Шетелдік атаулар қаптап кетті…

Жуырда Сырдария ауданының Жетікөл ауылынан Қайырғали Әлиев деген ақсақал «Тіл сақшысы» редакциясына телефон шалып, өзін қынжылтқан бір мәселені ортаға салды.
– Жақында Қызылорда қаласына тойға бардым. Шақыру қағазында той өтетін мейрамхананың аты «намат» дей ме, «панас» дей ме, әйтеуір мен білмейтін әріптермен жазылыпты. Алғашында түсінбедім, әлгі басқа тілдегі атауды оқи да алмадым» деген ол бүгінде кафе, мейрамханалар мен сауда орындарына шетелдік атаулардың жөнсіз, ретсіз қойыла берілетініне өз ренішін білдірді.

Бұл ащы да болса шындық. Қазақша атауларды менсінбей ме, әлде шетелдік атаулар көздеріне әдемі көріне ме, мейрамхана, т.б. демалыс орындарының қожайындары неліктен осындай қадамға баруда? Шетелдік атаулардың көптеп қойылуына байланыс­ты «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облысы бойынша төрағасы Сәдуақас Аңсат 2013 жылдың басында «Nomad Palace» қонақ үйі, «Регистан» мейрамханасы, «Aral Beer» кафесі, «Van Gogh» қонақүйі, «Mexx» сауда үйі, «City cafe» кафесі, «S Mall» сауда үйі, «Persona» сауда үйі, «Ginza pub» сауда үйі, «Прага-7» мейрамханасы,«Ласточка» кафесі, «Пекин» мейрамханасы, «Sulpak» сауда үйі, «Империя» кафесінің иелеріне хат та жазған болатын. Хат мәтіні облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» (орыс тілінде), «Ақмешіт ақшамы» газеттерінде жарияланып, жергілікті екі телеканалдан да көрсетілді. Онда облыс орталығындағы бұл зәулім де әсем ғимараттардың атаулары мен көрнекі ақпараттарын ұлттық құндылықтарымызға сай қазақ тіліндегі атаулармен ауыстыру ұсынылған болатын.
Сыр елінің бір топ зиялылары осы «Ашық хатты» қолдап, әлгі кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындардың құрылтайшыларына өз Үндеуін жариялаған еді. Онда «Қаланың көркін келтіріп, тұрғындарына күндіз-түні қызмет ететін мұндай ғимараттардағы көрнекі атаулардың халықтың ұлттық санасын қалыптастыруға әсері өте зор болғандықтан, олар өз қандастарының мақтаныш сезімін оятып оларға рухани қуат беретіні белгілі. Оны басқа ұлт өкілдері әлдеқашан түсініп, азғантай өкілдері қай елде қызмет етсе де, олар сол жерде салған ғимараттарына ұлттық атауларын беруді дағдыға айналдырған. Мысалы, Молдавиядан келген студенттер біздің қаржымызға кафе салып, оның атын «Молдова» деп қойғаны есімізде, сол сияқты кәрістер «Чо Сон», «Кореяна», «Ариран», қытайлықтар «Шанхай», өзбектер «Надир Шах» атауларын қоюда.
Ал біз болсақ өз жерімізде, тәуелсіз елімізде ана тіліміздің, ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін әлі де болса толық сезінбей, басқалардың мерейін үстем етуімізді қояр емеспіз. Осы жерде кәсіпкер бауырларымызда ұлттық намыстың басым болуы керек-ақ деп ойлаймыз» дей келе, кәсіпкерлерге өз иеліктеріндегі нысан атауларын қазақша атаулармен ауыстыруды сұраған.
«Ашық хат» пен «Үндеу» жарияланған газеттерді оқымады ма, жергілікті теледидардан естімеді ме, олардың ешқайсысы хатқа да, үндеуге де жауап берген жоқ. Қарап отырсаңыз, әлгі ғимарат иелерінің бәрі мықты азаматтар. Білімді де білікті, іскер, мәдениетті, әңгімелесе қалсаң, сөзі де жарасымды, жақсы бастаманы қолдайды. Егер ұсыныс билік тармағының бірінен шықса, қиын болса да, тірлігіне икемі келмесе де бұлжытпай орындаған болар еді. Ал қоғамдық ұйым, жұртшылық немесе қарауындағы жұмысшы қызметкерлер заңды, тиісті нәрсені талап етсе, жүз сылтау мың себеп айтып, оны орындамауға тырысады немесе «естімей қалады». Бұлай болуы неліктен? Байқасақ, шетелдік атауларды қазіргі таңда Қазақстанның кез келген қаласынан кездестіруге болады. Бұған рұқсат беруді тоқтату керек. Осындай қарқынмен кете беретін болса, шетелдік атаулар мемлекеттік тілімізге қауіп төндіріп, санамыздан ұлттық сезімді, бойымыздағы қазақы рухты ығыстырып шығаруы әбден мүмкін. Оған жол беруге болмайды.

Жалғасбек АМАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА



Принтерден шығару Принтерден шығару