Қазақ сайттарын қолдау керек

Бүгінде қазақтілді ғаламтор пайдаланушылар саны да күн санап артуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан азаматтарының үштен бір бөлігі интернет пайдаланып, олардың тең жартысы күніне бірнеше рет ғаламторға кіреді екен. Егер соңғы санақ бойынша қазақ халқы санының өскенін ескерсек, қазақтілді ақпаратқа деген сұраныстың да, қазақша блогтар мен қазақ блогерлері де көбейіп келеді. Осыған қарамастан, қазақ интернетінің дамуына байланысты кедергілер де жоқ емес. 

Ақпарат алу мен алмасудың ең кең тараған құралы ол ғаламтор желісі екені белгілі. Өкінішке орай, ғаламторда мемлекеттік тілді пайдалану өте төмен деңгейде қалып отыр. Мәселен, онда қазақтілді кітапхана жоқ, білім мен ғылым жүйесінің ресурстары әлсіз дамыған десе де болады.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілдің билік органдарында, күнделікті тұрмыста пайдалануға арналған сөздік және терминдердің сайты жоқтың қасы. 2002 жылы құрылған Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту республикалық орталығының сайты (www.kazakhtili.kz) қызметін тоқтатқалы қашан.
Екінші мәселе – қазақтілді контенттің аздығы. Мысалы, бір ғана Wіkіpedіa интернет энциклопедиясында қазақ тіліндегі ақпарат орысша мәліметтерге қарағанда, жүз есе аз екен. Егер осы сайттан қазақ тілінде тек 7 мың мақала таба алсаңыз, орыс тілінде 700 мың, неміс тілінде 1 жарым млн., ағылшын тілінде 3 млн. мақаламен танысуға болады. Мұны шешу үшін қазақ тіліндегі ақпараттың көбеюіне көрінеу ықпал жасауымыз керек.
Қытай, Моңғолия, Түркия, Еуропа елдерінде миллиондаған қандастарымыз тұрады. Олар қазақша интернеттегі кириллица жазуын танымайды. Қазақ блогшыларының құрылтайына келген шетелдердегі қандастарымыз кириллицаны автоматты түрде, мәселен, латын қарпіне аударып беретін бағдарламалар қажеттігі жөнінде өз ұсыныстарын айтқан. Егер сол бағдарламаларды жасап, тегін таратсақ, әлемдегі барша қазақ жұрты еліміздегі ақпараттарға қол жеткізе алар еді.
Осы орайда қазақтілді ғаламтор жүйесін дамытуға байланысты бірқатар ұсыныстарымызды ортаға салуды жөн көрдік.
Ғаламтордың дамуы оны қолдану­шылардың санымен өлшенетіні белгілі. Әлемдік байланыс құралының барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қазақ тілін үйрететін сайттарды көптеп ашу қажет. Қазақ тілін насихаттайтын сайттар көп болса, тілді үйренушілер де көбеймек. Бүгінде қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктердің қатары да мол. Ал олар тіл үйренуде қазақтілді сайттардың көмегіне жүгінері сөзсіз. Демек, әрбір тіл үйренушінің қолданысына ыңғайлы болатын ғаламтор сайттарын жасау қажет. Осы мүмкіндік мыңдаған пайдаланушылардың тіл үйренуіне жол ашатыны сөзсіз.
Қазақстанға байланысты барлық тақырыптарды (Қазақ энциклопедияларын, Қазақ тарихы, Қазақ әдебиеті, т.б.) ғаламторға көбірек орналастырып, тілімізге қатысты барлық дүниелердің электрондық көшірмесін жасап, дерек­қорларын жасақтау ләзім.
Барлық жоғары оқу орындарында ІТ технология мамандарын даярлайтын мамандықтар ашу да өзекті мәселе. Себебі Алматы қаласындағы жалғыз оқу орнына бәрінің қолы жете бермейді. Бұл мәселе жоғарыдағы мәселелерімізді шешуге септігін тигізері анық. Сонда жоғарыда аталған бағдарламаларды қазақшаға аударып жатпай, бірден сол бағдарламалардың қазақша нұсқасын жасайтын мамандар даяр болар еді.
Мемлекеттік тілімізді белсенді насихаттаумен қоса, қазақ тілінде контент құруға қолайлы жағдайлар туғызу керек-ақ. Мәселен, блог, бейнеблог, подкаст және т.б. жүргізуді үйрететін бағдарламалар.
Сонымен қатар қазақ тілінде сайт жасаушыларға арналған қазақтілді бағдарламалар да, дизайнерлік жобалар да, оқыту әдістемелері жеткіліксіз, тіпті жоқ десе де болады. Бұл ғаламаторда қазақша сапалы сайттар санының көбеюіне мүмкіндік берер еді.
Виртуалды кеңістікті қазақшалауға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілсе дейміз. Басқа тілдердің виртуалды кеңістікте жылдам дамып жатқан себебі, ол тілдерді қолданушылардың саны өте көп, он миллиондап, жүз миллиондап саналады. Виртуалды кеңістіктің дамуы оны қолданушылардың көптігімен ерекшеленеді және көп болғандығы үшін де энтуазистері бар, патриоттары бар, еріктілері бар, бәрі жан-жақтан өз үлестерін қосуда. Олар мемлекеттің қолдауын аса қажетсінбейді. Ал бізде мұндай мүмкіндік әзірше жоқ. Сондықтан бұл салада қазақ тілі тек мемлекеттің қолдауына зәру.
Болашақта виртуалды кеңістікте бәсекелестікке түсе алған тіл ғана ғұмырлы болатынын ескерсек, бұл мәселеге назар аударатын уақыт келді.

Мадияр Үмбетов,
Кәмшат Қанапиянова

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.