Әке беделі неге төмендеді?

Әке беделі неге төмендеді?

Бүгінде ер-азаматтардың арасында отбасының иесі, оның асыраушысы бола алмай жүргендер аз емес. Жағымсыз іс-әрекеттері мен дөрекі мінез-құлықтарының салдарынан отбасындағы жылылыққа нұқсан келтіріп алатындар да бар. Үй-жайы, айтарлықтай бизнесі бар басы бос әйелдерді сыбай-салтаң жігіттер айналдыра бастағандығы туралы әңгімелерді де естіп жатамыз. Елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған кезде бала-шағасын тастап, екінші, үшінші, тіпті бесінші әйелдің қолына кіріп алатын еркек кіндіктілер де бой көрсетуде.
Ал немересімен жасты қыз-қырқынға қырындауын қоймайтын шал-шауқандардың көрсеқызарлығынан қаншама отбасы зардап шегуде? Осының бәрі шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге, отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыруға міндетті адамның абыройына нұқсан келтіреді емес пе?!

Қазақ даласына мұсылмандықтың келуімен ерлер қоғамда өз орнын айқын иеленді. Одан бергі тарихымызда да ерлер отбасының асыраушысы, негізгі тұтқасы ретінде сақталып қалды. Бұл үстемдік ХХ ғасырдың 40 жылдары Кеңес өкіметінің идеологиясы толық орнағанға дейін сақталып келді деуге болады. Өйткені ұлт зиялылары «Алаш­орда» идеясымен бой көрсеткен кезде де қазақ халқы үшін шешімді ер-азаматтар қабылдап отырды. Әке аты қа­сиетті «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген  ұғымдармен сыйлы да құрметті болды.
Қазақ әкенің тәлімі мен тәрбиесін қашанда қадір тұтып келген ғой. Әкенің білімі мен қызметі, өзгелермен қарым-қатынасы – баланың өнеге алатын тұлғасы. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің сіңіретін еңбегі ерекше.
Өткен ғасырдың 90-жылдарын­дағы проблемалар қазақ отбасында ежелден қалыптасқан дәстүрді бұзды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйе­нің тұрақсыздығынан жер-жерде жұмыс­сыздық белең алып, оның арты үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс-керісті, дау-жанжалды ушықтырды. Сабырсыз, тәубасыз әйелдер күйеуінің ақша таппа­ға­нын бетіне басып, бала-шағаның алдында намысын таптаудан тайынбады. Тамақ пен киімге жарытпаған әкесін іштей кінәлаған бала оған деген сенімін жоғалтып, құрметтемейтін болды. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұрынғы қазақы қалпымызға түсу оңай болмады. Әйелдер көбіне қызметтік сатыларда еркектерден жоғары тұратын болды. Ер-азаматтардың болбыр, бойкүйез, ынжық болуы қоршаған орта мен қоғамда қалыптас­қан жүйеден екенін мойындамасқа шара жоқ. Үлкен-кішінің алдында күйеуінің беделін түсіріп, «қолыңнан түк кел­мейді» деп балағаттайтын келін­шек­тер аз емес. Ал шешесінің осы сөз­дерін жиі естіген бала әкесін қалай сыйласын?
Иә, бүгінгі күнде төрдегі орнын босатып, босағадан сығалаған әкелер пайда болғаны жасырын емес.
Әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде көпшілік отбасыларда отағасы қызметінің төмендеп бара жатқанын айтқан. «Отбасындағы ерлердің рөлі өзгерді», «әкелердің беделі төмендеді», «бүгінгінің ерлері ұсақталып барады», «батыр тұлғалы бабаларымыздың ізін жалғайтын ерлер қазір азайып кетті», «қожайын деп айта алмаймын», «еркектер – жалқау, жатыпішер» дейтін пікір айтушылардың болғандығы баршамызды толғандырары анық. Мәселен, теледидардан берілетін «Аялы алақан», «Жан жылуы», «Өзекжарды», «Балаларға өмір сыйла» дейтін хабарларды көріп отырғанда баласының ауру екенін білгенде бар кінәні әйелге аударып, өздері қара басының қамын күйттеп, үйден кетіп қалатын немесе ішкілікке салынып қаңғырып қалатын әкелер өз беделдерін өздері қалай түсіргенін байқамайтынға ұқсайды. Ұрпақ иесі, отбасының асыраушысы саналатын ер-азаматтар өз отбасын үй-күйсіз, ақшасыз қалдырып кете баратыны өкінішті жағдай емес пе?! Осылайша көптеген науқас балалар әкенің аялы алақанынан, қамқорлығынан шет қалып жатады.
Бірге ойнап, бірге серуендейтін, табиғатқа бірге шығып қыдыратын, әртүрлі тақырыпта әңгімелесетін әкелерді балалары өте жақсы көреді. Әкенiң өзi ұл баланың бойына ерте жасынан бастап жақсы қасиеттердi қалыптастыруы тиiс. 3-4 жасынан бастап-ақ жасаған қылықтары үшiн жауап беруге, «Еркелеме, нағыз ер жiгiт олай iстемейдi, сен сабырлы болуың керек» деген сияқты өзiн-өзi қадағалау дағдыларына баулу керек. Баланың 3-8 жасында әке сенімді серігіне, 7-18 жаста тәлімгеріне айналатыны анық. Ұл бала әрқашан бiр әрекет жасау үшiн әуелi әкесiмен сырласады. Баланың қандай болмағына негiз қалайтын да әкенiң өзi. Өзiнiң өнерiн, шеберлiгiн, бiлiмiн мирас етiп тастап кетем деп үмiттенедi. Бала қиыншылықтарға шыдамды, оларға қарсы тұра алатын, қажет болған жағдайда қиындыққа төзiмдi болуы тиiс. Осылайша болашақ ер-азаматтың негiзгi қасиеттерi қалыптасады. Бала өсе келе әкесiнiң соңынан тәртiбiн ғана емес, сонымен қатар киiм киюiн, түр-сипатын, жүрiс-тұрысын бәрiн қайталайды. Жақсы әке уа­қытын балаларымен өткізеді, олардың жеке ерекшеліктерін, қандай іске, өнерге бейімдігін ерте аңғарып, шамасы келгенше баласының бойындағы табиғи қасиеттерін дамытуға күш салады, қиындықтарын шешуге көмек­теседі. Әке балаларының өмір­інде не болып жат­қанын, не туралы ойлайтындарын біледі. Мәселен, сөз ұғарлық ойлы болса, ел адамы етуді көздеп, жақсылыққа жақындастырады. Ән мен күй өнерінің нышаны болса, сал-серілерге ертеді. Әкенің бала­ға айтқан әңгімесі, баласымен ойнап-күл­гені, серуендеткені, ел аралатып қы­дыртқаны, басқа адамдармен таныс­тырғаны, ата-бабасының, елі мен жерінің кім екенін ұқтырғаны, қаталдығы, талаптылығы, мылтықпен ату, отын жара бiлуi, жалақысының жеткiлiктiлiгi, сабырлық сақтау қабiлетi, осының бәрі тәрбиелік мәні терең дүниелер.
Ержетіп, өз бетінше шешім қабылдай алатын жасқа жеткенде де әке баласына ақыл-кеңес беріп, сырттай қадағалап жүреді. Бабам қазақ бала тәрбиесіне қашан да бейжай қарамаған. Баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке тәрбиелейтін болған. Бір ғана «баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Баласы есейіп 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін болған. Ондағы мақсат: көпті көрген көнекөз қазыналы қарттардан тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін тыңдап, кең байтақ жерімізді батыр бабаларымыз ерлікпен қорғағанын, дарқан даламыздың бүгінгі және кейінгі ұрпаққа аманат екенін саналы түрде санасына сіңіріп отырған. Міне, бұл – ер тәрбиесі.
Отбасында әкенің орны бөлек. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Ал Сахабалардың: «Баланың ізгі болуы – Аллаһ тағаладан, ал әдептілік – әкеден», – дейтін сөзінің терең жаны бар.
Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңе керегін дайында» деп әкеге құрмет көрсетуге, қызмет етуге баланы жасынан анасы үйретіп отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болатыны сөзсіз. Өйткені ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отыруда әкенің мінез-құлқы, өз­гелермен қарым-қаты­на­сы, өнер-білімі, мейірімі мен талап қойғыштығы, еңбеккерлігі шешуші маңызға ие.
Әке – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы, асыраушысы және тәр­биешісі. Жеті атадан санағанда, екінші ұрпақ. Әке – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұрған алтын көпір. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Себебі әке ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылады. Әсіресе,  ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады.
Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мадақтайды. Отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.
«Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі» дей отырып, баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру – бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі. Осындай ұлы міндеттерді атқаруда кейбір әкелер осалдық танытса, мұның соңы өкінішті жағдайларға да апаратыны шындық.
Отбасында әке тәлімі жетпей жатқанда, мектеп жасындағы балаға әке тәрбиесінің жұрнағын бере алатын ер ұстаздар қатары да сирей түскен. Бүгінде ер мұғалімдер ұжымдағы ұстаздардың 5-10 пайызын ғана құрайды. Онда да сынып жетекшілік, яғни тәрбиешілік қызмет атқармайды, көпшілігі дене шынықтыру және технология пәнінің мұғалімі болып келеді. Әкенің бала тәрбиесіне ықпалы көп. Ұлбаланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы болып саналатын әкенің, атаның, жалпы ер адамның алатын орны ерекше ғой. Бала кішкене күнінен отбасының қорғаушысы, асыраушысы екендігін сезініп өскені дұрыс. Әкесі маскүнем, үнемі айқай-шу шығарып жүретін отбасындағы бала ашуланшақ, жасық, сабаққа ынтасы болмай, өзін өзгеден төмен санап, қорланып өседі. Перзенті алдында өзінің әлсіздігін, білімсіздігін көрсеткен жағдайда әке тәрбиесі өз маңызын жойып, баланың болашағына кері әсерін тигізеді. Отбасындағы әке рөлін, баланың әкеден алатын тәрбие-тәлімін басқа ештеңе де ­ауыстыра алмайды. Бүгінгі күні әкенің бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі төмендей түскен. Заң аясында да ерлі-зайыпты жандар ажырасқанда, әке алимент төлеумен ғана шектеледі (Тіпті оны әкелердің басым бөлігі төлемейді де). Қазақ елінде 3,5 миллионнан астам отбасы бар, олардың ішінде 5 және одан көп адамнан тұратын жанұялар бар. Жыл сайын 135-140 мың неке қиылса, өкінішке орай тіркелген некенің әрбір төртіншісі ажырасумен аяқталады. Күйкі тірліктің күйбеңі мен күйзеліске ерлер жағы осалдық танытып алады. Содан да болар суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау фактілері еркектер арасында 4 есе көп көрінеді. Жүрек-қан тамырлары ауруларына жиі ұшырайтын азаматтардың (35 жас­тан жоғары) әйелдерге қарағанда, 9 жыл кем өмір сүретіні тағы бар.
Қазіргі қоғамда ер балалардың тәрбиесіне жете көңіл бөлініп жатқан жоқ. Тіптен өмірдің есігін көзі тырнап аша салысымен әкенің «Ботам, айым, күнім» деп еркелетер жылы сөзін естімей жетім немесе тастанды бала болып дүниеге келіп жатқан сәбилер де баршылық. Бала тәрбие бастауын балабақшадан бастап үйренер болса, біздің балабақшамызда да, мектеп, колледж, университеттерімізде де тәлім беруші топтың 90 пайызы әйел аналарымыз. Соңғы уақытта баласының тәрбиесін анаға жүктеп қою жиі кездеседі. Осылайша әке рөлі әлсіреп барады. Бұған бірінші себеп: жайбарақаттық пен жалқаулық. Мәселен, әсіресе ауылдық жерлерде үйдегі әйелінің балалар үшін алатын жәрдемақысына немесе отбасында қария болса, соның зейнетақысына күнелтіп, үйкүшік, масыл болып отырған әкелер қаншама? Уақытын қалай өткізерін білмей, іші пысып, әр нәрсеге бір соқтыққан ер-азаматта қандай бедел болсын? Оған деген жарының, балаларының құрметі де төмен болады. Ішіп алып тентіреп көше кезген әкенің теріс тәрбиесінен балалардың да болашағына балта шабылады. Сорақы қылықты көріп өскен бала ертең оны сөзсіз қайталайды. «Әкем ішеді, неге маған да ішпеске» деген ой ішкі түйсігінде қылаң беріп тұрады. Ал ішімдіктің салдарынан қаншама отбасы ойран болып жатыр. Баладан – бір, әйелден – екі, үй-жайдан – үш, абыройдан – төрт, ағайыннан – бес, ақшадан – алты, жұмыстан – жеті… айырылып, тентіреп жүрген ерлердің есебін алып, жағдайларын жан-жақты зерттеп, керек болса көмек қолын ұсынатын қандай да бір ұйым біздің елімізде бар ма? Әрине, үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі шаңырақтың діңі, темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланыс­ты. Әйел үй ішінің берекесін келтірсе, сол берекеге берік негіз қалайтын ер адам екенін неге естен шығарамыз? Қазіргі кезде көптеген әкелер тіршіліктің күйбеңімен аласұрып, жұмысбастылықтан арыла алмай, ақша тауып отбасын асырау, материалдық жағдайын жасау қамымен жүр. Кейбір әкелер отбасында үнемі бола алмайды. Үйден тысқары жерде жұмыс істеп, бала-шағасын ұзақ мерзім көрмейді. Сол себепті бала тәрбиесі анаға ғана тиесілі болуда. Ер-азаматтардың ішінде маскүнем, қатыгез, маубас, ойнасшыл, жатыпішер жалқау, ұябұзар, төмен етектіні жәбірлейтіндер, әйелінің тапқан нәпақасын ішіп-жеп, қазан-ошаққа араласып жүруге арланбайтындар қатары көбейсе, келешек ұрпақтың бойынан ізгі қасиеттердің жоғалатынына күмән қалмайтыны шындық. Көптеген отағасылар нақ сүйерлеріне еркелеп, шолжаң балаға айналып кететіндігі соңғы кездері жиі айтылып жүр.
Ұлттың, қоғамның әрісі адамзаттың алтын діңгегін құрайтын отбасының азуы болашақ ұрпақтың өркен жаюына аса зиян келтіретіні анық. Ендеше, отбасында әке, ер, күйеу өз орнын алуы қажет. Оның мысы басым болмаған отбасында бірлік пен береке орнай қоюы екіталай. Керісінше, ұрпақ бойына жасықтық пен жасқаншақтық, сөзінде тұрмау, екіжүзділік, өсекке жақындық, бос сөзділік, бозөкпелік сияқты жайсыз қасиеттер ғана ұялап, намыссыздық дертіне ұшырайды.
Елдің тағдырына алаңдайтын, білімді, іскер, намысшыл, сондай-ақ өз шаңырақтарының тірегі болатын нағыз ер-азаматтар көбейгенде ғана келешегіміз кемел. Себебі «Ері жоқ елдің күні қараң» дейтін Күлтегін жыраудың бұл сөзі бүгінгі күні үлкен маңызға ие болып отыр емес пе?!

Отбасындағы ер адамның рөлi қандай? Шаңырақтың тұрақтылығы мен берiк қорғанысының кепiлi – әке өз мiндетiн мүлтiксiз атқарып жүр ме? Күйкi тiрлiктiң күйбеңi мен күйзелiсiне қазiргi еркек кiндiктiлердiң шыдамай, жүйкелерi жиi сыр беретiнi несi? Осындай сұрақтарға жауап берген адамдардың пікірлерін ортаға салуды жөн көрдік.
Бекарыс Естемісов, студент:
–Менің әкем өйтпе, бүйтпе, жаман қылықтан аулақ бол дейді де, өзі сол жаман әдеттерді жасайды. «Арақ iшпе» деп өзі арақ iшеді. «Шылым шекпе» деп өзі темекіні бұрқыратады. Өтірік айтады, жүрген жерінде дау-жанжал шығарып, берекетімізді алатын-ды. Ал мен мектеп бітіретін кезде үйден біржолата кетіп тынды. Ақылы оқуға түскен кезде амалсыздан әкеме хабарласқан едім. Ол кісі мені қабылдамады, көмек қолын созбады. Есесіне, қарындасымның дүниеге келіп, өсіп жатқанын есіме сала берді. Осыдан кейін әкемді іздемейтін болдым.
Еңлік Әлжаппарова, психолог:
– Бірде алты жасар балаларға психолог ретінде «отбасы» ойынын ойнауды ұсындық. Қыздар тез арада шешелердің, әжелер мен қыздардың рөлдерін тәп-тәуір орындады. Балалардың ешқайсысының әке рөлін ойнағылары келмейтіні байқалды. Ұзақ өтініштен кейін ғана Д. деген бала әке рөлін ойнауға келісті. Ол диванға жайғасып: «Маған газет беріңдер және теледидарды қосып қойыңдар» деді. Бүкіл ойынды ол осылай жатып өткізді. «Аналар мен әжелер немен айналысады» деген сұрақтарымызға қыздар да, балалар да қуана, тәптіштей жауап берді. Ал әкелері жайлы сұраққа олардың тек кейбіреуі ғана: «жұмысқа барады», «ақша табады», «анама, маған ұрсады», «жазалайды» деген секілді жалпылама жауап берген болатын-ды.
Мәрзия Аманжанова, зейнеткер:
– Теледидардан еркектерге ас әзірлететін бағдарламаларға қарап, ел қорғайтын атпал азаматтардың әйелдерге тиесілі іспен айналысқанына қалайша қынжылмауға болады? Ер-азаматтардың беделіне нұқсан келті­ретін жайттар осындай ұсақ дүниелерден басталады емес пе?! Ерлердің әйелдер мен балаларға жауапсыз көзқарас танытқан оқиғалары өмірде көптеп кездесуде.

Салтанат ҚАЖЫКЕН



Принтерден шығару Принтерден шығару