Өзге ұлт жастарының қазақшасы қайран қалдырды

Асылы Осман,
қоғам қайраткері, ғалым,
«Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің, Алматы облыстық Әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында онкүндік өткізіліп, ол іс-шара мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан облыстық форумымен басталған еді.
Форум «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты тақырыппен өткізілді. Қазақ тілінің жанашыры ретінде маған ерекше табиғатымен танымал, шұрайлы мекен Шығыс Қазақстанның баурайын мемлекеттік тілге деген құрметке бөлеген осы жиынға қатысудың сәті түсті. Сол форумнан ерекше көңіл-күймен, жан дүнием жадырап қайтты. Өйткені бұл өңірде менің көңілімді алаңдатып, өзімді толғандыратын мемлекеттік тілдің жайы, қолданыс аясын кеңейту мен оны өмір қажеттілігіне айналдыру жұмыстары дұрыс жолға қойылғаны көрініп тұр.

Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тарихи Отандары бар шығар, бірақ олардың кіндік қаны тамған туған жері – Қазақстан. Сондықтан да облыстық форумның – «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақ­стан» деп аталуы тегін емес. Бұл та­қырыптың өзі басқа облыстармен салыстырғанда, орыстілді ұлт өкілдері көбірек шоғырланған өңір халқын бір ғана мақсатқа шоғырландырып, Отаным бір, тіршілік ететін мекенім бір деген тілегің болса, тілің де біреу болуы тиіс дегенді меңзеп тұрғандай.
Форум облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Риддер қаласын­да мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкіл­дерінің республикалық форумы ретінде бастау алған болатын. Міне, содан бері облыстық деңгейде жыл сайын әр ауданның орталығында өткізіліп, үзбей жалғасын тауып келе жатыр. Семей, Өскемен, Зырян қаласындағы тіл мерекесі бұл жолы 13 пайыз қазағы бар шекараға жақын Шемонаиха ауданында өтті. Өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған, тілі шұбарланып, халқы орыстанып кеткен ортада қазақ мектебінің болуы, өзге ұлт өкілдерін қазақша сөйлеуі тіл саясатын сауатты да дәйекті жүргізудің көрінісі. Менің байқағаным, жастар ғана емес, жасамыстарының да пейілдері дұрыс. Риддер қаласында үлкен кісілердің қазақша оқып мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіріп, ықылас таныт­қандарына куә болған жайым бар.

_4101Қазақ тілі деп шырылдап, өзінің туған топырағында төрге озып, төрелік жасауын тілеп жүргеніме жиырма жылдан асыпты. Бірақ дәл осындай қазақ тіліне деген шынайы жанашырлықты басқа өңірлерден көрген емеспін. Өйткені бұл күні мен мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт жастарының ел алдында қазақша еркін сөйлеп, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қатысты ой-пікірлерін жеткізгендерін, қазақ тілін оқып-үйренуге шақырғандарын өз құлағыммен естіп, көзіммен көрдім, жан дүниеммен сезіндім.
Қайда барсақ та, орыс тілінсіз жиын өтпейтінін көріп үйренген мен үшін таза қазақ тілінде өткен бұл жиын ерекше әсер етті. Өзгеге үлгі болатын, өз тілін менсінбей, тілін шұбарлап жүрген қазақ жастарының санасына «қазақ тілі – сенің анаңның тілі, барша қазақстандыққа ортақ мемлекеттің тілі» деген ой тастайтын осындай іс-шараларды теледидар арқылы жарнамалап көрсетсе де, артықтық етпейді. Сонда бәлкім, қазақ тілінің болашағы жоқ деп жүргендердің өнбойына қазақ тіліне деген жылылық тарар ма еді ?
«Ана тілі» деген сөз қазақ халқында ғана бар. Ал қазақ тілі мемлекеттің тілі, оны білу перзенттік парызымыз. Бұл орайда мемлекеттік тілдің қа­дірін жас ұрпақтың санасына жеткізе білу өте қажет. Ол үшін әр облыстың, әр қала мен ауданның, қала берді басшыларының бойын­да Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сияқты мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген құрмет болуы керек. Іс істегендікі емес, істете білгендікі деген емес пе? Егер де облыс басшысы өзі бастамашы болып мемлекеттік тілдің қолданысына жете мән бермесе, басым бөлігі орыстілді болып келетін Шығыс Қазақстан облысы – қазақ тілін қажетсіне қоймайтын еді ғой. Демек, қазақ тілінің қолданысына қо­йылып отырған талап мықты деген сөз.
Кейбір азаматтар мұндай форумға өзге ұлт өкілдерін қазақша сөйлеуге, баяндама жасау мен өнер көрсетуге дайындап әкеледі деулері мүмкін ғой. Иә, ондай «жалған» дағдымыз да бар, бірақ жасанды нәрсе қанша жылтыратсаң да сыр беріп қояды емес пе?!
Форум жұмысы басталар алдында Шемонаиха ауданындағы №5 қазақ мектеп-лицейінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлымен кездесуі өтті. Қазақша тақылдап тұрған, өз ойларын еркін жеткізген жастар облыс әкімінің алдында бүгінгі күнгі өзекті боп отырған бірқатар мәселелерді көтерді. Жаңа қазақ­стандық патриотизмді қалыптас­тырудан бастап, әлеуметтік салада орын алып отырған әртүрлі мәсе­лелерге дейін. Осы кездесуден түй­генім, Шығыс Қазақстан өңірінде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт жастарына қолдау көрсету де жақсы жолға қойылған екен. Мұның бір дәлелі мемлекеттік тілді меңгерген және оны өзінің күнделікті қызметінде пайдаланатын өзге ұлт жастарына 2009 жылдан бастап облыстың медициналық және педагогикалық оқу орындарының қазақ бөлімдерінде оқуға облыс әкімінің гранты бөлініп келеді екен. Осы гранттың арқасында он шақты этнос жастары жоғарғы білім алу мүмкіндігіне ие болған. Солардың бірі – Кристина Семенова облыс әкіміне өз алғысын білдірді. Грант иегері Семей медицина университетінің жалпы медицина мамандығы бойынша қазақ бөлімінде білім алуда.
Грант иегерлерінің алды жоғары оқу орнындарын тәмамдап, өздері таңдаған мамандық бойынша қызмет етуде.
Бұл өңір жетекшісі Б.Сапарбаевтың қазақ тіліне – Ата Заңымызда көр­се­тілген мемлекеттік тілге деген өз құрметінің нәтижесі, отансүйгіштік, ұлт­жандылық қасиетінің жемісі дер едім. Әрбір басшының тілге деген құрметі осындай болса, «Тіл туралы» Заң жарияланған жиыр­ма төрт жыл ішінде қазақ тілі күнделікті қол­даныстағы қажетті тілге айналары сөзсіз еді. Форумда алғашқылардың бірі болып, халқының 56 пайызы өзге ұлт өкілдерінен тұратын Бородулиха ауданының азаматы Рустам Щербинин:
– Бүгінгі күнді тарихи күн деп зор мақ­танышпен айта аламын. Олай айтуым­ның себебі, біз баршамыздың саяси идеалымызға айналған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында бас қосып отырмыз. «Бізді біріктіруші күш – қазақ тілі», мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге біз сияқты жастар атсалыс­паса, кім атсалыспақ? Өйткені біз – тәуелсіздіктің төл баласымыз. Біздің «орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген тәрбиемен өскен аға буыннан артықшылығымыз да осында. Кейде маған қазақ тілінің дамуына қазақтардың өздері кедергі болып отырған сияқты көрінеді. Себебі қарапайым халыққа үлгі болатын қазақ зиялыларының балалары мен немерелері орыс тіліндегі мектептерде оқиды, қазақтар отырған жерде бір-екі өзге ұлт өкілдерінің төбесі көрінсе жиналыстың барлығы орыс тілінде өтеді, – деп бүгінгі күннің шындығын жайып салды. Рустам «Отанымды шексіз сүйетін патриот жастың бірі ретінде мен мемлекеттік тілдің жаппай қолданыс тіліне айналғанын қалаймын» деп сөзін аяқтады.
«Ниет болса, тілді үйрену қиын емес. Қазақ тілін еркін білуім өмірде көп көмегін тигізді» деген қарапайым дүкенші неміс қызының сөздері де жүрекке жылы тиді.
Алтай тауының бөктерінде орна­ласқан, табиғаты көз тартар Катон­Қарағай жерінің тумасы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­ле­кеттік университетінің студенті Оксана Черткова: «Зияткер ұлттың зияткер жастарын тәрбиелеу үшін мемлекеттік тілдің алар орны бөлек. Тіл дегенде айтатын мәселе көп қой, бірақ ойымдағы ұсыныстарымды сіздермен бөліссем деймін. Біріншіден, «елдің тұрмысын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мінезін білмеген кісі көшті бастап жүре алмайды» деп ұлт зиялылары айт­қандай, ең алдымен мемлекеттік тілді білу және оны қажеттілікке ай­нал­дыруға бағытталған заң тетіктері нақты қаралса деймін. Екіншіден, «Тіл туралы» Заңды бұзушыларға қатаң талап қойылуы тиіс. Мысалы, біз «Салық туралы» Заңды орындамай қойсақ, айыппұлдың астында қаламыз. Міне, сол сияқты мемлекеттік тілдің қол­данысы, тіл мәдениеті мен сауатты­лыққа қатаң талап қойылуы керек» деді.
Мемлекеттік қызметте бірнеше жыл еңбек еткен Бесқарағай аудандық әкімдігінде бас маман болып қызмет атқаратын Марина Максутова қазақтың астарлы сөзін келісті қолдана отырып: «Азаматтарды, әсіресе жастарды мемлекеттік қызметке қабылдаған кезде, олардың мемлекеттік тілді білуін талап еткен дұрыс. Талап болмай, нәтиже болмайды» деген ұсынысын алға тартты.
Өзге ұлт жастарының қазақ тіліне жана­шырлықпен қарап, сөз сөйлегендеріне көңілім марқайып қалды. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенті Станислав Пискарев: «Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, ең алдымен өзін қамшылауы тиіс» деген Елбасының сөзін мысалға алды.
– Не нәрсені де әркім өзінен бастауы керек. Өз басым қазақ тілін білгеннен ұтпасам, ұтылған жоқпын. Кейде өз тілінде сөйлегісі келмейтін қазақ құрбы­ларыма жаным ашиды. Солар, өз ана тілде­рінде сөйлеуге ұмтылса, Елбасы айтқандай, мемлекеттік тіл әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді, – деді.
«Көп тіл білсең көкжиегің кең болар, мемлекеттік тілді үйренгенің жөн болар» деген Глубокое ауданында туып-өскен, ұлты орыс Константин Кашкан ауданның энергетика жүйесінде электр маманы болып жұмыс істейді екен.
«Осы салада мемлекеттік тілді мең­гер­ген жастар жоқтың қасы, ал менің тілді білгенім көп жерде пайдаға асып жатады. Бізге электр желісін жөндеу жұмыстары бойынша шақыртулар көптеп түседі. Шет елдерден келген қазақ ағайындарымыздың үйіне барып электр желілері бойын­ша жұмыс атқарғанда мен көбіне­се аудармашының қызметін атқара­мын» деп күлді Константин. Қазақ қыз­дарының «құлағына алтын сырға» дегені ме, Константин: «Менің доста­рымның барлығы қазақтар, өйткені қазақ қыздарын ерекше құрметтеймін. Болашақ жарымның бауырсақ пен етті бабына келтіріп дайындайтын қазақ қызы болғанын қалаймын» деп ағынан жарылғандай болды.
Бұл форумға жиналған жастарға қарап отырып, өзімді нағыз адал, бірлігі бекем, жарқын достық салтанат құрған ортада отырғандай сезіндім. Мен өзім әзірбайжан ұлтының өкілімін. Мұнда жиналған жастар да бірнеше ұлттың өкілдері екендігі түрлерінен-ақ байқалып тұр. Оларды біріктіріп тұрған күш біреу-ақ ол – мемлекеттің тілі, яғни – қазақ тілі. Елбасы «Ұлтты біріктіруші басты фактор – қазақ тілі» деп тегін айтпаса керек. Міне, бұл форум соның дәлелі.
Өзге этнос жастары мемлекеттік тілде сөйлеп, ойларын ортаға салып, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне назар аудартты. Мемлекеттік тілді үйреніп, қазақша сөйлеуге өскен орта зор ықпал етеді. Мемлекеттік тілді өрістету, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында қаншама шаралар жүзеге асып жатса да әлі де қол жеткізе алмай жатқан тұстарымыз баршылық. Сондықтан мемлекеттік тілді білу, сөйлеу қажеттілікке айналуы тиіс. Мәселен, форумда замандастарына ой саларлық ұсыныс-пікірлер айтқан, қазақ тілін өз ана тіліндей құрметтейтін жастар басқаларға үлгі болатын жас буынның өсуі ертеңгі күнгі тіл тағдырының асқақ болуына сенімді күшейте түседі. Мемлекеттік тіл төңірегінде айтылған ойлар мен келелі мәселелер әрбіреуіміздің қажет­ті­лігімізге ғана емес, барлығымыздың ар-намысымыздың айнасына айналса екен.
Жастар айтса, айтқандай-ақ, бізге жетпей жатқан осы ниет пен қатаң талап. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Станислав Пискарев: «Менің ойымша, қазіргі уақытта іске асырылып жатқан мемлекеттік тіл саясаты, Елбасының «Үш тұғырлы тіл» идеясы біздің нұрлы болашағымыз үшін жасалып жатқан әрекет. Мен өзімді заман талабына сай бәсекеге қабілетті үш тілде еркін сөйлейтін тұлға етіп тәрбиелеймін. Орыс тілі – менің туған тілім, қазақ тілінде еркін сөйлеймін, ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Тілдің үштұғырлығы негізінде басым мәртебе қазақ тіліне берілетінін есте ұстайық!» деп көпшілікке ой тастады.
Шығыс Қазақстанға жасаған сапарымда менің көңілімнен шыққан тағы бір мәселе ол бастауыш сынып оқушыларының ас мәзіріне бал мен сүттің енгізілгендігі. Мұны өңір басшылығының ұрпақ денсаулығын әріден ойлаған қамқорлығы деп түсіндім. Мектеп асханаларының балмен 100 пайыз қамтылуы да еліміз бойынша осы облыста бірінші болып қолға алынды.
Қазақстан – ерекше мемлекет, бай мемлекет. Оның ерекшелігі де, байлығы да – көп ұлтты болуында. Бірнеше ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүру кез келген елде бола бермейтін бақыт. Біз татулығы мен тұрақтылығы, достығы мен бірлігі жарасқан елміз. Сондықтан да, осындай Құдай берген бақытты бағалау, оны құрметтеу баршамыздың міндетіміз.
Мен қашанда қазақ халқының алдында басымды иемін, қасиетті топырағын сүйемін! Себебі қазақтың шұрайлы тілін, дариядай дарқан көңілін, дос пейілін өміріме үлгі, жа­ныма медет, һәм серік етіп келе жатқан жанмын. Өйткені қазақтың байтақ даласының самалы маңдайыма, дәмі таңдайыма тиген, адал ниеті мен жылы сөздері жұдырықтай жүрегімнің төрінен орын алған перзентімін! Елбасымыз келешегіміздің келісті болуы тек жастарға байланысты екенін үнемі айтып келеді. Мен де осы бір дана сөзді ерекше құптаймын.
Дәл шығысқазақстандық өзге ұлт өкілдеріндей саналы түрде мемлекеттік тілді көпшілігі меңгерген жастарды кездестірген жоқпын. Зал толған жастар, бәрі де таза қазақша сөйлеп, қазақша ойлап тұрғандай боп көрінді маған.
Елбасы «Қазақстан–2050» Стратегиясында: «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деп атап өткені мәлім. Бұл тұрғыдан алғанда Шығыс Қазақстан облысы бұл мақсатты өз уақытында орындайды деген сенімдемін.
«Тіліме тағзым ет, сыйласаң елімді, Сонда сен отандас боласың сенімді!» дегендей, Шығыс Қазақстан облысының атқарған істері жүрегімде ертеңгі күнге деген сенімді ұялатты.
Мұндай шаралар тіл мәселесінің көкжиегін кеңейтері анық. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің гауһары – қазақ тілі» дейді. Гауһар тілдің қадіріне жетіп, қолданылу аясын кеңейтуге бір кісідей атсалысайық, ағайын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Сағадат

    Асылы апай, сізге қазақ халқының атынан ризашылығымды білдіремін. Қазақ тілін дәл сіздей құрметтеп, сүйетін адам некен-саяқ. Тіліміздің қолданылу аясының кеңеюіне атсалысып, шырылдап жүрген қызметіңізге сәттілік тілеймін.

  2. Лол

    О тоба, қазақ жерінде қазақша сөйлегендерге таң қалып, өз жерімізде тіл сындырып орысша сөйлеп жүрміз ғой, сонда орыстардың құрметтегенін көрмедік, оған қарағанда суын ішіп нанын жеп жур гой, міндетті қазақша сөйлеуге

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.