Суретшінің қара шаңырағы мұражайға айналды

Өткен аптада Алматыда қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің мұражай-үйінің ашылу салтанаты өтті. Айтулы шара қылқалам шеберінің туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Суретші мұражайға айналған шаңырақта 1958-1973 жылдар аралығында тұрған. Өмірінің соңғы 15 жылын осында өткізіп, артына мол мұра қалдырған.
Қарақұрым жұрт. Жиналғандар арасында қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнерсүйер қауым, Ә.Қастеевтің қыздары Гүлдәрия, Гүлнәзия Қастеевалар да бар.
Осы қуанышты жұртшылықпен бөлісуге келген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті жанындағы тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы Базарбай Алтаев мемориалдық мұражайдың ашылуымен Әбілхан Қастеевтің отбасын құттықтап, олардың әке мұрасын насихаттау жолындағы еңбектеріне ризашылық білдірді.

Суретшінің қара шаңырағы мұражайға айналдыСуретшінің қара шаңырағы мұражайға айналдыАл Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Сабыр Мәмбеев: «Бүкіл өмірін қазақтың бейнелеу өнеріне арнаған Әбілханның қара шаңырағының мұражайға айналуы – қазақ халқының қуанышы. Қастеев – үлкен талант иесі. Оның артына қалдырған мол мұраларымен қазақ халқы мақтана алады. Біз 20-30 жыл бірге жұмыс істеппіз. Осы жылдары оның адалдығына, тазалығына тәнті болдым. Көңілі баладай, таза еді. Тұрмыстағы ұсақ-түйек, майда-шүйделерге мән бермейтін. Есіл-дерті тек сурет, сурет салу өнеріне бар жан-тәнімен берілген азамат еді» деп естелігімен бөлісті.
Алматы қаласындағы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов 2004 жылы суретшінің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілгенін, Алматы қаласында ол кісінің атында үлкен мұражайдың жұмыс істеп тұрғанын, Алматы облысының Жаркент қаласында суретшінің есімімен саябақ, мұражай бар екеніне тоқталып, алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жалғаса беретінін тілге тиек етті.
Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының директоры Бақыт Серәлиев: «Әбілхан Қастеев бүгінгі ашылып отырған мұражай-үйде өмірінің соңғы он бес жылын өткізген. Бұл үйде көптеген қазақ зиялылары қонақта болған. Бір дастарқан басында отырып, өнер, өмір туралы сыр шертіскен. Біз тек бастамасын жасадық, әлі де атқарылатын іс шаш етектен. Бұл бастама қазақ өнері үшін үлкен жаңалық болары анық» деп нақтылады.
Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков: «Бүгін бейнелеу өнері үшін ғана емес, қазақ мәдениеті үшін үлкен жаңалық болып отыр. Біраз уақыттан бері осы үй мұражайға айналса деген ниетіміз бар еді, мінеки, бүгін іске асып отыр. Біз өте қуаныштымыз!» деп ағынан жарылса, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Жұлдыз Омарбекова: «Әбілхан Қастеев – ұлы даланың ұлы перзенті. Алматы қаласында даңқты суретші атында көше бар, өнер мектептері бар, 2004 жылы ескерткіш ашылды. Міне, бүгін мұражайы ашылып, тағы бір қуанып отырмыз. Алдағы уақытта Алматы қаласы әкімдігі тарапынан мұражайға қолдау көрсетеміз деп сенім білдіремін» деді.
Мұражайға арналған шаңырақ бес бөлмеден тұрады. Көпшілікті суретшінің ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген шеберханасы қызықтырды. Мұнда сурет салу кезінде пайдаланған бояулары, кескіндемелік және графикалық туындылары, фотосуреттер қойылған. Бірден көзге түсетіні қай шығармасын алсаңыз да, олардың өн бойын­да қазақылық нышан тұнып тұр. Әр туынды өзінше сыр шертеді, өзінше сөйлейді. Кенесары Қасымұлы, Шоқан Уәлиханов, Аманкелді Имановтың портреттерімен қоса, «Анамның портреті» (1949 ж.), «Киіз үйде қымыз пісіріп тұрған әйел» (1934 ж.), «Тігу үстінде» (1932 ж.), «Қазақ портреті» (1930 ж.), «Кимешекті әйел» (1943 ж.), «Бие сауу» (1936 ж.), «Жайлаудағы автодүкен» (1963 ж.), «Қымыз фермасы» (1967 ж.), «Қалыңдықты ұзату. Сатып алынған қалыңдық» (1938 ж.) секілді туындылары қазақы тұрмыстың салт-дәстүрінен сыр шертеді.

Әбілхан аға зайыбы Сақыпжамалмен бірге.
Әбілхан аға зайыбы Сақыпжамалмен бірге.

Отбасылық бақыт та суретші қаламына түрткі болған. «Ә.Қастеев қыздары Гүлдәрия мен Гүлнәзияның қасында» (1957 ж.) атты туындысы жүрекке жылылық ұялатады. Биік үстелдің шетінде кейіпкеріміз бір нәрсені бөліп жатыр, жанында екі кішкентай қыз бейнеленген. Туындылармен таныстырып жүрген суретшінің үлкен қызы Гүлдәрия Қастеева: «әкем бізге шоколадты бөліп жатыр, тәттіні қатты жақсы көретінбіз» деді жымиып.
Өткеннен естелік болып қалған шебердің өзі тұтынған заттары да көзге ыстық көрінді. Олардың арасында Дінмұхамед Қонаевтан бастап ел ағаларының телефон нөмірлері жазылған блокнот, портмоне, фотоаппарат, шахмат, домбыра сияқты құнды жәдігерлері сол қалпында сақталған.

«Жайлаудағы автодүкен», 1963 ж.
«Жайлаудағы автодүкен», 1963 ж.
Суретшінің қара шаңырағы мұражайға айналды
Суретшінің қара шаңырағы мұражайға айналды

Ә.Қастеев туындылары өміршеңдігімен құнды. Сол себептен де жоғары бағаланады. Ресейдегі Шығыс халықтары мұражайы мен Третьяков галереясында, Киевтегі Тарас Шевченко атындағы музей-үйде және өзге де елдерде суретшінің бірнеше туындылары қойылған.
Қылқалам шебері әлемге әйгілі суретшілер Рокуэлл Кент, Мартирос Сарьян, Орал Таңсықбаев, Гапар Айтиев, қазақ би өнерінің ханшайымы атанған Шара Жиенқұлова, қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиев, т.б. өнер майталмандарымен шығармашылық байланыста болған.
«Бұл үй – тарихи үй. Осы үйге қаншама елдің делегациялары түскен. Елдің кілең жақсылары мен жайсаңдары жиналатын. Әкем Әбілхан да, анам Сақыпжамал да өте қонақжай еді. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Біз келген қонақты қуана-қуана қарсы алатынбыз» дейді Гүлнәзия. Гүлнәзия да әке жолын қуған суретші. Әулетке бұл қасиет әке қанымен келген сияқты. Естуімізше, ұлдары Нұртас пен Нұрхат, туған немерелері Дәурен мен Сауран Қастеевтер де суретші екен.
Бұл мұражай-үй Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының бөлімшесі болып есептеледі. «Ә.Қастеев мұражай-үйінің бас­ты міндеті – аса көрнекті суретшіміздің бай шығармашылық мұрасын сақтау, зерттеу және көпшілікке таныстыру. Мұражай-үйдің ашылуына мұрындық болып, талмай еңбектеніп, құнды жәдігерлерді жинақтауда суретшінің қызы Гүлдәрия Қастеева көп еңбек сіңірді» деді ұйымдастырушылар.
«Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді». Қара шаңырақтың самаурыны қайта тұтанды. Баяғының самаурыны. Көзіңе оттай басылады. Ырымын жасап, от тұтату құрметі суретшінің туған жері Жаркент қаласынан келген Панфилов аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамбек Жанпейісовке бұйырды.
Жиналған қауым ақын Асқар Оразақынның жыр-арнауын тыңдап, атақты суретші ұстаған домбырамен күмбірлете күй тартқан Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының қызметкері Шолпан Нұғыманованың өнеріне ризашылық білдірді.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА
Суреттерді түсірген Азамат ҚҰСАЙЫНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. нарын

    Құтты болсын!

  2. Мақпал

    Жақсы жазылыпты.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.