Қолөнер – сырлы әлем

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Сәуле БАПАНОВА 1956 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Строганов атындағы Мәскеудің жоғары көркемсурет-өндірістік училищесін 1981 жылы бітірген. 1981 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. 2008 жылы Қазақстан меценаттарының «Платиналы Тарлан» Тәуелсіз сыйлығымен «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша марапатталған. Мәскеудің жоғары көркемсурет-өндірістік училищесінің сәндік өнер факультетін бітірген. Институт бітіргеннен 1981 жылдан Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА оқытушысы, 2007 жылдан профессоры. 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестациялық комитетінің шешімімен өнертану доценті ғылыми атағы берілді. С.Бапанова ұлттық тоқыма өнерінің барлық түрлерін оның ішінде ши, түкті, түксіз тоқымалар, сырмақ пен текеметті дайындауды меңгерген.

Қазақстандағы дәстүрлі кәсіпшілікті қайта жаңғырту ісінде айтарлықтай еңбектері бар ұстаздың өз шәкірттерін өз балаларындай аялап, әлпештей отырып, халықтың байырғы қолөнерін үйретуге бар мүмкіндігін салғанына куә болдық. Бірнеше сыныптарды аралай жүріп, оюлы текеметтер мен киіздің қалай басылатынын, сырмақтың қалай сырылатынын, алаша, бау, басқұрдың, шидің қалай тоқылатынын, ал сан алуан түсті жіптердің құдіреті мен түрлі-түрлі өрнектер кез келген материалдың бетінде қалай кестеленетінін көрдік. Қолөнер бұйымдарының баяу орындалу үдерісі былай қарағанда өсіп-өну жолында ешнәрсені назарынан тыс қалдырмайтын, әр нәрсені кемеліне жеткізіп үлгеретін табиғат тіршілігінің ырғағын еріксіз еске түсіреді. Көркемдігімен көз тартатын студенттер жасаған дүниелердің өзі көңілдің көкжиегін кеңейтіп сала беретіні шындық. Дәстүрлі тоқыма өнерін оқу бағдарламасына көптеген қиыншылықтармен енгенін еске түсірсек, осындай игі жұмыстардың басы-қасында Сәуленің жүргені шындық.

Қолөнер – сырлы әлем
«Шешеңнен он рет тусаң да, сен бәрібір ағылшын, француз немесе басқа болмайсың. Қазақ болып туылған екенсің, ата дініңді, тіліңді, дәстүріңді құрметтеуге тиістісің». Сәуле Сыздыққызы сабақ алдында шәкірттеріне күнделікті қайталайтын сөзі осы екен. Тек қана өзіне тиісті пәнді игеруді үйретіп қана қоймай, жастардың білімді, адамгершілігі мол болып қалыптасуына және ұлттық тәрбиені бойларына сіңіруіне барынша атсалысатыны біз болған екі сағат ішінде айқын байқалды. Қаламқас Сәрсенғалиева, Әйгерім Бақырданова, Ақмарал Мәметова, Санат Туғанбаев, Жансая Құлбатырова, Айнұр Ниязова, Айым Оразбекова сияқты студенттер қазақтың ою-өрнектерімен көмкерген кілемшелерін көрсетіп, олардың жасалуы туралы баяндама жасады. Студенттермен болған талқылаудан кейін ұстаздан осынау қиын да күрделі өнерді қалай таңдағандығы туралы сұрауға тура келді.
–Мен Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы қазіргі Н.Бекежанов атындағы ауылда туып-өстім. Анам Айданның қолы істен бір босамайтын. Қыстың күні кілем тоқитын жіптерді дайындап, балаларды жанына отырғызып жүн түткізетін. «Жүнді кім көбірек түтсе, Алла тағала соған маржан тастан алқа сыйлайды» деп қызықтыратыны есімде.
Иә, осылай деп әңгімесін бастаған Сәуленің жүзі бал-бұл жанды. Өйткені жылдың жылы маусымдары басталы­сы­мен-ақ ауылда асар көбейіп, әйелдер жұмыла жұмысқа кірісетін кезді көз алдына әкелгені анық. Кезекті кілем тоқылып немесе киіз басылып болған кезде мереке дастарқаны жайылып, онда еңбегімен көзге түскен балаларға мақтау сөздер айтылатын көрінеді. Сол кезде-ақ ерекше төзімділігін, қолөнерге бейімділігін ауылдың бес саусағынан өнері тамған ісмер апа-әжелері жоғары бағалапты. Әкесі Сыздық кезінде ақын, жырау Нартайдың қасына ерген, елге өнегелі азаматтардың бірі болған екен. Өнерлі, тәлімді, шаңырақта өскен Сәуленің қолөнердегі бүкіл шығармашылық жұмыстарынан, яғни киіздері, гобелендері, шилері поэзия тілінде сөйлеп тұратындығы осыдан болса керек-ті.
Бүгінгі таңда халқымыздың төл өнерін шетелдерге таныта білген Сәуле Сыздық­қызының «Сарыарқа», «Күн мен түн», «Даланың бояулы түстері», «Дыбыс күші», «Сезімдер құпиясы», «Жеңіл ұйқы», «Жаңғырық», «Бақытты ойын», «Ақсай тасқыны», т.б. гобелендері жоғары сұранысқа ие.
«Мәскеудегі Строганов атындағы жоғарғы көркемөнер өнеркәсіп учили­щесінде оқыған кезімде мұғалімдеріміз аптасына қалай да бір кітап оқуды міндеттеуші еді. Мен де шәкірттеріме кітап оқудың пайдасы туралы үнемі айтудан жалықпай келемін» деген Сәуленің сөзіне риза болдық. Себебі төзімділікті талап ететін тоқымашының қиялы ұшқыр, ойы кемел болғанда ғана жасаған дүниесі сәтті шығатынына күмән жоқ. Сәуле мен Әлібай Бапановтар әулетінің өнерінен көпшілік хабардар. Ұлдары Ағын мен қыздары Ая да ата-ана жолын жалғастыра отырып, бүгінгі таңда қолданбалы және бейнелеу өнеріне өзіндік қолтаңбаларымен қосылған жас­тар десек қателеспеспіз.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.