Павлодарға Ертіс атауы лайық

Қуат Сапаров,
география ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Кезінде топонимист ғалым Е.М.Поспелов «Географиялық атаулардың аты да, сол сияқты қоғамдық институттардың өзі де мазмұны жағынан саясатпен тікелей байланыста жатады. Қоғамдағы үстем тап жер-су атауларын да өзінің идеологиясы мен саясатына бағындырмай тұра алмайды» деп бекер айтпаса керек. Осы талап тұрғысынан қарағанда, еліміздің картасында таңбаланып, сырттан енген немесе еріксіз тағылған жер-су атауларының бәрі де халық еркінен тыс қойылған отаршылдық мазмұндағы атаулар деп білеміз. Оның көпшілігі қала, кент, елді мекен атаулары болып саналады.  

Қоғамдағы әрбір саяси-экономикалық өзгеріс сол қоғамның топонимикалық жүйе кеңістігіне терең із қалдырады дегенде алдымен төрт жағдайды ескеруіміз керек:
1.ХІІІ ғасырдағы моңғол шап­қыншылығы, XVIII ғасырдағы жоңғар қалмақтарының шабуылы нәтижесінде моңғол (қалмақ) тілінен енген жер-су атау­лары пайда болуы;
2. XVIII ғасырда басталған патшалық Ресей отаршылдығы;
3. XIX–XX ғғ. басында Ресей мен Украи­надан қоныс аударушыларының көптеп келуі (Столыпин тұсында);
4. Кеңес үкіметінің орнауымен бірге тың және тыңайған жерлерді игеру барысында көптеген елді мекен атаулары өзгерді немесе жаңадан қойылды.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Столыпиннің аграрлық реформасы жылдары шаруалардың Ресейден, Украи­надан қоныс аударуы бұқаралық сипатқа ие болды. ХХ ғасырдың басында Павлодар уезінде 220-дан астам қоныс аударушылар селолары пайда болды. Патша үкіметінің белгісі, император Романовтар әулетіне байланысты: Романовка, Николаевка, Алексеевка, Еленовка, Ириновка, Татьяновка, Борисовка, Ольгина, Наташина, Павлодар (Павелға сыйлық) барлығы 605 топоним қалыптасты (Ж.Телғожа, «Қазақ ономастикасы»). Әрине, жаулап алған немесе отарлап алған елдің жергілікті атауларды өзгертіп жіберуіне екі түрлі себеп әсер етеді: бірі, тілдері келмегендіктен болса, екіншісі, жерді өздеріне меншіктеп алуды көздеген саясаттың әсері. Мысалы, Қосағаш (Грабово), Оймакөл (Котельниково), Ащылы (Горчинка), Шөптікөл (Травянка), т.б. Бұндай саяси астарларға Павлодар облысының жер-су атауларын зерттеу барысында көзіміз жетті. Масштабы 1:100000 топокарта негізінде (1942-1989 жж.) облыс аумағында 4412 топоним анықталып, оның 65,5 пайызын қазақ, 19,3 пайызын көне түркі, 13,7 пайызы славян, 1,5 пайызы басқа тілдік қабаттарды (араб-иран, моңғол-қалмақ) құрайтыны, яғни Ертістің Баянауыл өңірінің географиялық атаулары түркілердің, қазақ халқының кіндік кескен жері екені дәлелденді. Алайда қазіргі таңда Қазақстан топонимиясында маңызды рөл атқаратын кейбір қала атаулары сол қалпында тұр. Әсіресе, Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс, шығыс өңірінде бұл іс-шаралар әзірше шешімін таппай келеді. Оның айғағы – Павлодар қаласының атауы.
Қазақ әдебиетінің ірі өкілі М.Ж.Көпеев еңбектерінде Павлодардың бұрынғы атауы – Тұзкент екені айтылады. Өйткені бүкіл Алтай, Сібір халқы тұзды Ертіс өңірінде осы қаладан тасыған. Ол кезде тұз өте ұтымды тауар болған, өйткені адам да, мал да тұзсыз өмір сүре алмайды. Абылай хан қазақтан түйе жидырып, қырық би және Жанайдарды басшы етіп Сарыарқадан тұз жіберіпті.
Қазіргі уақытқа дейін Павлодар қаласы Кереку аталып жүр. Коряков деген көпестің атына қойылған деген пікірлер де жеткілікті. Кереку атауы орта Ертіс өңірінің ең көне атауларының бірі деп те айтылады.
Көне түркі, қимақ дәуірі кезінде қалыптасқан сыңайлы. Кереку атауы жөнінде көптеген ғылыми мақалалар жарық көрді. Ж.Артықбаев, Қ.Нұрбаев, Т.Еңсебаев, т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты. Ж.Артықбаевтың пікірінше, Кереге жар (Кереку Яр) одан кейін біртіндеп славян лексикасының әсерімен Коряков Ярға айналған.
Коряковка елді мекені Павлодар қаласынан солтүстік шығысқа қарай он үш шақырым жерде орналасқан. Жергілікті қазақтар «Құрманкөл», «Құрмантұз» -Коряковтан бұрын аталған деп топшылайды. Қазіргі Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып жүрген мәселелердің бірі Павлодар макроойконимін ауыстыру болып табылады. Жергілікті БАҚ, әсіресе орыстілді басылымдар Кереку атауы жөнінде неше түрлі саяси әрекет әрқилы мақалалар жариялап, ғаламторда арнайы сайт ашқаны да белгілі. Осы мәселелер төңірегінде С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің ғалымдары да сын айтты. Әрине, 152 жыл тарихы бар Павлодар қаласын бірден өзгерту оңай емес. Оған облыстың демографиялық және геосаяси жағдайлары да себеп болып отыр. Қазіргі уақытта Павлодар атауын өзгерту үшін жан-жақтан 16 атау ұсынылғанымен, олардың көпшілігі қала атын өзгертуге сәйкес келмейді және бірігіп бірізділікке келтіруіміз керек. Сонымен қатар орыстілді қазақтар және кейбір зейнеткерлер де қала атауын өзгертуді қаламайды. Сондықтан Павлодар қаласы атауын өзгертудің тиімді жолдарын қарастыруымыз қажет.
Нақты тарихи кезеңде және табиғи ортада қалыптасқан қандай да болмасын географиялық атаулардың көпшілігі жергілікті жердің физикалық-географиялық ерекшеліктерін сипаттайтын құнды тарихи мәліметтер болып табылады. Fасырлар бойы аумақты мекендеген көшпелі, отырықшы тайпалар қоршаған ортаға бейімделіп, жер бедерінің ұсақ пішіндерін, шаруашылық әрекетіне қажетті су көздерін, ландшафттық нысандар, өсімдіктер мен жайылымдар түрлері мен олардың маусымдық ерекшеліктерін ажырата білген.
Павлодар облысының аумағын екіге бөліп жатқан Ертіс өзені атауы осы пішінде VIII ғасырда қойған Күлтегін мен Тоныкөк ескерткіштерінде кездеседі және онда «Түркілер Алтай тауынан көтеріліп, Ертіс арқылы өтіп, түркеш тайпасын жеңгендері баяндалады. Қашғари сөздігіндегі Иртыш (Эртишмақ) «кім тез өтеді» түсінігі ғылыми этимологияға жетелейтін бірден-бір дерек» (М.Қашғари, «Түрік тілінің сөздігі»).
Ертіс өзені ежелгі руна жазбаларында (Артис) С.Герберштейннің (1546), 1716-1733 жж. құрастырған швед Г.Ренаттың «Жоңғария картасында», Шмидтің сөзінде Ирцыш – Erzich деп аталады. Бұл мәселеге кезінде В.Семенов, А.Дульзон, Э.Мурзаев, В.Попова, т.б ғалымдар да өз пікірлерін білдірді. Олардың көпшілігі Ертіс гидронимін үнді, кет, фин-угор, т.б. тілдермен байланысында қарастырды.
М.Қашғаридің сөздігіндегі ерт «өту», кешу мағынасында тұрған «өт» сөзі «өткел» мағынасын береді десек, онда Ерт+сіз «өткелсіз» (өзен) болып шығады (Б.Аспандияров, «Этимология некоторых топонимических названий»). Ертістің Өртыс, яғни өрдің тысы (сырты) аталуы да ғажап емес. Ертіс сөзі «Өртас» сөзінен емес, «Өртыс» сөзінен шыққан. Оған дәлел, біріншіден, біз «тас» емес, «тыс» сөзінің баламасы «сырт» деген сөзді таптық. Ертіс өзеннің бастау алатын Қытай жағындағы (Моңғол Алтайы) таулар, елден тысқары аймақтағы Орал таулары да, «Сыртқы таулар» ретінде қарастырылған. Қазақстан мен Ресейдің шекарасындағы Мұғалжар (Орал) тауларына ажыратылып бөлінген ұсақ аласа шоқылардың атауын «Жалпы Сырт» деп атайды. Бұл көне атаулардың бірі деп топшылаймыз. Көрнекті ғалым, тарихшы, лингвист Б.Аспандияровтың пікірінше, Орал тауларының ежелгі атауы «Өртыш» немесе «Өртіс» болған.
Қорытындылап айтсақ, Ертіс ұғымы кезінде кең қолданыста болғанын анықтауға болады. Мыңжылдық атауы бар Ертіс гидронимінің атауы азда болса да өзгеріске ұшыраған деп білеміз.
Біздіңше, Ертіс «ер, ерт, Ертіс» деген етістіктен шығуы мүмкін. Өйткені ол Обь өзенімен қатар біраз жерге еріп барып, сол өзенге құятыны мәлім. Сонымен Ертіс Обьқа ереді, Есілді өзіне ертеді. Осы жағдайды ескере отырып, халық бұл өзенге Ертіс деп ат қоюы да мүмкін. Ертіс атауы осы өңірде тұратын барлық халық үшін маңызды рөл атқармақ. Оның бойында Өскемен, Семей қалалары да орналасқан. Азияның күре тамыры атанған Ертістің суы шаруашылық пен өндірісте де пайдаланылады. Қазақ халқы суды әлемнің жеті ғажабының бірі деп білгені де оның ерекше маңызына зор мән бергендігінен болса керек. Сондықтан «судың да сұрауы бар» деген нақыл сөз тегін айтылмаған. Адамның шаруашылық әрекетінен Ертістің суы жылдан-жылға азайып барады. Болашақта суы тартылып қалатын және басқа да экологиялық қауіптер төніп тұр. Сондықтан мыңжылдық тарихы бар Ертіс өзені атауын оның жағасында орналасқан Павлодар қаласына берсе, ешқандай күмән туындамайды.
Ертіс облысы, Ертіс қаласы (немесе Ертіскент) болып өз орнын тапса маңызды саяси мәнге ие болар еді. Қазақтың Сарыарқасы, Құлындысы, Ертіс бойы бәрі қазақтың жері емес пе?
Жер тарихы ел тарихымен, оның құдіреті ана тілімен етене байланысты. Елбасы өзінің сөйлеген сөзінде жер-су аттарының тарихилығы мен көнелігіне ерекше мән беріп, оны жинап, зерттеудің бүгінгі мемлекетіміздің саяси Стратегиясы үшін де, маңызының зор екенін атап көрсеткен болатын.
Соңғы 20 жыл ішінде Павлодар облысының барлық елді мекен атауларының (500-ден астам) 69 географиялық атауы ғана өзінің тарихи атауына қайта оралды. Қазіргі таңда ең үлкен мәселеге айналып отырған Павлодар қаласы атауын өзгерту өзекті болып отыр. Қазақстанның солтүстік, шығыс өңірлерінде ономастика мәселелерін шешу жолдары тоқырау үстінде. Оны шешу үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі немесе Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі жанында «Ономастикалық орталық» ашып, осы мәселелермен шұғылданып жүрген ғалымдардың басын қосып, «Қазақстан Республикасы Ономасттарының қауымдастығын» ұйымдастыруымыз қажет. Қауымдастықтың бөлімшелері облыс орталықтарында да ашылса. Болашақта Қазақстанның географиялық атауларын реттеп, жинақтап, бірізділікке салу арқылы стандарттауға ерекше мән беруіміз керек.
Қазіргі кезде Қазақстан топожүйесі аймақ-аймақ бойынша зерттеліп бітті деуге болмайды. Ендігі кезекте жиналған атаулар қорын жинақтап, «Қазақстанның және әрбір облыстардың топонимикалық атласын» құрастыру. Екінші жолда нәтижеге жету үшін міндетті түрде геоақпараттық картаграфиялау әдісіне сүйенуге тура келеді. Алайда ол әдіс жалаң түрде қолданылмайды: тарихи-географиялық этимологиялық, құрылымдық, грамматикалық, сөзжасамдык зерттеу әдістерімен қоян-қолтық араласып отырады. Бұл өз кезегінде көп ізденісті және ғылыми зерттеулерді талап етеді.
Қазақ топонимдері – ұлттық тіл айнасы. Жер-су атаулары – ұлттық таным мен салт-дәстүрлердің белгісі. Сондықтан ұлттық тілдің көрінісі болып отырған топонимдерге ерекше қарауымыз керек. Ата-бабаларымыз қойған жер-су атауларының оңды-солды өзгеруіне жол берілмеуі тиіс және тарихи атаулары қалпына келтірілуі шарт. Сонымен тіл мәселесінің күрмеуі сана оң өзгергенде, әрбір қазақстандық, ұлтжанды маман тілге жанашырлықпен қарағанда, әр адам мемлекеттік тілде қызмет жасай білгенде, көкірегінде тілге деген құрмет болғанда ғана шешіледі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Ұлы Ұш - Алаш

    Дұрысы осы.Өскеменді-Төралтай қаласы,Семейді-Алаш қаласы,Павлодарды -Ертіс қаласы,Петропавлды-Қызылжар қаласы атауымыз керек.Жақсы жазылған,бірақта ЕРТІС өзенінің Махмұттан ары Күлтегін,Тұнұқоқ жазбаларында дәл бүгінгідей ЕРТІС деп жазылғанын естен шығармайық. Ұлы Ұс.

  2. МАРАТ

    Қызылорданы Ақмешіт деп, облысты Сырдария деу керек.

  3. Төлеп

    Қазақ халқының үлы түлғаларының атымен аталыу дүрыс: Петропавл- Абылайкент, Өскемен-Қабанбай қала, Павлодар- Сатбаев, Риддер- Димаш.

  4. Meirambek Duisenbai'

    Ақыры халық өйтіп атаған болуы да мүмкін деген ойға келген екенсің, онда қазақ -түркіден келе жатқан мыңжылдық сөздері аса өзгеріске түсе қоймағанын ескере отырып неге таза мағанасына тоқтамағансың?
    Мысалы, я тарихи мағнасына я қалыптасқан (фонетикалық) мағанасына тоқтау керек.
    Тарихи мағанасына дерек көзің жетпесе сондай да болу керек,ондай да болу керек деп, əрнəрсені бір шалып, өзі əрсаққа бытырап жатқан халықты одан әрмен сандалтпай, қалыптасқан қазіргі мағанасын əдемі жеткізу керек. Содан соң ,тарихи нақты айнымас деректер табылғанда оны тарихи жағынан да негіздеп қоюға әбден болады. Қазіргі уақытта керек болып тұрғаны бір атауға тоқтау керек болса сол мағанасын ашып көрсету керек.
    «Ертіс» сөзі бір нəрсені артынан ертіп отыру , яғни, ағын суды жердің қыртысымен басқа жерге дейін ерту-жетектеу, дегенді білдіреді. Сонымен қатар, жердің тұзын-топырағын, қардың-мұздың көбесін сөгіп еріту, яғни көктемнен бастап ала-жаз күнделікті ерітіс болуын да (ерітіс үрдісін) білдіреді (айтылғанда ерітіс емес ертіс болып кетеді). Мұның шындығына көз жеткізу оңай, Алтайдың басында ағып шыққан су жол бойы ерітіс үрдісінде қара топырақты шайып ерітіп қара қошқылданып , орта тұсында Қара Ертіс болып кетеді. Кейін таудан түскен қарқыны азайғанда, лайы тұнып, қайта сəл ағарады.
    Бұдан да анық тура мағанасы тағы бар. Сен бір сөзге бірнеше мағана бердің деген пендеге айтарым, түрлі тілде бір сөз көп мағана береді немесе бірнеше сөзді жинақтап бір мағана беретін сөздер бар. Сондықтан, Ертіс сөзінің тура мағанасы осындай үлкен мағаналы сөз, соның бəрі оның көркі мен маңызын ашып, əдемі үйлесім табады.
    Мысалы, Ертіс сөзі сумен жағалап жүріп отырған адамды бір қоныстан екінші қонысқа, қалаға, елді мекенге дейін адастырмай, үзіліп қалмай ертіп бару деген сияқты мағынада Ертіс — адастырмау, бірге болу деген мағанаға ие. Яғни, ежелден-ақ қазақтар оның барлық мағанасын бірге қолданып, өзенін жайлап, онымен бірге болған, жағасын жайлаған, оған ерекше ат берген.
    Əрсаққа тарта бермей, осындай нақты мағанасының өзіне-ақ тоқтаңыз. Түсінікті,əдемі,мағаналы əрі қазақша дəл.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.