жүзеге асырылуда. Алматы қаласының «Педагогикалық шеберлік орта­лығының» І деңгей тыңдау­шысы ретінде аталған бағдарламаның Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға оң ықпал ететініне сенімім мол. Себебі оқыту мен оқуда өзгеріске жетелейтін, оқыту сапасын жақсартуға ықпал ететін бұл бағдарлама мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін шыңдап қана қоймай, оқушылардың білім сапасының нәтижесіне ықпал ете отырып, мектептің ілгері дамуына әсер әтеді. Бірінші деңгей бағдарламасының негізгі мақсаты – мектептегі еңбек тәжірибесі әртүрлі мұғалімдерді қатыстыру арқылы мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады.
Себебі педагогика жаңалықтарының бірі – оқытудың іс-тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу. Бағдарламаның басты мақсаты – көшбасшы мұғалімдерді әзірлеу арқылы мектеп тәжірибесіне жаңа өзгерістер енгізу болып табылады. Өз мектебіме жаңашыл өзгерістерді енгізудің нәтижесін алты апталық тәжірибе кезінде байқадым. Оқыту мен оқудағы қуатты педагогикалық жеті құралдың маңыздылығы мен тиімділігін коучинг сессиялар арқылы меңгерген мектеп мұғалімдері орта мезгілді жоспарлауда жеті модулді ықпалдастыра отырып, тізбектелген сабақтарды және іс-әрекетті зерттеу сабақтарын жүргізгеннен кейінгі аз мерзім ішінде өзгерістің білім сапасына, яғни оқушылардан күтілетін нәтижеге әсер еткенін аңғарды. Себебі осы бағдарлама бойынша оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді тиімді қолдана отырып, топтық жұмыстарды ұйымдастыруда үлгерімі төмен оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артып, дарынды оқушылардың сынып ішінде көшбасшы деңгейіне жетуі оң нәтиже көрсетті. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің кәсіби қоғамдастыққа бірігіп, оқытудағы ортақ мәселелерді шешуде бірлесіп, ынтымақтастықта жұмыс жасауы, тәжірибе алмасуы олардың кәсіби дағдыларын шыңдай түсті. Бәрімізді бүгінгі таңда алаңдататын мәселе – жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарында болу. Қазіргі өркениетке жеткізетін құрал тек қана – білім. Білімді ұрпақ қана болашақ иесі болып табылады. Білім – қоғамды әлеуметтік мәдени ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, қауым үшін де, қоғам үшін де маңызды. Сондықтан оқыту мен оқу үрдісінің сапасын жақсартуға, мектеп тәжірибесін дамытуға, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға жаңашыл бағдарламаның маңызы зор деп сенімді түрде айта аламын.

 Г.Тәуекелова, 

№57 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.