Мықтап ұста тізгінді…

Оразақын  АСҚАР

Біз қазақпыз,
Жылқы жылы – біздің жыл.
Атқа мініп,
Ерте ұстады тізгінді ұл.

Ат үстіндегі жауынгер
Бабаларымызды көргенде,
Батыс кентавр жасаған.
Шығыс Қытай қамалын қашаған.

«Ат көп,
Қазанаты бір бөлек.
Адам көп,
Азаматы бір бөлек».
Адам бол,
Адам болсаң,
Алаштың азаматы бол.
Күллі әлемге танытатын,
Қазақ атын мүлде ерек.

Сәйгүлікті біл сен,
Ол сайын дала,
Самал тауда желдеп жүреді.
Ат қып мінсең,
Жүрісімен,
Аяңымен,
Желісімен,
Жорғасымен,
Шабысымен,
Тағы-тағысымен,
Тұла бой, жан дүниеңді,
Тербеп жүреді.

Нағыз сәйгүлік,
Лай судан татпайды.
Лас жерге жатпайды,
Өзінің иесінен өзгені,
Маңына жолатпайды.
Шүйгін шөпті таңдап оттайды,
Өзеннің ағысына қарсы,
Өрге жүзіп,
Судың мөлдір тұнығын ішеді.
Сәйгүлік десе:
Керқұла,
Байшұбар,
Тайбурыл,
Қарақасқа,
Қубас,
Құлагер,
Абсент еске түседі.

Нағыз сәйгүлік,
Тағдыр қай қиырға апарып тастаса да,
Атамекеніне қайтып келеді.
Осқырып,
Ойнақтап,
Оқыранып,
Кісінеп, сағынышын айтып келеді.

Тегіміз – түркі,
Көлігіміз – жылқы,
Жылқы мен қазақтың
Ежелден ұқсас,
Мінез-құлқы.
Істегеніміз:
Ерлік, еркін еңбек.
Іздегеніміз:
Бейбітшілік,
Ойын-той, әзіл-күлкі.
Ерткеніміз құмайтазы,
Баққанымыз қыран бүркіт,
Қаққанымыз қасқыр, түлкі.

«Жақсыдан үйренетін,
Жаманнан жиренетін».
Ініден ұялатын,
Ағадан именетін,
Біз – қазақпыз!

«Жесірін қаңғытпаған,
Жетімін жылатпаған»,
Тағдыр тәлкегі тарыдай шашып,
Қайда апарып тастаса да,
Ешкімнің жер-суын ұнатпаған,
Түбінде қайта оралып,
Өз Атамекенінде ғана тұрақтаған,
Үйірін шашау шығармайтын
Жылқы тектес
Біз – қазақпыз!

Адал ниетпен келгенге,
Тау, даласын аралатқан.
Қуғын-сүргін көргенге,
Құшағын паналатқан.
Тарыққан аш-арыққа,
Жырып берген,
Аузындағы адал астан.
Біз – қазақпыз!

Алла тағала,
Сол мейіріне берген.
Тәуелсіздік –
Ата-баба арманы мен күресіне,
Кең пейіліне келген.
Дербестіктің тәтті дәмін татып,
Енді, міне, оза бастаған,
Айналасындағы елден.
Біз – қазақпыз!

Қонақсыз қой жемейтін,
«Елің болам» десе,
Ешкімге қой демейтін.
Мақал-мәтелсіз сөйлемейтін,
Құтты қонағынан,
Ақ бата алып,
Оған шапан жауып,
Ат мінгізген,
Біз – қазақпыз!
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған»
Бейбіт дәуірде
Қане, теңдесе алады,
Кім бізбен?!

Мықтап ұста
Тізгінді ұл.
Жылқы жылы – біздің жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Арнұр

    Mықты өлең

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.