Заңғардан зиялыны іздейтін газет

Жұмабек Кенжалин,
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің
Бас директоры –
Редакторлар кеңесінің төрағасы,
«Қазақ әдебиеті» газетінің
1997-1999 жж. бас редакторы

«Қазақ әдебиеті» газетіне – 80 жыл

«Қазақ әдебиеті» газеті қаламгерлер үні. Ал Қаламгер – сөз өнерін шыңдайтын кәсіп иесі. Қаламгер және Қоғам. Бұл бірінен-бірі ажырағысыз ұғым. Қаламгер қоғам өмірінің компасы. Оның жан дүниесі, ішкі әлемі қоғам құбылысымен сабақтас. Сәкен мен Міржақып та ғасырымыздың ғажайып қаламгерлері еді. Бұлар өз мұраттарына адалдықтың құрбаны болған қаламгер­-қайраткерлер. Бірі өзі өмір сүрген қоғам идеалына қалтқысыз сенгендіктің құрбаны болса, бірі қоғам қарекетіне қарсылықтың құрбаны болды. Екі өмір, екі ағыс. Екі тағылым.
Қалай болғанда да, бұл қос тұлғаның тұғыры қашанда биік. Сәкен мен Міржақып ізгі мұратқа Адалдықтың символы.
Бүгінгі ұрпақ осы ғұмырды нұсқа тұтсын. Қазақ қоғамы қай заманда да жершілдік пен топшылдықтың, масылдықтың сырқатынан айығып болмаған. Біз тілге тиек еткен ағалар тобы ұлтты ірітетін осы жегінің дауасын табуға тырысты. Бірақ таба алмады. Емдеп көріп еді – ем қонбады. Ал сосын неғылды? Тапқан амалы – пендешілік атаулының бәрінен биік болды. Сол биіктік оларды сұңқардай самғатты. Сол биік ағаларды Алты Алаштың ардағына айналдырды, ұранына айналдырды.
Біссміллә деп іске кіріскенде, осы мәселе ойға оралады. Өлара шақта, ғасыр алмасар тұста қазақ зиялыларына осы қасиет бойтұмар болса екен деп тілейміз.
«Ұлық болсаң – кішік бол» жайдақ тақпаққа айналмаса екен. Бірақ көбіміз дүмше молданың істегенін істеп, айтқанын істемей ел алдында абыройдан айырылып жүрміз. Осыған намысыңыз келе ме, келмей ме?
Жылашар нөмірде бас редактор сөз алып отырған соң, жалпы жамағат газеттің бағыт-бағдары туралы пікірімді білгісі келері сөзсіз. Өйтеміз де, бүйтеміз деп қызыл сөзді сапырғым келмейді.
Бәріне де уақыт төреші. Ал менің білетінім, «Қазақ әдебиеті» қаламгерлерінің құлшынысына қанат бітті. Демек, ел сүйсініп оқитын газет шығаратындығымызға сенім мол.
Ал Уәде – Құдай сөзі».

Бұл – менің «Қазақ әдебиеті» газетіне 1998 жылғы жаңажылдық нөмірінде жазған жүрекжарды лебізім еді. Осынау ой орамдарында менің мамандыққа адалдық майданындағы өмірлік көзқарастарымның мысқалдай бір ұшқындары әспеттеліп тұрғаны сөзсіз. Қаламгерлік сапардағы көш-керуеннің бір тармағы «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында басшылық қызметте болған жылдарыммен тікелей байланысты.
Әлі есімде, 1997 жылдың 20-қарашасында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде менің «Ақиқат» журналының бас редакторлығынан «Қазақ әдебиеті» газетіне басшылық қызметке ауысатындығым жөнінде әңгіме өтті. Жаңа қызметке бару туралы мәселе көтерілгенде оған бірден келісім бердім. Себебі «Ақиқат» журналына келердің алдында қоғамдық сананы дүр сілкіндіріп, демократиялық өзгерістердің төл перзентіндей болған республикалық қоғамдық-саяси «Халық кеңесі» газетін басқарудағы жинақтаған азды-көпті тәжірибем бар еді.
Қазір араға біршама жыл уақыт өткеннен соң еске түседі, «Халық кеңесі» шын мәнінде жариялылық пен ой еркіндігі мінберіне айналған газет болатын. Ал ондай басылымға басшылық жасау үшін білімнің де, біліктің де сарапқа түсетіні сөзсіз. Еліміздегі аға басылымдармен үзеңгі қағыстырып, ақпараттық кеңістікте санаулы ғана уақыттың ішінде өзіндік орнын айқындаған газетті басқарудағы менің азды-көпті тәжірибем «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редакторлыққа ұсынылған кезде ескерілген болуы керек.
Сол қоңыр күзде Қазақстан Жазушылар одағының қарашаңырағының табалдырығынан аттаған сәтте жан дүниемде әлдебір сезім алмағайып түсіп жатқаны анық еді. Бұл кешегі күндей күркіреп өткен ағаларымыз қол қойған газетке нарықты экономиканың қыспағы асқындаған сәтте екінші тыныс бере аламын ба деген бір ой мазаласа, енді бірде қазақ руханият әлемінің көшбасына айналған басылымды зиялылар мінберіне айналдырсам деген жігерлі ой алға ұмтылдыра түскені шындық болатын.
Газет тізгінін жыл аяқталуға бір ай ғана қалғанда қолға алғандықтан, барлық күш-жігерді келесі жылдың жаңа нөмірлерінен бастап шығаруға арнадық. Жыл аяғына дейінгі мерзімде редакцияның ішкі құрылымын түзу, жоба-жоспарды айқындау, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін жүйелеу, жаңа тақырыптық мәселелерді көтеру ыңғайындағы шаруалармен айналыстық.
Жақсы, сапалы газет шығару үшін, ең алдымен, оның материалдық-техникалық базасын нығайту, қаржылық көздерін айқындау қажет. Мен басшылыққа келгенге дейін «Қазақ әдебиеті» «Дәуір» баспаханасында теріліп, беттеліп, корректуралық оқу процестері де сонда атқарылған екен. Осы үшін, корректорлық бюроны жалға алғаны үшін баспаханаға газет редакция­сы едәуір қаржы төлеп отырған. Мұның бәрін, қысқасы, бір ай шамасында редакцияның ішкі-сыртқы қаржылық көздерін мұқият сарапқа сала отырып, біз өзіміздің қандай мүмкіндіктерімізді жүзеге асыра аламыз, неден үнемдейміз деген мәселені талдап шештік. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде редакцияның өзінің компьютерлік орталығын құрып, корректорлық бюроны да редакция жанынан аштық.
Осының өзі газеттің сыртқа жұмсалатын шығынын едәуір азайтты. Соның есебінен қызметкерлердің айлық жалақылары мен қаламақыларының көлемін ұлғайтуға қол жеткіздік. Бұл, әрине, ол кезде едәуір жетістік еді!
Мұның сыртында өндірістік лездеме кезінде редакциядағы кеңсе мәдениеті төңірегінде арнайы мәселе де қозғалып отыратын болды. Демек, қызметкерлердің күнделікті пайдаланудағы қағаз-қаламынан бастап, ол қызмет ететін жұмыс орнының да талапқа сай болуына назар аударылды. Әрине, қаржы тапшылығынан анау айтқандай, кеңсе жиһаздарын үйіп-төгіп сатып алмағанымызбен, қолда барды ұқсатып, бояп, жөндеп, әктеп-ағартып дегендей барды базарлай білдік. Міне, осының өзі редакция қызметкерлерінің көңіл-күйі ауанына айрықша әсер етіп, жаңа 1998 жылды жоғары қарқынмен, ерекше леппен бастаудың алғышарты болды.
Сол жылдар, 90-шы жылдары қымбатшылық пен тапшылықтың ауыздықтаған кезеңінің өзінде қазіргі тілмен айтқанда, редакция қызметінің менеджменті мен маркетингіне айрықша назар аударуды жөн деп таптым. Өйткені қарапайым оқырманның қолына тиген газет пен дүңгіршек сөрелеріне ілінетін басылымның сыртқы келбеті мен түр-тұлғасы алыстан менмұндалап шақырып тұрмаса, онда төккен теріңнің зая кеткені. Сондықтан да біз сол жылдары газет-журнал өндірісінде енді-енді ғана пайдаланыла бастаған компьютерлік терімнің, дизайнерлік шешімнің соңғы үлгілерін батыл пайдалануға тырыстық.
Ел ішінде, жалақы мен зейнетақыны алудың өзі мұң болған шақта баспасөзге жазылу науқанын өткізу де айрықша бір жанкешті жұмыс болатын. Сол қиындықтарға қарамастан, редакция қызметкерлері республиканың түкпір-түкпіріндегі шалғай жатқан ауылдарға барып, газет тарату ісімен белсенді айналысты. «Қазақ әдебиетінің» облыстардағы күндерін өткізу, жоғары оқу орындарындағы зиялы қауым өкілдерімен дидарласу секілді акциялар өзінің жақсы нәтижесін берді.
«Қазақ әдебиеті» қашаннан қазақ зиялыларына арқа сүйеген. Бұл – ақ пен қарадай ақиқат. Сондықтан болуы керек, халқының құрметіне бөленген қаламгер ағаларымыз қай кезеңде де газет басына бұлт үйірілген шақта, я болмаса оның тағдырындағы ең бір толғаулы мәселелер көтерілген сәтте үнемі көмекке келген, қолұшын созған. Осы дәстүр бойынша зиялы қауым өкілдері «Өз газетімізді өгейсітпейік!» деп (18 қыркүйек, 1998 жыл) оқырман қауымға арнау хат жолдады. Қасым Қайсенов, Нұрғиса Тілендиев, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов,­ ­Сафуан Шаймерденов, Шерхан Мұртаза сынды ағаларымыз бастап қол қойған бұл ашық хатта газеттің қолдаушысы да, қорғаушысы да оқырман екенін ашып жазды.
«Намыс найзағайы» айдарымен газет ұлы Мұхтар Әуезовтің аманатын жариялады (20-қараша, 1998 жыл). 1960 жылы 2-қарашада М.Әуезов Кентау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Ы.Тілеубергеновке хат жазып, онда «Қазақ әдебиеті» әрбір қазақ отбасына жетуі керек!» деп міндет артқан. Газет ұлы қаламгердің осы бір сөзін оның суретімен бірге бірінші бетке беріп:
Кеудесінде Алланың шырағы бар,
Әдебиет, тіл, өнері – шынары бар –
Мұхаңдай боп, шіркін-ай, ойланар ма,
Төл газеті туралы зиялылар?! – деген бір шумақ өлеңді қоса жариялады. Редакция қызметкерлерінің осы бір тапқырлығы мен шеберлігі оқырман қауымның жүрегіне жол тапқаны сөзсіз.
Баспасөз науқанын ұйымшылдықпен өткізуді редакция қызметкерлері үлкен саяси маңызы зор шаруа деп есептеді. Ол шынында да солай ғой. Сондықтан да шалғайдағы алыс аудандарда, іргелі еңбек ұжымдарында кездесулер өткізу дәстүрге айналды. Сондай кездесулердің бірі Алматы іргесіндегі 70-ші разъездегі әскери академия курсанттарымен өтті.
1990-шы жылдар не болса соның қат кезі емес пе? Академия бастығы генерал Абай Тасболатовпен хабарласқанымызда әскерилерге әдеби-көркем шығармалардың қат екендігі әңгіме барысында айтылып қалды. Сөйтіп, редакция қызметкерлерінің осы мәселеге дереу үн қосуының нәтижесінде 500-ге тарта көркем-әдеби кітапты академия кітапханасына тарту етті. Ал кездесу кезінде біздің осы тартуымызды естігенде курсанттардың қуанғанын көрсеңіз!
Міне, осындай үздіксіз ізденіс пен шеберлікті ұдайы ұстартудың арқасында газет ел өміріндегі осы бір өлара кезеңде өзінің қалыпты таралым данасын сақтап қала алды!
Тыңғылықты атқарылған шаруалардан соң газеттің жаңажылдық нөмірлерінде тың тақырыптар мен жаңа ізденістер бой көрсете бастады. Мәселен, осы ретте оқырман назарын аудартқан Серік Асылбеқұлының «Жазушы әлеуметтік әділетсіздіктерде шыңдалады», Сәбетқазы Ақатайдың «Ұлт мүддесін сатқандарды бүгінгі ұрпақ та, келер ұрпақ та кешіре қоймас» (7-қаңтар, 1998 жыл), Тоқтасын Беркімбаевтың «Бояушы бояушы дегенге», Әбубәкір Қайранның «Сізге поэзия керек пе?» (13-қаңтар, 1998 жыл), Қуанбек Жұмаханұлының «Қазақы тілінен ажыраған қазақтар қанша?», Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін» (12-наурыз, 1998 жыл), Адам Мекебайұлының «Үрейі ұшқан зиялылардан үміт бар» (10-сәуір, 1998 жыл), Қырықбай Аллабергеннің «Су ішкен құдығыңа түкірме» (7-тамыз, 1998 жыл), Әуезхан Қодардың «Құты қашқан тірлік немесе болашақтан жауап» (31-шілде, 1998 жыл), Думан Рамазанның «Қанды із» (28-тамыз, 1998 жыл), Бәкира Қарағұлованың жазушы Сәкен сері Жүнісовпен «Ашықауыздықты доғара тұрғанымыз жөн» деген тақырыптағы сұхбаты (15-қаңтар, 1999 жыл), Хасен Әдібаевтың «Жәдігөйленбей жүрсек қой» (29-қаңтар, 1999 жыл), Рахманқұл Бердібайдың «Ұлт басындағы үш қатер» (26-ақпан, 1999 жыл) деген мақалаларын атап өтуге болады.
Редакцияның қонақжай шаңырағында зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғау, пікір алысу дәстүрге айналды. Айталық, «Жел өтіндегі қоғам және қалам қабілетінің салмағы» (20-наурыз, 1998 жыл), «Ел рухын қаламгер көтермегенде кім көтереді?» (24-шілде, 1998 жыл) деген тақырыптардағы дөңгелек үстел басындағы сыр-сұхбат материалдары оқырмандар тарапынан қолдауға ие болғандығы сөзсіз. Осы дөңгелек үстел басындағы көтерілген мәселелерге орай редакция поштасына еліміздің түкпір-түкпірінен хаттар түсіп жатты. Ал редакцияның бастамасымен өткен «Тарихи тағылым және тарихи толғам» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференция (9-қазан, 1998 жыл) тарихи сананы жаңғыртудағы өзекжарды мәселелерді талдап, шешуге үлес қосқаны сөзсіз.
Осы конференцияға республикамыздың белгілі ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар шақырылды. Олар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ой бөлісті. Мұндай іргелі басқосуларды жиі-жиі өткізіп тұру дәстүрге айналды. Өйткені өндірістік лездемелерімізде шын мәнінде газет жұмысын жақсартудың сан қырлы мәселелері төңірегінде әңгімелер қозғалатын.
Әрине, жақсы газет, оқырманның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын басылым бір ғана редактордың күшімен шықпайтыны белгілі. Бас редактор қашаннан өзінің қанаттастарына, серіктестеріне сенім артқан. Солардың көмегіне сүйенген. Бұл мен ашып отырған жаңалық емес, газет-журнал тарихының тәжірибесіндегі бар нәрсе. Осы тұрғыдан келгенде, сол бір өтпелі, өлара кезеңде Қазақстан қаламгерлерінің мінберіне айналған «Қазақ әдебиеті» газетінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызмет еткен әріптестерімнің аты-жөнін ризашылықпен атап өткенді жөн көріп отырмын. Бас редактордың орынбасары Жүсіпбек Қорғасбектің, редакцияның жауап­ты хатшысы Еркін Жаппасұлының, бөлім меңгерушілері Мейірхан Ақдәулетұлының, Әлия Бөпежанованың, Болат Жетекбайдың, Қуанбек Жұмаханұлының, Әбубәкір Қайранның, Бәкира Қарағұлованың, Адам Мекебайұлының, Әмірхан Меңдекенің, Думан Рамазанның қаламынан туған ойлы толғаныстары мен ел тағдырына, жер тағдырына қатысты жазған сүйекті мақалалары оқырман қауымның шын мәніндегі олжасына айналғаны сөзсіз.
Сол кездері отыз бен қырықтың жуан ортасындағы осынау әріптестерінің атын атап, түсін түстеп отырғандағы себебім, олардың бәрі дерлік сол күрмеуі күрделі қиын кезеңдердің өзінде өз мамандықтарына адалдық танытқан азаматтар еді! Қазір ойлап қарасам, бұлардың бәрі дерлік әлі де журналистік сапта келе жатыр екен. Нарықты экономиканың қылбұрауына шыдас бермей газет-журнал кәсібіндегі тіршілігін басқа мамандыққа айырбастап кету сол 90-шы жылдар үшін қалыпты жағдай болатын. Ал менімен бірге «Қазақ әдебиетінің» редакциялық алқасында қызмет қылып, ел өркениеті үшін еңбек еткен әріптестерім өйткен жоқ! Мен оны бүгінде мақтанышпен еске аламын.
Әрине, үлкен көште үнемі тақтайдай жолдың бола бермейтіні және ақиқат. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактор болып жүргенде бетпе-бет келіп, өз ісіміздің әділдігін дәлелдеп шығуға тура келген жағдайлар да болмай қалған жоқ.
1998 жылдың 16-наурызы күні Қазақстан Жазушылар одағының Пленумы өтіп, онда қаламгерлердің өтпелі кезеңдегі атқарылатын міндеттеріне талдау жасалды. Пленум жұмысы барысында Қазақстан жазушыларының үні «Қазақ әдебиеті» газетінің атына да сын айтылды. Сынның әділ айтылған тұстарын мойын­дай келе, кейбір біржақты кеткен пікірлерге де тойтарыс беруге тура келді. Сөйтіп, сол Пленумдағы сөйлеген сөзімізді «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» (26-наурыз, 1998 жыл) деген тақырыппен мақала етіп жарияладым. Ондағы ойым, Пленумдағы айтылған әңгіме «Дейді екен де, дейді екен» деген пікірмен ел ішіне тарамасын, қайта оқырман қауым ақиқатқа көзін жеткізіп, нақты мағлұмат алсын деген ниеттен туындады. Шынында да, біздің бұл қадамымыз дұрыс болып шықты. Газетке мақала шыққан күннің ертеңінде көптеген оқырман ризашылықтарын білдіріп, редакцияға телефон шалып жатты.
«Қазақ әдебиеті» қазақ руханиятының үлкен мектебі. Осы мектептен тәлім алып, тағылым түйген қай-қай қаламгердің де сөз өнері сахнасында өзіндік орны бар. Бұл тұрғыдан келгенде «Қазақ әдебиетінде» дәстүр сабақтастығының берік орныққанына көз жеткізу қиын емес. Сондықтан да мен осы басылымда басшылықта болған жылдары редакциядағы моральдық-психологиялық ахуалдың ойдағыдай болуына айрықша назар аударып отырдым. Себебі шын мәніндегі шығармашылық табыс еңбек ұжымындағы сыйластық пен түсіністіктің, тілектестік пен мұраттастықтың нәтижесінде ғана болатыны белгілі. Әрине, бұл ретте редакция шаңырағында болып шын жанашырлық сөзін айтатын аға ұрпақ өкілдерінің орны бөлек. Сөз ыңғайы келгенде айтайын, қазақ зиялылығының төлқұжатындай болған Ғалым Ахмедовпен, Сафуан Шаймерденовпен, Қасым Қайсеновпен, Әзілхан Нұршайықовпен, Ғафу Қайырбековпен, Манаш Қозыбаевпен еңбек ұжымының мүшелерінің дидарласуы ұмытылмастай із қалдырғаны сөзсіз!
Араға бір мүшел уақыт салып, жадымызда жатталған жағдаяттарды еске алып жатырмыз. Ол жылдары «Қазақ әдебиетін» газеттің Бас редакторы болып сараптап отырсам, қазір оның әр бетін жанашыр оқырманының бірі ретінде парақтап отырамын.
Елімізге белгілі қаламгер-қайраткер азамат, бас редактор Жұмабай Шаштайұлы басқарып отырған басылымның бүгінгі шығармашылық ұжымына шабытты шақ, сәулелі сәттердің көп болуын тілеймін!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.