Бала болмай, дана болып туғандар

Сейфолла ОСПАН
Кеше ғана бала едік. Ал бүгін көзді ашып-жұмғанша үш ширек жасты кейінге тастағалы тұрмын. Енді мен де әр сәт сайын алды-артыма ойлана көз тастайтын жайға жеттім. Әр ойлаған сайын жаным жалғызсырап сала береді, өйткені кешегі қара ормандай ағаларым таздың шашындай ғана болып қалыпты. Тіпті қатарымның өзі өзекті өртейтін дәрежеге жеткен. Еріксіз аһ ұрғызғандай.
Біз мектепте оқып жүргенде, қолымыздағы оқулықтан қаншама білім алдық. Бүгін сол жайға көз жүгіртер болсақ, бұл оқулықтарды, жалпы әдебиетіміздің өңірін тұтас сақтап қалған буын, өздерінің алдындағы сонау 37-38 жылдары түрлі сылтаулармен құрбан болған алыптар тобының жүгін арқалап, балалық жастығын даналық жолға бастап, кейінгі толқын біздерге үлкен үлгі-өнеге көрсеткен екен. Не деген туымды жандар еді.
Олармен осы Алматының астана болып тұрған кезінде жолыққанбыз. Сонда олар бар болғаны біздерден он-он екі жас қана үлкен екен. Алды әлі орда бұзар отызға да жетпеген озық ойлы жандар екен. Соған таңғалдым. Бүгінгі таңда мен оларға «Бала болмай, дана болып туғандар» деп ат қойып, бірсыпырасының шығармалары жайлы өз ойларымды ортаға салып мақалалар да жазғанмын. Сонымен бірге оларды сағынған сәттерде арнау өлеңдер де жазып отырыппын. Қазір көбісінің көзі де жоқ, бірақ көз алдымыздағы бейнелері өшпек емес. Қайбіреулерінің тіпті аты да аталмайды. Соған орай сол ағаларым жатқан жерінен ең болмаса бір аунап түссін деп өзімше «Бала болмай, дана болып туғандар» деген атпен өздеріңізге арнау жырларымды ұсынып отырмын. Бұл жырларым бір жағынан бағыштаған құранымдай болсын демекпін.

Мен қыран көрдім
Тахауи Ахтан

Мен қыран көрдім,
Төсінен туған жердің;
Қара суық дауылға алдырмаған,
Қызыл шұнақ-аязға шалдырмаған,
Азапты аптаптарға
Жалынсыз жалдаптарға.
Тәнті боп басын иіп
Сүйекке дақ салдырмаған.
Жанды елітіп келетін зауалдардың,
Соған ғана сенетін ауандардың,
Алдын болжап өртеніп,
Зар жылайтын,
Қасіретін қаймықпай қарсылайтын!
Қыран жанға куә болдым,
Тұла бойы асау толқын.

Мен қыран көрдім,
Ішінен туған елдің;
Қағидалы қанат біткен сөзіне,
Елім десе ұқсамайтын өзіне.
Ақ шулан шаш күлтеленіп қайратты,
Жалындай боп арыстанның айбатты,
Қаһарынан үні өшкен ғайбаттың
Бұдан артық көрмедім мен айғақты.
Адамзаттық ақылының айдынын,
Алға тартып асыратын айбынын,
Жол бермейтін,
Қатпар-қатпар қақыратқан қабырғасын,
Қара албасты қайғының.
Арам ниет өзгелердің өзектерін өртеген,
Шыға алмайтын жегінді бір тертеден.
Мұндайларды жаны әсте сүймеген,
Ар-намысты оңайлықпен бермейтін,
Тегеурінді тектік көңіл күйменен,
Тұрған кезде
Патшаңа да,
өктемсіген басқаңа да,
Басын сәл де имеген,
Қарапайым елдің маңдай теріменен күйлеген,
Жанды көрсе сөзбенен
саз балшықтай илеген.
Одан қалды кейіпкердің,
тіліменен түйреген.
Қыран жанға куә болдым
Бүтінделген бүкіл олқым.

Мен қыран көрдім,
Көркінен ғалам тордың;
Жалғандықтың ортасында жүріп-ақ
Шындығынан жаңылмаған.
Жүргендей ғып құрдастарын өзімен,
Көтеруші ед көңілдерін сөзімен,
Әсте оларға тарынбаған
Қалпыменен арындаған
Еркін басып
Желкен жайған кемедей.
Анау-мынау ағымдарды елемей.
Шалқып тасып әңгімесін айтушы ед,
Кесіп-пішіп төрде отырған төредей.
Достарының айлалы ісін аңғарса,
Қадалатын жебедей.
Тентектіктен тектілігі аңқыған,
Жымысқының жымын басып шалқыған.
Бір жан көрдім киелі,
Асыл-бекзат сүйегі.

Мен қыран көрдім,
Қасынан бұраң белдің;
Көз сүзіп қарап қалған қимылына,
Аруақ кеп қонғандай иығына.
Маңыз тұнып қалғандай миығына,
Қыран құстың саңқылын
Балағандай бар адам қилы ұғымға.
Өбек сөзін айтпаған аруларға,
Бөбек көзін қадамай қаруларға,
Өздері кеп құлаған еріксізден,
Көжек сезім паналап зәру жанға.
Қалың елін тамсантып
Шаң қаптырмас, тұлпардай,
Жайсаңдықты аңсатар,
Бір жан көрдім сұңқардай.

Мен қыран көрдім,
Аңсары биік болған;
Тағылымы тасқа ойылған,
Кетпейтін мәңгі ойымнан:
Күңкілі жоқ көңілімді жер қылар,
Дүңкілі жоқ төбемді ойып жаратын,
Еріктен тыс езілгенді ел қылар,
Қағып тастап қасіреттің қанатын.
Бір жан көрдім
Бүкпесі жоқ ішінде,
Керек десе қуат берер түсіңде,
Күйініші түбегейлі ел қамы,
Сүйініші жанса дейтін ел бағы.
Кім тең келер жасынға
Алаулаған мұндай жанның қасында,
Жүру қиын миы болса басында.
Әсіресе қарау жандар қапырық.
Отырғандай болар еді,
Жалаң қылыш жүзінде,
Өздерінің адам болып туғанына опынып.
Өтті дәурен таппағандай тоятын.
Кезі емес ед тажал итің
Өміріне соңғы нүкте қоятын.

***
Тағылымды менің тарланым,
Бас иер зәулім талғамым.
Өзіңе деген ойымды
Құр босқа бөліп жармадым.
Осы екен ғой жалғаның!

Ағам едің сөзге сараң
тұрпатты
Тәкен Әлімқұл

Ағам едің сөзге сараң тұрпатты,
Бойшаң едің ел сүйсінер сымбатты.
Қара сөзден ой қаймағын үйірген
Жан едің сен, елге әрқашан қымбатты.

Елде туып, өнер қуып шырқаған,
Жан едің сен тосын көрер сырт адам.
Еңбегіңмен ел өмірін сомдадың,
Өзіңдей-ақ болсын нағыз ұлт адам.

Батыс, Шығыс әдебиет әлемін,
Сан аударып таптың әсем кәделі үн.
Оны және санаңызға суарып,
Биіктігін паш еттің сен өренің.

Табиғаттың бір тумасы Тәкеңсің,
Абыройыңды қалың елім әперсін.
Өзіңізді өзгеше ғып жаратқан,
Аллам да өзі жәрдемші боп көтерсін.

Ішке бүккен қазақилық мінезің,
Шығармаңнан мен мұндалап тұр өзін.
Өлместей ғып жаратқан соң жарасып,
Өзің-дағы шылауында жүресің.

Ішке бүккен қазақилық мінезің,
Тоқтатпай тұр әлі күнге күресін.
Тұлпар тілің қанаттанып шапқанда,
Асыл ойды арғымақтай мінесің.

Ішке бүккен қазақилық мінезің,
Алғандай-ақ өмірден өз үлесін.
Халқыңменен мәңгі жасап келесің,
Оны және өзің-дағы білесің.

Ағам едің сөзге сараң тұрпатты,
Бойшаң едің ел сүйсінер сымбатты.
Қара сөзден ой қаймағын үйірген,
Ел ардақтар тұлға болдың қымбатты.

Ұлағатты ұлы ұстазым…
Зейнолла Қабдол

Бала болмай, дана болып туылған
Елден ерек есін жиып суынған.
Бар айтарын ішке бүккен ірі едің,
Бейбіт күнде азу тісі буылған.

Тағдыр өзі бір ретін келтіртіп,
Қыл бұрауды әділдікке жеңдіртіп.
Айналаңды жүруші едің әлдилеп,
Мына күйкі тіршіліктен серпілтіп.
Сені алғанда ажал итің ашынып,
Қалғандай ек бір сәт бізде шашылып,
Көздің жасы құрғап әсте үлгірмей
Өте шықты-ау қырық күн де асығып.

Сыртта түсің суық тартса мүсіндей,
Қаймығып ек балаң кезде түсінбей.
Ал былайша қарапайым ғұлама –
Өтіпсің-ау ұлағат боп, ісінбей.

Сізден көрдік сан мың сөздің бояуын,
Сізден көрдік сергек сөздің ояуын.
Сан шәкірттің көкірегіне қондырдың
Небір ғажап құдіретін ой-ағын.

Ойдан сөзді дәйек етіп тоқып ең,
Сөзден ойды мәйек етіп оқып ең.
Әдебиет теориясын суардың
Алаулаған сезім-шоқтың отымен.

Сөз асылын қорғасындай құюшы ең,
Сылдыраған сұйық сөзді тиюші ең.
Қайсыбір жан тауып айтса бір сөзді
Соған мәз боп көңіл бөліп ұюшы ең…

Көптен бері көрмесек те өзіңді,
Ес тұтып ек жәудіреген көзіңді.
Енді амал жоқ алып тынған ажалға
Дәтке қуат етерміз-ау сөзіңді…

Қош ұстазым, мәңгі өлмес, қош, қош, қош,
Артта қалды қу тіршілік, жалған дос.
Айтылған сөз дәйегі жоқ бәрі бос.
Сөз мәйектің сауабын да алдан тос!

Бала болмай, дана болып туылған,
Бейбіт күнде азу тісі буылған,
Асыл сөзі көкіректі қуырған,
Ауыздағы отты ойы уылған,
Соңғы алыптай дарабозым суынған.
Қош, ұстазым, құламайтын тұғырдан.

Елестеткен ағам ең
таң арайын
Сафуан Шаймерден

Елестеткен Солтүстік Қарағайын,
Ырза болған ісіңе бар ағайын.
Болды ғажап ағамыз Сафуандай.
Елден ерек несіне саралайын.

Ақсары, сұңғақ бойлы, сырбаз келген,
Аямай дарынды да Құдай берген.
Оқырманын ойлантқан не жазса да,
Алғысы да жетерлік алған елден.

Қара сөзді жөн көрген қасаң жырдан,
Жастық шақты «Инешпен» бас алдырған.
«Марғау төбет», «Сел екпіні» сезімге ойнап,
Ой толғамын өрнектеп жасандырған.

«Мәжнүн талы» мәңгіріп мұңға батса,
«Алтын сағат» тажал боп баста жатса,
Жазушының жан сыры сол емес пе,
Сан тағдырды жұбатып бабын тапса.

Есте қалып «Ағалар алақаны»
Іш тартқан болмаса да балапаны.
Бірде еркелеп назданып жүрген күндер,
Ойға азық, бойға қуат таратады.

Құрдастарың – Зейнолла, Тахауилар,
Бердібек пен Мүсілім – жаны сыйлар
Шідерленіп шетінен жүрсе-дағы,
Орта жолда қалмаған асау милар.

Серілік те жасаған серуендеп,
Ұстаздық та жасаған сезімге үндеп.
Еркін ұстап өздерін жаңа арнада,
Көрсетіп те кетті ғой шабытты үрлеп.

Бильярдқа да бұл кісі шебер еді,
Әуестенген бір кезде белең еді.
Қос-қостан шарларыңды безектетіп,
Ұясына толтырып төгер еді.

Сол бір топ ұлылардың жалғасы боп,
Жаңа сүрлеу жаңылыспас арнасы боп.
Ұлағатты мектеп боп тұрып қалды,
Кенеттен ұстап қалар талмасы жоқ.

Елестеткен Солтүстік Қарағайын,
Ырза болған ісіңе бар ағайын,
Болды ғажап ағамыз Сафуандай,
Шашатын еліне өзі таң арайын.

Бал-балалық қиялым…
Бердібек Соқпақбай

Қымыздықтың нәріменен нұрланып,
Қыңырлықтың қиқаңымен қуланып.
Бір кездегі тентек бала қитыққан,
Берді-ағам-ау, жүруші едің бір қалып.

Бар ісіңді шақтарыңда балалық,
Істеп алып, ойларыңды шалалық.
Үлкейген соң өнеге ғып ұрпаққа,
Жазып беріп, танытқан ең даралық.
Сол даралық ұласты да,
Даналық
Үстем болып шыға келді жаңарып.
Алдыменен «Атың сенің Қожа боп»
Бар әлемге кино болды таралып.

Саяхат та жасадың сен, бағыңа
Еркін барып, бал-балалық шағыңа.
Содан кейін «Жүйрік болсаң озып көр!»
Дегізді ғой Абдолла ағам тағы да.

Ақ Тақашың* жолыңды ашып ардақтап,
Режиссер Қарсақбаев алды ақтап.
Алмасаң да алға тартар атақты
Екі досың асқақтатты мадақтап.

Қай жағынан болса-дағы тұғырың,
Биік болып қалды мәңгі ұғымың.
Көре алмаған сөзіңді де өзіңді,
Сала алмайтын тұлпар болдың құрығын.

Қымыздықтың нәріменен нұрланып,
Қыңырлықтың қиқаңымен қуланып.
Жүрген ағам бүгіндері аңыз боп,
Жатыр ұрпақ санасында жырланып.
*Ақ Тақаш – Тахауи Ахтан

Алмас жүзді алдаспаным…
Қайнекей Жармағамбет

Өңкей жастың ортасынан әу баста,
Жарып шыққан шешен едің марғасқа.
Сол биіктен түспей кеттің жалғаннан,
Қайран ағам, алмас жүзді алдаспан.

Тілің сенің тірлігіңді түлеткен,
Білім сенің қуатыңды үдеткен.
Даралығың даналықпен ұласқан,
Ғұмыр кештің жерде ұлы жүрекпен.

Бірде шағып «Ара» болып адамды,
Жөнге салдың дүние-қоңыз наданды.
Бірде сынап тасынғанды тәубеге,
Келтіргенсің. Ақтап шығып адалды.

Небір жырлар қаламыңнан қарымды,
Туындаттың ақтайтұғын арыңды.
Содан да сіз «Балладалар» әлемін,
Мінсіз жырлап, көрсеттің жол дарынды.

Сөз тұндырған әлеміңнің сазынан, –
Көз тұндырған кітапхана – қазынаң.
Жан адамға мұндай байлық бітпеген,
Санасына өтпейтұғын базынаң.

Біліміңнің өлшемі еді ол теңіздей,
Мол қазынаң өзіңді осал дегізбей.
Жүрген кезде кетіп еді құрдымға,
Өзің-дағы қош айтыстың егіздей!

Өңкей жастың ортасынан әу баста,
Жарып шыққан шешен едің марқасқа.
Сол биіктен түспей кеттің жалғаннан,
Қайран ағам, алмас жүзді алдаспан.

Аруақтай ақыным ең…
Сырбай Мәулен

Жан едіңіз тұлғаңызға көз тояр,
Өлең десе ағылатын сөз даяр.
Еркін сілтеп жазған кезде сан жырды,
Ақын едің аруақтай ден қояр.

Даусың әман шығатын ед күркіреп,
Тыңдарманнан қол шапалақ дүркіреп.
Үніңізден аспан шайдай ашылып,
Ысырылып кетуші еді түн-түнек.

Бәрін бастан өткердің ғой азаптың,
Бір басына түсетұғын қазақтың.
Ашаршылық алған кезде алқымнан,
Сыр бойынан алып едің азат күн.

Содан да сен Сырбай болып атандың,
Ел анасы – Көне сырдан бата алдың.
Ержеткенде соғыс өртін оранып,
Құшағынан аман қалдың қатал сын.

Бейбіт күнде үнің қайта жаңғырды,
От ойнатып жаудырғандай жаңбырды.
Баспасөздің сақшысындай сарабдал,
Арпалыспен атқыздыңыз таң нұрды.

Қия басқан әрбір сөзің аңдулы,
Жан едіңіз жанға ұқсамас тағдырлы.
Қиын шақта ел көңілін көтерген,
Ақындардың бірі едіңіз алдыңғы.

Өз кезінде жастарымыз еліткен,
Ақын едің айналасын кеңіткен.
Алыптайын аңқылдаған қалпыңмен,
Аңызы едің, жандардың бір кезіккен.

Жан едіңіз тұлғаңызға көз тояр,
Өлең десе ағылатын сөз даяр.
Еркін сілтеп жазған кезде сан жырды,
Ақын едің, аруақтай ден қояр.
Желкілдеген айдарым
Тілеген Шопаш

Тағдырдың талқысына үнсіз налып,
Төрге шықтың жатсаң да жеке қалып.
Белді бекем будың да білім қудың,
Жасқантар орталардан жанды қарып.

Киелі Шиелінің түлегі едің,
Жыр жазсаң лүп-лүп соққан жүрегі едің.
Содан да ұлы Мұқаң ырза болып,
Жарқыратты жар болып туған елің.

Біздерді бір туғандай бауыр дедің,
Кезінде жыр төрінде дәуірледің.
Қазақтың Шипачеві атандың да
Назарын жаулап алдың қалың елдің.

Сыбызғы үнді жырларың еліттіріп,
Талай жанды мұңайған желіктіріп.
Жандарына соқтырдың шипалы леп,
Сырлы жырдың самалын серік қылып.

Аудармаң да бір сала үзілдірген,
Қоңыр үнді бір сәтің күзің күлген.
Әр халықтың өзіндік жанын ұғып,
Риза етер жан болдың езілдірген.

Бұдан әрі не дейін айтарым жоқ,
Қаласың үлгі тұтқан байтағым боп.
Қас шеберлік танытқан жырыңменен
Желкілдей бер әр кезде айдарым боп.

Ұстазым ең қаламды
алғаш ұштаған
Әнуарбек Дүйсенбі

Жайбарақат жаймен басып жүретін,
Бейжай ғана миығынан күлетін.
Қайран менің, Әнуарбек ағам-ай,
Пасықтардың мысын басып түретін.

Қарапайым алып дене нар едің,
Рәбиғадай жеңгеміздің жары едің.
Керек десе атаманнан билеген,
Алматыны қорғап қалған жан едің.

Не тентегің бір қараса жым болған,
Күлімдесең айта жүрер сыр болған.
Ал егерде басыңыздан сипаса,
Мейірімінен кеудеңізге жыр толған.

Кейде өзі бала болып кететін,
Жандай-ақ бір мұратына жететін.
Қонағына кең құшағын ашқанда,
Көңілдері көктеміңнен өтетін.

Тәнті ететін достығына төңірегін,
Әсте мұндай берік жанды көрмедім.
Керек десе өз басын да ойламай,
Кете барар құрбаны боп өңгенің.

Сөйтіп мені әлсіз жерден ұстаған,
Ұстазым ең қаламымды ұштаған.
Бір-ақ сәтте бақытты еттің ініңді
Жандай-ақ бір басынан бақ ұшпаған.

Өзгелерге бас имеп ем азғырған,
Алғаш рет маған жырды жаздырған.
Ағам едің. Бұйрық беріп өзімсіп,
Ақ қағазға қалам ізін салдырған.

Содан бері жылдар өтті арада,
Жақсылықтар еске түспей қала ма?
Осы жырды сағыныштан жаздым мен
Ардақ тұтқан қасиетті ағама!

Ақ арманды айдыным
Қалжан Нұрмахан

Жөргегінен әлдилеген ақ арман,
Бір жан едің елден ерек жаралған.
Көзге ұрмай-ақ қарапайым жүрсе де,
Артық едің арқа сүйер қамалдан.

Өйткені оның жаны жарық нұр еді,
Соған орай үлкен еді жүрегі.
Тәңір берген талғамы да танымы,
Адастырмас алыптардың бірі еді.

Лағынеттік дақ салатын көңілге,
Қоршады оны артық көріп өңірге.
Шалды аяғын ішінен де, сыртынан,
Сыйғызбастан мына қоқыс өмірге.
Сөйтіп оның бар арманын бөлшектеп,
Өзін-дағы сан құбылтты ел септеп.
Көкте тұрған жұлдыз еді. Жұлып ап,
Табанға алдық, езілгенін көрсек деп.

Тіл табысып көрейін деп тірлікпен,
Төмен жылжып көріп еді іріліктен.
Ол да өзінің ұйығына тартты да
Жұтып тынды, қау-қауымен дүрліккен.

Енді міне байламды сөз аға жоқ,
Танымы мол ақсақалдық жаға жоқ.
Қалжан, Айқын, Баламерлер – бір шоғыр
Жұлдыз еді. Тұрған жанып дара боп.

Қазірде өмір өтіп жатыр жанса айбын,
Жасиды адам қулық-сұмдық салса айдын,
Соныменен бұдыр таппай сырғанап
Жүрген кезде, Аға, өзіңді аңсаймын!

Жөргегінен әлдилеген ақ арман,
Тумысынан айбар болып жаралған.
Ағаларға тосын келер осындай
Қарғыс айтам, ажалдарға қадалған.

Тұғыр болған текті аға
Айқын Нұрқат

«Тар жол тайғақ…» небір заман өтті ғой,
Жазбалармен бізге де үні жетті ғой.
Арадағы асыл-бекзат ағалар,
Бізге мына тұғыр болды текті ой…

Әдебиет оқулығын қолыма,
Алған кезде гүл біткендей жолыма.
Масаттанып, алғысымды жолдағам,
Алғыр ойлы авторлардың тобына.

Тіпті оларды көрмесем де көзіммен,
Көкірегім ояу жатып, көз ілгем.
Олар маған жеке-жеке дарақтай
Елестейтін ой түйгендей сезіммен.

Кейде айтсам, елден ерек даралай,
Көпті көрген көне көзді данадай.
Мүмкін де емес, сияқты бір жүздесу,
Оларменен жүріп жаймен қаралай.

Жетеленіп осы оймен келгенмін,
Алматыдай астанама сенгенмін.
Қиялдағы даналарды баяғы
Ойда жоқта көшеден-ақ көргенмін.

Қанша айтқанмен тәрбиелі елденмін,
Ұшып барып қолымды да бергенмін.
Шыныменен солар ма деп? Күдікпен,
Көпке дейін соңдарынан ергенмін.

Сөйтсем олар жиырма бестен сәл асқан,
Жігіт екен, білімімен бел асқан.
Даналықтың сөзін сөйлеп өздері,
Жайма-шуақ жандар екен жарасқан.

Көрінетін әрқашанда көзге асыл,
Туған жері Көкше өңірі көк-жасыл.
Ал білімін алған екен Алатау,
Бауырынан, тәнті болған сан ғасыр.

Қалың портфель ұстаған бір сопыдай,
Етек-жеңін еркін жайған шоқыдай.
Маң-маң басқан Айқын аға өзі екен,
Өткені жоқ көңіліне тоқымай.

Алдындағы небір ғажап ғұлама,
Тағдырлары болған кезде сұлама.
Жас ұрпаққа білім шашқан кейінгі,
Нағыз ерлер осылар ғой, сұрама!

«Тар жол тайғақ…» небір заман өтті ғой,
Жазбалармен бізге де ол жетті ғой.
Арадағы асыл-бекзат ағалар
Бізге мына тұғыр болды текті ой.

Жайдары ұстаз мектебім
Баламер Сахари

Жан едің бір дөңгелек жүз, ақжарқын,
Сүйіп өткен бар жанымен әз халқын.
Ғұламалық алғырлығын ұрпаққа,
Шашып өткен шапағындай таңғы алтын.

Әдебиет танымы атты ғылымың,
Ойға сілтер есті адамның ұғымын.
Аруағын ұстаздардың оталған,
Сендер едің сақтап қалған тұғырын.

Ар-намыстың қабілетін қайраған,
Құпиялы кілтін тауып қайтадан.
Жасадыңдар әдебиет айдынын,
Келер ұрпақ зердесіне байланған.

Зерттеуменен «Уақыттың тынысын»,
Көзге түскен ғұламаның бірісің.
«Қазақ кеңес әдебиет тарихын»,
Бірге жаздың, айтар болсақ дұрысын.

Өзің жазған әдеби сын – қорғасын,
Кім ұмытар «Күндестердің тұлғасын».
Оған қоса аудармаң бар біршама,
Еңбегіңнің толтыратын толмасын.

Әрқашанда ойға батқан ортаның,
Сәні болдың ысыратын сортаңын.
Әзіліңмен жарасымды жайнатқан,
Халқың барда өшпес әсте қол табың.

Тұрған бойың қалжың еді қағытпа,
Жол сілтейтін жан едің сен жарыққа.
Болған іске күйінгенмен ішіңнен,
Бір түкіріп тұрардай ең тамұққа.

Жалт етуші ең түлкісіндей Алтайдың,
Бабалардың күлкісіндей марқайдың.
Мен өзіңді аға деуші ем берілмес,
Кеттің бе әлде, келмей ерте қартайғың.

Не десем де аға едің қимайтын,
Құрмет тұтып, сыртыңнан мен сыйлайтын.
Барша қазақ мақтан тұтар жан едің,
Өзің-дағы тар маңдайға сыймайтын.

Жан едің бір дөңгелек жүз, ақжарқын,
Сүйіп өткен бар жанымен әз халқын.
Ғұламалық алғырлығын ұрпаққа,
Шашып-өткен шапағындай таңғы алтын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.