Мәңгілік ел

Тәуелсіздік дегенім…
Мәңгілік ел –
Халқымның аңсағаны,
Ақ ордадан тараған жан самалы.
Күлімдеген бақыттың күн шуағын,
Күллі қазақ қуанып қарсы алады.

Мәңгілік ел –
Кеңдігі керегемнің,
Ақыл-ойы Көшбасшы – Көрегеннің.
Көнбей кеткен ырқына көнелердің,
Есіл дерті ең
Хандар мен Төрелердің.

Мәңгілік ел –
Шаттығы шаңырақтың,
Садағасы болайын Аруақтың.
Көк Байрақты көрдім де көгімдегі,
Көгендеулі өлеңді жамыраттым.

Мәңгілік ел –
Рухы Ұлтымыздың,
Ар-ожданы,
Арманы жұртымыздың.
Бүтіндігі ішіміз, сыртымыздың,
Сөнбейтұғын шырағы шырқымыздың.

Мәңгілік ел –
Тегімнің тереңдігі,
Ел басқарған Ерімнің ерендігі.
Биіктігі Бостандық тұғырының,
Келешектің керемет кемелдігі.

Мәңгілік ел –
Тілімсің жүректегі,
Әкем менен Анамның тілектері.
Жарық едің жалт еткен түнектегі,
Іздеп өткен бабалар шыр еткелі.

Мәңгілік ел –
Жайылған өркенімсің,
Айқара ашқан құшағын
Ертеңімсің.
Ертегідей ғажайып Астанамсың,
Жайық, Сырым, Есілім – көркемімсің.

Мәңгілік ел –
Құрыштай беріктігім,
Отанымсың, өзіңмен көріктімін.
Мәңгіліктің іргесін мығым еткен,
Азаттығым жаныма серік бүгін.

Естіледі жаһанға жаңғырығым,
Елмен бірге әрқашан мәнді жырым.
Еркіндігім – Ерлігім, Елдігімсің,
Тәуелсіздік дегенім – МӘҢГІЛІГІМ!

Жетіскен Мәкеналы,
ҚР Мәдениет қайраткері
Қызылорда облысы
Қазалы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.